Жаңалықтар

МӘСКЕУ КӨРЕРМЕНI АБАЙДЫ ҚАЗАҚША ТЫҢДАЙТЫН БОЛАДЫ

ашық дереккөзі

МӘСКЕУ КӨРЕРМЕНI АБАЙДЫ ҚАЗАҚША ТЫҢДАЙТЫН БОЛАДЫ

Қазақстан банкiлерi қаржылық тұрғыдан ғана емес, қазақ мәдениетi арқылы да көршi мемлекеттерге Қазақстанды танытуды қолға ала бастады. «Немецкая волна» радиосы Мәскеу театрында Абай өлеңдерi бойынша дайындалып жатқан спектакльдiң жобасы жайында әңгiмелейдi.

Ресей режиссерi Иван Вырыпаевтың айтуынша, бұндай пьеса қоюды қазақ банкирлерiнiң бiрi ұсынған екен. Иван Вырыпаев Ресейде «Эйфория» фильмiмен танымал. Оның сөзiне қарағанда, спектакль қазақ тiлiнде қойылатын көрiнедi.

— Өйткенi, — дейдi Вырыпаев, — Абай орыс тiлiне өте нашар аударылған. Оның үстiне, Абай – сопы. Сопылардың шығармаларын аудару қиынға соғады. Сопылардың ой-өрiсi жай адамдардан өзгеше. Олар үнемi бейнелi тiркестер мен көпшiлiкке түсiнiксiздеу метафораларды пайдаланады. Ал, оның орысша аудармасы әшейiн бiр әңгiме болып шықпақ. Абай өлеңдерiндегi әрбiрi дыбыс маңызды. Сондықтан мен еуропалық актрисаны шақырмақпын. Мен қазiр осы рөлге сай деген адамды таптым, ол поляк киносының жұлдызы Каролина Грушко. Абай өлеңдерi орыс тiлiне жолма-жол аударылады. Оны құлаққондырғылары арқылы тыңдауға болады. Спектакльдiң барлық мазмұны мен ерекешелiгiнiң өзi осында, еуропалық актрисаның мәтiндi қазақша оқуында. Бұл тiл өте күрделi. Онда араб-парсы сөздерi бар және қазақша. Бiз Каролинаның жеткiзуi арқылы ислам және сопы әлемi жайында, мүлдем басқа өркениет жайында жаңа көзқарас қалыптастыратын боламыз. Еуропа әлемi мен ислам әлемiнiң — әлемдiк өркениеттiң екi бұтағы екенi түсiнiктi.

Әзiрше «Узоры» («Өрнектер») деп аталған спектакль 2008 жылдың күзiнде қойылмақ.

— Бұл пьесаның жарыққа шығуына кепiлдiк бар. Бiз келiсiм-шартқа қол қойдық. Ондағы смета өте жоғары. Мен ондайды бұған дейiн көрген жоқпын. Қазақстан өз мәдениетiне қамқорлық танытуда көш iлгерi, үнемi өздерiн насихаттап жүредi. Ресей әзiрге ондайға назар аудармай отыр. Егер, бiзде ондай қорлар болса ғой, шiркiн, — дейдi Иван Вырыпаев.

Есенгүл Кәпқызы