Жаңалықтар

БЕЗБҮЙРЕКТIК ҚАТЫГЕЗДIК ТҮРКIСТАНҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

БЕЗБҮЙРЕКТIК ҚАТЫГЕЗДIК ТҮРКIСТАНҒА ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Мың бес жүз жылдық тарихы бар Түркiстан қаласының қазақ ұлтының шежiресiнен алар орны ерекше. Ақыны «Екi дүние есiгi» деп жырласа, бес уақыт намазын қаза қылмайтын аға-апаларымыз «Түркiстанда Қожа Ахмет, Құдайым тiлегiмдi қабыл ет» деп ақ батасын қайыратын болған. Қазiр Түркiстанға «Рухани астана» деген атаулар берiлiп жүр. Шынында, Түркiстан рухани астана ма? Түркi халқы пiр тұтқан Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жерленген қасиеттi топырақтың бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi өзге аймақтардан өзгеше ме? Қасиеттi Құран Кәрiмде : «Бiр адамды өлтiргенiң, бүкiл мұсылманды өлтiргенiң» деп қылмыс жасаудың кешiрiлмес күнә екенiн ескертедi екен.

Қылмыс… осы сөздiң астарынан ажалы адам қолынан болған пенденiң аянышты ғұмырын, өзгенiң бағалы затын айламен алған арам ниеттiнiң сұрқиялығын, ең бастысы, қимасынан айрылған жанның көз жасымен айтқан қарғысын оқуға болады. Қылмыстың адам баласына жамандық, өлiм әкелетiнi сайтанның азғындауына арбалған адамдарға айтылып та, жазылып та жатыр. Өкiнiшке қарай, ислам дiнiнiң шапағаты терең тарауға тиiстi Түркiстан қаласының кейбiр ұландары қылмыстың түпсiз терең тұңғиығынан шыға алмай келедi. «Общяг» дейтiн қылмыстың апаны аузын арандай етiп ашып, аңқау балаларды ұйығына тартып жатыр. Бұрын топтасып алып темiр қарумен атысатын үлкен адамдардың ойынын кiшкене экраннан көрiп жаға ұстайтын болсақ, қазiр ара-тұра осы көрiнiстер көз алдымызда кинодағыдай өтуде. Басынан артық сөз асырса бет-жүзiңе қарамай жағаға жармасып, жұдырығын ала жүгiретiн жастарымыз өрiмдей өмiрлерiн темiр торда көктей солдыруда. Қолдың кiрi — ақшаның арбауы кей жастарды анасындай адамның мойнына ажал жiбiн байлауға итермелеуде. Баланың тәрбиесiнде «әй» дейтiн әжесiнiң базардан «шемiшке» сатудан қолы тимесе, «қой» деп жат қылығын тыйып отырар әкесi арақ iшуден аузы құрғамаса, бала сотқарлық жасап сотты болмағанда қайтсiн? Бүгiнде «общягпен» арпалысу мүмкiн болмай келедi. Себебi — «бiрi үшiн бәрi «құрбан» болуға дайын «общягшылдар» тым еркiнсiп кеткендей. Оларға қарсы тұруға тиiстi бар қызыл жағалылар да сескене ме, соңғы кездерi «қылмыстық топ құрықталды» деген сүйiншiлеген хабарды сирек еститiн болдық..

Осы жылдың наурыз айында Түркiстан қалалық iшкi iстер бөлiмiнде таңғы сағат бестердiң шамасында қасақана өрт қою оқиғасы тiркелiптi. Жетпiз сегiз жасар жалғыз басты зейнеткер кейуананың екi қолы мен аяғын қатты жiппен байланған күйiнде өлi денесi табылды. Қамқоршысыз байғұс ана адам қолынан ажал құшатындай не жазығы бар едi? Азғантай зейнетақысымен тамағын асырап отырған ананың азаппен о дүниелiк болармын деп әсте ойламағаны анық… Дабыл қаққан iз кесушiлер араға ай салмай-ақ сезiктiлердiң тiзiмiн жасай бастады. Қылмыскерлердiң әжесiндей адамды өлтiрген соң алған олжалары он төрт мың үш жүз теңге екен. Не деген сұмдық ! Он төрт мың теңге үшiн адам өмiрiне қол жұмсау қандай жауыздық! Жастары жиырмадан жаңа асқан алпамсадай төрт жiгiт темiр тордың тәртiбi бойынша балапан шаштарын қырқып, жанарлары жасқа толып кете барды. «Тiрлiк деп жүрiп саған дұрыс жол сiлтемедiм-ау»-деп аңырайды күйкi тiрлiктiң күйбеңiне шыдамаған шеше байғұс. Бiрi — бесiгiнен белi шықпай жатып есiрткiге елiткен ұланымыз болса, ендi бiрi -жылуы аз жетiмдер үйiнен жетiлген жас екен. Әр қайсысы жиырма жылды арқалағанда сексен жастағы бiр қарияның ғұмырын өткiзедi екен. Ақша үшiн адам өлтiрген бозбаладан ертеңгi күнi отбасын асырар тұлға, отаны үшiн отқа түсер азамат, ең бастысы ұрпағына өнеге болар әке деген атқа лайық адам шыға алар ма екен? Кезiнде өзi жiберген қателiктi кеш те болса түсiнiп, қанынан жаралған ұрпағының осы iстi қайталамауы үшiн бойындағы бар қуатын жұмсар ма екен?

Мектептi бiтiрiп, жоғарғы оқу орнына түсуге талпынып жүрген, көршiлес Өзбекстаннан келген жас қыздың жоғалғанына ай емес, жыл толды. Атамекенге асығып келген қандасымыздың қуанышты жүрегi сап басылды. Көкейiнде «Қызым осы ордаға жеткенше асығып едi, бұлайша бiздi сары уайымға салып, iс-түссiз жоғалуы мүмкiн емес»,– деп әке жүрегi қан жылап жүрдi. Кейде өскен ортамды тастап қателiк жасадым ба деген мазасыз ой шарасыз әкенiң түйiншегiн түйiп, келген жерiне қайта кетуге жетелейтiн. Бiрақ жас қыздың балғын денесi шалшық судың бетiнен бозарған күйi табылды. Әкесi жазықтының жазасын берудi көздеп, заң қызметкерлерiнiң де тынышын алды. Жиырма бес жасар жiгiт жас қызды дегенiне көндiрудiң амалын жасап бағады. Айтқанына алдана қоймағасын қыздың сабақтан шығатын уақытын аңдып, қатыгездiкпен зорлайды. Бұрын соңды балғын денесiне қарулы қол иелiк етпегендiктен он жетi жасар қыз сол мезетте-ақ ажал құшыпты. Дәрiгердiң анықтамасы бойынша, қарулы қолдар қызды бiрнеше рет соққыға жыққан көрiнедi. Қылықты қыздың сұлулығына қызықсаң айуан секiлдi арам пиғылыңа басқанша, жiгiттiгiңе салып, өз сезiмiңдi бiлдiрмейсiң бе? Ол да өзiңдей бiр ананың аялап отырған баласы емес пе? Жасаған қылмысыңның ауырлығы мойныңды қиып бара жатқанда «Есiмдi бiлмейтiн мас едiм» дейтiн ер жiгiтке жарасымсыз сөздiң санадан өшiрiлетiн кезi жеттi емес пе? Сенiң сайтанның дәретiне шомылып, мас болғаның үшiн перiштедей жас қыздың ажал құшатындай не жазығы бар?

Санамалай берсең денең түршiгетiн қылмыстар толып жатыр. Әсiресе жастарымыздың осы жаман iстегi үлес салмағы әлi де азаймай келедi. Сөзiмiздiң басында айтып өткендей, «общягка» кiрiп, қайта шығатын жол таба алмай жүрген жастарымызға көмек қажет. Оған мына оқиға мысал бола алар. Әскерден келген ағасына iнiсi өзiн бiреудiң себепсiзден-себепсiз соққыға жыққанын айтып салады. Iнiсiнiң кегiн алуға ағасы қамданып, таяқ көтергеннiң шекесiн iсiрiп қайтады. Көгерген шекесiн «iсiп iрiңдедiге» жорып, жалғыз жiгiтке бүкiл ағаларын ертiп келiп әлiмжеттiк жасайды. Қоқан лоққының соңы қарумен атысуға дейiн жетiп, соңында ағасына оқ тиiп, сол жерде өлiп кетедi. Кiшкене баланың ойынына бола темiр қару кезенетiндей бiздiң ұландарымыз осындай қатыгездiктi қайдан үйренген. Ер жүрек бабаларымыз қаруды тек жау жағадан алғанда ғана асынды емес пе? Тiптi ну орманда өрiп жүрген аңдарды атуға қимай, елiктi сұлу аруға, маралды махабаттың символына балады емес пе? Ендеше бүгiнгi жастарымыздың қаруды өз бауырына кезенетiндей безбүйректiктi қайдан бойына сiңiрген? «Соғыс тым көп болды, соның әсерi» деп жастарымыздың iсiн жуып-шаятын да жөнiмiз жоқ . Сонда бiздiң «Бейбiт өмiр сүретiн Қазақстан» деген ұранымыз қайда? Әлде «Ел боламын десең — теледидарыңды түзе» дейтiн мәнi өзгерген мақалдың рас болғаны ма? Жастардың темiр қарудан қорықпай, төс қалтасына салып жүруiне өзiмiз сүйiп көретiн шетелдiң жойқын кинолары үлгi болды ма екен? Қазiр үйдiң айналасында асыр салып ойнап жүрген перiште балалар да аша ағашынан қару жасап алып, қуыс-қуыстан бiр-бiрiне «пах-пах» деп айқайлайды да : «Ей, мен сенi өлтiрдiм, сен неге құламайсың» деп байбалам салатынды шығарыпты. «Менiң ұлым Терминатордан өткен мерген, қане, менi атшы» деп қылжақпас әке ұлын еркелеткен сыңай танытады. Ұлыңның мергендiгiмен биiктен көрiнгенiн қаласаң, қыран құс, жүйрiк ат, құмай тазысын бер де, жаз жайлауына жiбер.

Адамда қатыгездiк көп. Бiрақ қатыгездiк қасиеттi Түркiстан қаласы үшiн жат қылық. Себебi, «Түркiстанда тумақ түгiл адамдар, болғанына мақтанған» деп жырға қосқан ақын қаланың халқын да мақтан етiп тұр емес пе? Жарты ғұмырын бүгiнгi ұрпақ — бiздердiң қайғысыз өмiр сүруiмiз үшiн жер астында өткiзген Қожа Ахмет бабамыздың аруағын сыйлауымыз керек. Рухани астананың ұландарына «Әй» дер ажа, «қой» дер қожа қашан табылар екен?!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА, ХҚТУ-дың студентi.