Жаңалықтар

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI:

ашық дереккөзі

САЙЛАУ КҮНДЕЛIГI:

Кеше ресми түрде Мәжiлiс пен Мәслихат сайлауларына үмiткер партиялардың үгiт-насихат жұмыстары басталды. Ал партиялар электораттың көңiл ауанын өзiне аудару мақсатында түрлi пиар шараларын өткiзе бастады. Сонымен сайлау додасына түсiп, Мәжiлiске барудан үмiткер 7 партияның атқарып жатқан шараларына қысқаша тоқталсақ:

КОММУНИСТЕР ҚҰРЫЛЫС АЛАҢДАРЫНДАҒЫ ҚАУIПСIЗДIКТI БАҚЫЛАУДА

Астананың құрылыс алаңдарындағы жағдайды тексеруге Қазақстанның коммунистiк халықтық партиясының ерiктi инспекциясы жолға шықты. Аталған партия лидерi Владислав Косарев бiрқатар құрылыс нысандарын аралады. Владислав Косарев апатқа жол берген құрылыс компанияларын тендерге қатыстырмау керек деген ұсыныс айтты.

«РУХАНИЯТ» ПАРТИЯСЫ МӘДЕНИЕТКЕ КӨҢIЛ БӨЛДI

Астанада Президенттiң Мәдениет орталығында бас қосқан «Руханият» партиясы Президент жанынан мәдениет саласымен айналысатын тұрақты комиссия құруды ұсынады. Бұл туралы партия өкiлдерi Елбасы Жолдауында айтылған мәдениеттi қолдау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру мәселесiне арналған дөңгелек үстөлде көтердi. Басқосуға мәдениет пен өнер қайраткерлерi, танымал ақын-жазушылар, Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң өкiлдерi қатысты.

Бүгiнгi бас қосуға жиналғандардың пайымдауынша, ел ордасы Астанада – өнерлi жастардың басын қосатын – бөлек оқу орнын құру қажет. Сонымен қатар, «Руханият» партиясының өкiлдерi – Президент жанынан мәдениет саласымен айналысатын тұрақты кеңес құруды ұсынып отыр.

«АҚ ЖОЛ» ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫН ТАРАТУДЫ ҰСЫНАДЫ

«Ақ жол» партиясы елде iскерлiктiң өркендеуiне, экономиканың жан-жақты салаланып дамуына кедергi болып отырған басты мәселелер — бизнеске әкiмшiлiк қысым деңгейiнiң жоғары болуы, құқық қорғау органдары iшiндегi жүйесiздiк екенiн айта отырып, бiрнеше ұсыныс жасайды:

Осы күнге дейiн қажеттiлiгi толық дәлелденбеген Сыбайласқан жемқорлық және экономикалық қылмысқа қарсы күрес агенттiгiн (Қаржы полициясы) қазiргi үкiмет бастамасымен жүргiзiлiп отырған әкiмшiлiк реформасы аясында қысқарту керек.

Соттар үкiметтен де, әкiмнен де, өзiнен жоғары соттардан да, материалдық, техникалық және кадрлық тұрғыдан тәуелсiз болуы тиiс;

Аудандық, қалалық соттар сайлануы қажет. Құқық қорғау органдары мен соттардың ең төменгi деңгейдегi қызметкерлерiнiң жалақысын төрт есеге көтеру керек;

Жемқорлық деңгейi азаюы үшiн шенеунiктiң экономикаға араласу құқығын шектеу қажет.

Лицензияланатын iс түрлерi шектелуi тиiс. Кеден, салық жүйесi, полиция, меншiктi тiркеу органдарының әкiмшiлiк процедураларына қойылар талап заң арқылы күшейтiледi. Меншiк құқығы жүйелi түрде қорғалуы тиiс. Бұл, әсiресе, шағын компаниялар мен шағын меншiгi бар азаматтар үшiн өзектi. Тек қана барша халықтың заң алдында тең болуы – қоғамда өзара сенiм туғызады. Жемқорлықпен аяусыз күрес қана қоғам мен азаматтың мемлекетке сенiмiн қалпына келтiре алады.

Әзiрлеген Е.КӘПҚЫЗЫ