Жаңалықтар

400 ЖЕР КЕПЕ ЖЕР АСТЫНА КЕТСIН БЕ?

ашық дереккөзі

400 ЖЕР КЕПЕ ЖЕР АСТЫНА КЕТСIН БЕ?

Жанымыз қысылып, әкiм, бастық, гипрозем, жергiлiктi газеттерге жүгiне-жүгiне бұл бiр сандалыс жұмыс болғанын сезем, тағы да бiр рет "Түркiстан" газетiне жазу ойда көптен бергi арман болған соң, осы арманға "нүкте" қояйықшы деген ойымыз бар.

"Шамның жарығы түбiне түспейдi" деген мақала "Нұр-Астана" газетiнiң 2007 жылдың 17-24 қаңтар аралығында шыққан санында жарық көрген. Мәселенiң мән-жайын таратып айтар болсақ, бiздiң "Полянка" деген саяжай ауылы "Тұлпар" ат қорасының дәл iргесiнде. Қазақстанның әр түкпiрiнен көшiп келiп, төрт-бес жыл бойы мықшыңдап балшықпен алысып жүрiп тұрғызылған 400 жер кепе бар, биыл көктемнен берi тағы да салынып жатыр — бұл бiздiң ауылымыз.

2002 жылдың қысынан берi осы жердi тұрғылықты жайға айналдырған адамдарға барша Қазақстан азаматтары сүйсiнетiн "Бәйтерек" неше түрлi көйлек киген қызға ұқсап түнде алыстан көз қызықтырады. Ал осы "Полянка" ауылында жарық жоқ. Жолдың түрi анау, "Полянкадан" "Агроқалашыққа" дейiн қысы-жазы жаяулап, өкпелерi өшедi. Мектеп оқушылары аурудан көз ашпайды. Көкталдағы №40 мектеп басшылары бiлiм департаментi, қалалық әкiмшiлiк алдына осы туралы бiрде-бiр рет мәселе қоймаған. Ауырып қалған оқушыға "сен неге ауырасың, сабақтан қалма, жалғыз сен емес, жаяу келiп жүрген" деп кейидi екен.

Саяжай жерiне бес жұлдызды қонақ үй, мейрамхана салынады деп естимiз. Әр түп жемiс ағашына 100 доллар, ал әр сотық жерге 1000 доллар берiледi екен, үстiнде салынған үйiң есепке алынбайды екен дегендi естiгелi түнде ұйқы, күндiз күлкiмiзден айрылдық. Табысымыз әрi кетсе 20-25 мың теңге, ал бiр бөлме жалдау 30-40 мың, сонда қалай күн көремiз? Астанада салынып жатқан үйлер бiз үшiн қол жетпес арман, "Полянка" ауылында тiркеуде тұрғандарға банктер тiптi шағын несиенiң маңайына да жолатпайды. Ал қалалықтар болса, саяжайлары бұзылатын болғанына малақайларын аспанға атып, қуанып жүр.

Тоқырау жылдары деп жүрген кеңес өкiметi кезiндегi суы, жарығы, жолы, дүкенi, мектебi, емханасы, моншасы, наубайханасы, клубы, жұмысы, жалақысы болған ауылымызды жиi еске аламыз. Жағдайымыз нашарлай бастаған соң, қала iргесiне келiп, жер кепе тұрғызып, тiршiлiк ете бастап едiк, ендi күнiмiз қараң болатын түрi бар. Алматыдағы "Бақай" мен "Шаңырақ" тұрғындары сияқты шуылдап көшеге шығатын күн де алыс емес-ау, шамасы. Әкiмдер бiздiң жағдайымызды ойласа, бес жыл бойы топатай арқалап, "Агроқалашықтан" су тасып, тамақ тасымас едiк-ау. Жазғы су құбыры, электр бағаналарын өзiмiз орнаттық. Бiзге "ол жерде су жоқ, жол жоқ, орналаспаңдар" дейдi, Құдай-ау, бiзде күй талғайтын жай бар ма?!

Құс екеш құс та ұясы үшiн шырылдайды ғой, бiздiң тiлегiмiз, тым болмаса, баспанамызды бұзбаса екен.

Астана әдемi болса да, бiздiң қазiргi өмiрiмiз "әдемi" болмай тұр-ау. Ауылымыздың iргесi бiр жағы ат қораны кеңейту үшiн керек болса, екiншi жағынан әдемi коттедждер тұрғызу үшiн керек екен. Әдемi үйлерiн көше жақтан тұрғызып, бiздiң жер кепелерiмiз олардың қалқасында көрiнбей тұрса болмай ма?

Мұрат ӘКIМБАЕВ