Жаңалықтар

Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары: КӨШI-ҚОННЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

Талғат МАМАШЕВ, Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары: КӨШI-ҚОННЫҢ ЖАҢА СТРАТЕГИЯСЫ ҚАЖЕТ

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы құрылғалы 15 жылдың жүзi. Содан берi аталған қоғам шеттегi қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келедi. Үш рет дүниежүзi қазақтарының Құрылтайы өттi. Тарыдай шашылып, шашудың құртындай ыдырап кеткен иiсi қазақ Атамекен топырағында бас қоссам дейдi. Осы мақсаттың үдесiнен шығу үшiн, Қазақстан да шетте жүрген халқын шақырудан тынған емес. 15 жылдың iшiнде 1 миллионға жуық қазақ келдi. Алайда, бүгiнгi таңда осы көшi-қон процесi баяулап тұр. Талғат Асылұлымен болған әңгiмемiз осы және басқа да түйткiлдi мәселелерге арналды.

КӨШI-ҚОН ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯ МИНИСТРЛIГIН ҚҰРАТЫН КЕЗ ЖЕТТI

— Талғат Асылұлы, 2005 жылдың қыркүйегiнде өткен Дүниежүзi қазақтарының III құрылтайында «Шетелдегi қандастарды қолдаудың мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданған едi. Осы бағдарламаның орындалу барысы қалай?

— 2005 жылы Астанада өткен дүниежүзi қазақтарының III құрылтайында қабылданған бұл құжат 2005-2007 жылдарға арналған. 2006 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Үкiметi аталған бағдарламаны iске асыру шарасын бекiткен болатын. Бiз жұмысымызды осы бағдарламаның аясында жүргiзiп отырмыз. Шетелдегi қазақ диаспорасының мәселесiмен айналысатын түрлi министрлiктер бар. Сыртқы және iшкi iстер министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi, Көшi-қон және демография комитетi, Бiлiм және ғылым министрлiгi, Ақпарат және мәдениет министрлiгiнiң Тiл комитетi, тағы басқа да министрлiктердiң отандастарға арнап атқаратын жұмыстары қарастырылған. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы аталған министрлiктермен осы бағдарламаны үйлестiре отырып, әртүрлi шараларды iске асырып жатыр. Бағдарлама қабылданған уақыттан берi үш жылдың iшiнде көптеген жұмыс iстелдi.

Бiрiншiден, қырыққа жуық елде қазақтар мекендейдi, соның 32-сiнде қазақ мәдени орталықтары ашылған. Сол мәдени орталықтар бiздiң қауымдастықпен тiкелей жұмыс жасап отыр. Сондай-ақ, ақпарат құралдары радио-теледидардың да шеттегi қандастарымыз үшiн атқарар қызметi алуан. Солардың iшiнде «Caspionet»-тi ауызға алуымыз керек. Оның негiзгi бағыты шетелге хабар тарату. «Caspionet» — орыс, қазақ және ағылшын тiлдерiнде хабар таратады. Ал бiздiң қазақ диаспорасының өкiлдерi түрлi мәдени шаралардың, ойын-сауық бағдарламалардың, айтыс басқа да көңiл көтерер концерттердiң аз берiлетiндiгiн меңзеп, наз бiлдiредi. Қазiр осы сын бiраз түзелдi. Ал бiз заман талабына сай, интернетке қосылып, «Қазақтар» атты веб-сайтымызды аштық, қазiр әр түкпiрде жүрген қазақ баласы бiздiң веб-сайтымызбен тiкелей байланысқа шыға алады.

Бiз өзiмiздiң негiзгi жұмыс-жоспарымызға сырттағы мәдени орталықтардың талап-тiлектерiне сай өзгерiстер енгiземiз. Тек биылғы жылдың өзiнде оншақты елде ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек үстөлдер, кiшi құрылтайлар, түрлi кездесулер өткiздiк. Мысалы, наурыз айының басында түрлi министрлiк өкiлдерi мен шетелдегi мәдени орталықтарының басшылығының қатысуымен «Көшi-қонның бүгiнгi жағдайы және келешегi» деген ғылыми-практикалық конференция өткiздiк. Кейiнгi оншақты жылда көшi-қон саласында қандай тәжiрибе жинақтадық? Осы мәселелердi талдап, конференцияның ұсынысын қабылдап, Парламент, Үкiмет, өзге де тиiстi органдардың атына жiбердiк. Ондағы мақсатымыз ендi алдағы 5-10 жылда Қазақстанның көшi-қон саясатының бағдарламасын, жаңа жобасын қалыптастыру. Бiз қандай жолмен жүремiз? Естерiңiзде болса, 2005, 2006, 2007 жылдарға Президенттiң жарлығымен бекiткен көшi-қон квотасы бойынша, жылына 15 мың отбасы көшiрiлiп әкелiнуi тиiс болатын. Бұл Жарлықтың уақыты осымен тәмам. 15 мың отбасы – орташа есеппен 70-75 мың адам, оның сыртында өз бетiмен көшiп келiп жатқаны қанша.

Президенттiң биылғы Жолдауы өте тамаша жолдау болды. Бүкiл әлем қызығып отыр. Бiз оны шеттегi қазақтарға насихаттауда бiраз еңбек жасадық. Түрiк тiлiне аударып бастырдық, Қытайдағы қазақтар үшiн төте жазуға көшiртiп тараттық, моңғол тiлiне аудардық. Дегенмен, осы Жолдауда көшi-қон мәселелерi, сырттағы ағайын жөнiнде ештеңе айтылмаған. Сондықтан да, бiздiң ұсынып отырған жобамызда осы алдағы 5-10 жылдағы Қазақстанның көшi-қон саясатының негiзi туралы айтылады.

Онда көшi-қонның ендiгi бағыты жайында үш түрлi жол ұсынылады. Бiрiншi, қазiргi бар жүйе – квота жүйесiн сақтау, бiрақ оның санын көбейту керек. Айталық, жылына 25-30 мыңға дейiн отбасыға мемлекеттiк көшi-қон квотасын тағайындау. Екiншiден, квота жүйесiн алып тастау, келем деген адамға шек қоймау, қанша келедi, сонша қабылдау керек. Бiрақ, онсыз да келем деген қазаққа Қазақстанның есiгi ашық. Кейiнгi 10 жылда 1 млнға жуық қандасымызды Қазақстанға көшiрiп алдық.

Шеттегi диаспорасына назар аударып көшiрiп алып жатқан үш мемлекет – Израиль, Германия, Қазақстан деп ауыз толтырып айтып жүрмiз. Бiрақ Қазақстан солардың деңгейiнде оралмандарды қабылдай алып жатыр ма, жоқ па, ол екiншi мәселе. Бұл жерде бiздiң кемшiл тұстарымыз жеткiлiктi.

— Осы мәселемен айналысып жатқан Көшi-қон және демография комитетi бар емес пе?

— Бұл мекеменiң құзыры тым тар. Жұмысы сын көтермейдi. Бұлар тек квотамен келген ағайындарға беретiн қаржыны бөлiп беру, жол шығынын өтеу сияқты тасымалмен ғана айналысып қалды. Көшi-қон комитетiнiң қызметкерлерi шетелдерге барып қазақтармен тiкелей жолығу, оларды арнайы көшiрiп әкелу, орналастыру, бейiмделу орталықтарын ашу, ары қарай арнап қоныстандыру сияқты мәселелермен айналыспайды да, айналыса алмайды да, өйткенi ол комитеттiң бүгiнгi құзыры ондай өкiлеттiктi атқаруға келмейдi. Жасыратыны жоқ, министрi Қарақұсова ханымнан Жазбек Әбдиев бауырымыз аттап өте алмайды. Бiздiң ұсынысымыз, Көшi-қон және демография комитетiн жеке шаңырақ етiп шығару керек, бiз бүгiн Демография және көшi-қон министрлiгiн құратын дәрежеге жеттiк. Мемлекеттiң қаржы жағдайы бар, бюджеттiң жағдайы көтередi. Жаңадан тағы бiр министрлiк құрсақ бiз одан ешқандай ұтылмаймыз.

Сондықтан да көшi-қон комитетiнiң құзырын мемлекеттiк деңгейге көтеру керек, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнен жеке шығару керек, сонда ғана көшi-қон жағдайы түзеледi деген ойдамыз.

Былтыр Путин отандастарына үндеу тастап, солтүстiк, Сiбiр өлкелерiне орыстарды арнайы қоныстандыратын бағдарлама ұсынған болатын. Екi жылдың iшiнде 9-10 миллион орысты көшiрiп алуды жоспарлап отыр. Бiз үшiн Ресейдiң тәжiрибесiн қолданатын уақыт жеттi. Бiрiншiден, елiмiздiң солтүстiк облыстарына оралмандарды арнайы қоныстандыру керек. Оған квотаның да, басқа саясаттың да қажетi жоқ. Шеттегi 5 миллион қазақ өзi де бiр күнде көшiп келмейдi. Негiзiнен алдағы 5-10 жылда 1-1,5 млн қазақты солтүстiк өңiрлерге арнап қоныстандыруымыз керек деген ойдамын. Осыған байланысты бiз Қауымдастықтың атынан Көшi-қон бағдарламасы, басқа да ұсыныстарымызды бердiк. Парламент тарап кеттi. Сайлаудан кейiн жаңа Үкiмет жасақталады. Жаңа Үкiмет осы мәселелерге жоспарлы түрде кiрiседi деген ойдамын.

Ал, «Шетелдегi қандастарды қолдаудың мемлекеттiк бағдарламасының» уақыты биылғы жылдың аяғында бiтедi. Ендi бағдарламаның жалғасы болуы керек қой. Бiз осы тұрғыдан ұсыныс бергенбiз, әзiрше Үкiметтен қолдау тауып отырған жоқпыз. Бiзге жеткен мәлiметтерге қарағанда, «қолдағы бағдарламаны 2008 жылға дейiн ұзарта тұрайық, одан кейiн көремiз» деген сияқты пiкiр айтылады. Негiзiнен бiздiң Елбасына жолдаған ұсыныстарымыз Үкiметке келiп түскен, вице-премьер А.Мусиннiң алдында жатыр. Ендi министрлiктермен келiсе отырып, осы бағдарламаның ары қарайғы жалғасын, жаңа жобасын бекiтуi керек. Бiрақ түрлi сылтаумен сөзбұйдаға салып жатыр.

— Көшi-қон комитетiнiң құзыры жайында айтып отырсыз. Ал, қауымдастықтың құзыры жайында не айтасыз? Басында Елбасы тұрған қоғамдық ұйымның қолынан не келедi?

— Бiз республикалық деңгейдегi қоғамдық ұйымбыз. Заң шеңберiнде жұмыс жасаймыз. Негiзгi ту етерiмiз — «Қазақстандағы үкiметтiк емес ұйымдар туралы» Заң. Тек Қауымдастық қана емес, Жазушылар одағы, Суретшiлер одағы, Ғылым Академиясы қатарлы үкiметтiк емес ұйымдар өз өкiлеттiгiне сай, бюджеттен қаржы алмайды. Конституцияда солай жазылған. Бiрақ, бұрын партиялардың да құзыретi осындай болатын. Қазiр Конституцияға енгiзiлген саяси реформалардың iшiнде, «сайлауда жеңген, 7%-дық кедергiден өткен партиялар бюджеттен қаржыландырылады» деген бап бар. Демек, бұл өзгерiс Қазақстандағы Үкiметтiк емес басқа да ұйымдар туралы заңға да енуi тиiс. Ондағы «Қоғамдық ұйымдар бюджеттен қаржыландырылмайды» деген бап алынып тасталса, онда Дүниежүзi қауымдастығы қазақтары сияқты, Жазушылар одағы да, Композиторлар мен Суретшiлер одағы, Ғылым академиясы сияқты шығармашылық одақтар бюджеттен сәл болса да қолдау табуы қажет. Өйткенi, бүгiнгi таңда бұл қоғамдық ұйымдардың жағдайы мәз емес. Егер, осы өзгерiс заңнан орын алып, Үкiметтiк емес ұйымдар бюджеттен тiкелей қаржы алатын болса, онда келешектегi «Шетелдегi қандастарымызды қолдау туралы мемлекеттiк бағдарлама да», Қауымдастықтың мәртебесi де басқаша болар едi. Саяси реформалардың алға дамуына байланысты көптеген қоғамдық ұйымдар, соның iшiнде Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы да өзiнiң жаңа орнын тауып, мемлекеттiк деңгейде басқаша көзқарасқа сай болады деген үмiтiм бар. Ол ендi алдағы сайланатан Парламенттiң құзырындағы мәселе.

— Көшi-қонның үлкен стратегиялық бағдарламасын жасауды қолға алып жатырмыз дейсiз. Бiздiң бiлуiмiзше, Қауымдастық шетелдегi қазақтармен мәдени байланыс жасайтын қоғам. Көшi-қон Қазақстанның iшкi саясатына байланысты жүрiлмек. Қауымдастық бұрын көшi-қоннан сырттап жүретiн, араласпайтын.

— Егер тарихын бiлетiн болсаңыздар, 1991-1992 жылдары марқұм Қалдарбек Найманбаев ағамыздың кезiнде, шеттен көш ендi басталып жатқан тұста осы мәселемен тiкелей айналысқан Қауымдастық болатын. Бұның ауқымы кеңейiп бара жатқаннан кейiн, көшi-қон миссиясын Қауымдастықтың өкiлеттiгiнен алып, арнайы Мемлекеттiк орган құрылды. Сөйтiп, Қауымдастық таза мәдени қарым-қатынаспен айналысатын қоғамға айналды. Бiз көшi-қонның тiкелей iсiмен араласып, оның құзырындағы мәселелермен айналыспаймыз. Бiрақ, болмай жатқан жерi болса сынап, қолымыздан келетiнi болса көмектесiп, көптеген шараларды бiрлесiп өткiзiп жүрмiз. Егер, Қауымдастықтың бүгiнгi құзыры басқаша сипат алатын болса, ол бiр мәселе. Егер, Көшi-қон және демография министрлiгi құрылып жатса, бiз олардың бiр құрамдас бөлiгi болудан да қашпаймыз. Бiздiң дайындап жатқан негiзгi стратегиямыз түрлi министрлiктер мен ведомстволар Дүниежүзi қазақтары қауымдастығымен бiрлесiп iстеу стратегиясы деген құжат қабылдау. Әр министрлiкпен жеке-жеке. Олармен бiрлесiп, «бiз не атқара аламыз? Соның iшiнде қай мәселенi бiз шешемiз, қай мәселенi олар шешедi?» осыны бiр жола бекiтiп алмақпыз.

1992 жылы Алматыда өткен Дүниежүзi қазақтарының I құрылтайы Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығын құру туралы шешiм қабылданған. Содан берi 15 жыл өтiп кетiптi. Ол кезде басы-қасында жүрген Қ. Найманбаев, диаспора өкiлдерiнен: Мизамхан Күнтуғанұлы, Мұхамади Қылыш, Халифа Алтай сияқты бiраз адамдар ортамызда жоқ. Осы қазан айының басында Қауымдастықтың 15 жылдығын атап өтейiк деген ойдамыз. Халықаралық ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы, түрлi көрмелер, 15 жылдығымызға арналған 30-40 минуттық деректi фильм, фото альбом, «Қауымдастық тарихы» деген кiтап, 15 жылдық тәжiрибемiздi қорытындылап, алда тұрған жұмыстарымызды айқындап, кiшiгiрiм той өткiзбекпiз.

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚТАРЫ АССАМБЛЕЯСЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ҚАЖЕТ

— Жаңа Парламентке көп үмiт артып отыр екенсiздер. Жаңа Конституция бойынша, Мәжiлiстен 9 квота Ассамблеяға яғни диаспора өкiлдерiне бөлiнетiн болды. Осыған қатысты өзiңiздiң ойыңыз қалай, бұл дұрыс бағыт деп ойлайсыз ба? Сосын диаспора өкiлдерiнен парламент мүшесi сайлану керек болса, оралмандардан неге депутат сайланбайды, деген әңгiмелер айтылып жатыр, осыған қалай қарайсыз?

— «Оралмандардан неге Парламент мүшесi сайланбайды?» деген сөздi өзiм онша қолдамаймын, мәселе онда емес. «Сырттағы ағайынның да, iштегi ағайынның да, келiп жатқан оралмандардың мүддесiн айтатын, солардың жағдайын толық бiлетiн адам Парламентте болуы керек» десе ол екiншi мәселе, оны қолдауға болады. Парламенттiң өкiлеттiгi кеңейiп, мәртебесi өсiп жатыр, мүшелерiнiң саны молайды. Ендi жаңа жасақталатын Парламентте шеттегi отандастардың да мәселесiмен айналысатын жеке бiр комиссия құрылатын шығар деген ойдамыз. Ал ендi Ассамблеядан депутаттар сайлау мәселесiне келетiн болсақ, менiңше, бұл өте дұрыс нәрсе. Жалпы, Қазақстан халықтары ассамблеясының мәртебесiн көтерiп, жаңа заң қабылданатын болса, сол заңда бәрi реттелiп жазылатын болуы керек. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы Қазақстан халықтары ассамблеясының құрамдас бiр бөлiгi. Мен олардың Кеңесiнiң мүшесiмiн.

— Бұл әлемдiк тәжiрибеде бар ғой?!.

— Әлемдiк тәжiрибеде аз ұлттардың құқығын үнемi қолдап, қорғап жүредi. Бiз Қазақстанды Кеңес одағы кезiнде «ұлттар лабораториясы» деп атадық, қазiр де 100-ден астам ұлт өкiлдерi тұрады деймiз. Бiр жағынан шындық та болды, екiншi жағынан көз бояушылық та, асыра сiлтеушiлiк те бар. Осы жүзден астам ұлт өкiлдерiнiң барлығы бiрдей Парламенттен орын алуы да мүмкiн емес. Оның сайлау ретi қалай болады, оған қандай ұлт өкiлдерi кiруi керек дегендi анықтау мәселесi өте күрделi. Бұл сайлаудың тәртiбiн президент бекiтедi. 9 адамның барлығы бiрдей басқа ұлт, ұлыстардан болу шарт емес. Соның iшiнде қазақтар да болуы керек. Бiздiң өз ойымыз, өз тiлегiмiз сырттағы ағайын менен келiп жатқан оралманның мұң-мұқтажын жағдайын жақсы бiлетiн, түсiнетiн, осы мәселелердi Парламентте көтере алатын бiр адам Ассамблея депутаттарының арасында болуы керек.

— Сiз елiмiзде 100-ден астам ұлт өкiлдерi тұрады дегендi өз сөзiңiзде айтып өттiңiз. Менiң бiр деректен оқығаным бар, елiмiзде тұратын бiр ұлттың бiр өкiлiнiң өзiн ұлт есебiне қосып жiберген. Жалпы, осы 100-ден астам ұлт өкiлi дегенiмiз дұрыс па? Бұл дерек қаншалықты шындыққа жанасымды?

— Бiз бiр кездерi 130 ұлтқа жеткiзiп жүрдiк. Әрине, бiр ғана ұлыстың өкiлi ол ұлт ретiнде саналмайды. Сондықтан, ұлттарға кiм жатады, ұлыстарға кiм жатады? Осының өзiн бiр реттеп алу керек. Кiшi ұлттарға кiм жатады, негiзгi ұлттарға кiм жатады деген сияқты әңгiменiң басын ашып алған жөн. Бiздегi сан жағынан көп ұлттар, айталық, орыстар, украиндар, немiстер, өзбектер, ұйғырлар, түрiктер, әзiрбайжандар. Бұлар ары кетсе 7-8-ден аспайды. Ал, саны жағынан 2000, 3 мың, 1 мың, 5-6 жүз, тiптi 2-3-тен де аспайтын ұлт өкiлдерi де бар. Олардың бәрi де Қазақстан халықтары ассамблеясына мүшелiкке енуi керек. Ал, Парламентте, менiңше, сан жағынан көп ұлттардың өкiлi болғаны дұрыс.

— Әлемдiк тәжiрибеге қарап отырсаңыз, Автономиясы жоқ елдерде, унитарлы мемлекеттерде ұлт мәселесiне көз жұма қарайды. Бұл елдердiң көбiнде ұлтын азаматтығы анықтайды. Яғни, бiр елдiң азаматы болсаң, сол ұлттың өкiлiсiң. Неге бiзге осы тәжiрибенi енгiзбеске?

— Бұл тәжiрибенiң де күрделi астарлары жетiп жатыр. Айталық, мына Франциядағы жағдай. Бұлар осы жолды ұстанған ел. Бұл елде арабтар өте көп. Бұрынғы отары болған елдердiң тұрғындарына есiк ашық болды. Соңғы екi жылда жергiлiктi халық пен осы басқа ұлт өкiлдерi арасында түрлi қақтығыстар орын алып отыр. Мәселен, мұсылман қыздардың мектепке хиджаб киiп келуiне байланысты болмашы мәселенiң өзi үлкен қақтығысқа бастады. Арабтар «Бiз Францияның азаматымыз, неге бiздiң ресми органдарда өкiлiмiз жоқ, неге Парламентке сайланбаймыз?» деген сияқты саяси талап қоя бастады. Демек, ондағы халықтарға тек французсыңдар, басқа ұлт өкiлi жоқ деп, бiржақты қарауға болмайтындығы байқалады. Мысалы, Америка халқын американдықтар дейдi. Оның iшiнде, афроамерикандықтар, латынамерикандықтар, еуропалық американдар бар. Бiрақ, олардың барлығы бiр қазанда қайнаған американдықтар. Бұл мемлекеттiң тарихы 200 жылға тартады, Конституциясы қалыптасқан, сол жолда қара мен ақтар арасында сан түрлi қақтығыстар орын алғаны белгiлi. Еуропа елдерiнде 4-5 миллионға жуық түрiк жүр. Германиядағы түрiктер өз өкiлдерiн Бундестагқа дейiн сайлап, Үкiмет мiнберiне көтерiлетiн деңгейге жеттi. Бұл кәрi құрлықтағы мемлекеттерге қауiп ұялата бастады. Демек, бұл жерде ойланатын мәселе жеткiлiктi. Бiз секiлдi унитарлы мемлекеттер мен Ресей секiлдi конфедерация мемлекеттердегi жағдай басқаша. Дегенмен, бiз өзге ұлт өкiлдерiн мойындамай, тек қазақтық мүдде тұрғысынан ғана қарасақ, ұлтаралық татулыққа сызат түседi, саяси тұрғыдан ушығып кетемiз. Бұл ұлтараздықты қоздыруы әбден мүмкiн. Сондықтан, 1995 жылы Халықтар ассамблеясы дегендi ойлап таптық. Бұл ұлтаралық татулықты сақтаудағы ойлап табылған сәттi құрал. Содан берi талай тәжiрибе жинақталды. Ассамблеяның iстеп жатқан жұмысы орасан зор. Ассамблеяға да сын көп. Қазақстан халықтары ассамблеясы туралы заң қабылдайтын уақыт жеттi. Сол заң арқылы «Ассамблея деген не, ол қалай құралады, оның құрамы қалай болуы керек. Ассамблеяға мүше болудың жолдары қалай, оны кiм белгiлейдi, қалай өтедi?» деген сияқты сан сұрақтарға жауап табамыз.

— Бұдан былай ассамблея Конституциялық орган болып есептелiнетiн болды. Демек, мәртебесi де өстi ғой

— Ендi соған лайық заң қабылдануы қажет.

— Қазақстан ұлттар лабораториясы болған, болып та келедi, 15 жылда 1 миллионға жуық қазақ келдi деп отырмыз. Бiрақ, дәл осы саладағы жұмыс бүгiнде тоқырап тұр. Ал, былтыр 1,5 миллион заңсыз мигранттарды заңдастырдық. Бүгiн заңдасқан мигранттың ертең Қазақстан азаматтығын алуға мүмкiндiгi бар. Демек, бұл әлi күнге шешiмiн таппай тұрған ұлт мәселесiн одан әрi күрделендiре түспей ме?

— Бiздiң былтыр заңсыз мигранттарды тiркегенiмiз дұрыс болды. Тiркеуде тұрғандар бақылауда болады.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi түрлi еңбек квоталарын бөледi. «Шетелдiк компаниялар қанша жұмысшы әкеле алады, оның iшiнде қандай мамандар болуы керек?» осының бәрi Қарақұсова ханымның қолынан өтедi. Бiрақ, осы жерде ескерiлмейтiн мәселе, Қытай, Ресей сияқты алып елден келiп жатқан еңбек компанияларына сол жақта тұратын қазақтардың мүддесiн ескеру неге тапсырылмайды? Ресейдiң кейбiр компаниялары үй сыпырушысына дейiн Ресейден алып келiп, вахталық тәсiлмен жұмыс iстетедi. Сол дұрыс па? Мен дәл осы мәселенi Қарақұсова ханымға қойдым. Бұл бiздiң кейбiр министрлiктердiң жұмысындағы сәл-пәл олқылық. Екiншi, көшi-қон полициясы бiзде әлi де дұрыс жұмыс iстемейдi. Анда-санда тексерiп қойып отырмай, түрлi жолдармен рейдтер жүргiзiп, қатаң бақылауға алып, елiмiздегi заңсыз мигранттарды шығарып жiберуi керек. Үшiншi, жергiлiктi әкiмшiлiктер өздерiнде жұмыс iстеп жатқан шетел компанияларына квота бөледi екен. Бұлар да бармақ басты, көз қыстымен шетел компанияларына өз жұмысшыларын әкелуге мүмкiндiк бередi. Олар он жұмысшыға рұқсат берсе, топырлап 100 жұмысшы ере келедi. Мен былтыр Пекиннен келе жатып, жағамды ұстадым. Бiз ұшқан ұшақта 10-15 адам ғана қазақстандықтар, қалғанының бәрi қара қытай. Осы жаққа жұмыс iстеуге келе жатқандар екен. Қазiр қоғамда «қара қытай» қаптап кететiн болды, «кәрiс» басып кеттi деген дабыл қағыла бастады. Бұл әрине мемлекеттiк қауiпсiздiк мәселесi. Бiз бұған немқұрайлы қарамауымыз керек. Екiншi, әсiресе, Өзбекстан, Ресей, Қытайға «еңбек мигранттарын әкелген кезде құрамына қазақ диаспорасы өкiлдерiн кiргiзiңдер» деген талап қоя бiлуiмiз керек. Үшiншiден, Қазақстанға келiп жұмыс iстейтiн әр компания жергiлiктi халықты, соның iшiнде қазақты жұмысқа тартуы керек. Мамандығы жоқ деген жалған сылтауды доғарсын. Қазiр бұрынғы ПТУ, яғни арнайы мамандыққа даярлайтын училищелер iске қосылайын деп жатыр. Президент осындай 50 жаңа оқу орнын ашатындығын мәлiмдедi. Бұлардың iрi-iрi компанияға берiп, жоқ мамандықты дайындауды өздерiне мiндеттеу қажет. Бұдан былай шетел компаниясымен келiсiм шартқа отырғанда, сырттан маман әкелгенше, жергiлiктi мамандарды жұмыспен қамтамасыз етуiң керек деген бапты қадағалау керек.

— Кейiнгi заңнамаларда бұл қадағалаулар енгiзiлетiн болды-ау деймiн…

— Қоямыз дейдi, бiрақ, оны бақылап-қадағалап отырған кiм бар? Келiсiм шарт әлi күнге дейiн жасырын жасалынады. Олар қай бабында осы мәселенi ескерiптi. Сондықтан, осының бәрi халыққа жария, ашық болмайынша, ештеңеге көз жеткiзе алмаймыз.

— Шеттегi қазақты еңбек күшi ретiнде әкелуге құлықсыз болып отырмыз дейсiз, ал, келiп алған оралманның еңбек және интеллектуальдық әлеуетiн пайдалану жағы қандай деңгейде?

— Бiздi сан жағынан да, салт-дәстүрiмiзге, тiлiмiздiң сақталып қалуына өз үлесiн қомақты қосып жатқан оралмандарға бiрiншiден рахмет айтуымыз керек. Олар ең алдымен санымызды көбейтiп, сапамызды iрiлендiрдi, қазақтың қазақ мемлекетiндегi салмағын арттырды. Бiрақ, бiз осы ағайындардың барлығына бiрдей деңгейде жағдай жасай алып отырмыз ба? Жергiлiктi әкiмшiлiктердiң, әр облыс, ауданда отырған көшi-қон комитетi қызметкерлерiнiң жұмысты ойдағыдай атқармай отырғандығының салдарынан, бiраз қиыншылықтарға тап болып жатқандары да рас. Өз орнын тауып Қазақстанның рухани саласына қомақты үлес қосып жүрген ағайын да бар. Келешекте көшi-қонды арнап көшiрiп әкелу ең маңызды мәселенiң бiрi болмақ.

Биыл Ақтауда облыс әкiмiнiң көмегiмен, Көшi-қон комитетi оралмандарды бейiмдеу орталығын iске қоспақ. Бiрақ, бiз оның жобасын да көрген жоқпыз. Бүгiнгi заманға сай бейiмдеу орталықтары әлi жоқ. Әр облыстағы бейiмдеу орталықтары 1-2 күн оралманның түнеп шығуына ғана арналған. Бейiмдеу орталығының, бiрiншiден, келген адам бiрнеше ай тұра алатын мүмкiндiгi болуы керек. Екiншiден, асханасы, медициналық пунктi мiндеттi түрде болғаны жөн. Үшiншiден, азаматтығын алуға түрлi құжаттарын ыңғайлап жоғарыға тапсыруға қабылдап алатын қызметкерлер жұмыс iстеуi қажет. Төртiншiден, тiл үйренуге жағдай жасалу керек. Мысалы, Қытайдан келгендер қазақша сайрап тұрғанымен кириллицаны бiлмейдi. Бесiншiден, келген ағайынның арнайы бiлiмi немесе кәсiбi жоқ болса, кәсiпке бейiмдеу басты нысанда болғаны жөн. Мамандығы барларды жұмысқа орналасуға көмектесуiмiз керек. Бүгiн бiзге құрылысшы, бұрғышы, мұнайшы, т.б. толып жатқан мамандар қажет. Бiздегi шешiлмей жатқан мәселенiң ең үлкенi осы.

— Партияларға дауыс беретiн болып жатырмыз ғой. Сiздiң қай партияға бүйрегiңiз бұрады?

— Мен «Нұр Отанды» қолдаймын немесе «Ақ жол» мен «Әдiлеттiң» одағын қолдаймын деп айта алмаймын. Олардың бағдарламаларын салыстыра-салғастыра отырып бiр шешiмге келермiн.

— Партияда жоқсыз ғой?

— Әзiрге жоқпын.

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ