ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ
ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы бiрлесiп, Астана қаласының Ұлттық академиялық кiтапханасында сайлау барысын жариялау мәселелерi бойынша семинар өткiздi.
Оған республикалық, аймақтық БАҚ басшылары, қоғамдық бiрлестiктердiң басшылары мен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң, Бас прокуратураның өкiлдерi қатысты.
Семинардың негiзгi мақсаты бiреу ғана. Мерзiмдi басылым беттерiнде, телевизия және радио хабарларын тарату желiлерiнде әдептiлiк нормаларын сақтау. Сайлау алды насихат жұмыстарын жүргiзгенде ОСК-де тiркелген барлық партияға, депутаттық кандидаттарға тең қарау, бiреудi алаламау, немесе, бiреудi асқақтатпау.
Осы мәселелер бойынша сөз өрбiткен ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фоос «Сайлау алды үгiт. Оны өткiзудiң құқықтық негiздерi мен шарттары» деген тақырыпта өз тұжырымдарын ортаға салды. Оның мәлiмдеуiнше сайлау марафонына 7 партия қатысқалы отыр. Конституцияның нормаларын сақтай отырып, БАҚ олардың барлығына «депутаттық кандидат» куәлiгiн алғандарға, әрине олардың өтiнiштерi бойынша бiрдей мүмкiндiк жасағаны абзал.
Бұл түрғыда ҚР Әдiлет министрлiгi заңдылықтар департаментi директорының орынбасары Ажар Ақпанова, ҚР ОСК ақпараттық талдау бөлiмiнiң бастығы Григорий Кулеш, ҚР Бас прокуратурасы мемлекеттiк органдар қызметiнiң Заңдылығын қадағалау жөнiндегi департаментi бастығының мiндетiн атқарып жүрген Сапарбек Нұрпейiсов пен «Әдiл сөз» халықаралық қоры тәуелсiз лингвистикалық сараптама орталығының директоры Ғалия Әженова өз ойларын ортаға салып, журналистер қауымын пiкiрталасқа шақырған.
Негiзiнен семинарға қатысушылар пiкiрталастан соң ортақ мәмiлеге келiп, соңынан «Қазақстан Республикасында 2007 жылғы сайлау науқанын жариялауда этикалық нормаларды ұстану туралы» Хартияға қол қойысты.
Ғ.МЕЛДЕШ Астана