Жаңалықтар

СУРЕТШI ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ШЫНЫ МЕН ШЫҢЫ

ашық дереккөзі

СУРЕТШI ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ШЫНЫ МЕН ШЫҢЫ

… Дала. Керуен. Түйе үстiнде жолға шығып (ұзатылып? – Г.О.) бара жатқан жас қыз, екi қолын көкке жайып, перзентiне Тәңрiден Ақ жол тiлеп тұрған Ана…

Жапандағы жалғыз үй…

Су бетiнде дiрiлдеген Ай сәулесi…

Тiзесiнен су кешкен сұлу қыз…

Жағалай қойылған бейнелеу өнерiнiң туындылары бала күннен таныс әдеби бейнелердi еске түсiредi.

Дүниетанымы таныс.

Мұңы ұқсас.

Тек жеткiзу дәлдiгi өзгеше.

Cуретшi Алпысбай Қазығұловтың «Живопись» атты сурет альбомының тұсаукесерiнде қойылған туындыларды көрiп, осындай әсерге бөлендiм. Шығармаларды әлдебiр әуестiкпен қызықтаған қауым сол жерде тұрып-ақ өз әсерлерiн айтып жатыр. Бiрақ шынайы өнердi шын бағалайтындардың Қазығұловтың шығармашылығынан түйген ойы, түйсiгi өзiмен бiрге ерiп кеттi. Сол әсерiн әлдилеп үйiне дейiн барады. Адамның көңiл-күйiн дөп басқан сурет үнемi оның көз алдында жүрсе керек. Сол жерде көзайым қылған оншақты туындының бәрi бiрдей өз табынушысын тапты деуге болмас, тұсаукесерге келген әрбiр адам сол суреттердiң iшiнен өз жанына үндес шығарманы танығаны, жаттағаны анық.

Аталмыш альбомға Алпысбай Қазығұлов 250-дей туындысының репродукциясын енгiзiптi. 2100 данамен басылған фотоальбомға «Шелл« компаниясы демеушiлiк көрсеткен. Түрлi-түстi, 208 беттiк альбомның жарыққа шығуы туралы суретшiнiң өзi «Бұл менiң шығармашылығымның басы ғана» дедi. Шығармашылық адамының үнемi iзденiс үстiнде жүретiнiн айтқысы келген болуы керек. Мұны түсiнген де бар, түсiнген сыңай танытқан да бар.

Тұсаукесерде кiрiспе сөз сөйлеген «Шелл» компаниясының басқарушы директоры Мартин Ферстл «Алпысбай Қазығұловтың шығармашылығы Қазақстан өмiрiнiң бiз бiлмейтiн қырларына көз тастауға мүмкiндiк бередi» дедi.

Кешке Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов те қатысып, суретшiнiң шығармашылығы туралы жылы лебiзiн бiлдiрiп жатты.

Алпысбай Қазығұлов бұған дейiн Ресейде, Жапонияда, Нидерландыда, Бельгияда сурет өнерiнiң көрмелерiне қатысқан. 2003 жылы Прага қаласында әлем өнерiне қосқан үлесi үшiн Масарик атындағы құрмет сыйлығымен марапатталған. Ендi альбом жарық көргеннен кейiн «академик« атағына ие болды.

Алпысбай Қазығұловты сюрреализм мен абстракционизмнiң өкiлiне жатқызады. Суретшi қай жанрда жұмыс iстесе де, өзiндiк қолтаңбасы болмай, оны өнер адамы деп тану қиын. Сондықтан оны белгiлi бiр жанрдың аясына телiп қою – шығармашылық шабытын шектеп қойғанмен бiрдей. Өзi айтқандай, суретшi шығармашылығның басы осы болса, шыңына жетуге асықпағаны жөн.

… Сонда өнер өлмейдi.

Гүлбиғаш Омарова