Жаңалықтар

ТIЛIМIЗДI, БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

ашық дереккөзі

ТIЛIМIЗДI, БАРЫМЫЗДЫ БАҒАЛАЙЫҚ

Қазақ тiлi неге өзiнiң орнына ие бола алмай жүр деп уайымдаймыз. Соған қатысты ойымды ортаға салып, пiкiр алмасқым келедi. «Үкiмет алдағы уақытта профтехучилищелер ашылуын қолға алады екен» дегендi естiдiм. Ендi ашылатын профтехучилищелер тек қазақ тiлiнде ашылса екен. Себебi, тiршiлiктi ұстап тұрған еңбек. Еңбек адамы қазақша сөйлемесе, қазақ тiлi жойылып кетуi мүмкiн деп ойлаймын.

Профтехучилищелерде қазақша оқытуға оқулықтар жоқ, мұғалiмдер жоқ деген кедергi алдан шығады. Менiңше, қазақ тiлiн дамыту үшiн бюджеттен бөлiнген ақшаға оқулықтар шығарып, мұғалiмдер дайындау керек. Оқулық шығару жолы қазақ-орыс тiлiн жақсы бiлетiн халық шаруашылығының мамандары мен жазушылар, журналистердiң қолынан келетiн шығар. Жер жүзiнде барлық халықтар аударма арқылы өнер, бiлiмге жеткен. Халық шаруашылығында, жалпы адам тiрлiгiне керек мамандықтарға оқулық шығармай, мұғалiмдер дайындамай, мамандарды қазақ тiлiнде дайындамай, қоғамдық орындарда (кассалар, дүкендер, вокзалдар т.б.) тек қазақша сөйлемесек, қазақ тiлiн сақтап қалу мүмкiн емес шығар.

Жекеменшiк мекемелерде, мемлекеттiк мекемелерде қазақ тiлiнде жұмыс атқарып, ақпараттарын қазақ тiлiнде беру керек шығар. Қолда барымызды — тiлiмiздi бағалайықшы, ағайын! Қазақ халқын, тiлiн бағаламайтын, менсiнбейтiн ағайындардың құлағына алтын сырға. Атақ, байлық — бәрi өтедi. «Өз тiлiн, дiнiн, халқының қасиеттерiн бағаламаған халық» деп тарихта қара тақтаға жазылып қалмайықшы?! Мен халқымды, тiлiмдi, дiнiмдi бағалаймын, сенемiн. Халықтың көбi сондай. Қазақ халқын жұмыссыздықтан, арақтан, анашадан, ажалдан арашалауға бәрiмiз кiрiсейiк. Қазақ халқы тiлi, дiнi жақсы болуына, көбейуiне сенейiк.

Шолпан ОЙЛАН