Жаңалықтар

СТУДЕНТ... ЖЕМҚОР... СЕССИЯ...

ашық дереккөзі

СТУДЕНТ... ЖЕМҚОР... СЕССИЯ...

Жемқорлық … адал еңбекпен емес, арам жолмен ақша табуға дәнiккендердiң iсi. Жемқорлықтың салдарынан жазықсыз жандар отқа күйiп жүр. Кейбiр ұлт тағдырымен байланысты iстер ақылмен емес, ақшамен шешiлiп жүр. Кездейсоқ пара алу үстiнде ұсталғандарды алға тартып, жалмап бара жатқан «жемқорлықты ауыздықтадық» деп қуанамыз. Бiрақ кешегi ұлттық бiрыңғай тестiлеу кезiнде мемлекеттiк құпия болып табылатын тест сұрақтарының жауап парақтары жемқорлардың қолында кеттi. Осылайша жастардың үкiлi үмiтi кез-келгеннiң қалтасында, тiстегеннiң ұртында кете барды.

Ата-анасы баласының мүмкiндiгiн «Баламды ақшамен түсiремiн де, көп оқытып шаршатпаймын» деп шектейдi. Өз бiлiмiмен оқуға түспеген жас ертеңгi күнi «жоқ» дегендi түсiнбей, «Оқуға түсiргенде ақшаны таптың, ендi қашан бiтiргенше маған ақыл емес, ақша аударуға тиiссiң» дейдi. Балалық арманымен бiлiм грантын иеленбеген бала барлық сабақтарын ақшамен бiтiретiнi баршаға аян. Ал баласының жiгерiн жасыған ата-ана жiберген қателiгiн кәрiлiк күшiне енгенде «бақпаймын» деп байбалам салған ұлы мен келiнiнiң арасындағы ұрыс-керiстен-ақ көрiнедi. Ақшамен азаматтық борышын өтеп жүрген кей ағаларымыз өзi бiреуге пара ұсына тұрып, қайта алуды да үйрене бастайды.

Ақшамен оқуға түскен жас бiлiмiн сынар сессиясын да ақшамен «жауып» қызыл дипломды алудан да дәмелi.

Қазiр студенттердiң жазғы сессияны тапсыру кезеңi болғандықтан, елiмiздiң басты-басты оқу орындарында болып, жастарға «Сессияда кiмге сенесiң?» деген сауалды қойған болатынбыз.

Меруерт, Қазақ Ұлттық аграрлық унуверситетiнiң студентi:

— Қызық сұрақ екен. Әрине басымдағы миыма емес, қалтамдағы ақшама сенемiн. Бiрде автобус жол апатына ұшырап, ауруханада 1 ай жаттым. Бұл жағдайдан ата-анам хабарсыз едi. Сессия басталды. Қолымда ауырғанымды дәлелдейтiн анықтамам болса да, маған ешкiм сенбедi. Тiптi негiзгi пәнге кiрмейтiн дене шынықтырудан беретiн ағайым: «Кешке келiп кабинетiмдi жу» деп талап қойды. Амал жоқ бiр емес, екi бардым. Соңында әкеммен қатар ағайым телефон номерiмдi алып қалып, кешке киноға шақырды. Өзiм ақылы бөлiмде оқимын. Күндiз сабақта болсам, түс қайта аспазшы болып асханаларда жұмыс iстеймiн. Сөйтiп, емтиханға кеткен ақшамды қайтарамын.

Өзiнiң аты-жөнiн жазбауымды өтiнген 1-курсты ендi бiтiрген бозбала қойған сұрағыма еш ойланбастан жауап бере бастады.

— Мамандығым азық-түлiк өнiмдерiне қатысты. Грантта оқимын. Бұл оқу орнындағы мұғалiмдер өздерiн шарасыз студенттердiң алдында «көк тәңiрi» сынды көрсеткiсi келедi. «Крышасы» барлар мүлде сабаққа келмейдi. Ал бiз секiлдi ауылдан келген, тек бiлiмiне сенетiн байғұстар қайта тапсыруға қалып жүргенi. Мұғалiмдерiмiз старостамызға, «Группаңда 30 студент оқитын болса, отыз мың теңгенi санап әкелiп берiңдер» дейдi. Ендi бермей көр. Сонда жыл бойы сабақтан қалмай жүрген уақытым босқа кетiптi. Егер емтиханды ақшамен бiтiрерiмдi бiлгенiмде, кiтапханаға барып кiтап оқығанымша қара жұмыс iстейтiн едiм ғой. Сегiз сабақтан емтихан болса, оның екi сабағынан «бес» аласың да, қалғанын қалтаңмен бiтiресiң.

Айдана, медицина бөлiмiнiң студентi:

— Шымкентте туылғаным шекеме тиiп бiттi. Басқа бөлiмде оқитын шымкенттiк студенттер бiр мұғалiмдi пара алу үстiнен жасырын камераға түсiрiп, жұмыстан шығартып жiберiптi деген сыбысты естiген едiм. Сол расқа айналып, кей ағай-апайларымыз журнал бойынша фамилиямызбен қатар, қай жерден екенiмiздi бiлiп алады да, әлгi оқиғаны көлденең тартатын болып жүр. Өзiм арман еткен мамандығымнан қайта қол үзгiм келмейдi. Мүмкiн орыс мектебiнде бiлiм алғандығымнан болар, көп сабақтарымды өз бағаммен аламын. Ал кейбiр түсiнiгi аздау ұстаздарыма қарғыс тiлеп ақшамды беремiн де, тиiстi бағамды аламын. Сұрағанын бермейiн десең тағы болмайды.

Айдын, ҚазҰУ-дың 4-курс студентi:

— Гуманитарлық бөлiмде оқитындықтан бiзде көп жағдайда өзiң үшiн еңбектенуге тура келедi. «Ұстаздар не үшiн ақша алады?». Олар сабаққа қатыспай, ойын-сауық қуып жүретiн студенттерден алады. Жыл бойы өздерi мұғалiмдi адам құрлы көрмейдi де, ысқырып сессия жеткенде қалталарына қолын салып, көрiнгенге жем болады. Ал ақылды студенттердi көргенде барлық жаланы ұстаздарына жауып кетедi. Өзiм аз уақыттан кейiн диплом аламын. Өмiрiмде бiрiншi рет емтиханнан құладым. Берiлген үш сұрақтың екеуiне толық жауап бердiм де, үшiншiсiне сәл қиналыңқырадым. Ағайыма қайта барып: «Мына сұрақтың орнына екi сұрақ берiңiз» деп өтiнгенiме қарамады. Сонда дырдай атағы бiр ұстазым: «Сенiң жетекшiң кiм?» деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ ұстазымның дәрежесiн айтып салдым. «Сен пәленшенiң шәкiртi болсаң да ештеңенi бiлмейдi екенсiң» деп шығарып жiбердi. Кейiн бiлдiм мәселенiң қайда екенiн. Әлгi ағай өзi жазбаған еңбектi менiң жетекшiм бiрiншi болып жазғандықтан қызғанып жүр екен. Менiң бұған қатысым қанша? Дәреженi жетекшiм өз еңбегiмен алды емес пе? Ұстаздар өз араларындағы көреалмаушылық сынды өздерiне жарасымсыз пендешiлiкке жазықсыз шәкiрттерiн құрбан етпесе екен.

Айнұр, ҚМУ-дың 3-курс студентi:

— Кафедрадағы ұстаздарымыз «Қазақ тобының проблемасы таусылмайды» деп бiздердi келеке етедi. Сонда орыстарға «можно» да, қазақтарға «сложно» ма? Өзiм де осыны түсiне алмадым. Кей ағайларымыз студенттердiң бағасын топ басшысымен ақылдасып шешедi. Егер топ басшысымен араң жақсы болмаса, өздiгiнен баға қоя алмайтын ұстаздардың сабағынан құрыдың дей бер.

Жоғарғы оқу орындарының студенттерiмен тiлдесу барысында «танкi», «крыша» және де «көкең» сынды бiр студенттерге арман болған, ендi бiреуi осы сөздерден ақылын алыс ұстайтын жастарды жолықтырдық. Көп жағдайда ұстаздары: «Бiздердi бiлiм бере отырып ақша алды деп, жазғырмаңдар. Өздерiң саналы азамат ретiнде ойланып қараңдаршы, дәрiгер сенiң ауыратын жерiңдi анықтағаны үшiн ақша алады. Репетитор сенi оқытқаны үшiн ақша алады. Сонда бiздер неге сендердi оқытқанымыз үшiн ақша алмасқа?» деп, жастарды жемқорлық дейтiн аузы жетi қарыс айдаһардың апанына итермелейдi. «Жемқорлықпен күресудiң жолын жасадық» деп заң қызметкерлерiнiң жалақысын жылдан-жылға көтерiп жатырмыз. Бiрақ бәрiнiң керi кетiп жатқанын бiрiмiз бiлсек, бiрiмiз бiлмеймiз. Бiлiмiн ақшамен бiтiрген жастың ертеңгi күнi қолына билiк тiзгiнi тигенде жемқорлықтың жолын қайта салмасына кiм кепiлдiк бередi? Себебi өзiн осы деңгейге жеткiзгендердi майысқан белiмен, қабысқан қабырғасына қарамай күндiз оқуында болса, кешке жұмысында болып, тапқан табысымен ауыздықтады емес пе? Ендеше жемқорлықпен күрестi жоғарыдан емес, жауапкершiлiгi зор төменгi табалдырықтан бастауымыз керек.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА,

ХҚТУ-дың студентi