Жаңалықтар

ҰЛТЫҢА ҰЛ БОЛУ- ҰЛЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

ҰЛТЫҢА ҰЛ БОЛУ- ҰЛЫЛЫҚ

«Ұлы ақынға толық мағынасында ұлттық болудан артық абыройлы нәрсе жоқ, ұлттық болмайынша, ол ұлы адам бола алмайды. Ал ұлы адамдарға келсек, олардың көпшiлiгi — өз елiнiң ұлы. Оның ұлы болуының шарты — өз халқының өкiлi бола бiлуiнде…».

«Белгiлi бiр замандағы белгiлi бiр халықтың ақыны болғандықтан, ол өз заманының, өз халқының ұлы болды… өз заманының дәрежесiнде болды…».

А.С.Пушкиннiң орыс өмiрiндегi орны һәм оның поэзиясының тарихи мәнi туралы осы екi пiкiрдiң алғашқысы В.Г.Белинскийдiкi де, соңғысын айтқан — Н.А.Добролюбов. Бұлардан түйер тұжырым: ұлылық дегенiңiз — ұлтына ұл болу, яғни кез келген ұлттық ақын адамзат алдында өз халқының өкiлi, өз ел-жұртының Елшiсi ретiнде сөйлейдi екен. Ендеше: «Үмiт қып менен қарайсың, көңiлiңе медеу санайсың, балалыққа жарасам, аталыққа жарайсың!» — деп азаматтық арман-мұратын ақи-тақи айқындап алып, қазақтың басқа жұрттармен қатар тұрмай, азап-бейнет қасында — «ұйқысы көп, ояуы аз» халде тұрғанына қайран ақын жүрегi қан жылай келiп:

Басқалар жоғын тапқанда,

Бiздер қайтiп қаламыз?!.

Тепкiсiнде басқаның

Қор боп жүдеп барамыз.

Көрiне көзге азапта

Мәңгi қайтiп қалалық?!

Ойыңды ендi азат қыл,

Қалсын былай балалық! —

деп қайсар қайратқа мiнiп, «әдiлет қызметкерi» болмаққа шындықтың ауылын iздеп» шыққан он алтыға әлi толмаған жап-жас жiгiттi Алаштың ардақтысы, ұлттық ар-намыс жоқшысы демей, кiм деймiз?! «Қараңғы қазақ көгiне Күн болуды» көксеген «Шәкiрт ойын» жазғанда ол жиырма бiр жаста едi.

Шығамын, тiрi болсам, адам болып,

Жүрмеймiн бұл жаһанда жаман болып.

Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,

Жүргенше өмiр сүрiп надан болып?!

Мен — балаң жарық күннен сәуле қуған,

Алуға күндi барып белдi буған.

Жұлдыз болып көрмеймiн елдiң бетiн,

Болмасам толған айдай балқып туған! —

Алдына мұндай асқаралы мiндет қою үшiн де iшкi рух қуаттылығы керек. С.Торайғыровтың жер бетiнде бар болғаны жиырма жетi жылға (1893—1920) созылған қысқа ғұмыр-тiрлiк өмiрбаяны да, өлмес-өшпес өлең-дастандары да өжет рух қуатына суарылған. Заманның запыран дертi зар қақтырған және «қайтейiн, елiм, қимаймын, қия алмай, жанды қинаймын, сiздерге әкеп шашуға, iлiм-бiлiм жинаймын» мүддесi жолында өз жайын мүлде ұмытқан әрi кедей, әрi ауру жастың соншама жанкештiлiгiне қайран қалмауың мүмкiн емес! «Секiлдi өмiр қысқа, жарты тұтам» деп он төрт жасында жазған өлеңiнде өзi өрнектегендей, азғантай ғұмырында қос томдық қомақты дүние берiп кеттi. Қандай керемет туындылар десеңшi:

«Тұрмысқа», «Шығамын, тiрi болсам, адам болып», «Өмiрiмнiң уәдесi», «А, дүние», «Ендiгi беталыс», «Лағнет бұлты шатырлап», «Жақсылық көрсем — өзiмнен», «Жазғы қайғы», «Жарлау», «Шәкiрт ойы», «Алаш ұраны» секiлдi асыл өлеңдер, «Қамар сұлу», «Кiм жазықты?» аталатын сындарлы романдар, «Қайғы», «Таныстыру», «Айтыс», «Адасқан өмiр», «Кедей» тәрiздi дарқан ойлы, терең тебiренiстi дастандар, көшелi көсемсөздер… Ал бұлардың бәрi-бәрi жастайынан жабысқан ауыр сырқат, азапты тұрмыс тауқыметтерiмен алыса жүрiп, әуелi молдадан, сосын Троицкiдегi медреседен iлiм-бiлiм ала жүрiп, ауыл мектебiнде, «Айқап» жорналында қызмет жасай жүрiп, партиялық һәм қоғамдық-әлеуметтiк iстерге араласа жүрiп тындырған тiрлiктерiнiң бiр парасы ғана. «Жасамаймын еңбектiң жемiсiн көзбен көрем деп, жасаймын бiр қолқабыс кейiнгiге берем деп» деген мұрат-мүдде қам-қаракеттерi-тiн.

Ақын Сұлтанмахмұт әдебиет майданына кiрiскен кезде алдында Абай салған, Мiржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы iлгерi жалғастырған шығармашылық жол, мектеп бар едi. 1909 жылы аталған үш арыстың өлең жинақтары жарық көрдi. 1913 жылдан Орынборда «Қазақ» газетi шыға бастады. Халық оянып, оқыған азаматтарының соңынан ергендей боп, ұлттық ой-сана қалыптасып қалып едi. «Ел», «ұлт», «жұрт», «тiл», «дiн», «дiл», «өнер-бiлiм», «қазақ жерi», «алаш азаматтары», «ұлт жұмысы», «жұрт iсi» iспеттi сөздер ауыздан түспейтiн бiр заман туып едi. Он алты жастағы Торайғыров «Жан қайда әдiлеттi iздейтұғынды» жазғанда, қазақты жалмауыздай обып тұрған отаршыл озбыр саясатты әшкерелегенi үшiн арадақты Ахаң (Байтұрсынұлы) Семей абақтысында отырған-ды. Ал 1911 жылы «Байлық», «Кедейлiк» өлеңдерiн жазып, торығыңқырап жүрген күндерiнде оның құлағына Ахаңның Әуезов «қазақ оқушысына естiлген екiншi елшiлдiк ұраны» атаған «Масасы» ызыңдапты. Болашақ сұңғыла жыр сұлтаны: «Мұжықтың көк желке боп тепкiсiнде, талайсыз неден болдың, аһ, сормаңдай!» — деп күрсiнген шақта («Жазғы қайғы», 1913 жыл) тағы да сол Байтұрсынұлының редакторлығымен «Қазақ» газетiнiң алғашқы саны алаш жұртына жол тартқан болатын. Қысқасы, бұл тұс жұртқа ақыл кiрген, ел есейе бастаған кезең-дi. Сондықтан ол уақыттағы оқығандардың ойында заманды түзету, қазақты iлгергi жұрттар қатарына қоспай тұрған отаршыл қорлық-зорлыққа қарсы күрес жолдарын iздеу, рухани надандық құрсауынан құтқару мiндетi тұрды. Сұлтанмахмұт заманы әлеуметтiк қатынастар қайшылығы әбден шиеленiскен дәуiр едi. Сол себептi С.Торайғыров көптеген өлеңдерiнде әлеумет мәселесiн көтеруге келгенде, менiң ойымша, Абайдан да, тiптi, Мiржақып, Ахметтен де iлгерi кеттi деп айта аламыз. «Адасқан өмiр», «Кедей» секiлдi шығармаларды тек қана қазақ поэзиясының қарқарасы деу аздық етедi, әлем әдебиетiнiң асылы саналатын «Фауст», «Құдiреттi комедия» «Адасқан өмiрдiң» атқосшылығына жарамай қалуы мүмкiн. Өйткенi осы ұлы шығарма шарықтаған қиял мен шалқыған шабыттың ғана сөзi емес, әлбетте, адамзаттық тағдыр-талайдың нақтылы көрiнiстерiн көркемдiк тұрғыда қорыту таразысына тартқан қоғамдық қопарылыстар дәуiрiнiң де, бiздiң қазiргi заманымыздың да эпопеясы iспеттi. Өкiнерлiк жерi, тек осы туынды ғана емес, жалпы Сұлтанмахмұт шығармашылығында астаса өрiлiп отыратын философиялық ағыстар сыр-сипаты зерделене зерттелiнбей, анық-қанық ашылмай жатыр.

Добролюбовтың: «Пушкиннiң маңызы орыс әдебиетiнiң тарихында ғана емес, сонымен бiрге орыстың бүкiл ағарту iсiнiң тарихында да орасан зор», — дегенiн қазақ әдебиетiнiң тарихы мен қазақ жанын ағарту iсiне қатысты ыңғаймен Сұлтанмахмұт турасында да айтуға болады. Өйткенi С.Торайғыров толғаныстары, ұлы ақынның өз анықтамасымен түйiндесек, «тұрмыс дертi зығырыңды қайнатып, бармағыңды шайнатып, ықтиярсыз ызалы ызғарын төгiп, сай-сүйегiң сырқырарлық зарлы бебеулерiн қағып, көңiл толғағын, жүрек түйiнiн тарқататын… қайнаған қанның, қиналған жанның, толқыған көңiлдiң, толғанған жүректiң сығындысы сол!». Ал мұндай «дертке шипа бола кететiн» өлеңдер қай заманның да, қандай қоғамның да тiлегiмен үндес, үйлес келедi. Бұл қасиетi оны өзi өмiр сүрген бiр заманның шегiнен алып шығып, бар заманның бәтуәлi ақыны етсе керек. Сiз бен бiз, егер адамгершiлiк мақсатқа қызмет еткiзбесе, ғылыми-техникалық төңкерiстер жетiстiгi жер бетiндегi өркениеттi құртуға, экологиялық һәм рухани апатқа әкеп соқтыратынын, қуатты мемлекеттер әл-ауқаты әлсiз, техникалық жағынан мешеу елдердi құл есебiнде құлдануға құлықты екендiгiн бүгiнде көрiп те, сезiп те отырмыз. Ал мұны Сұлтанмахмұт «Адасқан өмiр» дастанында тоқсан жыл бұрын жерiне жеткiзе айтыпты. Көрегендiк емес пе?! Сол тоқсан жыл бұрын көтерген мәселесi қазiр де өзектi проблемаға айналуымен-ақ, бұл шығарма осы заманғы ең көкейкестi туынды сипатын иеленiп отыр! «Осы соңғы ар азығы — әдiлдiк табылмай, басқа дене азығы өнерлердiң көбеюiмен жалпы адам баласының күнкөрiсi ауырламаса, жеңiлдемейдi, бақытсыздығы көбеймесе, азаймайды. Ар азығының ержетпегендiгiнен Еуропадағы адам баласының күнкөрiсiн жеңiлдетедi, бақытты қылады деген өнерлердiң бәрi адам баласының бiрiнiң етiн бiрi жеуiне, бiрiнiң қанын бiрi ұрттауына жұмсалып жатыр» («Социализм», 1918 ж.). Отызға да толмаған, ешқандай университетте оқымаған ақынның осы сөздерi данышпандық емес пе?! Осыдан кейiн Сұлтанмахмұтты ұлы тұлға, дана ақын демей көрiңiз!!! Әлбетте, Торайғыров пайымдауынша, бақытсыздықтың бәрi әдiлдiктiң жоқтығынан екен. Сондықтан ақын, ар азығы жетiлуi үшiн, адам баласын «Әдiлдiк қызметкерi» болуға шақырады. Бұл тұрғыда ол бүгiнгi қазақ қоғамының да бiрiншi ақынына айналып отыр!

Әсiресе, оның туған елiне бағыштай «балалыққа жарасам, аталыққа жарайсың» деген сөздерi қазiр де өте өзектi. Оты-суы, отауы бөлек, дербес, егемен ел, тәуелсiз мемлекет бола тұрып, он бес-жиырма жыл бойында рухани тiректерде бұрынғы кеңестiк қызыл империя кезiндегiден де керi кетiп, әлi күнге дейiн өз отанымызда ана тiлiмiздi төрге оздыра алмай, дiлiмiз дәлдүрiштенiп, дiнiмiз қожырап, қара қазақ баласы пұшайман болуының бiр себебi билiк тiзгiнiн ұстаған қандастарымыздың да, тек бiр күндiк қарын қамын ойлаушы қаракөздерiмiздiң де, ой-санасы орыстанған қарындастарымыздың да туған елiне «балалыққа жарамауында» жатқан жоқ па?! Ата жұртына балалыққа, ұлтына ұлдыққа жарамағандар халқын құлдыққа байлап бергенiне мысалдар тарихта аз ұшыраспайды.

Тарих жолында тағы да тезек терiп қалмайық десек, сұңғыла жыр сұлтанының тағылымдарына әлсiн-әлсiн оралып отырайық, қадiрлi ағайын! «Заманнан басы озық, iлгерiлеп кеткен ақын болады» (М.Әуезов). Сұлтанмахмұт Торайғыров сондай санаулы ақындар санатынан.

АЙТЫС

(Үзiндi)

(Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны)

Дала ақыны:

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенiм қазақ өмiрi, өзiм қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!.

…Ер түрiк ұрпағымын даңқы кеткен,

Бiр кезде Европаңды тiтiреткен.

Кiргенi есiк, шыққаны тесiк болып,

Күнбатыс, Күншығысқа әмiрi жеткен.

Кешегi хан Шыңғыстың ұрпағына

Талай царь, талай князь тәжiм еткен.

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенiм қазақ өмiрi, өзiм қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!.

Қала ақыны:

Сендей ме, ел болатын елдiң түрi,

Айтасың өтiп кеткен бұрынғыны.

«Ел едiм, ел боламын» дей алатын,

Бишара-ау, не жайың бар осы күнi?

…Бiрiншi – ел болуға намыс керек,

Мал-жанды намыс үшiн салыс керек.

«Қорланып өмiр сүрген тiршiлiктен

өлгенiм артық» деген наныс керек.

Жоқ, сенде мұндай намыс көптен өлген,

Бабаңды тұрғызбасаң қайта көрден.

Қорласа, дүрелесе, басқа тепсе,

«Тақсырдан» басқа сөз жоқ, қазақ көнген.

Қызын бассын, малына құрық салсын,

Қазақ жоқ намыс қылып құрбан берген.

Не қылсаң да көнедi – тiрi қойсаң,

Бүгiн саған разы – ертең сойсаң.

Өз басы аман болса, ара түспес,

Маған салса, маңайын қырып-жойсаң.

Намыссыз, өлi сүйек, сен қорқақ құл,

Ел болам деп елiрiп айтасың құр.

Елдiк деп аузыңды созатындай,

Байқашы, далам, сенде не сиық тұр?

…Тiптi жоқ мұндай бiрлiк, қайда сенде?

Қарашы, мойын бұрып, қырдағы елге.

Партия, алыс-жұлыс, барымта, ұрлық,

Жеймiн деп бiрiн бiрi, түскен терге.

Бiр-бiрiн мұқатпаққа айла тапқан,

Далақтап қала жаққа күнде шапқан.

Жала сап жақынына, «кел, бiтiр» деп,

Қаламды тыншытпайды қарап жатқан.

Атқамiнер бiрiмен бiреуi қас,

Бiрiне бiрi сенiп айтпайды рас.

Бiрiнен бiрi бұрын жағынбаққа,

Қаламның ұлығынан дүние аямас.

Бөркiн алып, арызы қолдарында,

Күнде келiп ұлыққа қоймай ма бас?

Ақсақалың бiрiне-бiрi көнбей,

Жұмыс бiтпес қаладан қылыш көрмей.

Бiрлiк қып, бiр ауызға қарау тұрсын,

Жүрсе сол бiрiн-бiрi күндеп, өлмей.

«Қазақты жарытпайды қазақ билеп»,

Есiттiм, талай қазақ айтты сүйдеп.

Билесе, бәрi жабыла билемекшi,

Болмаса, қалғанының iшi күймек.

…Тiкбақай, көбi ел жегiш, бұзылғандар,

Болмаса бiрен-саран, бiрлi-жарым.

Шашты қайырып, шүлдiрлеп, төресiнiп,

Мақтануға оқыған, бiзге мәлiм.

«Читаю, писаюды» бiлгендердiң

Қазаққа көрiп жүрмiн не қылғанын.

Қазаққа көбi соның жаттан жаман,

Қырдағы тоңмойыннан олар надан.

Қырдағы мойнына алар бiлмейтiнiн,

Оларша жоқ өзiндей бiлгiш адам.

Жақын тартып, қасына қазақ барса,

«Басындың» деп, болады бұлан-талан.

Болса дағы қолынан түк iс келмес,

Ешқандай «төрелiктен» отказ бермес.

«Пәлен сондай орында» дегенге мәз,

Бұл мiнiн кiм көрсе, оған дос боп ермес.

…Сөйлесiп орыстармен жып-жып етсе,

Прошение жазуға күшi жетсе,

Қазақтар босағада тұрғанында,

Ол анау төре отырған үйге кетсе,

Өштескен қазақтарын, рет тауып,

Орысқа бiр-екi рет тепкiлетсе, —

Далаңша: өнерлi жоқ сонан асқан,

Ол – бiлгiш, ол – жетiлген, ол – данышпан!

Сол төрдегi қазақты ел болад деп,

Қалайынша ойлайсың, миы қашқан?!

Iсiң жоқ ел болуға лайықты,

Күнә өзiңде, мұныңа кiм айыпты?

Оңай олжа болмайтын бiр сиқың жоқ,

Байқайтын болса егер бiр байыпты.

Лайық ел болуға iсiң бар ма?

Намыс, ғылым, ынтымақ, күшiң бар ма?..

Бұл күнде далаң ауру, ем iздемей,

Баяғы сау заманын жатыр әндеп.

Далаңда мақтар нәрсең аз қалғанын

Бiр-бiрлеп түсiрейiн саған дәлдеп.

Бiрiншiге жауап

Жерiң жоқ сонша сәндеп мақтайтұғын,

Денi қырат соқа, шот батпайтұғын…

Суы қашық, шөл жерлер тағы аз емес

Бiр атқа бiр жұтым су таппайтұғын…

Кедей боп құруыңа елден ерек,

Түбiнде, мен айтайын, жерiң себеп.

Ағашты, шымды жер аз Сарыарқаңда,

Оның өзiн жат елдер алса керек.

Дәлел жоқ жерiңдi онша мақтайтұғын,

Әлде оның кеңдiгi ме мақтайтының?

Ендеше, ұқтырайын Сарыарқаның

Кең болып ел көшiрiп жатпайтынын:

Адам өспек, мал өспек жыл-жыл сайын,

Сондықтан жер тар аймақ бiзге дайын.

Жан мен мал өскендiктен жер тарайып,

Жұрт жиылып, кетiрер далаң жайын.

Жер iздер, жерге сыймай өскен елдер,

Оларға «сыйғаныңша» далаң «кел» дер.

«Кел» дегенi емес пе – қорқар жан жоқ,

Қарсыласпай, қашатын аңдар сендер…

1919 ж.

P.S.Не деген пайғамбарлық десеңшi! Торайғыровтың тоқсан жылдай уақыт бұрын айтқандары толық көрiнiс тауып отыр: «намыс үшiн қайнаған жүрек» те жоқ, «бiр ауызбен бұрқ еткен тiлек» те жоқ, «ел болып, еркiн жасап кетпекке ынтымақ, бiрлiк деген тiрек» те жоқ екенiн жасырамыз ба?! Кезiнде Сұлтанмахмұт ақын зарлап айтып кеткен сұры жаман сұрқылтайлықтардан құлан таза құтылып болмаппыз. Тiптi, көп нәрседе саяси-рухани көш-керуенiмiз iлгерi басу орнына керi шегiнсе керек. Биi шенқор, билiк жемқор, дарақысы дауылпаз, даңққұмары жағымпаз, ерi екiжүздi, зиялы дегенi саудагер-сатқын зымиян, қысқасы, Құдай өзi сақтамаса, орыс құлдығының қамытын қайта киiп, қор болып құрып-жоғалатындай бiр нәубет табалдырығында тұрған сияқтымыз-ау.

Ендеше, Сұлтанмахмұт даналығының кепiлiндей бұл дастанға ешқандай түсiндiрменiң керегi жоқ! Торайғыров шығармаларына шындап ден қояр мезгiл жеттi. Оны бiлмейтiн қазақты толық адам деуге болмас. Әсiресе, әлеумет жұмысындағы ел бағатын адамдар ерекше ден қойса, құба-құп!

Есенбай Дүйсенбайұлы