Жаңалықтар

ИНСТИТУТТАР ҚОСЫЛУҒА ҚАРСЫ

ашық дереккөзі

ИНСТИТУТТАР ҚОСЫЛУҒА ҚАРСЫ

Бiрақ, университетке қосылудан ұтылмайтынын мойындап отырғандар да бар

Жуырда Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында бiр топ ғалым Бектұров атындағы химия ғылымы институты мен Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институтының Қазақстан Британ техникалық университетiне қосылуына байланысты туындаған мәселелер төңiрегiнде журналистермен пiкiр бөлiстi.

Баспасөз мәслихатына қатысқан ғалымдардың арасында елiмiзге белгiлi, бiлiктi мамандар да бар. Атап айтар болсақ, Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының директоры Қажымұқан Арынов мырза, академик Гаухар Закумбаева, академик Дәурен Сембаев, профессор Әлима Жармағамбетова, академик Қайыр Жұбанов мырза тiлшi қауымға екi бiрдей институттың бүгiнгi атқарып отырған жұмыстарына жан-жақты тоқтала отырып, қазақ ғылымы үшiн химия саласының қаншалықты қажеттiлiгiн және екi бiрдей институтта қаншама ғалымдардың қызмет етiп жатқандығын ашық айтып өттi.

Жалпы, оқиға неден туындаған?! Осыдан бiрер ай бұрын бiрнеше адамның қолы қойылған хат Үкiметке жолданып, онда аталмыш институттардың ҚБТУ құрамына өткiзiлу қажеттiгi сөз болған екен. Ал, баспасөз мәслихатына қатысқан ғалымдар мұның әзiрге қажеттiлiгiнiң шамалы екендiгiн алға тартады. Олардың ойынша, екi институттың да мемлекеттiк мекеме болып қалғандығы дұрыс сыңайлы.

«Бүкiл қолданбалы ғылымның бәрi iргелi зерттеулер болып саналады. Бiздiң институтiмiз 1944 жылы құрылған екен. Мiне, 63 жыл болды жұмыс iстеп келе жатқанына. Екi институт бiрiгiп, химия саласында iргелi зерттеулер жасап келедi. Соның әсерiнен бiзде ғылыми мектептер болды. Үлкен ғалымдардың мектептерi бар. Бiздiң мақсатымыз – iргелi зерттеулердi дамытып отырған, өзiнiң жолы бар, бұрыннан келе жатқан бейнесi бар институттарды сақтап қалу. Оны бiрден ала салып, анаған-мынаған қоса саламыз деген күлкiлi дүние ғой. Бiз бiлiм ордасымен бiрiкпеймiз деген ойымыз жоқ. Онсыз да сол бiлiм ордаларымен iшi-бауырымыз қабысып жұмыс iстеп келемiз. Ендi осы заманға лайықтап, соның сыртқы пошымын келтiру керек. Ала салып, бiздi қосып жiберсе, қолын қол, аяғын аяқ қылып, жұлып жiберуi мүмкiн»,–дейдi Қажымұхан Арынов мырза.

Аталмыш екi институтты университетке қосу үшiн, оның жарғысын өзгерту қажеттiгiн алға тартады ғалымдар. «Бiз институттың келешек тағдыры қандай болатынын да бiлмеймiз. Егер бiз iргелi зерттеулерден бас тартатын болсақ, онда бiзге акционерлiк қоғам құруға болады екен. Одан кейiн бiздi қосып алу оңай болады. Мұнда 450-ге жуық адам қызмет етедi. Бiздi мемлекеттiк бюджеттен шығарып тастағаннан кейiн, қызметкерлердi жұмыстан шығаруға тура келедi. Бұдан кейiн ғылымнан да береке кетпей ме?»–дегендi айтады ғалымдар.

Мәслихатты ұйымдастырған ғалымдардан: «Қазақ Британ университетiне қосылғанда химия ғылымының болашағы жоғалады деп ойлайсыздар ма?»–деп сұраған едiк. «Қосылу туралы айтқанда, бүгiнгi таңдағы заңдардың аясына келгенде бұл мәселенi бұлай шешуге болмайды екен. Ол үшiн Жарғыға өзгерiстер енгiзiлуi қажет. Оған бiрталай уақыт керек. Қосылу жағына келгенде бiз ат-тонымызды ала қашып отырған жоқпыз. Ол үшiн заңнамалық тұрғыда жан-жақты қарастырылуы қажет. Iрге жасалып, оның өту жолдары түгел айтылуы керек. Содан кейiн ұжымдармен ақылдасып жасалуы керек. Ал, одан кейiн «тiптен мүмкiн емес» деп айту оғаштық болар едi. Аяқ астынан тұрпайы қоса салуға қарсы болып келiп отырған жайымыз бар»,–дейдi Қажымұқан Арынов.

Ал, институттардың акционерлiк қоғам болғаннан гөрi, ҚБТУ құрамына қосылғаны дұрыс дейдi академик Мұрат Жұрынов. Ол кiсiнiң ойынша: «Қазiр алты бiрдей институт «Жер туралы ғылымдар» деп аталатын орталықпен бiрге акционерлiк холдингке кiрдi. Олар ол институттардың акцияларын сатып, жекешелендiрейiн деп жатыр. Ол орталыққа кiрмегенi аталмыш екi институт қана. Бұлар жекешелендiруге қарсы. Өйткенi, «Самғау» холдингi ғылыми-зерттеу жұмысына ҚР Үкiметiнiң қаулысына сай жауап бермейдi. Олардың негiзгi мiндетi – информациялық (ақпараттық) технологияны өрбiту. Одан гөрi университетке барған әлдеқайда тиiмдi. Бiрiншiден, ол институттар университетке тең құқықты қосылады, сондықтан жоғалып кетпейдi. Университетке кiргенде, институттар заңды тұлға ретiнде тең құқылы өз жарғысымен кiредi. Университеттiң құқығы мен институттың құқығы бiрдей болады. Ал, егер жекешеленетiн болса, онда олар өзiн-өзi жоғалтуы мүмкiн. Қазiр жоғарыда айтылған институттар орталықтан шығамыз деп жатыр. Өйткенi, онда қаншама ғалымдардың жұмыссыз қалып қою қаупi тұр. Сiздер неге сол мәселенi көтермейсiздер?! Ол институттар жоғалып кететiн болса, ғылымның ертеңгi келешегi не болмақ. Мәселен, сейсмикалық зерттеулер орталығы құрдымға кетсе, қаланың сейсмикасын кiм тексередi?! Екi институт оған кiрмей қалдық. Бизнесмен шенеунiктер бiздi соған кiргiзуге бар күштерiн салып жатыр. Олардың бар ойы, институттарды өздерiне қаратып алу. Оларға ғылым емес, ғимарат қажет болып отыр. Қазiр ғалымдардың бәрi дүниежүзiне аты тараған ғалым академик А. Абдуллинмен бiрiгiп Президентке хат жазып жатыр. Олар қазiр ғана орталықтан шықпаса құрдымға кететiнiн түсiне бастады. Мәселе осында. Бiздiң ЖОО-мен қосыламыз деген сөздерiмiз Елбасының Жолдауымен сәйкес келедi. Еуропаның ұстанған моделiн қабылдағаннан ұтылмаймыз, тек ұтамыз. Еуропада мықты-мықты университеттер көп. Ол университеттердiң өздерiнiң жеке ғылыми орталықтары, көптеген институттары бар. Олар ешкiмнен де кем болып отырған жоқ қой. Бiздiң бiр ғана Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде жетi бiрдей институт бар. Бәрi де тең құқылы. Кiм оны жұтып қойып жатыр? –дейдi.

Әзiрге мәселе екi жақты болып отыр. Бiр жағы – университет құрамына қосылу үшiн уақыт қажеттiгiн алға тартса, екiншi жағы – университетке қосылудан ұтылмайтындығын айтады. Қайта университетке бiрiккенде ғана көп нәрсенi ұтатындығын мойындап отыр. Бiз үшiн қалай болған күнде де iргелi ғылыммен айналысып отырған екi бiрдей институттың жоғалып кетпеуi маңызды. Ал оны жоғалтпау үшiн, жан-жақты қарастырылған, «өгiздi өлтiрмейтiн, арбаны да сындырмайтын» шешiм қабылдау керек.

Гүлзина Бектасова