Жаңалықтар

СТУДЕНТТЕР САЙЛАУДЫ ҚАДАҒАЛАЙДЫ

ашық дереккөзі

СТУДЕНТТЕР САЙЛАУДЫ ҚАДАҒАЛАЙДЫ

Парламент таратылып, Мәжiлiс тарқағалы берi, сайлау көрiгi қыза түскен сияқты. Сайлау алды науқандар басталмаса да, әр-әр жерде қылаң етiп, арнайы бiрлестiктер көрiне бастады. Сондай үйлестiрушi қоғамдық бiрлестiктiң бiрi – «Сайлауды қадағалау комитетi».

«Сайлауды қадағалау комитетi» республикалық қоғамдық бiрлестiгi 2005 жылдың қыркүйегiнде, яғни Президент сайлауының алдында құрылған болатын. Бiрлестiктiң негiзгi мақсаты – әртүрлi көзқарастағы топтар мен қоғамның әр түрлi әлеуметтiк-саяси күштерiнiң ашық бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру механизмдерiн қалыптастыру мен дамыту, Қазақстан Республикасының сайлау жүйесiнiң әдiл өтуiн қадағалау болып табылады. Қоғамдық қадағалауды ұйымдастыру сайлау заңнамасын сақтау жөнiндегi бақылаушылар желiсiн қалыптастыру жолымен, сондай-ақ сайлау кезiндегi дауыс беру ретiн бақылау, сайлау процесiнiң мониторингiн ұйымдастыру және сайлау нәтижесiндегi бұрмалауды болдырмау үшiн дүниеге келген бiрлестiктiң құрамында қазақтың мықты қайраткер азаматтары бар. Олардың арасында есiмдерi елге белгiлi тұлғалар: Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Төрегелдi Шарманов, Иван Щеголихин, Арманжан Байтасов, Бигелдi Ғабдуллин бар.

Комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанов: «Сайлауды қадағалау комитетi» республикалық қоғамдық бiрлестiгi барлық саяси партиялардан, «билiк пен оппозициядан» бөлек, бейтарап және объективтi бақылаушы, «әкiмшiлiк ресурстар» мен «қара пиарды» қолдануға қарсы шыға отырып, сайлау заңнамасын сақтау, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң мәжiлiсi мен барлық деңгейдегi мәслихатқа сайлауды әдiл де ашық, толық бәсекелестiк жағдайында жүргiзудi қолдайды», – дегендi айтады. Ең қызығы, үйлестiрушi кеңестiң мүшелерiнен бөлек, «10 мыңға жуық сайлау уческелерiнiң 60 пайызын қадағалаймыз» деп отырған бiрлестiктiң құрамын негiзiнен студент жастар құрайды екен. Елiмiздiң келешегi жастар десек, жастардың саяси ортада осылай белсендiлiк танытуы да құптарлық жайт. Әрi саяси науқан кезiнде азаматтар қаншалықты өз еркiмен дұрыс әрi толық таңдау жасай алатынына да өздерi көз жеткiзедi. Студенттердiң бағасы әдiл болары сөзсiз, бiрақ жастарды қадағалаушы ретiнде сайлау комиссиясы қабылдай ала ма, жоқ па, оны келешек көрсетедi. Ең бастысы, сайлаудың әдiл әрi ашық өтуiнде. Бұған дейiн де өткiзiлген Парламент сайлауларын «әдiл емес» деп жүретiндер, осындай қадағалаушылардан кейiн қалай қабылдайды екен?! Тағы бiр қызығы, студенттерден құрылған қадағалаушы топ, кемшiлiктер мен қателiктердiң болғанын көзбен көргенiменен, «түйесi судан өткесiн» мойындай қоятынына сенiмi мол ма? Әйтеуiр, комитет төрағасы Қуаныш Сұлтанов елiмiздiң азаматтарын ҚР Парламентiнiң мәжiлiсi мен елiмiздiң мәслихатына сайлауда тиiмдi қоғамдық-азаматтық бақылауды қалыптастыруға шақырып отыр.

Гүлзина Бектасова