Жаңалықтар

АЛАШ ҰЛЫ, АДАСУҒА ХАҚЫҢ ЖОҚ!

ашық дереккөзі

АЛАШ ҰЛЫ, АДАСУҒА ХАҚЫҢ ЖОҚ!

"Алыстағы алаш ұлы, ұлт қамын ойлайсың ба — туған жерге көшiп кел! Қарынның қамын ойлайсың ба — тойған жерiңде жүре бер! Ендi бiраз жылда байтақ дала байлық пен ырысқа кенеледi.Көштiң бетiн қайда бұрам дейтiн емес, Ақ ордаң алыстан бой түзеп, көз тартып, желбiреп тұр. Адасуға хақың жоқ, алаш ұлы! Ендi адассаң, келер ұрпақ сенi кешiрмейдi" — деп халқының аяулы ұлы Қабдеш аға, дүниенiң төрт бұрышына тарыдай шашылған қазаққа, осылай ұран тастайды. Алаш ұлының адаспай елiн табуына деп бөлiнген қаржы, бiрде жетсе, бiрде жетпейдi. Қаржының жұмсалуына жол сiлтейтiн биылғы Елбасының Жолдауында көшi-қон мәселесi тыс қалыпты. Демек, бұл игi iс кейiнге қалып, заңсыз мигранттардың келуiне есiк ашылды деген сөз.

Ауыл жастарының денi жұмыссыз. Оларды iске тартудың орнына, босқындардың бабын табуға тырысатын қонақжайлылығымыз қапы қалдыруда. Әсiресе түбiмiз бiр түрiк ағайындарымызға ортамыздан ойып орын бергенiмiз аздай, кейбiрi iшкен асына түкiрiп берекемiздi қашыруда. "Жұмыс орнында түрiкше сөйлесiңдер" деп қазақ азаматын соққыға жыққан бауырларымыздан қандай үмiт күтемiз? Қазақ жерiне iрiткi салуды көздегендер сан түрлi айласымен, санамызды улап жатыр. Сондықтан да, шетелдiк мекемелердi шектеу керек.

«Оралман» деп атау берген отандастарымызға да жылы қабағымыз жоқ.Ана тiлiн ұмытып қалатын кей қызметкерлерiмiз: "Шеттен келген оралман едiм. Отбасымды асырауға жететiн ақыға жалданып жұмыс iстейiншi",- деген сөзiне пысқырып та қарамайды. Амалы жоқ, басы салбырап керi қайтады. Керiсiнше, көршi отырған өзбек пен қырдағы қырғыздың сан мыңдаған ұлдары елiмiзге заңсыз жолмен келiп, тiршiлiгi қызған қара базарда нанын тауып жүр. Әсiресе күннiң қызуы ендi басталған көктем мен жаңбыры жанға жайлы қоңыр күзде, қасы мен көзi қиылған "әкәдан" басқа сөз бiлмейтiн бауырларымыз елдi басып қалады.

Сауданың майын сарқып iшкен олар, кiммен қалайша тiлдесу керектiгiн жете меңгерген қырағылығын бiлдiрiп, бiздегi заңсыз жолға тыйым салар кей қызметкерлерiмiздiң қалтасына көк қағазды сүңгiте салады. Тамаша мүмкiндiк! Себебi, ендiгi сапарыңда заң жүзiндегi тар есiк мейлiнше айқара ашылып, жерлестерi мен қандастарын көбейтуге мүмкiндiк ұлғаяды. Шет жердегi бауырларымыздың қазақылығы жоқ деп жазғыруға құмармыз. Ал бауырымызға басып, бөлкемiздiң бiр бөлiгiн беруге келгенде "сен оралмансың"деп терiс айналатынымызды қалай түсiндiремiз? Шындықты мойындағымыз келмей: "Олар өмiр сүрген ортасын ауыстырғысы келмейдi",-деген ұшқары пiкiрдi алға тартамыз. Тiлi, дiнi, дiлi бөлек жерде жүрген бауырдың басты мақсаты атамекенге қоныс аудару екенiн әлi де ұғына алмай келемiз.1991 жылдан берi басталған көшi-қон осы жылдар iшiнде әлемнiң қырықтан астам елiндегi 5 миллион қазағын туған елге әкеле алмай отырып, бiр жылдың iшiнде жүздеген мың заңсыз мигранттарды заңдастырып үлгердi. Азаматтық алу үшiн керек бес жылда, қандастарымыз қайыршы күйге түспеуiне үкiмет ұтымды ұсыныс жасауы тиiс.Халық пен қарынның қамын ажырата бiлетiн азамат: "Жетiстiгiңдi туған халқыңа арна. Өзге елде сұлтандық еткенше, өз елiңде ұлтан болсаң да ұлтыңа қалқан бол. Ал бұл сөз санаңа жетпесе, "қазақпын" деп өзiңдi сезiнбе.Сенен кейiнгi елi десе емiренетiн, жұрты десе жүгiнетiн жастардың жалынын жасытасың. Көкейiңдi"елiм маған не бередi"деген ой тесер болса, онда оны өшiрiп, "елiме не берем?" деп ойлан,"-дейтiн ой туар күн жеттi.

Күнкөрiс пен келешектi таразыға тартып, салмағының басымдылығына қарай бейiмделетiн кез жеттi. Күнкөрiстiң қамымен алға жүрер болсаң, бүгiн барсың — ертең жоқсың. Егер елiңе оралуға әлдәрменiң жетпесе, қазақтың қанымен жазылған әдебиеттi парақта. Тiлi мен дiнiнiң шұбарланғанына ашынған алаш ұлдары елiнiң бет алысына қарап, айтар ақылын көзiмен емес, тас жаратын сөзiмен айтты. Бiрақ қайырымсыз билiк үкiмсiз-ақ арыстай ұлдарымыздың тағдырын шешiп, бiрiн дарға,бiрiн оққа ұшырды. Кiр көрпенi қымтанып, қалың ұйқының құшағында жатқан қазақтың жастығының жанында маса болып ызыңдап оятқан Ахметтi, "Оян, қазақ" деп атой салған, мiрдiң оғындай Мiржақып Дулатұлының, әдебиеттiң шоқ жұлдызы, қаламының ұшы әйел теңсiздiгiн толғайтын Мұхаммеджан Сералин сынды алаш азаматтарының да көксегенi шартарапқа шашыраған ұрпақтарды жұдырықтай жұмылдыру болатын.Желтоқсанның ызғарына қарамай, алаңда "Қазаққа қазақ басшы болсын!"деген қаны қызулы қазақ ұландары, соққыға жығылса да, жiгерлерi жасымай алға ұмтылды. Оған бүкiл тарихымыз куә. Тарихтың тiгiсiн жатқыза оқып, бүгiнгi егемендiгiмiздiң баянды болуы үшiн қарымды қадамдар жасалуы керек. Бiрақ қазақтың кеңсесiнде орыстың тiлi қожа болған кей орталықтарға халқымыздың басынан кешкен соқтықпалы- соқпақты жолдарын жерiне жеткiзiп оқытуымыз керек. Демек, қоғам үшiн дерттi мәселелерiмiздiң емiн табу өз қолымызда. Алаш ұлына айтарымыз, шаңырағыңның босағасына тiрелiп тұрған ақ жолға атыңның басын бұр да, отандастарыңмен бiрге отбасыңның түтiнiн түтетуге асық. Әйтпесе жүйрiк уақыттың жалына жабыса алмай, өкiнiп қаласың, Алаш ұлы!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА,

ХҚТУ-дың студентi