БИЫЛ ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖЫЛЫ ЕДI...
БИЫЛ ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ЖЫЛЫ ЕДI...
ЕСТЕ ҚАЛАРЛЫҚ АЙТУЛЫ ШАРА БАР МА?
Биылғы жыл басталысымен, Ресей орыс тiлiнiң халықаралық, Қазақстан қазақ тiлiнiң Қазақстандағы жылын жариялағаны мәлiм. Дегенмен, жылдың 7 айы өтiп кетсе де, қазақ тiлi жылында есте қаларлық айтулы шаралардың жүзеге асқаны бiзге беймәлiм. Ал, Ресейде мамыр айының соңында Мәскеуде орыс тiлiнiң дәрежесi бойынша халықаралық конференция өткiзiлдi. Бұл конференцияда орыс тiлiнiң Ресей аумағындағы мәселесi емес, жақын шетелдердегi, яғни посткеңестiк мемлекеттердегi қолданылу аясы жайында әңгiме қозғалған.
Сарапшылар, баяндама жасаушылар көбiне-көп Украинаның орыс тiлiне қатысты жүргiзiп отырған саясатына шүйлiгедi. Украинада мәңгiлiк – Қырым тақырыбы бар екенi рас. Ондағы орыстардың мәселесi Ресейдiң жанды жерiне айналған. Алайда, Украина президентi Ющенконың: «Украинада аймақтық тiл деген жоқ. Украинада мемлекеттiк украин тiлi бар, тығырықтан осылай шығуымыз керек» деуi посткеңестiк мемлекеттерде орыс тiлiнiң қолданылу аясын сақтап қалуға барын берiп жүрген орыс саясаткерлерiн тулатудай-ақ тулатқан. Украинадағы тiлдiк жағдайды қарап отырсаңыз, Киевте Кеңес дәуiрi кезiнде орыс тiлiнде бiлiм беретiн 504 мектеп болған болса, қазiр соның 7-еуi ғана бар. Ал, тағы жетi мектепте орыс тiлiн үйрететiн сыныптар ашылған. 45.3 мың киевтiк оқушылар орыс тiлiнде бiлiм алады. Бұл барлық оқушының – 18%-ын құрайды. Севастопольде абоненттiк төлем алынып тұратын желiлiк радио бар. Осы радиода орыс тiлiнде 1 сағаттық қана хабар таратылады. Севастополь мен Украинаның оңтүстiк-шығысында негiзiнен орыстар көп шоғырланған. Украинада орыс тiлiнiң үстемдiгiн азайту мақсатында 40 түрлi заң қабылданған. Жергiлiктi билiк титульды ұлттан өзге ұлттың проблемасын жылы жауып қойып отыр. Бұл саясат елдегi ұлттардың интеграциялану процесiн тездету үшiн жасалғаны мәлiм. Бiрақ, Ресей өзге елдердегi отандастарының қолтығына су бүркуi арқылы, олардың шовинистiк пиғылын оята отырып, өздерi өмiр сүрiп жатқан мемлекетiнiң саясатына қарсы қоюда. Сөйтiп, өзге бiр мемлекеттегi ұлттардың интеграциясын жеделдетуге кедергi келтiруде. Бiрақ, дәл осы қателiгiн Ресей сезiнер емес. Керiсiнше, Молдованы бөлшектегенi аздай, Украинаны да бөлiп алуды мақсат тұтады. «В этой ситуации восточная Украина, называвшаяся Малороссией, уходит к нам. Мы решаем проблему Крыма, Приднестровья, Черного моря. Это в интересах России» делiнген конференция материалдарының бiрiнде.
Сондай-ақ, аталған конференцияда Қазақстандағы тiлдiк саясатқа да көңiл аударылған. Республикалық «Лад» қозғалысының кеңес мүшесi, «Лад» газетiнiң редакторы Максим Крамаренко «Проблемы сохранения русскоязычного пространства в Казахстане» атты баяндамасында елдегi тiлдiк жағдайды мүлдем басқаша сипаттайды. Ол орыс тiлiнiң Қазақстандағы дәрежесiнiң Кеңес заманындағы күйiн аңсайды. «Былай қарасаң орыс тiлi мемлекеттiк тiлдiң және ұлтаралық қарым-қатынас құралының рөлiн ойнайды. Ол «мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ресми түрде қолданылады» деген дәрежеге ие. Ал, мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiне дәреже берiлген. Шенеунiктер өз мәлiмдемелерiнде орыс тiлi қазақ тiлiмен тең дәрежеде қолданылады дегендi жиi айтады. Шын мәнiсiнде қоғамдық өмiрдiң көптеген салаларынан орыс тiлiн ығыстыру процесi жүрiлiп жатыр. ТМД елдерiнiң құқықтық базасын қалыптастыру кезiнде орыс тiлiнiң дәрежесiн бекiтiп алу қажет болатын. Олай болған күнде Қазақстандағы сияқты жағдай орын алмас едi. Қазақстандағы орыс қоғамдық ұйымдары қос мемлекеттiк тiл жайында үнемi мәселе көтерiп келедi» дей отырып, Қазақстандағы тiл саясатын Балтық жағалауы елдерiмен салыстырады. Оның келтiрген деректерiне сүйенсек, елiмiзде 50%-дан астам мектептер орыс тiлiнде бiлiм бередi, БАҚ-тың 60%-ы орыс тiлiнде тарайды. «Сөйте тұра жергiлiктi жерлерде iс-қағаздарын қазақшаландыру мәселесiн көлденең тартып, орыс тiлiндегi iс-қағаздарынан бас тартуда. Кейбiр бiлiм саласындағы шенеунiктер физика, химия, математика сияқты пәндердi қазақ тiлiнде үйретуге бастама көтерiп жүр. Егер, жағдай осылай сипат алса, орыс мектептерi деген аты ғана қалып, мектептер қазақ тiлiне бiржола көшедi. Екiншiден, мектеп түлектерi Ресей ЖОО-ларына түсе алмайтын болады» деген. Бiрiншiден, дәл осындай бастаманы көтерген бiлiм саласының шенеунiгi бiздiң есiмiзде жоқ екен. Егер, бар болса төбемiзге көтерiп ұлықтар едiк. Керiсiнше, бiздiң шенеунiктер аталған пәндердi ағылшын тiлiнде үйрету мәселесiн көтерген жоқ па едi. Екiншiден, орыс мектебiнiң түлектерiнiң Ресей ЖОО-ларына түсе алмай қалуына бiздiң қабырғамыз қайыспауы керек. Қазақ мектебiн бiтiрiп те, Американың, Англияның жетекшi оқу орындарына түсiп жатқан түлектердi ойлағанда, орыс тiлi басымдық танытып отырған Қазақстан мектебiн бiтiрушiлердiң Ресей оқу орнына түсе алмайды деп қам жеудiң қажетi жоқ. Баяндама авторы елiмiзден 15 жыл iшiнде кетiп қалған 2,5 миллионға жуық орыс та тiлдiк дискриминацияны бастан кешiрдi дейдi. Ол кезде Қазақстан орыс тiлiн қолданылу аясынан шығару былай тұрсын, саяси, экономикалық дағдарысты бастан кешкен жоқ па? Тағдырын мәңгiлiк КСРО-мен байланыстырған орыстар КСРО күйрегеннен кейiн, Ресейге тартып отырған жоқ па? Ал, мақала авторының «жылына Қазақстаннан 40 мың адам кетiп отырды» деген мәлiметтi қайдан алғанын түсiнбедiк.
Ал, «ferghana.ru» сайтындағы Юлия Гужвенконың «Проблема языков» атты мақаласында Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттiк тiлдiң жайы туралы жазылған. Мақала авторының айтуына қарағанда Семей қаласы биылғы жылдан бастап мемлекеттiк тiлге көше бастаған. Мақала авторы Семей қаласының қазақ тiлiне көше бастауынан ба, жоқ басқа да мағынада ма, әйтеуiр «базарлар қаласы» деп кекете кетудi мақсат еткен. «Сондықтан, болар, — дейдi автор, — семейлiктер қазақ тiлiне көшудi тым жайбырақат қабылдады. Семейде 33% орыстар, 59% қазақтар тұрады. Бұл да iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiруде көп кедергiге ұшырамаудың басты факторларының бiрi болды» дей отырып, жекелеген адамдардың басындағы жағдайға тоқталады. «Ал, Өскеменде жағдай басқаша. Онда 70% орыстар, 30% қазақтар тұрады. Мұндағы халыққа Қазақстандағы мемлекеттiк тiлдiң бiртiндеп енiп келе жатуы еш әсер етпейдi. Бұл бiр басқа мемлекетте жүргiзiлiп жатқан саясат сынды. Өйткенi, әлi күнге дейiн Өскеменге елде жүргiзiлiп жатқан тiл саясаты жеткен жоқ. Халық қазақ тiлiнде iс-қағаздарын жүргiзуге дайын емес. Егер, жоспарланғандай 2008 жылы Өскемен мемлекеттiк тiлге көшетiн болса, бұнда кәдiмгiдей көтерiлiс болуы да мүмкiн» дейдi автор.
Яғни, бiзде бiртұтас тiлдiк саясаттың жүргiзiлмеуiнiң салдары елiмiздегi мемлекетшiлдiк сананы дамытуға кедергi келтiрiп отыр. Солтүстiктiң халқы қазақ елiнде өмiр сүрiп, қазақтың нанын жеп отырса да, көңiл-күйi өзгеде, iргелес жатқан көршiмiзде. Бiз ең алдымызбен осы облыстарды қазақтандыруға күш салуымыз керек едi. 15 жылдың iшiнде көшi-қон саясатын бек пайдаланып, оралмандарды осы облыстарға көптеп орналастыруды мақсат ету қажет болатын. Бiрақ, көшi-қон жөнiндегi шенеунiктер дәл осы мәселеге орай стратегиялық маңызы бар саясат ұстанған жоқ.
Есенгүл Кәпқызы