Жаңалықтар

«ҚАЙДА, КIМГЕ, ҚАЙТIП ШАҒЫМДАНАМЫЗ?» ДЕЙДI ОҚУ IЗДЕП КЕЛГЕН ҚАНДАС БАУЫРЛАРЫМЫЗ

ашық дереккөзі

«ҚАЙДА, КIМГЕ, ҚАЙТIП ШАҒЫМДАНАМЫЗ?» ДЕЙДI ОҚУ IЗДЕП КЕЛГЕН ҚАНДАС БАУЫРЛАРЫМЫЗ

Редакция табалдырығын имене аттаған екi бала өздерiн әуре-сарсаңға салған мәселесiн тезiрек бөлiскенше асықты. Сонау Қытайдан келiп, бiлiм алуға аса құштар болған жастардың алдынан шығып жатқан түйткiлдер де аз емес көрiнедi. Қалантай – Санжы қаласынан, ал Базарбек Шыңжаң өлкелiк Боратала облысынан келген. Отбасы мүшелерi ата-жұртқа бiржола қоныс аудара қоймаса да, ата-бабасының туған топырағында бiлiм қуып, өнiп-өскiсi келген олардың жолы елге 2005 жылы түсiптi.

Мақсаты – бiлiм алу болғандықтан, Түркiстан қаласына университет жанындағы дайындық курсына құжат тапсырып, бiр жыл оқып, бiтiрiп шығады. Ендi кешендi тестiлеуге қатысамыз деп Алматыға ат терлетiп келгенде, кездейсоқ кертартпалар көңiлдерiн су сепкендей басқан сыңайлы. «Не iстеймiз, уақыт болса қысқа…» деп уайымға салынған қандастар амалсыздан редакцияға бас сұғуға мәжбүр болыпты.

Қалантай Санжы қаласындағы орта мектептi 2005 жылы бiтiрiп, қалаған арманын өз туған топырағында жүзеге асыруға бел буыпты. «Қаным да, жаным да қазақ болғандықтан, ендiгi жерде ол жақта қалуды құптамадым. Мектептi бiтiрдiм де, елге тарттым. Өйткенi, мен – қазақпын, қазақ елiнде оқып-тоқып, қызмет етуiм керек дейдi», ол. «Бiр жыл дайындық курсын Түркiстанда оқып, бiтiрiп, кешендi тест тапсыруға Алматыға келдiк. Әр түрлi жоғары оқу орнына бардық. Соның iшiнде Қазақ Ұлттық техникалық университетiне, КазМҰУ-ға құжат тапсырғымыз келдi. Мұндағы қабылдау комиссиясындағылар: «Қытайда мектептi бiтiрдi деген анықтама алып кел» дейдi. Қысқасы, қолымызда мектеп бiтiрдi деген аттестат тұрса да, соны растайтын қағаз қажет көрiнедi. Қазiр Қытайға барып, анықтама әкелетiн уақыт та жоқ. Өйткенi, оқуға құжатты оныншы шiлдеге дейiн ғана қабылдаймыз деп жатыр. Не iстеймiз?» деп күрсiнедi көңiлi қам Қалантай.

Қайда, кiмге шағымданарын бiлмеген талапкерлерлердiң кейбiрi Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығына да барыпты. Өйткенi, олардың айтуынша, оқуға құжат тапсырғысы келген 300-400 жас сенделiп жүргенге ұқсайды. Қауымдастықтағы адамдарға барсақ, «Бұл мәселемен айналаспаймыз» деп шығарып салды. Ал керек деген анықтама қағазын алуға бiздiң мүмкiндiгiмiз жоқ. Неге десеңiз, Қытайға өтсек, берi қарай керi қайтудың өзi машақат. Мәселен, шығармашылық мамандыққа тапсырғысы келген бiрнеше бала осының кесiрiнен қалып қойды. Олар ендi не iстемек? Келешегi не болмақ? Қайтадан бастары салбырап, Қытайға орала ма?», – дейдi Базарбек.

Бiз бұл мәселенiң жай-жапсарын бiлгiмiз әрi түсiнгiмiз кеп Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы төраға орынбасары Талғат Мамашевқа хабарластық. Ол бұл жөнiнде былай дейдi:

– Құжатты растау қағазы болады. Егер Қазақстан мен Ресей Бiлiм министрлiгi арасында келiсiм-шарт болса, екеуi де бiр-бiрiнiң дипломдарын қабылдайды. Мәселе – Қытай мен Қазақстан арасында осындай келiсiм-шарт жоқ. Соған байланысты Бiлiм министрлiгi талапкердiң қолындағы құжатты растау керек. Оны «заңдастыру» дейдi. Ал ендi Қытайдың мектептерiнiң өзi орта, орталау, тағы басқа мектеп болып бөлiнедi. Бiздегiдей мектеп бiтiргенде бiр-ақ аттестат алмайды. Оның екi-үш түрi бар. Қазақстанға оқуға келген талапкер сегiзiншi, тоғызыншы сыныпты немесе оныншы сыныпты бiтiрiп келдi ме, түсiнiп болмайсың. Сондықтан бұл жай ғана мөр баса салатын жағдай емес. Қазiр осы құжатты заңдастырумен айналысатын Бiлiм және ғылым министрлiгiнде арнайы бөлiм бар. Негiзiнде бiз бұл мәселенiң бәрiн бiлемiз. Мысалы, биыл дайындық бөлiмiне түсiп жатқан 1500 баланың ешқайсысына жаңағыдай анықтайтын қағаз керек деп бастарын қатырған жоқпыз. Құжаттары қабылданғанымен, бәрi де кейiн тексерiледi. Өздерiне алдын-ала ескертiп: «Мына берген құжатың он жылдық емес, сегiз жылдық бiрдеңе болса, сен оқудан шығасың» дедiк. Өйткенi, кейбiрi осыны бiле тұра, алдайды. Мысалы, күнi бүгiн Өзбекстаннан бiр талапкер келдi. Абай атындағы мемлекеттiк университетке құжат тапсырайын десе, колледж бiтiрген екен, ендi соны Астанаға барып заңдастыру керек дептi. Бiз ректорына: «Уақытша қабылдай берiңiздер, өйткенi мезгiл бiтiп барады, тiптi болмаса, кейiнiрек тексерерсiздер» деп өтiнiш-хат жазып бердiк. Ал дайындық курсынан келген балалар да құжат тапсырғанмен, бәрi де егжей-тегжейлi тексерiледi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ