ТYБIМIЗ БIР БОЛҒАНЫМЕН, ТҮРIК ЕМЕСПIЗ
ТYБIМIЗ БIР БОЛҒАНЫМЕН, ТҮРIК ЕМЕСПIЗ
Таяуда "Түркiстан" газетiнде жарияланған (14.07.2006, №14) "Мың асқанға — бiр тосқан" деген мақаладан Қазақстандағы түркиялық бiр компания қызметкерiнiң қазақ тiлiн аяққа таптап, қазақ тiлдi қарапайым жұмысшылардан түрiк тiлiнде сөйлеудi талап еткенi үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылып, өз елiне керi қайтарылғанын оқып, қолыма қалам алдым. Әрине, мақала авторының мақсаты түбi бiр түркi халықтарының арасына араздық отын тастау емес, көп жерде есесi кетiп жүрген өз халқымыздың ұпайын түгелдеуi екенiн түсiндiм.
Түркiстандағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнде түркi тектес ұлттың 29 жасы бiлiм алады. Олардың бәрi де қазақ тiлiнен бұрын түрiк тiлiн жақсы меңгерген. Бiздiң тобымызда үш түрiк жiгiтi мен бiр түрiк қызы оқитын. Солардың бiрi Суат Аталай бiрде: "Неге сендер "түрiкпiз" деп айтудан қашасыңдар? Түбi бiр түрiк емеспiз бе?" дегенi. Бiз оған: "Жоқ, бiз түрiкпiз деп айта алмаймыз. Түбiмiз, дiнiмiз бiр болғанымен. тiлiмiз, дiлiмiз, жерiмiз, мемлекетiмiз бөлек, бұл — бiр. Екiншiден, барша түркi тектес халықтарды түрiктер деп айту үшiн Түрiк мемлекетiн М.К.Ататүрiк 1923 жылы қайта құрғанда, атын Түркия емес, Анадолы деп атау керек пе едi? Мемлекеттiң атауы түрiктердiң мекенi Түркия деп көрсетiп тұрған жоқ па?!" — деп оқытушы ағайымызбен қосылып, түрiк бауырымыздың санасына әрең жеткiздiк.
Көзi қарақты оқырмандардың есiнде болса "Жас қазақ" газетiнде өткен жылы (24.02.2006, №7) ХҚТУ-дың журналистика бөлiмiнiң студенттерi Айнұр Қалдыбайқызы мен Шарафат Рысбайқызының түркиялық "нұршылар" дiни ағымы мен атаулы университеттегi тiл мәселесi жөнiнде жазған мақаласы шыққаны белгiлi. Олардың терiс пиғыл әрекеттерiн әшкерелеген студент қазақ қыздары университет әкiмшiлiгi тарапынан шымбайға батар ауыр сөздер естiгенiн несiне жасырайық?! Қазақ десе кеудедегi жүрегiн суырып беруге дайын қыздарымызға "екi ұлттың арасында iрiткi салушылар" деген айып та тағылды. Алайда, ұлттық намысы жоғары азаматтарымыз бар екен. Келесi оқу жылында өкiлеттiк мерзiмi бiткен бiраз түрiктер елiне керi қайтарылды. Сондай тағы бiр оқиға ХҚТУ-дың Мәдениет сарайының директоры Яшар Шаһиноғлыға қатысты. Түркiстанда 2006 жылдың көктемiнде Орта Азия елдерiнiң экономикалық интеграциясының форумы өттi. Форумның болатынын естiп, алып-ұшып бiз де жеттiк. Ұзынқұлақтардан Яшар бейдiң форум басталғанда "Қазақстанның Әнұраны айтылмайды" деп айтқанын естiдiк. "Анық-қанығын бiлейiк" деген мақсатпен Яшар бейден әлгi сөздiң рас-өтiрiгiн сұрағанымызда:
— Ешқандай елдiң әнұраны қойылмайды, — дедi. Бiз жамырай:
— Неге? Бұл қазақ жерiнде өтiп жатқан халықаралық форум. Қазақстанның әнұраны мiндеттi түрде ойналуы тиiс! — дедiк.
— Олай болса, халықаралық форумға қатысушы елдердiң барлығының да әнұранын қояйық. Болмайды, уақытты алады, — дедi.
Ары қарай түрiкшелеп түсiнiксiз сөздердi айтты да, бiздiң талап-тiлегiмiздi қанағаттандырмастан жүрiп кеттi. Намысқа булығып бiз қалдық. Шақырылған қонақтар түгел тиiстi орнынан жайғасып, форум басталды. Мұрат Әуезовке сөз тиген кезде, бiздiң тобымыздың 10-15 студентi орнымыздан тұрып, Қазақстан Әнұранын кеудемiзге оң қолымызды қойып, тебiрене шырқадық. Бүкiл зал бiзге қосылды. Сонда Мұрат Әуезов:
— Бiздiң қатемiздi түзегенi үшiн жастарға рахмет. Ендi Түркiстандай жерде, мынадай ортада өзге тiлде сөйлегенiмiз ұят, — дегеннен кейiн форумға қатысушы қазақтар түгел қазақ тiлiнде сөйледi. Әншейiнде студент жастар "мұндай жиналыс-жиындар iш пыстырады" деп ұнатпаушы едi. Сол жолы бәрi де форумды зейiнмен тыңдады. Өйткенi, жастар үшiн қазақ зиялыларының ана тiлiнде сөйлеуi зор қуаныш болды.
"Ағаш — ағаштан мәуе алады, адам — адамнан тәлiм алады" демей ме, халық даналығы. Бiздiң түрiк ұлтынан үйренетiн, үлгi алатын да мәселелерiмiз аз емес. Олар өте ұйымшыл. Бiрде Дауыт Байраклы деген топтасымыздың Түркиядан келген Бетул атты жерлес қарындасын қалай қорғаштағаны әлi есiмде. Емтихан үстiнде ұялы телефонды пайдаланып отырған Бетулге оқытушымыз үш рет ескерту жасаған. Бiрақ, оған құлақ асқан Бетул болмады. Сосын апай ызаланып: "Емтиханнан шығып кет!" дегенде, Дауыт: "Неге менiң қарындасыма олай сөйлейсiң?!" деп қазақ оқытушысының өзiн кiнәлады.
Түрiк жiгiттерi қыздарды аялап, олар үшiн жан беруге дейiн барады. Ал, бiздiң қазақ жiгiттерiнiң көбiсi қазақ қыздарын өзгелер ұрып-соғып жатса да, дәнеңе демейдi. Осындайда, "Шiркiн, қазақ жiгiттерiнде де түрiктерге тән қызуқандылық болса ғой" дейсiң. Халықаралық университет болғандықтан, таңертеңгi дәрiсiмiз қазақ және түрiк әнұранымен басталады. Сол кездегi түрiк студенттерiнiң өздерiнiң әнұранына деген құрметтерiне таң қаласыз. Қандай асығыс болса да, әнұрандарын естiгенде қолдарын жүрегiне қойып, әнұран бiткенше тапжылмай тұрады. Мiне, патриоттық!
Ұлы сөзде ұят жоқ, "балақтағы биттi басқа өргiзетiн" де өзiмiз. Тiлiмiздi — тiрек, дiлiмiз бен дiнiмiздi – дiңгек етiп ұстасақ, бiздi өзгелер басынбас едi-ау деп ойлаймын. Бiр ғана түрiктер емес, шет елден келiп жатқан қаншама инвесторлар немесе өздерiнiң нәпақасын бiздiң елден табушылар қазақтың қара қазанына қожайын болғысы келiп жүрген жоқ па деп қауiптенемiн.
Жадыра НАРМАХАНОВА,ХҚТУ-дың студентi