ДАМЫҒАН ЕЛДЕР ДАҢҒЫЛЫНА ТҮСТIК
ДАМЫҒАН ЕЛДЕР ДАҢҒЫЛЫНА ТҮСТIК
Осы жолға жетелейтiн отыз корпоративтi көшбасшы жоба анықталды
АҚШ, Батыс Еуропа, Азияның дамыған елдерi өз даму жолында экономикаға айрықша серпiн берер жобаларды айқындап алғаны мәлiм. Ендi Қазақстан да 86 жобаны анықтап, оған 56 млрд. АҚШ долларын жұмсауға ниеттенiп отыр.
Бұл жобалардың көшбасшысы – Астана қаласы маңында салынатын Индустриялық-инновациялық парк.
Осы аптада Елбасы облыс басышларымен арнайы телекөпiр ұйымдастырып, көшбасшы жобалар туралы кеңiнен әңгiме қозғады. Телекөпiр үсiтнде мәлiм болғанындай, Ақтөбе облысында осы бағдарлама аясында алты жоба қолға алынып, газ өңдейтiн, электр, металлургия, шыны жасайтын, темiр жол вагондарына арналған құрылыс зауыттары және мырыш, хром өндiретiн зауыттар салынады.
Қызылорда облысында бес жоба жоспарланып отыр. Шина, цемент, уран-пентиль зауыты, Шалқия кенiшiн байыту фабрикасы, мұнай-газ саласы бойынша кәсiпорындар салынбақ.
Батыс Қазақстанда – он бiр жоба: мұнай-газ, машина жасау, көлiк-логистикалық кәсiпорындар, цемент зауыты салынады.
Қарағанды облысы үш жоба аясында түстi және қара металл, көмiр, кремний қорлары кәсiпорындарын iске қосуды көздеп отыр.
Шығыс Қазақстанда қазiрдiң өзiнде қырық төрт жоба жұмыс iстеп жатыр екен. Олардың арасында титан-магний комбинаты, «Қазцинк», «Қазақмыс», «Үлбi» металлургия зауытын ауыз толтырып айтуға болады.
Солтүстiк Қазақстан ет пен сүт тағамдарын өндiретiн кәсiпорындар ашуға ден қойып отыр.
Маңғыстау облысы цемент зауытын ашып, Кендiрлi демалу аймағының құрылысын бастап та жiберген.
Алматы қаласы екi iрi жобаны қолға алған. Оның бiрi – «Медеу» спорт кешенi мен «Шымбұлақ» демалыс орнында тау шаңғысын дамытуға арналған жоба, екiншiсi – логистикалық орталық құруға арналған жоба.
Бұл жобалардың бәрi Қазақстанның әлемнiң дамыған елу елдiң қатарына енуiне мүмкiндiк бередi.
Гүлбиғаш Омарова