Жаңалықтар

СЕНАТ: 25 МИНУТТА – YШ ЗАҢ!..

ашық дереккөзі

СЕНАТ: 25 МИНУТТА – YШ ЗАҢ!..

Қазақстанның кейбiр бұқаралық ақпарат құралдарында қарапайым адамдарға түсiнiксiздеу әрi орынсыз әдеттер бар. Солардың бiрi және ең қисынсызы – Мәжiлiстiң қашан тарайтыны немесе таратылатыны жөнiнде таусылмайтын жорамал жасау. Және бұл ұзақ жылдардан берi үздiксiз жалғасып келе жатқан, сыпайылап айтқанда, созылмалы кеселге айналған әдет.

Үшiншi шақырылымдағы Парламент Мәжiлiсiнiң депуттары тiкелей мiндеттерiне кiрiскен сәттен бастап-ақ әлгiндей көрiпкелдiктi өз ерiктерiмен мойындарына артып, олардың қашан, қалай таратылатындықтары туралы бәсекелесе жазған бiрқатар БАҚ-тардың тiлегенi орындалып, ақыры өткен аптада «алда жүргiзiлетiн конституциялық реформаларға тежегiш болғысы келмейтiндiктен» Мәжiлiс өкiлеттiгiн тоқтатуды сұрап Президентке үндеу тастаған депуттардың қалауымен Парламенттiң төменгi палатасы өз ерiктерiмен қызметтерiн тоқтатқаны мәлiм.

Ең таңданарлығы, осынау ауыр айып секiлдi көрiнетiн атақпен депутаттардың өздерi де iштей келiскендiктен болар – 2004 жылы сайлана саласымен-ақ «қалта парламентi» деген атқа ие болған заң шығарушы құзырлы органның ешбiр өкiлi – халық қалаулылары қоғам алдында өз өкпе-ренiштерiн, наразылықтарын бiлдiре қоймағандығы. Әрине, қоғам қандай болса – Парламент те сондай болатындығы бесенеден белгiлi. Ал халық қалаулылары қоғамның бел баласы болғандықтан да олардан орындалмайтын ерекше үмiт күтудiң өзi де ыңғайсыз. Сондықтан Мәжiлiс өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы елдi саяси дағдарысқа әкелiп тiреуi ықтимал деп iштей үмiттенгендердiң тiлегi орындала қойған жоқ және ешқашан орындалмайтын да едi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының парламенттiк фракциясының отырысында сөйлеген сөзiнде: «Экономиканы аяғынан тiк тұрғызу, мемлекеттiгiмiздi нығайту барысында осы отырған көпшiлiгiңiзбен бiрге жұмыс iстедiк, қысылтаяң кезеңдерден бiрге өттiк, сiздер әрқашан менiмен бiрге болдыңыздар… 77 депутаттың ешқайсысына өкпе-ренiш жоқ. Менiң пiкiрiммен де, үкiметтiң пiкiрiмен де сәйкес келмейтiн алуан түрлi ұсыныстар мен сын пiкiрлер осы жерде айтылады, өйткенi Парламенттiң аты Парламент», –деп ризашылығын бiлдiруi ұзақ жылдар я оқу үлгерiмi, я қоғамдық белсендiлiгiмен көзге түспеген сынып оқушыларына амалсыз жетекшiлiк жасаған қарт ұстаздың қоштасардағы күйiн, жәй әшейiн мiндеттi сөзiн еске салған.

Мейлi, мұның бәрi ендi тарихи фактiге ғана айналды. Әңгiме басқада. Қазақстан Парламентi қос палатадан – төменгi палата –Мәжiлiстен және жоғарғы палата – Сенаттан тұратыны белгiлi. Ал ендi осы Парламент депутаттарының бiр бөлiгi өздерi жазғандай «алда жүргiзiлетiн конституциялық реформаларға тежегiш болғысы келмейтiндiктен» өз ерiктерiмен мандаттарын тапсырғанмен, екiншi бөлiгi – Сенаттың Заң шығарушы органда қозғалыссыз қалып қоюы елiмiзде ерекше жағдайды қалыптастырып отыр.

Осы уақытқа дейiн қалыптасқан жағдайға көз жүгiртсек, Қазақстан тағдыры, мемлекеттiгiмiздiң бүгiнi мен келешегiне орасан зор ықпалын тигiзуге қабiлеттi әрi тiкелей мiндетi болып табылатын Сенаттың елiмiзде жүргiзiлiп жатқан оң реформалар мен демократиялық жаңаруларға еш қатысы жоқтай ылғи шет, жабық түрде қалуы таңдандырады. Осы жолы да Мәжiлiстiң тарқатылып, ал Сенаттың мiзбақпай қалуы бiр сыныпта оқитын балалардың бiразы жазғы демалысқа кетiп, ендi бiр бөлiгiнiң күзгi сынаққа қалдырылғанын көзге елестеткен.

Қарапайым жұртшылық Сенаттың мiндеттерi мен атқарған қызметтерi туралы не бiледi? Сенаторлар қандай атап өтерлiктей iстерге мұрындық болды, қандай iс-шараларды жүзеге асырды? Бұның бәрi былайғы жұртшылық үшiн мүлдем жұмбақ, құпия нәрселер.

Сенатта ойлы, бiлiк-пайымы биiк, заңнамаларды жетiк меңгерген көрнектi азаматтарымыз өз мiндеттерiн адал атқарып отырғандарына жұртшылық күмән келтiрмейдi. Дегенмен, ел мүддесi, ұлт тағдырына келгенде кейбiр сенаторлардың тысқарылау қалатыны мүлдем түсiнiксiз жайт.

Өткен жұма күнгi кезектi мәжiлiсiнде Парламенттiң жоғарғы палатасының өкiлдерi көп сөзбұйдаға салмай-ақ, 25 минутқа жетер-жетпес уақытта үш аса маңызды құжат қабылдап, мемлекет басшысының қол қоюына аттандырды. Сенат тарапынан жасалатын осындай жылдамдықтың үлгiсi бiр бұл емес, бұдан бұрын да бiрнеше мәрте қайталанған жағдай. Әрине, ел тағдырына тiкелей қатысты өмiрлiк Заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзудегi мұншалықты жылдамдық пен ұшқырлық әйгiлi Гиннесс кiтабына тiркеуге лайық шығар, дегенмен, осындай асығыстықтың астарында не жатыр деген ауыр сауал адамдарды жиi мазалай бастауы түсiнiктi де.

Заң керi күшке ие еместiгi белгiлi, ал осындай өлiара уақыт – Мәжiлiс тарқатылған, ал жаңа депутаттар сайланбаған тұста Сенаттың өз жұмысын жандандыратыны, қоғам болып кең талқылау қажет етiлетiн заңдар мен ережелердi жылдам қабылдап жiберетiнi нелiктен? Ең бастысы, Үкiмет дайындаған заң жобалары қалайша Сенат тарапынан қарсылыққа немесе кең талдауға ұшырамайды?

Сол жұмада Сенатта «Қазақстан Республикасы Жер кодексiне өзгертулер мен толықтырулар туралы» Заң жобасының жолына да жасыл шам жағылды.

Сонау 2004 жылдың 19 қазанында Мәжiлiстiң қарауына ұсынылған және төменгi палатаның депутаттары шама-шарықтарынша Үкiмет ұсынған жобаға айтарлықтай өзгерiстер енгiзген осынау өмiрлiк аса маңызды құжаттың осындай бейуақта шұғыл қабылдануының қандай құпия сыры бар? Расымен, Мәжiлiс депутаттары кезiнде сенаторларға ықпал жасап, осы маңызды құжатты қабылдауды кейiнге қалдырып келiп пе едi?

Бiр ғажабы, Жер кодексiне екiншi оқылымда қабылданған өзгертулер мен толықтырулар жақында ғана қабылданған «Астананың статусы туралы» Заңда көрсетiлген ережелерге сәйкестендiрiлiп отырғандығы. Жер телiмдерiн меншiк иелерiнен мемлекет қажетi үшiн алуға бүкiл республика бойынша алдын-ала бiр жыл бұрын ескертуi талап етiлсе, ал Астанада бұдан былай үш ай бұрын ғана ескерту жеткiлiктi болып отыр.

Ендiгi бiр жайт, жер телiмдерiн кепiлге алушылардың құқығын қорғауға Сенат соңғы кездерi бел шешiп кiрiскен секiлдi. Осыған орай, Жер кодексi 170 бабының 5 тармағына айтарлықтай өзгерiстер ендiрiлмек немесе өзгертiлiп те қойды. Бұл бап бойынша кепiлге қойылған жер телiмдерiн ауылшаруашылығы ұйымының жер құрамынан шығаруды тек жердi кепiлге алушының келiсiмiмен жүзеге асыру қарастырылған.

Яғни, заманауи талаптарға орай экономикалық қатынастар күрт және түбегейлi өзгерiстерге ұшыраған Қазақстанда ерекше жағдай өрiстеуде. Елiмiзде көптеп бой көрсеткен және экономикамызға айтарлықтай әсерiн тигiзiп отырған алпауыт банктер өздерi кепiлге алған жер телiмдерiн бұдан былай бiржола заңдастыруға құлшыныс танытып отырған шығар. Осы арқылы банкирлер бiздiң елдегi өз үстемдiктерiн одан әрi қамтамасыз етпекшi. Әрине, мұның бәрi заман талабы деп қоя салуға болар, бiрақ ХIХ ғасырдың екiншi жартысында патшалы Ресейде меншiктi жерлерiн кепiлге қойған, сатып жiберiп, босқан башқұрт халқының жағдайы 150 жылдан кейiн ауыл қазақтарының басына қайта төнбес пе екен деген орынды қауiп жұртшылықтың көңiлдерiн күптi етедi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ