Жаңалықтар

БАЛАМ ҚАҢҒЫБАС БОЛСЫН ДЕДIҢ БЕ?

ашық дереккөзі

БАЛАМ ҚАҢҒЫБАС БОЛСЫН ДЕДIҢ БЕ?

Қазiр көше кезiп, қайыршы боп жүрген балалар көп. Оларды көргенде жүрегiң өз-өзiнен егiлiп, ерiксiз қан жылап қоя бередi. Өйткенi, қарсы алдыңнан алақанын жайып шыға келген баланың жанынан бей-жай өту мүмкiн емес. Қанша дегенмен, ол – әлi перiште. Сосын көрсең де, түк көрмегендей қасқайып кете беруге еш дәтiң де бармайды. Амалсыздан қолыңдағы соңғы тиын-тебенiңдi бермеске лажың жоқ.

Бiр өкiнiштiсi, күнделiктi дәл осылай ертеңiн өткiзiп жүрген балалардың арасында өзiмiздiң қазақтың қарадомалақтары да жетерлiк. Әрине, олар да басқаның баласы секiлдi бақытты балалық шақты басынан өткiзуге лайық-ақ. Жазығы жоқ перiште жарық дүниенiң есiгiн аша сала қым-қуыт, арпалыс әлемiне неге бiрден енiп кеттi? Не себептен? Көз қиығын салсаң олардың жәутеңдеген мұңлы жанарынан бейбiт өмiрге лағынет айтқандай жеккөрушiлiк байқалады. Бәлкiм, олар бұл өмiрге келгенiне iштей өкiнетiн болар, кiм бiлсiн. Не десек те, қоғамның бiр бөлiгiне айнала бастаған қайыршы балалардың тағдыры кiм-кiмдi болса да алаңдатпай қоймайды. Әлбетте, осындай халге душар болғанына олар мүлдем жазықты емес. Мұндайда бәрiмiздiң аузымызға түсетiн «тағдырдың тәлкегi де» деген ой орала кететiнi бар. Бiрақ тағдырды адам өз қолымен жасайтынын ескерсек, күнәсiз бала да ауыр азап тәлкегiне ұшырамас едi ғой.

Шыны керек, бұрын-соңды қайыр сұрап жүрген қаңғыбастың денi шетелден, ТМД елдерiнен келген босқындар едi. Қазiр ше? Кез келген базарда, көшелерде, тiптi, қоғамдық көлiктерде басқа ұлт өкiлдерi тұрмақ, қазақтың қара баласын кездестiресiз. Кейбiрiнiң киiмi бүтiн, сiрә, бет-әлпетi қараусыз балаға ұқсамайды, ендiгi бiрi шарасыздықтан осы жолды таңдауға бел буған. Көбiнесе мұндай балалар ата-анасы iшкiлiк пен нашақорлыққа салынып кеткен отбасынан. Демек, бақытын баладан табудың орнына, жынды суды серiк еткен жеңiлтек, безбүйрек ата-ана баласын қайыршылықпен күнелтуге өздерi мәжбүрлеген сияқты. Онсыз да мейiрiмi құрып бара жатқан қатыгез қоғамда iштен шыққан шұбар жыланын көшеге итермелеп немесе қиып тастап кете баратын тасжүрек ата-ананың бұл әрекетi басқа сыймайды. Айналып келгенде, жазықсыз бала бақытты балалық шаққа аяқ баспай жатып-ақ, өмiрдiң ащы тауқыметiне бой ұрып, бар «игi жақсыны» көшеден iздеуге шешiм қабылдайды. Әу баста көретiн жарығы бар болған соң, бәрiне көндiгедi де, ендi қайтсiн?!

Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiне қарасты кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және ақтау орталығының аға инспекторы Райхан Оспанованың айтуынша, орталыққа соңғы бес айдың көлемiнде 727 бала түсiптi.

–Оның 19-ы прокурор санкциясымен, 12-сi тәртiбi қиын балалар үшiн арнаулы бiлiм беру мекемесiнен келгендер, сондай-ақ 18 жасқа дейiнгi 44 бала әке-шешенiң күтiмiнен ерте айрылғандар. Алматы қаласындағы 6 ауданның полиция қызметкерлерi тиесiлi учаскелерiн қадағалап, 652 қаңғыбас баланы тiркеген. Оларды арнайы комиссия тексерiп, қай мекемеге жiберсек жағдайы дұрысталады деген мәселенiң түбiне үңiледi де, сот шешiмiн шығарған соң бейiмдеу орталығына жiберiп, тәрбиелейдi. Бiзге әкеп өткiзген әлгi 727 баланы ұстап, қарап отырмаймыз. Бақылаушы инспекторлар жасөспiрiмдердiң ата-анасына хабарлайды, нәтижесiнде бiреуiнiң ата-анасы немесе туысы ойланып келiп әкетсе, басқаларына iздеу салып, хабар күтемiз. Заң бойынша әр ауданнан келген балалар жанымыздағы №78 мектепте кәдiмгi оқушылар секiлдi оқиды, бiлiм алады. Ал әке-шешесiнен ерте айрылып, қамқорсыз қалған тастандылар балалар үйiне жiберiледi. Сондай-ақ, Алматы қаласы төңiрегiнен 71, Алматы облысынан 132, ал елiмiздiң басқа облыс аймақтарынан 97 бала тiркелген. Бәрiн есепке алып, түп қазығы қайдан, не себеппен қаңғыбас болып жүргендiгiн зерттей келе, нәтижесiнде көбiсiнiң әке-шешесi iшкiлiкке салынып, маскүнем екендiгi анықталды. Тiптi, ана уызына жарымай, ананың ыстық құшағын иiскемей-ақ осы орталыққа тап болған 4-7 жас аралығындағы бүлдiршiндердiң тағдырын кiм ойлайды? Сол сияқты ТМД елдерi төңiрегiнен туысқанымен, ата-анасымен келiп, қайыршы болып жүрген 422 бала түстi.

Мiне, осы дерек көздерiнен елiмiзде қаңғыбас балалардың саны күннен-күнге өсiп жатқанын байқайсың. 2003-2005 жылдар аралығында баласының тәрбиесiне немқұрайлы қараған 15 мың 768 ата-ананы әкiмшiлiк жазаға тартып, ата-ана құқығынан айырса да, әлi оң нәтиже байқалар емес. Неге десеңiз, 2006 жылы көшенi мекен еткен 3 мың 459 бала тiркелiптi! Бұл не деген сорақылық? Ендi мынаны қараңызшы. Бiр ғана Алматы қаласында панасыз балалардың 138 тұрақты орындары бар көрiнедi. Олардың денi күнделiктi қоғамдық орындарда қайыршылықпен, ұрлық-қарлықпен нанын тапса, бiр тобы бәзбiреулерге азын-аулақ ақшаға жалдануды кәсiп еткен. Әйтеуiр, қарнын табан тоздырып тапқан адал ақшасымен тойдырып жүргендiктен, өмiрден қалыс қалған маскүнем ата-анасына оралғысы да келмейдi. «Балам бар-ау, не iстеп, қайда жүр екен…» деп ойламайтын ата-ананы бала қайдан керек қылсын? Одан да үйреншiктi, жылы орынға айналған жертөлесi әлдеқайда ыстық емес пе?!

Күндiз екi аяғына дамыл болмайтын қаңғыбас балалардың ендiгi мекенi – базар. Ары-берi өткен жұртқа телмiрiп, ашқан алақанын күн бата бiр-ақ жұмады. Бала үшiн бұл да ауыр бейнет. Бұл оны психологиялық кеселге ұшыратуы да мүмкiн. Өзiм жиi баратын «Алтын орда» базарынан жасы 10-12 шамасындағы қазақ баласын үнемi кездестiрем. Ол тура адам көп жүретiн жолдың үстiне отырып алып, қазақтың небiр ескi, сазды әндерiн шырқайды кеп. Тыңдасаң, даусы бiр ерекше. Аман болса, одан құдды бiр опера әншiсi шығатындай. Әлгi баланың айтқан әнi базардың бұ шетiнен о шетiне бiрақ жетедi. Мойныңды ерiксiз бұрып қарағанда бiреу жүрегiңе ине сұғып алғандай күйде қалады екенсiң. Бар күш-жiгерiмен әндi берiле салғандықтан ба, әбден қара терге түсiп кеткен. Бiр қуанғаным, жұрт «бала» ғой деп қарамай, анандай жерден қайта оралып қолындағы тиынын тастап кетiп барады. Базарға күнiне қанша халық кiрiп-шығатынын ескерсек, соншасы әлгi баланың жанынан өткенде тым құрымағанда қара бақыр тиын ұсынатыны анық. Көңiлге демеу боларлығы, табатын нәпақасы өз қарақан басына жетiп артылады деу ғана. Бiрақ бiр орыннан тапжылмай, жан-жақты барлап отыратын саудагерлер: «Оның шешесi базар сыртында жүредi. Кешкiсiн базар жабыларда сырттан күтiп алады» дегендi айтпасы бар ма. Естiгенде бойым дiрiлдеп кеттi. Баласын қайыршылыққа қиған қандай ата-ана бұл? Бәрi де өз iсiне жауапкершiлiксiздiктiң кесiрi. Ойнап жүрiп от кешкендердiң iсi немесе жүректерi елжiремек түгiлi, ана мейiрiмiнен жұрдай, тiптi, ана болуға лайықты емес жеңiлтектердiң әрекетi. Айналып келгенде, бесiктен белi шықпай жатып небiр қорлыққа тап болған бала болар iстi мойнымен көтерiп, бар азапты шегiп әуре. Бәлкiм, ол бұдан да тәттi өмiр мен ана мен әке мейiрiмiне бөленетiн бақытты кездiң барын сезбейтiн де болар. Балалық арманға қол созып, осының бәрiн аңсайтын да шығар. Өкiнiштiсi, бұл бақыттың өз маңдайына жазылмағанын да ерте түсiнер…

Осындайда «Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды» деген де ойға оралады. Адамнан жаралған тiршiлiк иесi де титтей торғайдай болмады ма? Неге анасы балапанын пәле-жаладан қорғамады? Неге оны көшеге сенiп, қалдырып кеттi? Жазықсыз перiште жарық дүниеге осы тауқыметтi тартайын деп келдi ме? Қысқасы, көше безiп, «қаңғыбас» атанған балалар да қоғамның ажырамас бөлiгi. Жамау-жасқау өмiр жыртығын көзбояушылықпен бүтiндеуге тырысып бағатын бiздiң елде де қаңғыбастың үлес салмағы көп екенi рас.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ