Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛЫНА МА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАНДА АЭС САЛЫНА МА?

"Елде атом электр станциясы құрылысын бастау, бастамау мәселесi толығымен 2009 жылы қарастырылатын болады". Бұл Энергетика және минералды ресурстар министрi Бақтықожа Iзмұхамбетовтың сөзi. Үкiметте өткен селекторлық жиында ол "алдымен АЭС-тiң техникалық-экономикалық негiзi талқыланғаннан кейiн, яғни, 2009 жылы АЭС мәселесiне қайта ораламыз" дейдi. Сол жылы жасалынып бiтетiн техникалық-экономикалық жобаның құнының өзi 12 млрд. теңгенi құрайды екен. Сонымен қатар, екi жылдан кейiн АЭС-тi тек елдiң оңтүстiгiнде ғана емес, солтүстiгiнде орналастыру мәселесi де қарастырылуы мүмкiн.

Негiзiнен, осы уақытқа дейiн елде АЭС-тiң жақтаушылары мен даттаушылары түзiлiп-ақ қалды. Чернобыль апатын алға тартып, АЭС- тiң тиiмсiздiгiн айтатын топ экологиялық ұйымдардың қатарынан түзiлсе, елдiң АЭС-сiз энергия қуатының тапшылығын тартатынын айтатын топ көбiнесе Үкiметтi жағалайтын шенеунiктер едi. Экс-министр Владимир Школьник Балқашта АЭС салуды жағы талмай алға тартып келген болса, Iзмұхамбетов керiсiнше АЭС-ке қатысты көзқарасын қоғамға таңа бермейдi. Тiптi, осы АЭС мәселесiн көтермейдi десек те болар. Қоғамда Школьниктiң сөздерiн Ресейдiң мүддесiмен де байланыстыратын. Өйткенi, Қазақстанда АЭС салынса, бұл сала жөнiнен тәжiрбиесi мол ресейлiктерге жүгiнерiмiз хақ.

АЭС-тiң жақтаушылары сонымен қатар ұлттық компаниялар. Мәселен, "Қазатомпром" компаниясының президентi Мұхтар Жәкiшев “Қазақстанның уран қоры жөнiнен әлемдегi алғашқы үштiкке кiретiнiн, сондықтан да өзге елдер уранды шеттен тасыса да, аумағында АЭС салатындығын, ал бiзде отын мәселесi шешiлгендiктен де АЭС салудың тиiмдiлiгiн” үнемi айтып жүредi. Әрине, Жәкiшевтiң сөзiнде қисын да жоқ емес. Қазiр әлемнiң дамыған елдерi жылу энергетикаға тек ғана АЭС-тiң арқасында қол жеткiзiп отыр десек қателеспеймiз. АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерi атом электр станцияларының санын көбейтуге ден салуда. Жақын арада әлемде 750 млрд. АҚШ долларына атом электр станцияларын салу жоспарлары бар. Бiрақ, бұл елдердiң техникалық-қауiпсiздiк мәселесi мен адам өмiрi факторына аса жiтi жауапкершiлiкпен қарайтындығын да ұмытпаған жөн.

Жәкiшев, тiптi, "Ақтауда АЭС 2015 жылға дейiн салынады" деген ақпаратты да жайып салған. Үкiмет те АЭС салуға шындап мойын бұрған секiлдi. Ендi бiр-екi жылда дайын болатын техникалық-экономикалық негiздеменi сол АЭС салудың алғашқы баспалдағы деп қарастырған жөн шығар.

Арман БЕКЕНОВ