Жаңалықтар

БҰЛ САЙЛАУ — ҚАЙ САЙЛАУ?

ашық дереккөзі

БҰЛ САЙЛАУ — ҚАЙ САЙЛАУ?

Жаз айларын саясатта "өлi маусым" деп атайды. Алайда, биылғы жаздың ыстығымен бiрге, саясаттың көрiгi де қызайын деп тұр.

Сонымен Мәжiлiс таратылды. Тәуелсiз Қазақстан тарихында мерзiмiнен бұрын таратылған Мәжiлiс тек бұл ғана емес. Бұған дейiн де Парламенттiң төменгi палатасы екi рет мерзiмiнен бұрын таратылған едi. Бiрiншiсi — Жоғары Кеңес, екiншiсi — Парламенттiң екiншi шақырылымы болатын. Оның өзiндiк объективтiк-субъективтiк себептерi болған шығар. Ал, бұл жолғы Мәжiлiстiң таратылуының ең басты себебi — Конституцияға енгiзiлген өзгертулерге орай. Бұдан былай, Мәжiлiс мүшелерiн сайлау, бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен емес, яғни, үмiткерлер округтардан жеке мандат үшiн додаға түспейдi. Бұл жолы халық партияларға дауыс бермек. Бұны әлемдiк саясатта пропорционалды жүйе деп атайды. Бүгiнде Қазақстан қоғамы бұл жүйенiң тиiмдi және тиiмсiз тұстарын талқыға салуда. Ең бастысы, бұл жүйеде партиялардың ықпалы мен беделi күшейедi және маңызы артады. Бiрақ, бiр нәрсе айқын, бұрын жеке үмiткерлер халықтың дауысы үшiн халыққа жағынуға әрекет етсе, ендi партия жетекшiсiне жағына бiлуге талпынатын болады. Партиялар өз кезегiнде халықтың сенiмiне ие болуға талаптанады.

Демек, Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) бекiтуi бойынша, Мәжiлiстiң кезектен тыс сайлауы осы жылдың 18 тамызында өтетiн болады. ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың мәлiмдеуiнше үмiткерлер 22 маусымнан 11 шiлдеге дейiн құжат тапсырып үлгеруi керек. Тiркеу 17-шiлдеге дейiн жалғасады. Бұл жолы партиялар бақ сынайтын болғандықтан, басты күш те жекелеген партияларға түсейiн деп тұр. Аталған уақыт аралығында сайланудан үмiткер партиялардың барлығы дерлiк съездерiн өткiзiп, үмiткерлер тiзiмi жасақталуы тиiс. Ал, Қазақстан халықтары ассамблеясы атынан түсетiн үмiткерлердi тiзiмдеу 4-тамыз бен 9-тамыз аралығында өтпек. 14 тамызда тiркелу аяқталады. Сайлауалды насихат 18 шiлдеден басталып, 16 тамыздың 24 сағатында аяқталады. Ассамблеяның атынан түсетiн үмiткерлер үшiн, 15-тамыз бен 18-тамыз аралығы үгiт-насихат жұмыстарына жұмсалатын болады.

ҚАЙ ПАРТИЯНЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРЫҚ?

Бұл сауалға кiмде-кiм "Әрине, "Нұр-Отан" деп дауыс берерi хақ. Өткен жылы "Нұр-Отан" партиясының iргесi кеңiп, 2005 жылғы президент сайлауында "Халықтық коалицияға" бiрiккен президенттi жақтаушы партиялар, "Нұр-Отанның" құрамына ендi. Елдегi төрт iрi партия бiр партияны жасақтап, "Нұр-Отанның" әлеуетiн арттырды десе де болғандай. Қазiр сарапшылар құрамында жарты миллионға жуық мүшесi бар бұл партияның бүгiнгi әлеуетiн оның билiк партиясы болғандығынан iздейдi. Яғни, кешегi Коммунистiк партияның орнын басқан, мұрагер партия десе де болғандай. Оның iрi қуатты күшке айналуының негiзгi себебi — Президентте. Жаңа Конституцияның негiзi бойынша бұдан былай Президент қандай да бiр саяси партияның басшысы болуға ерiктi. Бұған дейiн оған жол жоқ болатын. Демек, Елбасы "Нұр-Отанды" өзi басқаруға мүмкiндiк алды. "Нұр-Отан" Нұрсұлтан Әбiшұлының атымен тiкелей байланысты. Сол себептен де, елдегi барлық әкiмшiлiк күш осы партияға жұмыс жасағаны да жасырын емес. "Нұр-Отанның" өңiрлердегi филиалдарының жетекшiсi сол аумақтың әкiмi немесе әкiмнiң орынбасары болып отырғандығы да бұған куә.

"Нұр-Отан" халықтық партиясының төрағасы мiндетiн атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың болжамы бойынша, "Нұр-Отан" Мәжiлiстегi бұған дейiнгi орнын сақтайтын болады. Яғни, сайлаушылардың 80%-ы "Нұр-Отанға" дауыс бередi деген сенiмде. Сөйтiп, бұл жолғы саяси реформалардың өзi билiк үшiн жұмыс жасап жатқанға ұқсайды. Тiптi, кейбiр сарапшылар "Нұр-Отанның" бұл жолғы мүмкiндiгiн 95%-ға дейiн жеткiзiп жүр.

"Нұр-Отан" партиясынан кейiн, 7%-дық кедергiден өтiп, Мәжiлiстен орын алуы бек мүмкiн партиялар қатарына Жармахан Тұяқбай басқаратын Жалпыхалықтық социал-демократиялық партия мен "Нағыз Ақ жол" партиясының бiрiккен одағы, Әлихан Бәйменов басқаратын "Ақ жол" партиясы мен Мақсұт Нәрiкбаевтiң "Әдiлет" блогы және Коммунистер партиясы жатады. Бұлардың қай-қайсысы да бiр-бiрден дауыс алуы мүмкiн. Ғани Қасымовтың Патриоттар партиясы мен Ғани Қалиевтiң "Ауыл" партиясы да қоңсы қонған едi. Алайда, олардың сайлану мүмкiндiгi жайында айтушылар аз. Бiрақ, саяситехнологиялардың қалай-қалай ойнайтындығын уақыт көрсетедi. Дегенмен, қазiр өмiрде бар, сайлау науқанына кiрiсiп кеткен партиялар легi осындай.

ҰЛТШЫЛДАР ТАҒЫ БӨЛIНДI

Конституциялық реформа қылаң берiсiмен-ақ, елiмiздегi ұлтшыл ұйымдардың басы тағы да қосылып, тағы да ұлт мәселесiн көлденең тартып, қазақ мәселесiн көтеретiн жаңа партия құратындықтарын мәлiм еткен едi. Көп кешiкпей Мұхтар Шаханов бастаған топ "Халық рухы" деп атаған партияның алғашқы съезiн де өткiзiп үлгердi. Жеткiлiктi дауыс та жинады. Мұхтар Шаханов бастап, Дос Көшiм қостап шыққан кезде, шыны керек, елiмiздегi ұлтшыл топтардың басы бiр қазанда қайнайтын болды деп қуанған едiк. Дәл осы жиыннан дәметкенiмiз мол болды. Алайда, ұйымдастыруы солғын болды ма, жоқ, қазақтың ештеңеге селт етпейтiн жайбасарлығы ма, әйтеуiр, оны қолдап-қолпаштап кеткендер аз болды. Керiсiнше, М. Шахановтың шаужайына жармасып, оған тетелес тағы партия құруға ұмтылушылар көбейiп кеттi. Алдымен, Желтоқсан атын жамылған бiр топ баспасөз-мәслихатын өткiзiп, өздерi жеке партия құруға талаптанып жүргендiгiн айтса, "Халық рухының" алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысып келген "Халық дабылы" қоғамдық ұйымының төрағасы Кенесары Қаптағаев "Халық билiгi" атты партия құруға кiрiскендiгiн мәлiмдедi. Бұл туралы ол "Арkz" апталығына берген сұхбатында әңгiмелейдi. К. Қаптағаев М. Шахановты "жалтақ әрi тек тiл мәселесiн ғана қаузайды" (Кенесары Қаптағаев "Қазақтың тағдыры өз қолында тұр", "Ар", №23, 15 маусым, 2007 жыл) деп айыптаған.

Қазақ ұлтшылдарының мұндай спектакльдердi жиi қайталауы таңқалдырады. Әр сайлау алдында қайталанатын сценарий. Қоюшы режиссер бiреу, ойнаушылар әртүрлi. Әр маусымда әрқилы құбылады. Әрине, Қазақстанда қазақ мәселесi күйiп тұрғаны рас. Оны қоғамдағы жалпы мәселеден бөлiп қараудың да өзiндiк түйткiлдерi бар. Алайда, оны әр саясаткер әр қалай тартып, көкпарға айналдырғанша, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын кез жеткендi сезiнетiн уақыт туған жоқ па? Бiздiң бұл траги-комедияларымыз былайғы жұртқа ұлт мәселесiнiң сүйкiмiн кетiргеннен басқа пайда бермесi анық. Бiр-бiрiнiң кемшiлiгiн көрiп отырса да, ұлт сойылын соғатындар сол кемшiлiктi түзете отырып, бiр iрi күшке айналуы керек. Онсыз керi кеткен қазақ мәселесi өрге жүрмейдi. Бiз әлi күнге дейiн "Аққу-шортан-шаянның" күйiн кешiп келемiз. Ал, басқа ұлттардың бас қатырар ештеңесi жоқ. Ұпайы түгел. Олар әуелi Мәжiлiстен тағы 9 квота бөлдiрiп алды. Былай партиялық тiзiммен өзге ұлт өкiлдерi атынан қаншасы сайланатыны тағы беймәлiм. Бұған дейiнгi Парламенттер де қазақ мәселесiн екiншi планға ысырып қойып, ұлттың ұлы мұратын асқақтатудың орнына ұлтқа қарсы дауыс бергендерi мәлiм. Бұл үрдiс ендi күшеймесе, бәсеңсiмейтiнi анық. Демек, тiлi – тiлiм-тiлiм, жерi – жырым-жырым болған қазақ байғұс өз елiнде диаспораның күйiн кешiп әлi де талай жүре беретiн болады. Оған өзгеден гөрi өзiмiз көбiрек кiнәлiмiз.

P.S. Сонымен дода басталды. Жаздың екi айы қызу тартыспен өтейiн деп тұр. Мәжiлiс сайлауымен қатар, Мәслихат сайлауы дөп келiп тұр. Мәслихат сайлауы Мәжiлiс сайлауымен бiр күнде, 18 тамызда өтетiн болады. Сөйтiп, билiк биыл бiр оқпен екi қоянды атып алмақшы. Бұл сайлауға кететiн қаржыны үнемдеуге септiгiн тигiзедi дейдi сарапшылар. Мәслихатқа үмiткерлер де 22 маусым мен 17 шiлде аралығында тiркелуге тиiстi. Ал, автоматты "Сайлау" жүйесi 1,5 мың сайлау учаскелерiнде қолданылатын болады.

Есенгүл Кәпқызы