Жаңалықтар

Алаша хан

ашық дереккөзі

Алаша хан

Салдарына үңiлмей сан дауылдың,

Шалдарына жүгiндiк соңғы ауылдың… Алаша хан — қандай хан?.. Жауабы жоқ. Шыққан тегiн бiлмеймiз Домбауылдың.   Автор  

"Алаш" сөзi ежелгi жазбаша тарихи еңбектер iшiнен ең алғаш рет Қадырғали Жалайыридiң 1602 жылы жазылған "Жылнамалар жинағында" кездеседi. Онда атақты Тәуекел ханның iнiсi Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхаммед ханзаданың Қасимов хандығының тағына отырғандағы тақ құрылымын көрсете кетiп, оның Майменесi (оң қолы) Жалайыр Қадырғали бек (автордың өзi — Қ.А.), Самай бек және Майсарасы (сол қолы) Арғын Шаш бек, Қыпшақ Төкей бектердiң болғандығын жазады. Солай дей келе, Көк орданың ханы Ұрыстың (бүгiнгi тарихшылар Орыс деп жазып жүр) Майсарасы Алаш мыңынан құрылғандығын айтады.

"Қазақ шежiресi" атты еңбегiнде Шоқан Уәлиханов былай дептi: "Қазақ немесе алаш елiнiң о бастағы шығу тегi қайдан деген сұраққа халық арасындағы жыр-дастандардан қанағаттанарлық тәп-тәуiр түсiнiк алуға болады. Егер Темiрдiң Тоқтамыс ханға қарсы жорығы 1392 жылы басталса, сол жылы қазақтардың алғашқы ханы — Алаш пен оның балалары өлтiрiлсе, шамамен мөлшерлеп, Алаштың ХIҮ ғасырдың орта шенiнде ғұмыр кешкенi анықталады". Шығармаға кiтаптың аяғында берiлген түсiнiкте аталған жорықтың 1391 жылы жасалғаны және "Алаш балалары" деген тiркестiң қазақ деген атауды бiлдiретiндiгi көрсетiлген. Осы еңбегiнде Қадырғали Жалайыридың кiтабында кездесетiн "Алаш мыңы" ұғымы жайлы Шоқан былай деп жазыпты: "Алаш мыңы деп ертеде жалпы қазақ халқын атаған. Үш Алаш, Алты Алаш, Үш мың Алаш, Алты мың Алаш деген халықтың нақтылы саны деген ұғым емес, ескi шежiрелерде Алаш мыңы дейдi де, артынша халық, ел деп толықтырып отырады… Алаш мыңы — мыңдаған Алаштардың одағын, Алаш қоғамын бейнелейтiн атау болса керек" (көрсетiлген еңбек, 118-бет). Алаш атауы және оның қазақ деген ұғымға қатысы жайлы ұлтымыздың ұлы ақындары Абай Құнанбаев пен Шәкәрiм Құдайбердiұлы да кезiнде қалам тербеген. Абайдың "Бiрер сөз қазақтың түбi қайдан шыққаны туралы" еңбегiндегi мына жолдарды әңгiме үстiнде тағы да бiр еске түсiргеннiң артықшылығы жоқ: "Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ рахымсыздығына қарамай, "мынау бiр алашы болды ғой" дептi, жан алушы болды дегеннiң орнына. Сондықтан ол кiсi Алаша атаныпты. "Бабырнамада" солай жазылған. Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққаннан қойды ғой, ендi сiздер шапқан уақытта "алашы-алашы" деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, бұларға айғай салғанда көп жанның айғайымен "алаш-алаш" деп кетiптi. Сондықтан "алаш-алаш" болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едiк". Ал, Шәкәрiм болса өзiнiң "Түрiк, қырғыз-қазақ һәм хандар шежiресi" атты айтулы шығармасында осы әңгiменiң жалпы мазмұнын сақтаған. Бұл пiкiрлердiң туындау төркiнiн Абайдың өзi сiлтеме жасап отырған Моңғол империясының негiзiн қалаушы Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың (14.02.1483-26.12.1530) әйгiлi еңбегi "Бабырнамадан" табамыз. Бабыр Сұлтан Ахмед ханның елге Алаша хан деген атпен танымал болғандығын айтады. Сұлтан Ахмед — Бабырдың шешесi Құтылық Нигер ханымның туған ағасы. Олар Шағатай әулетiнен шыққан Жүнiс ханның балалары. Абай мен Шәкәрiм жазып отырған "Бабырнамадағы" Алаша ханның (Ахмет хан) қазаққа ешқашан хан болмағандығы, оның Моғолстанның ханы екендiгi және қай жерде, қашан өлгендiгi жайлы белгiлi зерттеушi Қойшығара Салғариннiң "Қазақтың қилы тарихы" атты кiтабында жан-жақты баяндалғандықтан, бұл деректердi тек қозғап отырған мәселенiң мәнiн айқындай түсуге септiгi мол шолу ретiнде ғана қайталап отырмыз. Бiз үшiн ең маңыздысы — Захир ад-Дин Мұхаммед Бабыр Ахмет ханды Алаша хан деп атап отырғанмен, оны қазаққа телiмейдi. Ол өз еңбегiнiң өне бойында ұлтымызды өз атымен қазақ деп жазады. Алаш ұғымының қайдан шыққандығы жайлы өз пiкiрiн халқымыздың төл тарихшысы Құрбанғали Халид "Тауарих хамса" атты еңбегiнде былай баяндапты: "Алынша ханға ыңғайлап, "алаш ұранды ағайынбыз" деген ақылға қонымдырақ. Себебi Алынша хан заманында халық мұншалық өспей, аз кезде татар, маңғұл айырылмай бәрi "Алынша ханның елi, Алынша ханның жұрты" атанып, бұл сөз осы кезге дейiн ұмытылмай "алты сан алаш" деп айтылады. Сонда "сан" маңғұл, татар тiлiнде он мың басшысына тән қойылған атақ. Осыған қарағанда Алынша ханның 60 мың жасағы, мүмкiн мың түтiн болып, осынша сан бiр әмiршiге бас игенi, ол заманда мемлекетке есеп берiлетiн-дi. Ал, "алты сан алаш" сөзi көптiгiне ишара болса керек. Кезiнде бұл сөз анық мағынаға ие болғандықтан қазiр де асыра сiлтегенде айтылады. Алынша Нух пайғамбардың баласы — Яфастың төртiншi немересi. Ал, Алыншаның отыз тоғызыншы немересi Шыңғыс хан". "Алаша хан" және "Алаш" этнонимдерi жайлы сөз қозғап, пiкiр бiлдiргендер қатарында жоғарыда шығармаларын атап көрсеткендерiмiзден басқа да бұрынғы және бүгiнгi көптеген авторлар бар. Олардың барлығының еңбектерiне тоқталып, талдап өту мүмкiн емес. Әрi қажетi де шамалы деп ойлаймын. Өйткенi негiзгi пiкiрлер әрдайым қайталанып отырады. "Алаш" атауына байланысты нақты ғылыми деректi алға тартып, мерзiмдi баспасөзде соны пiкiрлер бiлдiрiп жүрген тарихшы Берекет Кәрiбаевтың "Қазақ тарихы" (№5-6, 1994) және "Ақиқат" (№12, 1994) журналдарында жарияланған талдау-зерделеу тұрғыдағы еңбектерiнiң қысқаша қорытындысы ретiндегi "Ұлттық энциклопедияға" дайындалған мақаласын толық келтiрейiк: "Алаш баһадүр (ХIV ғасырдың екiншi жартысы – ХV ғасырдың бiрiншi жартысы) — Дештi Қыпшақтың атақты батырларының бiрi, аймақ билеушiсi. "Тарих-и-Абулхайрханида" (ХVI ғасырдың бiрiншi жартысы) 16 жасар Әбiлқайыр хан (1412-1469) тұтқыннан босап шығып, 1428 жылдың желтоқсан — 1429 жылдың наурыз айларында Алаш баһадүрдiң жұртында болды. Дерек авторы Мусуд ибн Осман Кухистани Алаш баһадүрдiң ең қуатты тайпалардың бiрiн билегенiн айтады. 1429 жылы 17 жасында хан болып сайланған Әбiлқайыр көрсеткен еңбегi үшiн Алаш баһадүрге және оның аймағына сыйлық бередi. Өзiнiң жарлығымен Алаш баһадүрдi аймақ билеушi етiп қалдырады". Бұл деректiң тарихшылар үшiн құнды екендiгi ақиқат. Дегенмен осы баһадүрдiң бүкiл қазақтың жүрегiне ұялаған, ұлтымыздың бастауында тұрған Алаша хан бейнесiнен алшақтау адам екендiгiн байқауға тиiспiз. Өйткенi, бiрiншiден, Әбiлқайыр өзбектiң ханы. Екiншiден, Дештi Қыпшақ даласы аса үлкен аймақ. Алаш баһадүр Ұлытауда тұрды деп кесiп айта алмаймыз. Үшiншiден, бұл қазақтың тiлiнiң қалыптасқан кезi. О заман түгiл, одан бұрынғы кезеңдерде де қазақтың баһадүр сөзiн қолданбағандығын, батырын қазiргiдей батыр деп атағандығын түрлi әдеби-тарихи нұсқалар арқылы бiлемiз. Оны (Алаша) хан ретiнде көрсету Кухистани жазбаларының төңiрегiндегi жорамал мен қиялдың жемiсi. Сондықтан киелi Ұлытау етегiндегi Алаша хан мазарын Алаш баһадүрдiкi деу үшiн жалғыз деректiң аздық ететiндiгiн де мойындауға тиiспiз… Шоқан Уәлихановтың "Қазақ шежiресiне" жасаған ескертпелерiнде төмендегiдей жолдар бар: "Шыңғыс хан тұқымдары, Мұхаммед ұрпақтары — қожалар қазақ арасында ақсүйектер деп аталады. Жай халық аксүйектермен салыстырғанда — қара, қара халық деп аталады. Сұлтандар ешқашан да Алаш қауымының адамы деп танылмаған. Барлық дүбiрлi жиындарда "Алаш" деген ұранды естiгенде, тек таза қанды қара халық қана көтерiлетiн болған, ал сұлтандар мен олардың қалмақтар мен қазақтардан құралған құл-құтандары жиналып, "Арқар" деп өздерiнiң ұрандарымен ұмтылатын". Белгiлi тiлшi-ғалым Рабиға Сыздықованың "Сөздер сөйлейдi" атты кiтабында "Алаш" сөзi халық, қауым, ел, жұрт сияқты ұғымдарды бiлдiретiндiгi айтылады. Бұл деректердiң мән-мағанасына үңiлсек, "алаштың" төрелерден бөлек қауым болғандығын көремiз. Қазақ елi, қазақ қауымы да соның бiр бөлiгi екендiгiне дау болмаса керек. Осы тұста "Алаш" және "Алаша хан" атауларына тiкелей байланысты, Кеңес кезеңiнде де, одан кейiнгi өткен аз ғана уақыт iшiнде де зерттеушiлер назарынан тыс қалып, ғылыми айналысқа түспеген орыстың эмиграцияда (АҚШ) өмiр сүрген аса көрнектi тарихшысы, Еуразиялық қозғалыстың негiзiн қалаушылардың бiрi Георгий Владимирович Вернадскийдiң 1913 жылдың 2 қарашасында С-Петербург университетiнде оқыған лекциясында келтiрiлген аса құнды деректi тұңғыш рет түпнұсқасын бұзбай оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдiм. Г.В.Вернадский былай дептi:"Шыңғысхан әулетiнен шыққан патшаларға бағынған Русь жерi саяси жағынан Тынық мұхиттан Жерорта теңiзiне дейiн созылған орасан ауқымды тарихи әлемге кiрдi. Бұл әлемнiң саяси құлашы ХIII ғасырдағы монғолдардың ұлы құрылтайларынан анық көрiнедi; бұл құрылтайларға (Орта, Солтүстiк және Шығыс Азия билеушiлерi мен көсемдерiн, монғол нояндарын есептемегенде) орыстың ұлы княздары, грузин және армян патшалары, икония (сельджук) сұлтандары, кирман мен моссулдiң атабектерi және т.т. қатысатын. Құрлықтың небiр қиыр шетiнен монғол билiгiнiң орталығына адамдар әкiмшiлiк, сауда және басқа да шаруалармен келiп тұруға тиiстi болатын… Монғол империясының 1331 жылғы картасы осы империялық бiртұтастықтың бұлтартпайтын құжаты болып табылады. Бұл сызбада Монғол империясы сызықтармен бiрнеше бөлiкке бөлiнсе де, олардың бәрi тұтас бiр елдi құрайды… Осы сызбаға сәйкес Русь жерi (монғол сызушысы "А-ло-ш" деп белгiлеген…) бүкiл дүниемен пара-пар болатын азиялық ұлы әлемнiң солтүстiк-батыстағы ең шеткi түпкiрi болып табылады. Алайда, Русь жерi бұл әлемнiң дербес бөлiгi емес; ол ұлы ханға тiкелей бағынбайды. Орыс жерi Жошы ұлысына кiретiн Үзбек патшалығының құрамында тұр" (Монгольское иго в русской истории, Москва, 1996 г.). Г.В.Вернадскийдiң бұл мәлiметiнен осы уақытқа дейiн айтылмаған тосын тұжырым туындайды: Ол бойынша жаулап алынған орыс жерлерi Жошы ұлысының құрамына "Алаш" (Алош) деген атпен кiрген. Менiңше, осы деректiң өзi-ақ ендiгi жерде зерттеушiлердi бүгiнге дейiн сыры ашылмай келе жатқан "Алаш" этнонимiнiң мән-мағынасына тереңiрек бойлатуға мiндеттейдi. Бұл дерек Шоқан Уәлихановтың "Қазақ шежiресiндегi" пайымдауларының ауқымын одан әрi кеңейте түседi. Ол айтып отырған "Үш Алаш", "Алты Алаш", "Үш мың Алаш" сияқты ұғымдардың Моңғол империясына қосылған елдер мен ұлыстардың санын көрсететiндiгiн күмәнсiз қабылдаймыз. Төре тұқымының (Шыңғыс хан ұрпақтарының) Алашқа жатпайтындығының да сыры осында: олар — жаулап алушылар, ал алаш балалары — жауланған елдердiң адамдары. Бүгiнгi тiлмен айтсақ, "Алаш" дегенiмiз — империя деген сөз. Дәл қазiр оған сол заманда қанша елдiң, қанша ұлыстың, қанша қауымның кiргенiнiң өзiн түгендеп санап шығу оп-оңай шаруа емес. Тарих бiр орнында тұрған жоқ, қаншама рет дүние мың айналып, бiрнеше дәуiрлер өттi. Талай мемлекет жер бетiнен жоғалып, талай жаңа елдер, жаңа ұлттар дүниеге келдi. Соның бiрi — кешегi қазақ хандығы, бүгiнгi Қазақстан Республикасы. Сондықтан қазақтың қазiргi алты алаш деп жүргенi, Шоқан жазғандай бағзы замандардағы мың сан елдерден империя ыдыраған тұста қалған жұқана болуы әбден ықтимал. “Алаш-алаш болғанда, Алаша хан болғанда, Қазақ-қалмақ, ноғайлар Бәрi сонда бiр болған. Ынтымағы жарасып, Айдың көлдей дүр болған. Едiл-Жайық, Оралды, Өрлей көшiп жайылған. Жан Жәнiбек өлген соң. Тоқтамыс, Темiр болған соң, Ел iшiне жiк түсiп, Үш бөлек болып айырылған. Қазақ, ноғай қаблада Мұсылманға жан тартып, Дiн үшiн қатты қайғырған. Қалмақ, монғол бөлiнiп, Кәпiрлiгi бiлiнiп, Күн шығысқа қайырылған Iшiн буды сонда көп, Алтайды мекен жай қылған”, — деген ежелгi ел аузындағы жыр — Шыңғыс хан сарбаздарының сапында Алтайдың арғы жағынан келген бабаларымыздың сол бiр ынтымағы жарасып, жарты әлемдi ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстаған дәуiрлерiн аңсаудан туындап, бүгiнгi күнге дейiн өшпей жеткен, мәнiне бойлаған адамға көп жағдайды аңғартатын санамызда сарнап тұрған сай сүйегiңдi сырқыратар сарын… Ал, ендi Алаша хан кiм? Қалың қазақ үшiн қасиеттi Ұлытаудағы Алаша хан мазары кiмдiкi? Осы сұрақтар төңiрегiнде ойланып, толғанып көрейiк. Бұл мазарда Ахмет ханның да, Абулжаның да, Алашаның да, Хақназар ханның да сүйектерiнiң жатпағандығы қазiргi кезеңде анық белгiлi болып отыр. Бұл мәселе ғылыми тұрғыдан әбден дәлелденiп, бұрынғы жасалған жорамал-жосықтар iс-жүзiнде күн тәртiбiнен көзi қарақты оқырмандардың барлығына мәлiм. "Алаш" сөзi империя ұғымын беретiн болса (бұл жайды жоғарыда айттық), онда "Алаша хан" — император (қаған — хандардың ханы) деген мағынаға ие екендiгi айтпасақ та түсiнiктi. Монғол империясын басқарғандардың (1206 жылдан 1294 жылға дейiн өмiр сүрген -Қ.А.). Шыңғыс қағаннан өзгелерiнiң (Өгедей, Күйiк, Мөңке, Құбылай) барлығының бақида жамбастары тиген жерлерi белгiлi. Екiншiден, Шыңғыстан басқалары Ұлытау аймағынан алшақта өмiр сүрдi, билiк жүргiздi. Сондықтан, қисынға келсек, Алаша хан мазары тек қана Шыңғыс хандiкi болуға тиiс. Бұл болжамды маған дейiн де айтқандар бар. Ол пiкiрлерге кейiнiрек тоқталамыз. "Дала уалаятының газетiнде" (№13,14 және 18, 1897 ж.) "Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасында қазақ арасында бар сөз" деген тақырыппен көлемдi әңгiме жарияланған. Оның Атбасар оязы, Бағаналы қазақтарының аузынан жазылып алынғаны көрсетiлген. Алашаның Жошының әкесi екендiгiн тақырыбының өзi айқалап айтып тұр. Бұл аңыз-әңгiме — қазақтың байтақ даласының басқа өңiрi тұрғындарының емес, Жошымен бiрге келiп, осы аймақты бiрге жайлаған, оны о дүниеде арулап жөнелткен, оған етене жақын елдiң адамдарының атадан балаға ауызша мирас болып жеткен жәдiгерi. Менiңше, зерттеушiлердiң бұл ерекшелiктi де аттап өтуiне болмайды. Әрине, әңгiме ауызша айтыла-айтыла келе кейбiр өзгерiстерге ұшырағаны (мысалы, Алашаны Бұқар деген ханның баласы едi деген сияқты) көрiнiп тұр. Ондағы Жошының қайтыс болуы, қайғылы хабарды Алаша ханға естiрту, бұны ханға өзiнiң жақсы көретiн жыршысы Кетбұғының жеткiзуi, содан соң Домбауыл батырдың құландарды қырғынға ұшыратуы және т.б. осы оқиғалар жайлы қазақ арасына кеңiнен тараған басқа да көптеген аңыздарды нақтылай түседi. ХIХ ғасырдың аяғында жарияланған бұл әңгiмеге байланысты өз пiкiрiмдi бiлдiрiп өткендi жөн көрiп отырмын. Әгәрәки, осы мағлұмат Алтын Орда заманында хатқа түскен болса, онда ол ешқандай күмәнсiз бүкiл әлем ғалымдары тарапынан нақты тарихи дерек ретiнде қабылданған болар едi. Сөйтiп, Алаш және Алаша хан төңiрегiндегi бүгiнгi қисапсыз қиял мен жосықсыз жорамалдардың бiрi де дүниеге келмес едi. Тiптi авторы белгiсiз қолжазба болған күннiң өзiнде! Амал нешiк, бастарынан бақ тайған көшпендi елдiң тарихы да аттың жалында, түйенiң қомында өздерiмен бiрге көшiп жүрдi. Тарихын дер кезiнде түгендеп алған елдерде жағдай мүлдем басқаша. Бүкiл әлемдiк өркениет негiздерi ретiнде, түрiк дүниесiнiң тарихы тұрғанда, бесiктен белi шықпай жатқан ұрпақтарымызға (5-6 сыныптан бастап) ежелгi Греция мен Рим тарихтары оқытылады. Iшiндегi тарихи деректердiң 90 пайызы пәленбай мыңдаған жыл бұрынғы аңыздар мен мифтердiң (ертегiлердiң) мазмұны арқылы баяндалады. Осындай мәлiметтер нақты шындық, айнымас ақиқат тұрғысында санаға сiңiрiледi. Ал, бiз болсақ, тарих толқыны үшiн қас-қағым сәт бұдан 700-800 жыл бұрын өткен оқиғаларға байланысты өз ата-бабамыз ұрпақтарына ауызша жеткiзген мәндi әңгiмелерге ден қоймаймыз. Жалтақтап, бiрдеңеден қуыстанып жан-жағымызға қарамаймыз. Ресей не дейдi, Қытай не айтады, Монғол не ойлайды деп күтемiз. Тарихымызды басқа бiреулер жазып бергенге әбден бойымыз үйренiп қалған. Дұрыс болсын, бұрыс болсын, солардың ақ дегенi — ақ, қара дегенi — қара. Олар Шыңғыс ханның қайда жерленгенi жайлы қолдарында, ең болмағанда, бiздiң Ұлытау қазақтарынан жазылып алынған әңгiменiң ширегiне татитын мәлiметтер болса, атам заманда-ақ айдай әлемге жар салып, жарқыратып жаңалық ашып тастаған болар едi… Қазақ этнотарихының бiлгiрi Ақселеу Сейдiмбек Алаша хан жайлы белгiлi әңгiмелердi саралап-салмақтай келе былай деп жазыпты: "Жалпы тарихи деректер бiр ойға қалдырады. Көпшiлiкке белгiлi Жошы хан өлген соң арада төрт-бес ай өткенде Шыңғыс хан да дүние салған ғой. Жошының денесiнiң Ұлытау iргесiнде жерленгенi тарихи шындық. Ал Жошы өлгенде Шыңғыс ханның сол өңiрдi жайлап отырғаны да күмән тудырмайды. Ендеше, Шыңғыс ханның сүйегiн мыңдаған шақырым жердегi Қарақорымнан немесе Қытай жерiнен iздеудiң қисыны қалай деген ой келедi. Ал Монғол хандары мiндеттi түрде Қарақорымға жерленедi деудiң қисыны тағы да жоқ, бұл орайда Жошының Ұлытауға, Батудың Сарайшыққа жерленгенiн айтса да болады". Осындай түйсiк тұңғиығы мен сезiм сәулесiне бөленген ойларды ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың да еңбектерiнен кездестiремiз. Ол Ұлытау өңiрiндегi Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл мазарлары жайлы баяндай келiп: "Ел аузындағы әңгiмелерде бұл бейiттердi Алаша хандiкi, Жошынiкi және Домбаланiкi дейдi", — дептi. Сондай-ақ Қаныш Сәтбаев өзiнiң Едiге туралы зерттеуiнде: "… тегiнде Алаша хан деп ел аузы атақты Шыңғыс ханды айтып жүруi де мүмкiн", — деп, сол кездiң өзiнде-ақ байыпты болжамын зерттеушiлер назарына ұсыныпты. Ежелгi түркi дүниесiнiң бесiгi — Алтайдан (Күлтегiн ескерткiшiн еске алыңыз — Қ.А.) басталған Шыңғыс хан шеруi нәтижесiнде ғана бас-басына үй тiгiп, ру-руымен бөлек-бөлек мемлекет болып отырған қазақтардың (қоңырат, керей, найман, жалайыр және т.б. мемлекеттердi еске алыңыз — Қ.А.) бiр шаңырақтың бiр тудың, бiр дiннiң астына бiрiккендiгiн, басымыз қосылып, бiрте-бiрте жаны да, жерi де мол елге айналғандығын қалай жоққа шығарамыз? Шыңғыс ханды қанқұмарлық пен қатiгездiк, жабайылық пен жексұрындықтың символы қылып санамызда қалыптастырған кешегi кеңестiк тарих, кеңестiк идеология. Болмаса, монғол шапқыншылығының орыс ұлтын ордалы елге айналғандығын коммунистiк iлiмдi қолдамай, Қазан төңкерiсiнен кейiн шетел ауып кеткен Еуразиялық идеяның негiзiн қалаушылар, ғылыми еңбектерi дүние жүзiне танымал, шовинистiк құлықтан ада аса iрi гуманист тұлғалар асқан iлтипатпен ашық айтып, тайға таңба басқандай жазып кеткен (олардың еңбектерi Ресейде Кеңес үкiметi құлағаннан соң ғана жарияланып жатыр). Г.В.Вернадский: "Орыс мемлекетiнiң дамуының негiзгi тарихи желiсi латыншылдық жаулап алған батыс Русьте емес, монғолшылдық билiк құрған Шығыс арқылы тартылды. Шығыстағы орыс жерлерi нәсiлi басқа моңғол мемлекетiнiң құрамына кiрдi. Алайда бұл ел провинциалдық держава емес, бүкiләлемдiк империя болатын. Бұл империя өзiнiң бөлiктерiнiң — соның iшiнде Русь жерiнiң iшкi мәдени дамуына кедергi жасаған жоқ. Бұл империя өзiнiң Батыстағы көршiлерi — Литва, Венгрия, Польшамен күрес жүргiздi, ал бұл елдер орыс халқының да дұшпандары едi. Моңғол-татар толқыны орыс халқын латындық Батыстан қорғап тұрды. Моңғол империясы құлағанмен оның Жошы ұлысы, Алтын Орда сияқты бөлiктерi бұрынғы империя кезiндегi дәстүрдi сақтап, Батыспен күресiн жалғастырып отырды". П.Н.Савицкий: "Материалдық өлшем тұрғысынан алғанда ХIII ғасырдың басындағы Русь түкке тұрмайтын едi; артта қалу Батыспен салыстырғанда он есе, жүз есе едi; осындай нағыз "артта қалу" татар езгiсiнен кейiн емес, оған дейiн орын алған болатын! Русьтiң бақыттылығы, сол кезде, әбден iштей iрiп, жер бетiнен жойылар шақта, басқаның емес, татарлардың қолына түскенiнде… Билiк басындағылар қан араластыру арқылы болсын, үлгi-өнеге көрсету арқылы болсын, Ресейге әскери тұрғыда ұйымдасуға, мемлекеттiк басқару орталығын құруға, қисайған денесiн тiктеуге оң ықпал еттi; олар Ресейдi қуатты "ордаға" айналардай сапаға жеткiздi". Мiне, орыстың шынайы патриоттары, ғұлама ойшылдары Моңғол империясының Ресейдiң ел болып қалыптасуына игi әсерiн осылай бағалаған! Бiздiң өзiмiзден гөрi тарихымызды, тегiмiздi отарлау барысында шұқшия зерттеген орыстар тәуiрлеу бiлген тәрiздi. Орыс ұлтшылдары (жаман мағынасында — Қ.А.) қазақтарды Шыңғыс хан ұрпақтары деп таныған. 1907 жылғы Ресей ауыл шаруашылық Бас басқармасының бастығы Крюковтiң бiр жиналыста айтқан сөзi 1995 жылы табылып, орталық қазақша газеттерде жарияланды. Ол былай дептi: "Қырғыз-қайсақтар Шыңғыс хан мен Ақсақ Темiрдiң тiкелей ұрпақтары. Олар жер бетiнен жойылуға тиiс!". Ал қазақ даласының шұрайлы аймақтарына қарашекпендiлердi құмырысқаша қаптатқан Ресейдiң Министрлер кеңесiнiң төрағасы (1906-1911) П.А.Столыпиннiң: "Шыңғыс ханды бiз монғол деймiз. Нағыз моңғолдар — мына қырғыз-қайсақтар. Олар сол ханнан тарағандар", — дегенiн де сол тұста баспасөз беттерiнен оқып бiлдiк. Бұлар да бiздердi ойландыруға тиiс сөздер. Жоғарыда толық келтiрiлген "Алаш-алаш болғанда" деген тiркестен басталатын өлеңнен де көңiлi ояу пенде көп жайды аңғарады. Бiрiншiден, "алаштың алаш болуы" Шыңғыс ханның арқасында. Екiншiден,"Алаша хан болғандағы" заман — Шыңғыс хан заманы. Үшiншiден, "қазақ, қалмақ, ноғайлардың бәрi бiр болып, ынтымағы жарасқан" кезеңi де осы Шыңғыс хан туы астында топтасқан, ұлт болып ұйыған уақыты. Төртiншiден, жырдан Алаша ханның Жәнiбек, Тоқтамыс, Темiрлерден бұрынырақ өткендiгiн көремiз. Уақыт және саяси-әлеуметтiк жағдаяттар желiсi Алаша хан деген есiмдi тағы да Шыңғыс хан заманына апарып тiрейдi. Бесiншiден, бұл жыр Алтын Орда ыдыраған, керiсiнше Орыс мемлекетi күшейген, алаш қауымының басынан бақ тайған кезде туған. "Орыспен дос болсаң, қойныңда айбалтаң жүрсiн" деген сөз де сол тұста шыққан. Онда ел iшiне жiк түсiп, бөлiнгендi бөрi жейтiн заман туғаны жайлы тiркесiп тұр. Осы тұста тағы бiр-екi мәселе төңiрегiндегi өз пiкiрлерiмдi бiлдiре кетейiн. Әбiлғазы "Шежiре-и түрк" атты шығармасында, Шыңғыс ханның түрiктiң Қара ханнан тараған ұрпақ екендiгi, өз кiтабын жазарда көптеген ежелгi тарихты пайдаланғанын, алдында 18 бума еңбек жатқандығын айтады. Ұлытау өңiрi Шыңғыс хан үшiн жат өлке, өгей аймақ болмаған. Оны Әбiлғазы жазған мына жолдардан анық байқауға болады: "Қара хан атасынан кейiн бүкiл елге патша болды. Қазiргi Ұлытау және Кiшiтау дегендердi ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын. Ол тауларды жайлар едi, қыста Қарақұм мен Сырдың жағасын қыстар едi". Бұндай мәлiмет Қадырғали Жалайыридiң "Шежiрелер жинағында" да бар. Сондықтан оның сүйегi жат жерде қалған жоқ. Түркiлердiң ежелгi мекенiнде, ескi жұртында. Үлкен ұлы Жошымен бiр төбенiң басына жерленбеген себебi де түсiнiктi. Атақты адамдар дала дәстүрiнде әрқашан да бөлек жатады. Ел шатыспайды, белгi жоғалмайды, есте ұзақ сақталады. Мысалы, Алаша ханның да, Жошының да, Домбауылдың да мазарының маңына кейiнгi өткен замандарда қаншама ығай мен сығайлар, жақсы мен жайсаңдар жерлендi, қаншама еңселi мавзолейлер тұрғызылды. Алайда халық олардың аттарын ұмытты. Ел жадында тек "Алаша хан", "Жошы хан", "Домбауыл" мазарлары деген ежелден қалыптасқан атаулар ғана қалды… "Алтын денем қалғыса да, Ардақты елiм солмасын. Бүтiн денем қажыса да, Бүкiл елiм тозбасын! Алтын денем шаршаса, шаршасын, Абзал елiм даңқы артсын. Бүтiн денем қиналса, қиналсын, Бүкiл елiм топтансын" — деп, ел тағдырын өз тағдырынан биiк қойған Шыңғыс ханның (Алаша ханның) өзi басын бiрiктiрген халықтың шынайы махаббатына бөленуi және сол халықтың (алаштың) өздерiнiң көсегесi көгерген заманды аңсауы заңды. Менiң ойымша, қазiргi қазақтың зиялы қауымы бүгiнгi нақты тарихи деректер негiзiнде көтерiлiп отырған мәселе төңiрегiнде топтаса ой қорытып, Алаша хан атауының басын ашып алуға кезек күттiрмейтiн проблема ретiнде қарауға тиiстi. Бұл әңгiмемiз сондай талқылаудың әлқиссасына жарап жатса, қалам ұстағандағы мақсатымның орындалғаны деп бiлемiн.   Қуаныш АХМЕТОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi