“ЖАҺАН-НАМЕ” ЖӘНЕ ӘБСАТТАР ДЕРБIСӘЛI
“ЖАҺАН-НАМЕ” ЖӘНЕ ӘБСАТТАР ДЕРБIСӘЛI
Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидi бүкiл қазақ әлi бiлiп болды ма екен?! Әзiрше ғалымдар ортасына ғана мәлiм есiм. Қазақ тарихының көшбасшысында тұрған адамға уақыт озған сайын, ғасырлар керуенi көшкен сайын iлтипатымыздың арта түсетiнiне шек жоқ. Еуропа һәм Шығыс елдерiнiң кiтапханасының қолжазбалар қорынан "Тарихи-и Рашидидiң" табылуы, сақталуы тектен емес. "Тарихи-и Рашиди" деректерiне көптеген ғалымдар табан тiреп, еңбектерiнде пайдаланған.
Қазақтың шығыстану ғылымының атасы – Шоқан Уәлихановтың осы жәдiгердiң ұйғыр тiлiндегi нұсқасына назар аударуы аса бiр елеулi факт дер едiм. Әрi оның кейбiр бөлiмдерiн орыс тiлiне тәржiмалауы Еуропа, Ресей ориенталистерiнiң назарын аудару мақсатынан туындаса керек. Шоқаннан кейiн қазақтың тұңғыш тарихшысына көз тiкке Әлекең Марғұлан ағамыз едi. "Тарихи-и Рашидидiң" дүниеге танылып кетуiне үлкен себепкер болған Денисон Росстың аудармасы едi. Бұл аударма Лондонда екi мәрте басылып шыққан. 2003 жылы Тарихи — Рашиди парсы тiлiнен қазақ тiлiне тiкелей қотарылды, кiтап Алматыда басылып шықты. Бұны жүзеге асырған ирандық қазақ шығыстанушы Ислам Жеменей едi. Ғалымның өмiрi мен шығармашылығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар Алматы, Тараз қалаларында өткiзiлдi. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешiмi бойынша М.Х. Дулатидiң 500 жылдығы әлем бойынша атап өтiлдi. Ия, Әбу Насыр әл-Фарабиден кейiн Мұхаммед Хайдар Дулатидың Отанына оралуы тәуелсiз мемлекетiмiздiң мәдени өмiрiндегi аса бiр iрi уақиға едi. Ежелгi, ескi заманның ғұламалары энциклопедист ғалымдар болған ғой. Сол шоқ жұлдыздың бiреуi М.Х. Дулати екенi айдан анық. Түркi, парсы тiлдерiнде бiрдей жазған М.Х. Дулатидiң "Жаһан наме" поэмасының Берлин кiтапханасынан табылуы елдiң құлағын елең еткiздi. Осыдан жетпiс жылдай бұрын табылған "Жаһан намеге" Батыс, Шығыс шығармалары аракiдiк назар аударды, сөйтсе онда "тарихи және өмiрбаяндық сыпаттағы мағлұматтар" бар болып шықты… Ал, "Жаһан наменiң" тарихи отанына қайтып оралғанына небәрi он үш жыл толыпты. Поэманы Қашғар қаласынан алып келген көрнектi шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлi едi, "Тарихи — Рашиди" жәдiгерiнiң жай-күйiмен көптен берi айналысып жүрген Әбсаттар iнiмiз үшiн таптырмас олжа едi. Әбсаттар қажы Берлин және Қашғар нұсқаларын салыстыра отырып iске кiрiседi, қыруар жұмыстар жасалады, араб, парсы сөздерi, сөз тiркестерi араласып келетiн Дулати дастанына кейде әдебиеттiң, кейде тiлшiнiң, кейде дiн басының көзiмен құрайды. Әрине империя кезiнде бұл шығармаға емiн-еркiн барып, әңгiмелеу мүмкiндiгi болмаған едi. Әбекең дастанның "мақтау" бөлiмiнен бастап, аяғына дейiн адақтап, зерттеп шығады. Шығыс шығармасын шырайын шығарып зерделеу оңай шаруаның бiрi емес дер едiм. Сөздерiнiң аржағында қат-қабат астар жатады. Кезбелiк жағдайды басынан көп кешкен М.Х. Дулати осы дастанын ерекше бiр шабыттың шыңына шығып отырып жазғанға ұқсайды. Өлеңi тағдырымен тығыз байланысты боп келедi. Уларға вафа қилмади бу жаһан, Сану мандек аввараларға на сан?! Оларға опа қылмады бұл жаһан, Сенiң мендей кезбеде тағдыр-ау нең бар, Деп ақын тағдырына наз өкпесiн бiлдiредi. М.Х.Дулати "Жаһан намеде" өз өмiрiнiң жолдарын баяндау арқылы, бiрқатар белестердi, тарихи оқиғаларды қамтып өтедi. "Тағдырдың зорлық, зұлымдығын ұмыт етiп, шаттық, қуаныш кесесiн нәр етiп", хандар арасындағы қақтығыстарды жорыққа қатысқан жылдарын, Фируз шаһтың басынан кешкен жағдайларын бастап шаһтың әңгiмесiмен тамамдайды. Поэманың басты дiңгегi – махаббат, адалдыққа, сүйiспеншiлiкке арналған гимн сияқты оқылады. Автор тағдыр жөнiнде терең тұжырымдар жасап өтедi, домбыраның қос iшегiндей кейде қуаныш, кейде мұң, кейде азап, кейде шаттық күндерiн, айларын басынан өткiзiп жатады. М.Х. Дулати Фирдоуси мен Лутфидiң арасындағы араб, парсы, түркi шайырларын тәуiр бiлетiндiгiн танытып отырады. Сондай ұлы ақындардың ықпалында қалып қоймай өзiнше өрiстi, өрнектi жол тауып кеткен. "Жаһан намеге" үлкен дайындықпен кiрiскенi байқалады, моншақ маржандарды тiзгендей уақиғаларды келiстi қиюластырып, өрнегiн келтiрiп, нақыштап нәрлейдi. Поэмада әр кейiпкердiң өз орны, суретi, портретi, характерi бар, өйткенi, олар сол ортада өмiр сүрген адамдар, бәрi де автордың көз алдында тұрады, сондықтан да оқырманға қолға ұстатқандай етiп ұсынады. Дастан ақылмандылыққа, фәлсафалық түйiндерге толы болып келедi, автор әрдайым сабырға, салмаққа, бiлiмдiлiкке, әдiлетке шақырып отырды. Мауереннахр ақындары әдеби туындыларын көбiнесе шағатай тiлiнде жазған. Бұл тiл бүгiнгi түркi тiлдес халықтарға жақын тiл екенi анық. Шағатай тiлiнiң биiгiне көтерiлген заманы ХV ғасыр едi. Өзбек әдебиетiнiң классигi Әлiшер Науаи түркi жұрты әлемiнде тұңғыш рет "Хамсаны" ("Бестiктi") шағатай тiлiнде жазған едi, "ескi өзбек тiлi" деп те айтылып жүр. Жүсiп Баласағұни, Бабыр, М.Х.Дулати, Ә. Науаидiң шығармаларында осы орайдан келгенде тiлдiк айырмашылықтар шамалы боп келедi. Шағатай тiлi бүгiнгi түркi тiлдес халықтардың тiлiне жақын қашық емес… Сонымен Бас мүфтиiмiз қыруар тер төгiп бiрнеше жыл қатарынан еңбек жасап, "Жаһан наменi" халқына қадiрлi сый ретiнде тартып отыр. Түркi (қазақ) халқының ұлы перзентi Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың әйгiлi поэмасы әлi талай тiлшiлердiң, әдебиетшiлердiң, тарихшылардың зерттеулерiне тиек болатынына сенiм мол. Ө.К.КҮМIСБАЕВ, ақын, профессор, шығыстанушы