Жаңалықтар

ДУЭТТIҢ АТЫ: ЖАЗИРА МЕН ЖАНБОЛАТ

ашық дереккөзі

ДУЭТТIҢ АТЫ: ЖАЗИРА МЕН ЖАНБОЛАТ

Бүгiнгi қоғамда өмiрде де, өнерде де жолы болғыштардың дәуренi жүрiп тұр. Бұның бизнеске де, өнерге де, талаптыға да, таланттыға да қатысы бар. Шын мәнiнде, iлуде бiреу болмаса, бүгiнде жұлдызы жанып жүргендердiң көбiсiнiң қалтасы шешiп жүр. Қалтаң қалың болмаса, сенiң талантыңның құны көк тиын. Сондықтан, әуелi қалтаны қалыңдатпаса, өнерде биiкке шырқауың да неғайбыл. Оны қаптаған дуэттер мен триолар, "жұлдыздардан" байқауыңызға болады. Мұның арасында қайсысы шын талант иесi, қайсысы жасанды "компьютерленген" әншi екенiн ажырату мүмкiн емес. Оған батыстың тарсыл-гүрсiлiн тағы қосыңыз. Өйткенi, дауыста айып жоқ. Тамылжыған бұлбұлдың үнi болмаса да, сыңғырлап тұр. Әлде компьютер сыңғырлатты ма, кiм бiлсiн?!

Қанша қиын кезең болса да, қазақтың рухани өнерi құлдыраған емес. Және ол өзiнiң ұлттық құндылығынан айрылған емес. Заманды қанша нарық билесе де, өнердiң аты өнер. Оған тек шын таланттылар ғана төзе алады. Ал ұлттық өнердi жасайтындар да сол өнердiң суығына тоңып, ыстығына күйiп жүрген жандар. Әрине, олар үшiн, бүгiнгiдей қиын кезеңде өнердi ұстап қалу оңайға соқпасы да анық. Соған қарамастан, қазақ ұлттық өнердiң тiзгiнiн ұстап, өнерден кете алмай жүрген азаматтардан кенде емес және кенде болмайды да. Сондай жандардың бiрi – сахна төрiнде ендi-ендi ғана шығып жүрген жас дарындар Жазира мен Жанболат. «Неге Жазира мен Жанболат?» деп сұрасаңыз, олар өздерiн осылай таныстырады. Өмiрде де, өнерде де. Және оларды бүгiнгi көрерменнiң де осылай танитынына күмәнiңiз болмасын. Әрi алғаш сахнаға шығуға дайындалып тұрғанында аты жөндерiн сұраса, бiрi –Жазира, екiншiсi –Жанболат деп жауап берiптi. Солай "Жазира мен Жанболат" атанып кете барыпты. Көпшiлiкке осы ат ұнайтын да болуы керек. Бiрде сондай көрермендердiң бiрi телефон шалып, "осылай қала берулерiн" өтiнiптi. Бiрi – Ғарифолла Құрманғалиевтiң , бiрi –Зейнеп Қойшыбаеваның класын бiтiрген әншiлер өнерде ғана емес, өмiрде де бiрге жүр. Он жасқа келген ұлдары да гастрольдiк сапарларда қастарында бiрге жүредi. Өнерлi отбасының әсерi тимей қоюшы ма едi, кiшкентай ұлдың ән шырқайтын жақсы әдетi тағы бар.

Жазира да, Жанболат та үлкен сахнаға шыққандарына көп болмаса да, бала кезiнен өнерде жүргендiгiн жасырмай айтады. Ал, үлкен сахнаға көп шығуға "жалқаулық" па, әлде ұяңдық па, себепкер болатын сыңайлы. "Сахнаға көп шығуға болар едi, бiрақ, жалқаумыз ғой деймiн, көп құмарта бермеймiз",– дейдi Жазира. – Бұл өнер адамы үшiн жақсы қасиет емес шығар. Кейде көпшiлiкке танымал болып жүрген эстрада жұлдыздарына қызығып қараймын. Мүмкiн, олардың тынбай еңбек еткендерiнiң арқасында шығар, осындай дәрежеге жетiп жатқандары".

Күнде телеарнаның бетiн бермесе де, кейде концерттерден, кейде кейбiр арналардан қылаң еткен бейнеклиптерiнен байқап қарасаңыз, екеуiнiң де өнерi осал емес. Тыңдағың келмейтiн, тыңдауға тұрмайтын әндердi таңның атысы, күннiң батысы бере бергенше, неге осындай жақсы әншiлердiң әндерiн бермейдi екен деп кейде өкiнесiң. Шынында да, Жазира мен Жанболат та талғампаз әншiлер. Кез келген әндi айтып, сахнаға шыға бергендi ұнатпайтындығы да осында жатса керек. Екi бiрдей өнерлi жанның басын қосқан өнер және эстрада колледжi. Жазира Байырбекова болса, оңтүстiкте Арыстың жағасында дүниеге келсе, Жанболат Ербатыров Сыр өңiрiнен. Екеуiнiң басын бiр арнаға тоғыстырған да өнердiң құдiретi.

– Бала кезiмнен ән салатынмын. Ән салғанға өнер мектебiн бiтiрдi деп ойлайтын шығар. Өнер мектебiн бiтiрмесем де, ән сабағынан беретiн анамның арқасында өнерге бiр табан жақын өстiм. Жалғыз мен ғана емес, отбасымыздағы бәрiмiз де, өнер десе iшкен асымызды жерге қоямыз. Жанболаттың да отбасы өнерлi жандар. Тек олардың iшiнде, өнердiң жолын қуғаны жалғыз Жанболат. Бiз алғаш отбасын құрып, ауылға барғанымызда осылай әншi боламыз, үлкен сахнаға шығамыз, көпшiлiктiң алдында ән айтамыз деп ойлаған да емеспiз. Келiн болып түсiп, ауылға кеттiк. Ауылда жүрген кезде, өнерден бiршама қол үзiп те қалдық. Ауылда жүргенiмiзде, аудандық Мәдениет үйiне жұмыс сұрап барғанымыз бар. «Бiр орын бар» деп, менi алатын болды. Үйдегiлер "Екеуiң бiрдей жұмысқа кiрмесеңдер, керегi жоқ" дедi. Келiн болған соң, ата-ененiң рұхсатынсыз кете алмайсың ғой. Атам мен енем өз баталарын берiп, шығарып салды. Қалаға келген кезде де, әншi боламыз деп ойлаған жоқпыз. Сондықтан болар, екеумiздiң күн көрiстiң қамымен төрт бес жылдай мейрамханада ән салғанымыз. Алғашында үлкен сахнаға шығу, мен үшiн орындалмас арман сияқты көрiнетiн. Сахнада жүрген әншiлерге де қызыға қарайтынмын. Сөйтiп жүргенде, мейрамханадан кетiп қалдық. Шын мәнiнде, мейрамханада ән салғаннан шаршадық. Содан кейiн ғана әншiлiкке шындап бет бұра бастадық қой. Алғаш бiздi үлкен сахнаға алып шыққан "Тамаша" ойын сауық отауы болатын, – дейдi Жазира. Оған дейiн кiшiгiрiм концеттерге шығып жүрiптi. Бiреулер сияқты демеушi тауып жарқырып бiрден шығып кете қойған да жоқ. Екеуiнiң бар үмiтi өздерiнде. Сондықтан болр, тәуекелге бел буып жүргендерi.

"Алғашқыдай емес, қазiр тыңдармандарымыз үйрене бастаған сияқты. Бiздiң дауысымызға лайық әндер әкелiп, "көрiңдершi" дейтiн композиторлар де көбейе бастады. Сол әндердiң арасынан жақсыны таңдап алып жатамыз. Әндi екеумiз көбiне бiрге таңдаймыз. Кейде мен, кейде Жанболат айтып жатады. Жеке-жеке әндер де жаздырдық. Бiрақ, үлкен сахнада жеке әншi боп шыққан жоқпыз. Дуэт болып танылған соң, солай қалсақ деген ойымыз бар. Ешкiмнен барып, ән сұраған емеспiз. Бiзге әндi көбiрек жазған ағам Ербол Байырбеков. Ерболдың "Сүйгенiңдi бағала" атты әнi бiздi көпшiлiкке танытты. Кейде домбырамен ән салғым келедi. Соңғы кезде жиi армандап жүрмiн. Ол үшiн домбырамен аранжировка жасату керек. Әкемнiң қайтыс болғанына төрт-бес жыл болды. Әкем түсiмде жиi домбырасын ұстатып жүредi. Кейде домбырасын бере алмай қалып жатады. Сондай кездерi оянғанымда "әкем менiң домбырамен ән айтқанымды қалап жүр ме?" деп ойлаймын. Өйткенi, бала кезiмнен әндi тек домбырамен орындап өстiм ғой. Кейде кiшiгiрiм отырыстарда домбырамен ән салғанымда елдiң домбыраға деген ықыласын байқайсың. Эстрадамен ән айтқаныңменен домбыраның жөнi бiр бөлек. Оның үстiне, кiшкентайымнан Жанар Айжанованың репертуарымен өстiм. Сахнаға шыққанымда "Болашақ Жанар Айжанова" деп шығаратын. Домбыра тартатын қыздардың көбi сол кiсiлерге елiктеп өстi ғой",-дейдi Жазира.

Екеуiн танытқан бейнеклип дейiн десек, бейнеклиптi телеарналарға жарнама қып таратайын десе, ол тағы да қаржыға тiреледi. Сондықтан болар, олардың бейнеклиптi айналдыру арқылы танылмағанына көз жеткiзесiз. "Жазира мен Жанболатты" танытамыз, елге әйгiлеймiз деп жүрген продюсер тағы жоқ. "Продюсер боламыз деп айтатындар көп. Бiрақ, отбасылы адамдарға жұмыс iстеуге олардың да жүрегi дауаламайтын болар. Олардiкi сөз жүзiнде ғана қалып отыр. Әзiрге екеумiз бiр-бiрiмiзге демеушi, бiр-бiрiмiзге продюсермiз. Мерекелiк думандарға, концерттерге қатысып тапқан тиын-тебендерiмiзге ән жаздыртамыз, клип түсiремiз. Ешқашан бiреуден ақша алған емеспiз", – дейдi Жазира күлiп.

Төрт-бес жыл бойы мейрамханада жұмыс iстеп тапқан ақшаларына пәтер алыпты. Одан қалғанын ән жазып, аудио таспасын шығарыпты. Репертуарларының жартысын сол мейрамханада жүрiп жаздыртқан көрiнедi.

"Төрт-бес жыл бұрын сахнада ән айта бастаған кезiмде, фонограммамен айтуға қатты қиналатынмын. Мейрамханада ылғи өз дауысымызбен орындайтын болған соң ба, әйтеуiр өтiрiк айтып тұрған сияқты көрiнетiн. «Үлкен концерттерде минуспен ән айтуға бола ма?» деп сұраған да кездерiм болды. Қазiр ешқандай концерт олай өтпейдi. Әншiлердiң арасында осы ойымды жиi айтам. Олар менiң сөзiме күледi. Шын мәнiнде таза дауыспен айтқанға не жетсiн?! Сонда кiмнiң шын талантты, кiмнiң жалған екенiн анықтар едi. Ол үшiн мемлекет заң шығару керек сияқты. Заң шықса, техниканы да жақсартуға болар едi. Аппараттар жақсы болса, қиналмай ән айтуға да болады ғой. Онда бүгiнгiдей әншiлерден аяқ баса алмайтындай кезең болмас едi. Кейде қарасаңыз, шын таланттардың көбiнiң демеушiсi жоқ. Оның арасында жолы болып, бағы жанып жүргендер аз. Рас, iшiнде қолұшын берiп, жататындар да аз емес. Бiреулер қолынан келсе, жақсылық жасауға тырысып жатады. Лұқпан Жолдасов дейтiн талантты ағамыз бар. Ол кiсi жастарға көп көмектеседi" – деп қиналады Жазира.

Жазира мен Жанболаттың әндерi өте көп. Олардың көбi әлi жарыққа шыға қойған жоқ. Қазiр екеуi ән жинағын шығару үшiн қызу жұмыс үстiнде. Ол әндерiнiң көбiн ешкiм тыңдай қоймаған. Ол әндердiң де бiр күнi бағы жанатын болар.

"Бiздiң алдымызда бiр үмiт бар. Сол үмiт бiздi жетелеп келедi. Ең бастысы шаршамау керек. Тек қана жақсылыққа сену керек сияқты", – дейдi Жазира Байырбекова.

Екi бiрдей дарынның бар үмiтi – өздерiне деген сенiмi. Ол сенiм алдамаса, түбi әйтеуiр бiр жақсылыққа жететiнiне кәмiл сенедi. Ол үшiн тек тынбай еңбек ету ғана. Әзiрге беталыстары жаман емес, тек тiл-көзден сақтасын!

Гүлзина Бектасова