Жаңалықтар

ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДIҢ ӘДЕБИ БIРЛЕСТIГI ҚҰРЫЛДЫ

ашық дереккөзі

ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕРДIҢ ӘДЕБИ БIРЛЕСТIГI ҚҰРЫЛДЫ

Ұлттық әдебиет болмаса тiлдiң жоғалатыны бәрiмiзге мәлiм. Сол себептен: «Ұйғыр әдебиетi неге мұқтаж?» деген сауал төңiрегiңде ұйғыр қаламгерлерi бас қосып, жастар арасында қаламгерлерiнiң дұрыс танылмай жатуының себеп-салдарына тоқталды.

Олар, әсiресе, мектеп жасындағы бала тұрмақ, кейбiр ұстаздардың өзi қаламгерлердiң аты-жөнiн толықтай бiлмей тiлiн тiлге тиек ете келе, жас мұғалiмдерге көмек ретiнде әрi осындай тығырықтардан шығу мақсатында жас қаламгерлердiң «Тәңритағ» атты бiрлестiгiн құрды. Бiрлестiкке мүше болған әрбiр белдi қаламгер жас қаламгердi тауып, оны шәкiрттiкке алуды өздерiнiң борыш санауы тиiстiгiн бiрауыздан мақұлдасты. Сондай-ақ, бiлiм ордаларында танымал қаламгерлермен қатар, жас қаламгерлермен кездесулер ұйымдастыруды да бiрлестiк ұжымы өздерiне мiндет тұтты. Яғни, әрбiр жазушының еңбегi шыққан сайын оларды жасына қарамастан жас ұрпаққа таныстыру керектiгiн ескерттi. Сонымен бiрге жас қаламгерлердiң еңбектерiн топтама етiп шығаруды да басты назарда ұстану керектiгiн ескерттi. Бүгiнде бiрлестiк мүшелерi Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшiқазақ аудандарында өз орталықтарын құрып та үлгерiптi. Келешекте жас қаламгерлердiң бас қосуымен оның құрамын кеңейтуге болатындығын да айтып өттi. Ол үшiн алдымен бiрлестiк мүшелерi «Қазақстан – менiң Отаным» атты авторлық жинақ шығаруға демеушi табу керектiгiн жиналған қаламгерлерге ескерттi.

Жиналыс соңында бiрлестiк төрағасы етiп Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, «Түрiк өлендерi» фестивалiнiң лауреаты, ақын Абдумежит Дөләтовтi, ал оның орынбасарлығына жазушы Авут Мәсимовтi бiрауыздан сайлады.

Ұйғыр әдебиетшiлерi жастарын жаппай қолдамақ, ал қазақтар ше?!

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ