Жаңалықтар

ДИПЛОМ АЛДЫ, ЖҰМЫС ДАЙЫН

ашық дереккөзі

ДИПЛОМ АЛДЫ, ЖҰМЫС ДАЙЫН

Қазақ-Британ техникалық университетi (ҚБТУ) Президент Н.Назарбаевтың қолдауымен ашылған жоғары оқу орны. Мұнда елiмiздiң экономикасының одан әрi дамуына жан-жақты үлес қосатын бiлiктi мамандар дәрiс алуда. Кеше ғана университет табалдырығын имене аттаған студент, ендi бүгiн бiлдей бiр мамандық иесi. Кез келген бiлiм көкжиегiне еркiн қанат қағуға бел буған бұл жоғары оқу орнының iргесi бекiп, нық сенiммен аяқтан тұрып кеткенiне көзi жеткен. Сондықтан да олар ҚБТУ-ды таңдады.

Таяуда университеттiң қаржы-экономикалық факультетiн алғаш қарлығаштары ұшып шығып, бар-жоғы 230 түлек бiлiм көрсеткiшiн көрсететiн нағыз құжат – дипломын қолдарына алды. Алдыңғы екi жылмен салыстырғанда, биылғы бiтiрушiлердiң ерекшелiгi – олардың энергетика және мұнай-газ индустрия факультетiн бiтiргендiгiнде. Неге десеңiз, бүгiнгi таңда отандық алпауыт компаниялардың құлағында ойнайтын өңкей шетелдiк мамандар. Одан қала бердi, техникалық саланың да тiлiн бiлетiн солар. Тек кейiнгi бiр-екi жылдың көлемiнде ғана техникалық мамандыққа басымдық берiп отырған министрлiк бұл мәселенi нықтап қолға алған сияқты.

Сонымен, ҚБТУ-ды тәмамдаған жас мамандар әлгiндей отандық көшбасшы мекемелерде қызмет iстеп, алған бiлiмiн iс жүзiнде көрсететiн болады. Өйткенi, биылғы түлектердiң барлығы дерлiк дипломмен қоса, қазақстандық ұлттық, трансұлттық компанияларға жұмысқа шақырылып отыр. Оның үстiне қазақстандық ұлттық компанияларына орналасқан жас мамандар университетке келiп, бос орындар жәрмеңкесiн өткiзiп, жоғары курс студенттерiне тәжiрибе жинақтауға мүмкiндiк берген болса, ендi сол компанияларға жұмысқа шақырылуда. Сондай-ақ, университет жанынан ашылған халықаралық экономика мектебiнде бiлiм алған студенттер кәдiмгi Лондон экономика мектебiнiң оқу бағдарламасына негiзделген дипломын алады. Демек, кейбiреулер Лондон экономикалық мектебiнде жылына отыз, қырық мың доллар төлеп оқымай-ақ, осындағы мектебiн бiтiрсе жетiп жатыр. Биыл бұл Лондон экономикалық мектебiнiң ҚБТУ-дағы филиалына 25 оқу гранты бөлiнген.

Салтанатты жиын басында сөз алған әрi қорытындылаған ҚБТУ ректоры Ескендiр Бейсембетов: «ҚБТУ – қазақстандық бiлiм жүйесiнiң брэндiне айналып үлгердi. Сондықтан да келешекте бұл беделден бiр адым да түспейтiндiгiмiз үшiн атсалысайық!» дедi. Бiтiрушi түлектердiң мерекесiне Британдық кеңестiң, ҚР Ұлыбританиядағы елшiлiгiнiң, елiмiз бен шетелдiң iрi алпауыт компаниялары – «ҚазМұнайГаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазгермұнай» және «Shell», «British Gaz», «TengizChevrOil», «Chevron», «PetroKazakhstan» т.б. өкiлдерi қатысты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ