ШЕТТЕГI ҚАЗАҚТЫҢ МҰРАСЫ «МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНУI КЕРЕК
ШЕТТЕГI ҚАЗАҚТЫҢ МҰРАСЫ «МӘДЕНИ МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНУI КЕРЕК
Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында былтырдан берi арнайы Ғылыми орталық жұмыс iстейдi. Оның мақсаты «Диаспорология» ғылымын қалыптастырып, оның дамуына ат салысу. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығында бұған дейiн осы салада азды-көптi iстелiп жатқан шаруалар баршылық. Мәселен, ғылыми негiзде болмаса да, естелiк, публицистикалық сарында жазылған Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Дәлелхан Жаналтайдың «Қилы заман, қиын күндер», ғылыми негiздегi Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», Зардыхан Қинаятұлының «Моңғолиядағы қазақтар» секiлдi кiтаптары осы салада атқарылған алғашқы iс-қимылдар болған көрiнедi.
Сондай-ақ, қазақ диаспорасы секiлдi ғылымның кенже қалған саласын зерттеудi Қазақстанда тұңғыш рет қолға алған ғалым, тарих ғылымдарының докторы Гүлнәр Меңдiқұлованың «Казахские диаспоры: истории и современности» атты монографиялық еңбегi де осы Қауымдастық кiтапханасынан жарық көрген екен.
Ал, былтырғы жылдан бастап Бiлiм және ғылым министрлiгi Қауымдастықтың Ғылыми орталығын арнайы аккредитациядан өткiзiп, өмiрге жолдама алуына мүмкiндiк берiптi. Сол ғылыми орталықтың атынан үш жылдық ғылыми жоба жасалып, арнайы тендерге қатысқан Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы 100 баспатабақтық жинақ шығаруға тендерден ұтып алады. Осы тендердi жүзеге асыру барысында биылғы жылы «Өзбекстандағы қазақтар», «Моңғолиядағы қазақтар», «Қытайдағы қазақтар», «Қытайдағы қазақ ақындары», «Өзбекстандағы қазақ ақындары» сияқты кiтаптарды басып шығару қолға алыныпты. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төралқасының төрағасының I орынбасары Талғат Мамашев мырза келесi жылы бұл зерттеу Ресей мен Еуропадағы қазақтарға арналатындығын айтты. Ал, бұған дейiн жарық көрген «Қытайдағы қазақтар» кiтабындағы тарих 1960 жылмен тәмамдалса, «Моңғолиядағы қазақтар» кiтабы 1992 жылға дейiнгi тарихты ғана қамтыған. Талғат Асылұлы ендiгi кiтаптарда содан кейiнгi тарих және бүгiнгi экономикалық-әлеуметтiк ахуалы, сондай-ақ, Қазақстанға көшiп келiп, iрге тепкен ағайынның да жағдайынан мағлұмат бергендi жөн көрiп отырғандықтарын айтады.
Жалпы, қазақ диаспоралогиясы туралы толыққанды ғылыми еңбек жоғарыда айтылған Г. Меңдiқұлованың монографиясымен ғана шектеледi. Шеттегi мұрамызды жинақтауды басты мақсат тұтқан «Мәдени мұра» бағдарламасына осы «Диаспоралогияны» арнайы секция етiп енгiзуге Т. Мамашев мырза ұсыныс еткенiмен, оған әзiрге құлақ асқан ешкiм бола қоймапты. Халық жүрген жерде тарих жүредi. Оның мәдениетi мен тiлi, руханияты мен экономикасы – бұл да әңгiме арқауына айналуы тиiс. Демек, бұған дейiн көмулi жатқан тарихты зерттеу iсi ендi ғана жүйелi түрде қолға алынбақ. Ал, оның «Мәдени мұра» бағдарламасына енуi тiптен құптарлық iс.
Е. ҚҰМАР