ӘБIҚАЕВ НЕ IСТЕП ЖҮР?
ӘБIҚАЕВ НЕ IСТЕП ЖҮР?
Ресейдегi Төтенше және Өкiлеттi елшi қызметiн атқаратын Нұртай Әбiқаев Мәскеуде «үлкен шаруа» тындырып жүр екен. Үлкен шаруа дегенге мемлекеттiк маңызы зор келiсiм жасапты деп ойлай көрмеңiз. Нұртай Әбiқаев пен Ресей гольф қауымдастығының президентi Константин Кожевников ынтымақтастық жөнiндегi келiсiмге қол қойыпты. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттiгi хабар таратты.
Сонымен екi гольф ойнаушы гольф ойынын дамыту үшiн жасалынар бiрiккен шаруалардың санын көбейтуге мүдделi. Гольф-индустриясы саласында ынтымақтаса жұмыс iстемек. Ауқаттылардың ойыны саналатын бұл ойынның Қазақстандағы қамқоршысы Әбiқаевтың өзi. Ендi Ресей гольф қауымдастығымен бiрiгiп iс атқармақ. Келiсiмге қол қойғаннан кейiн Әбiқаевтың өзi бастап, Ресей гольф қауымдастығы өкiлдерiмен бiр партия ойнапты. Соңынан Ресей эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткен. Iс-шараның демеушiсi «ҚазРосГаз» компаниясы. «Ынтымақтастық жөнiндегi» келiсiм рәсiмiне қыруар қаржының жұмсалғаны айтпаса да түсiнiктi.
Ал Әбiқаев мырза Ресейдегi орыстанып бара жатқан қандастарымыз туралы, ондағы Қазақ мәдени орталықтары мен Мәскеудегi студент қазақ жастарының хал-ахуалы туралы не бiледi екен? Шет елдердегi Қазақстан елшiлiктерiнiң «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп қатып қалатынын шетке бiр рет болса да шыққан адам жақсы бiледi. Бұл тұрғыда Ресейдегi елшiлiк те аса ерекшеленбейдi.
P.S. Айтпақшы, гольф клубының ауқаттылар ойыны екенiн жоғарыда жаздық. Қаланың шетiнде, Шаңырақ пен Бақайда халық он сотық жерiнен айырылайын деп зар еңiреп жүргенде, қаланың экологиялық жағынан таза ауданында қаншама гектар жердi гольф клубы алып жатыр. Оның иесi «еуразиялық» миллиардерлер.
Гүлнәр Мұқанова