Жаңалықтар

ТӘУЕЛСIЗДIК ҮШIН КҮРЕСКЕН ТҰЛҒА

ашық дереккөзі

ТӘУЕЛСIЗДIК ҮШIН КҮРЕСКЕН ТҰЛҒА

"Түркiстан" газетiнiң үстiмiздегi жылдың 17-мамыр №20 санында Елiм Алтайұлының "Оспан батырдың қасиеттi соғысы" атты деректi мақаласы жарық көрген едi. Бiз ол мақаладағы тарихи деректердi тағы да толықтыра түсу мақсатында төмендегi мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Оспан батыр 1945 жылы Сарысүмбе қаласына көшiп барып, сол жерде губернаторлық мiндетiн атқарады. 1946 жылы көктемде Көктоғайдың Қу үй деген жерiндегi өзiнiң байырғы мекенiне қайта көшедi. Бiр жыл iшiнде ол өзi басқарып тұрған үкiметтiң қандай үкiмет екенiн толық танып бiледi. Сондықтан ол бұл үкiметтен бас тартып, өзiнiң бұрынғы мақсатын жүзеге асыру үшiн жаңа майдан ұйымдастыруға кiрiседi. Бұл жөнiнде сол кездегi Шыңжаң өлкелiк гарнизонының қолбасшысы, генерал-лейтенант Сүн Чилан былай деп жазады: "Мен 1947 жылы қыста Гучыңда (қазiргi Шонжы қалашығы) Оспанмен кезiккен кезiмде ол маған бұл жөнiнде толық сөйлеп берген едi. Оның сондағы сөзiнiң есiмде қалған негiзгi мазмұны төмендегiше: "Бiз Шыңжаңдағы қазақтар мен Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстандағы қазақтар бұрыннан қандас бiр елмiз. Кеңес Одағы Қазан төңкерiсiнен кейiн өз қарамағындағы қазақтарды жауыздықпен жаныштады. Көп адам қырылды. Мал-мүлкi тәркiлендi. Дiни сенiмiнен жұрдай болды. Қазiргi Шыңжаң қазақтарының бiразы орыстан зорлық-зомбылық көрiп қашып келгендер. Сондықтан бiз, қазақтар Кеңес Одағынан төтенше қорқамыз. Және өлердей өшпiз. 1944 жылы Iле оқиғасы болған кезде мен Iледегi қазақтардың бастығы Әлиханмен 1. Шыңжаңды Кеңес Одағына қаратпақ. 2. Дiни сенiмдi батыл қорғау жөнiнде астыртын кезiккен едiм. Осы 2 негiзгi пiкiрге Әлихан мақұлдық бiлдiрген соң ғана, мен Iле оқиғасына қатынасып, олардың қолдаушысы болдым. Кейiн көп уақыт өтпей-ақ, Әлихан тобындағы кейбiр басты жауапты адамдардың Кеңес қарастылығына өтiп кеткенiн бiлiп қалдым. Мәселен, әскери қолбасшы Ысқақжан (Ысқақбектi айтып отырған болса керек. — Ж. С.) Кеңестiк қырғыз болып Кеңес армиясында командир болған екен. Ахметжанды алсақ, ол бұрын Құлжада туған ұйғыр болса да, жас кезiнде Кеңесте болған, әлдеқашан Кеңес қарастылығына өтiп болған адам екен. Одан басқа көптеген адамдар да ұзақ уақыт Кеңесте тұрған, бiреулерi Кеңесте оқыған болып, басым көпшiлiгi Кеңес қарамағындағы адамдар екен. Олар Кеңес Одағының Құлжадағы консулдың нұсқауымен жүредi екен. Бiз қазақтар бұндай үстемдiк астында жасауды қаламаймыз. Әлихан және Iле төңкерiсiндегi қазақтардың кейбiр басты адамдары олардың мұндай iстеуiне қосылмаған едi. Көпшiлiгi олар жағынан қолға алынды. Ахметжан қатарлы адамдар менiң Әлиханмен болған ара-қатынасымды және өздерiн қолдамайтындығымды бiлгеннен кейiн, менi өздерiнiң айтқанымен жүрмейдi деп ойлап, көзiмдi жоғалтып жiбермекшi болды. Олар Алтай аймағындағы қазақтардың тағы бiр бастығы Дәлелханды маған қарсы қойып, оны менiң орныма шығаруға ұрынып көрдi. Сондықтан, мен орталық үкiметтен жерiдiм. Мен сөзсiз олармен ең соңына дейiн күресемiн". Мiне, осылайша Ресейдегi, мейлi Қытайдағы болсын, мейлi орыс, яки қытай, яки қазақ болсын, Қызыл үкiмет десе, Коммунист десе төбе шашы тiк тұратын Оспан батыр 1946 жылдан бастап, Коммунистердiң ашығын айтқанда, Кеңес Одағының тiкелей басқаруындағы Шығыс Түркiстан армиясымен соғысуға бел байлайды. 1943 жылы Моңғолия арқылы Оспан батырға көмекке келiп, бiрнеше жыл iстес болған коммунистер, ендi қожасының бұйрығы бойынша, Оспан батырға қарсы әшкере соғыс ашады. Шығыс Түркiстан армиясының бас қолбасшысы генерал-лейтенант Ысқақбек, генерал-майор Дәлелхан қатарлы қуыршақ көсемдер армияның барлық күшiн Оспанға қарсы бағыттайды. Құлжадағы, Тарбағатайдағы халықтың жас балаларын алдап-арбап, армияға шақырып, Алтайдағы Оспан батырға қарсы соғыс шебiне аттандырады. Бiрақ, таулы жердегi соғысқа дала ұрысынан партизандық қимылға әбден ысылған Оспан батыр оларды келген бетiнде Алтай топырағына табаны тиген жерде қырып, тоз-тозын шығарады. 1947 жылы Көктоғайда қол бастап, соғысып жүрген полковник Нүсiпхан Көңбайұлы қол астындағы барлық әскерiн, Құлжадан ертiп келген қыршын жастарды соғыстың өртiне тастайды да, өзi бiр басын сауғалап, қасына 40 адам ғана ертiп, Өрмегейтi асуы арқылы Моңғолияға қашады. Дәл осы кезде Алтайды билеп тұрған қуыршақ генерал Дәлелхан Сүгiрбайұлы да армияны жау қолына тастап, өз басының амандығын күйттеп, туған-туыс, қатын-баласын ғана ертiп, Жеменей шекарасы арқылы Қазақстан жерiне қашып өтедi. Сонымен 2-дүниежүзiлiк соғыста жеңiске жеткен, соғысқа әбден төселген күштi армиясы бар Кеңес Одағы полк-полк әскерге Шығыс Түркiстанның әскери формасын кигiзiп, шекарадан өткiзiп жiбередi. Олар Жеменей, Бақты шекарасынан өтiп, әр бағыттан ұмтылып, Оспан батырмен соғысқа кiрiседi. Алтай тауының арғы бетiнен Моңғолия армиясы тағы аттанады. Күштi жаудың алдында амалсыз шегiнiп, Бәйтiк тауынан, одан Қаптық тауына шыққан кезде, Моңғолия Қызыл армиясының шабуылына ұшырайды. Батыс жағынан Кеңес Одағының, солтүстiк жағынан Моңғолияның Қызыл армиясы, оңтүстiктен, яғни Үрiмжi жақтан Қытай Қызыл армиясы шабуылына тап болған Оспан батыр соғыс шебiн ерлiкпен жара отырып, Гансу өлкесiне қарай бет алады. Содан ары Тибет арқылы Үндiстан, Пәкiстанға өтiп барып, бiр мезет күш жинап ап, қайтып келiп соғысуды ниет қылады. Бiрақ, қарсы алдынан тағы да Қытай Қызыл армиясы шығады. Қайда барса да, Қорқыттың көрi кездеседi. Барар жер, басар тау қалдырмай, үш жақтан анталаған жау әскерi, Оспан батырды қыспаққа алады. Мiне, осылайша бастабында Қытай қолымен, кейiн КСРО, Моңғол, Қытай қатарлы үш мемлекеттегi коммунистiк Қызыл Армиямен он жыл соғысқан, олардың 20 мыңнан астам адамын қырып, дүниенi дүр сiлкiндiрген Оспан батыр ақыры 1951 жылдың ақпан айында Канамбал тауының Мақай деген жерiнде қапыда қолға түседi. 1951 жылы 28-сәуiр күнi өзiнiң ата жауы, қас дұшпаны Коммунистiк Қытай үкiметi қолынан Үрiмжiде атылады.

Жақсылық СӘМИТҰЛЫ

Алты Алаштың азаттығы, бүтiн қазақтың бiрлiгi, бар қазақтың тұтастығы жолында — ХХ ғасырдың бел ортасында Шығыс Түркiстанда болған ұлт-азаттық көтерiлiстiң бас қолбасшысы Оспан батыр Iсләмұлының рухына арналған республикалық ақындар айтысына шақырамыз. Бас бәйге — автомобиль. Бас демеушi жеке кәсiпкер — Ыбырайұлы Аллажар. Басталуы — 23 маусым, сағат 11-де. Мекен-жайы — Ө. Жолдасбеков атындағы республикалық Студенттер сарайы. Келем деушiлерге есiк ашық.