Жаңалықтар

БАРЛЫҚ ТҮРКI БАЛАСЫ – БАУЫРЫҢ

ашық дереккөзі

БАРЛЫҚ ТҮРКI БАЛАСЫ – БАУЫРЫҢ

1743 жылы жоңғар қалмақтарынан өз ата-мекенiмiздi азат еткеннен кейiн басталған ұйғыр, қазақ халықтары қарым-қатынасының екi жарым ғасырдай уақытқа созылған тарихы бар. Көршi халықтар арасында неше жүздеген жылдар бойы ұйғыр мен қазақ арасында ғана ешқандай соқтығыс, қантөгiс болып көрген емес. Ұйғыр да, қазақ та момын, қонақжай халықтар.

Ұйғырлар – ежелден отырықшы өмiр кешкен тамыры тереңде жатқан өзiндiк өркенде тарихы, бай мәдениетi мен өнерi бар және үлгi тұтарлық дәстүрi бар халық. Ұйғырдың өзiндiк ерекшелiгi мол мәдениетi мен ән-жырының, монументте дiни архитектурасының шығыс елдерi мәдениетте елеулi әсерi болды.

Соңғы бiрер ғасырда ауылы аралас, қойы қоралас бола жүрiп, бiте қайнасқан Жетiсу өңiрiндегi екi халықтың тұрмыс-тiршiлiгiнде, әдет-ғұрпы мен әлеуметтiк жағдайында өзара жақындасу айқын сипат ала бастады. Соның әсерiнен болса керек, қазiргi Қазақстан, Шығыс Түркiстан, Орта Азия ұйғырларының мiнез-құлқы мен психологиясында айырмашылық та жоқ емес.

Ерте кезден қалған игi дәстүрдiң бiрi – қазақ пен ұйғырдың ер азаматтарының бiр-бiрiмен тамыр болуы. Тамыр деген сөз бiр-бiрiнiң мұқтажына қарайласып, жәрдемдесiп, сұраған бұйымтайын берiп, сый-сияпатын аямайтын, арасынан қыл өтпейтiн айнымас дос мағынасын бiлдiредi. Қазақтар мал шаруашылығы өнiмдерiмен қарбаласса, диқаншы ұйғыр ағайындар бау-бақша, егiн өнiмдерiн бөлiстi. Жетiсу ұйғырлары тар жол, тайғақ кешулерде қазақ халқымен бiрге болып, бiр-бiрiне көмек қолдарын созып, бауырмалдық бiлдiрiп, тәуелсiздiк жолында патша отаршыларына қарсы бiрлесе күрестi.

«Жетiсу ұйғырдың жерi, ұйғыр қанағатының құрамына кiрген» деген жұрт арасына дүрбелең тудырған сөзге қатысты мынаны айтар едiк.

Бiрiншiден, ерте заманнан бергi уақытта кiмнiң жерiн кiм басып алып, уақытша үстемдiк етпедi дейсiз. Айталық, жарты әлемдi бағындырған монғолдар өздерi басып кiрген жерлердi өздерiне тиесiлi территория деуден аулақ емес пе. Екiншiден, ұйғыр этнонимi III-ғасырдан белгiлi. Алайда 840 жылы Сiбiр мен Орхон, Селенга өзендерi алқабынан үдере көшкен бұл тайпаның қазiргi ұйғыр этнонимiне қатысы айта қаларлықтай емес. Керiсiнше, ертедегi ұйғыр тайпасының қазiргi қырғыз халқы мен Сiбiр түркiлерiне қатысты жақтары басымдау болғаны тарихтан белгiлi. Жалпы Шығыс Түркiстан түркiлерi ұзақ уақыт тұрған мекенiне қарай қәшқәрлиқ, яркәнлиқ, турфанлиқ, ақсулық деп әрқалай аталып, тек 1921 жылы ғана Ташкент қаласында өткен зиялы қауымның бас қосқан мәжiлiсiнде атақты түркiтанушы С.Е.Маловтың ұсынысымен қазiргi жаңа ұйғыр тiлiнде сөйлеушi ұлысқа жалпыхалықтық атау ретiнде ежелгi «ұйғыр» атаулы телiндi. Демек ерте заманғы ұйғыр тайпасын, ұйғыр мемлекетiн қазiргi ұйғырлармен шатыстырмауымыз керек. Батыс Моңғолия мен Сiбiр жерiнде құрылған Ұйғыр қағанатының Жетiсу мен Шығыс Түркiстанға еш қатысы жоқ.

Ұйғыр халқына қатысты бiржақты терiс пiкiр айту жөнсiздiк. Әрине әр халықтың мiнез-құлқы мен менталитетiнiң жағымды жақтарымен қоса аздаған кемшiн тұстары да болуы мүмкiн.

Туған халқына жақсылық тiлейтiн әр азамат өзiне сыни көзқараспен қарап, басқа халықтардан үлгi алуға тұрарлық жақсы қасиеттерi мен ерекшелiгiне басымырақ назар аударған. Бұл жайында Абай бабамыз өзiнiң Екiншi қарасөзiнде қадап айтып кеткен. Ол өзiнiң балалық кезiнде кейбiр халықтар жайындағы аталмыш сөздердi естiп, басқа халықтардың бәрi бiзден төмен, ең тәуiр халық бiз екенбiз деп ойланғанын айта отырып, ендi қарап тұрсам, ол халықтардың жеткен жетiстiгi «бiрiн-бiрi қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсерi», – деп аталған халықтардан үлгi-өнеге алуға шақырған.

Ұйғыр халқының болмыс-бiтiмiнен де өзгелер үлгi алып, өнеге тұтар жәйттер аз болмаса керек. Ұйғырдан Жетiсу қазақтары жер өңдеу, егiншiлiк кәсiбiн үйрендi. Ұйғырдың мәнтi, тұшпара, палау секiлдi ұлттық тағамы қазақтың да сүйiктi асына айналды. Қазақтың қуырдағы мен құрт, iрiмшiк тағы басқа сүт, ет тағамдарымыз ұйғырлардың сүйiктi асы.

Ұйғыр – ауызбiрлiгi мықты халқы. Олардың өз iшiнде бұзақылық жасап төбелескен, дау-жанжал тудырған кезiн көрген жоқпыз. Олар өз ұрпағын үлкендi тыңдап, әдеп сақтай бiлуге тәрбиелейдi. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрiн қастерлеуге баулиды.

Ұйғырлар тағдыры аянышты халық, «Мың өлiп, мың тiрiлiп», басынан тағдыр тауқыметiн көп тарттырған қазақ халқы ұйғыр проблемасына түсiнiстiкпен қарап, туыстық, аяушылық бiлдiруi – сауапты iс, адамгершiлiк парыз. Бiздiң көрген қуанышымыз да – бiр, тартқан қасiретiмiз де – бiр. Бiрер бұзақылар бiздiң мың жылдық достығымызға көлеңке түсiре алмайды» деген бiздiң дана бабаларымыз.

«Соңғы 20 жыл ауқымында Шығыс Түркiстан түркiлерi қытайландыру саясаты жүргiзiлiп келедi дегендi естимiз. Соған байланысты ол жақта көптеген көтерiлiс болды. Естуiмше, өткен аптаның өзiнде 27 күрескер ұйғыр азаматы атылған», – дейдi. Дос Көшiм «Түркiстан» газетiнде берген сұхбатында: «Әр елдiң өз заңы бар. Әйтсе де адамзаттық халықаралық ортақ талап та бар. Шығыс Түркiстан ұйғырлары ұлттық рухани мәдениетi мен бiлiм алу деңгейiн көтеру үшiн, бала туылуын шектеуге қарсы бағытталған күресiн Бiрiккен Ұлттар Ұйымының адам құқығы жөнiндегi Декларациясы шеңберiнде жүргiзiлiп отыр», – деп жазыпты Анкарада шығатын «Түрiк мәдениетi» жорналының 1991 жылғы желтоқсандағы санында. Шынында өз халқын, тiлiн, мәдениетiн сүйiп, еркiндiк аңсағаны үшiн өлiм жазасына бұйыру тоталитарлық жүйе тұсында ғана болатын қатыгездiк екенiн қазақ халқы да өткен ғасырдың 36-37 жылдары бастан кешiрген.

«Барлық түркi баласы – бауырың» дегендi ұран ғып ұстанған Ататүрiк тағдыр тауқыметiне ұшырап, кезiнде жерiнен, елiнен ерiксiз босқан туыс халықтар өкiлдерiне қамқорлық жасап, мүмкiн болған көмегiн аямаған.

«Қазiр ұйғырдың өз мемлекетi жоқ. Бiз қазақ жерiнде туылып, осында өстiк. Қазақстан – бiздiң де Отанымыз. Бiзге тыныштық керек, қазақ бауырларымен достығымыз керек», – дейдi көкiрегi шерге толы ұйғыр ағайындар.

Елiмiздегi тiлi басқа, дiнi мен дiлi болса, салт-дәстүрi мен мәдениетi басқа халықтармен де ынтымағы жарасқан ел боп тұрып жатырмыз. С.Әбдiрахмановтың «бiздiң тамырымыз бiр, мәдениетiмiз бiр, дiнiмiз бен дiлiмiз бiр, тiлiмiз жақын. Келешекте бiрлiк жағын ойлайтын бiртұтас ұлтпыз» деп айтқанындай, бауырлас ұйғыр халқымен ауызбiрлiкте тiршiлiк ету бiздiң маңдайымызға жазылған. Қырғи-қабақ болу төскейде малы, төсекте басы қосылған екi ұлтты абыржытып, көңiлiне қаяу түсiрмек.

Қазақтарға қатысты бiр жақты терiс көзқараста қалып қойған ұйғыр ағайындарға айтар жауабымыз да осы тақылеттес. Жалпы қазақ қазақты жамандаса, басқалары оған көбiнесе түсiнiстiкпен қарайды. Ал басқа халық өкiлi олай етсе, онда көңiлге келедi, ренiш туғызады. Бұны барлық халыққа ортақ аксиома десе де болғандай. «Тағдыр тәлкегiмен қуғын-сүргiнге ұшырап, көп қиыншылық көрiп, арып-ашып ауа көшiп келген ұйғыр ағайындардың ес жиып, шаруашылығын қалпына келтiрiп, жаңа жерде орнығуына кеңпейiл де кеңқолтық, қонақжай қазақ жұрты қолдан келген көмегiн аямады», – деп ертеректе ұйғыр ақсақалдары айтып отыратын. Әр халықтың бойынан жақсы жақтарды да көре бiлген жөн. Өз ата қонысынан Орта Азиядағы бауырлас елге ауа көшкен ұйғыр ағайындар нағыз жақсылықты қазақтардан ғана көбiрек көрiп, тiлiн, мәдениетi мен өнерiн дамытып келдi. Сан жағынан да мықтап өсiп отырды.

Әлбетте сынап, мiнеу де керек шығар. Оның да өз жолы, тәсiлi болады. Мәселен, өзбек пен қазақ – қалжыңшыл халықтар. Ал әрбiр әзiл мен қалжыңда шындық та болатыны белгiлi. Екi халық аралас отырған елдi мекендерде бiр-бiрiне анекдот айтып, ешкiмнiң мысқылдап, бiр-бiрiн сынап-мiнеп отыруы ешкiмнiң көңiлiне келмейдi, ренiш тудырмайды екен. Керiсiнше, халық бойындағы кейбiр кемшiн тұстарды әйгiлеп, ондай қылықты түзетуге осындай жарасымды әзiл, қалжыңның септiгi тиетiн көрiнедi.

Қорыта айтқанда, «Бiрлiктен асқан береке жоқ» дейдi халқымыз. Бәрiнен де соған ақау түсiрмеген абзал. Бiздiң күшiмiз – ауызбiрлiгiмiз бен ынтымағы жарасқан тұрмыс-тiршiлiгiмiзде екенiн Елбасымыздың жиi қайталап айтуы тегiн емес. «Татулық – таптырмас бақыт» дегендей, түркi халықтарының ежелгi арман-мақсаты – достық қарым-қатынас орнатып, ауызбiрлiкпен тiрлiк кешу, iргемiздi ешқашан ажыратпау. Тарихи тамыры ғасырлар қойнауынан бастау алып жатқан түбi бiр туысқан халықтар бiр-бiрiне қырын қарамай, жылы қабақ танытып, туыстығын сезiне бiлсе, ең үлкен олжа сол. Бар өмiрiн туған елiнiң жарқын болашағы үшiн күресуге арнаған Ататүрiк пен қазақтың ержүрек ұлы Тұрар Рысқұловтың «Түрiктiң түрiктен басқа досы жоқ», «Түркi тiлдес, түгел бол» деген аталы сөздерi туыс халықтардың еркiндiкке ұмтылған бүгiнгi тарихи кезеңiнде туысқа туыстың қол созуына үндеген ұранындай естiледi. Бiздiң ежелгi тарихымыз бен мәдениетiмiз ортақ, бүгiнгi арман-мақсатымыз ортақ.

Сейдiн БИЗАҚОВ, филология ғылымдарының

докторы, профессор