ТЕСТ ЖYЙЕСIНЕН НЕ ҰТТЫҚ?
ТЕСТ ЖYЙЕСIНЕН НЕ ҰТТЫҚ?
Өзге мемлекеттермен терезенi тең ұстап, қанатын кеңге жайып, елдiң елдiгiн таныту —барлығымыздың ең басты мақсатымыз болып отыр. Осы жолда ұлттық нақышымызды сақтай отырып, тәжiрибелi даму ұстыныммен көшке еру —тиiмдi тәсiл десек, қателеспеймiз. Алайда, осыны сылтау етiп, қоғамның бiр саласына өзге елдердегi тәжiрибелердi жан-жақты "жабыстырып" жатқанымыз өтiрiк емес. Алтын күректей ескен жылы жел, яғни технология атаулы бiлiм саласын сырт айналып өткен жоқ. Оның жарқын көрiнiсi, рухани дамудың, сөз саптаудың, ой кеңдiгiнiң жауы — тест жүйесi ме деймiз.
Елiмiзде, оның iшiнде, бiлiм ауылына тест туының тiгiлгенiне мүшел толып отыр. Әрине, бұл аз уақыт емес. Бүгiнде мектеп партасына ендi ғана жайғасып алғашқы бес әрiптi (А,Ә,Б,С,Д) таныған соң, “тест жазамыз” деп дабырлай сөйлейдi. “Тауықтың түсiне тары кiредi” демекшi, бiлiм реформаторларының түсiне тест кiрiп, ауызша сынақ алудан шошыса керек. Өйткенi "үнсiз таңдау" барлық жағдайда белсендiлiк танытып отыр. Сыныптан сыныпқа көшсең де, бақылау жұмысын тапсырсаң да, оқуға түссең де, емтихан тапсырсаң да, байқауға қатыссаң да, тiптi, жұмысқа тұрсаң да — тест тiсiн ақситып, құшағын жайып күтiп тұрады.
Iлгерiде бiр апам айтушы едi: "Бiздiң ауылда Жамал әйелдiң айтатын он нұсқалы сөйлемiнiң бiреуi ғана дұрыс. Әр ауыл тұрғыны өз құлағына ыңғайлысын таңдайды" – деп. Сол секiлдi сiз тыңдайсыз, таңдап жүрiп тауға шығуыңыз мүмкiн, я болмаса жауыңыз жолығып, құзға құлауыңыз мүмкiн.
Қыранның қырағы көзiмен қарайтын болсақ, жемқорлықтың "ауызшаларынан" құтыламыз деген ниетпен өндiрiлген бұл жүйе өзiн ақтамай отыр. Жоғары бiлiм иегерiмен "алма пiс, аузыма түс" деп айтуға ерiнетiн ерiншек те мемлекет қаржысына оқып жүр. Бiрiншiнiң бабы, екiншiнiң бағы (яғни, ақшасы) шапты. Бұл — бiлiмге деген нұмқұрайлы көзқарасты танытып отыр.
Тест — мәңгүрттiкке баулудың ең тиiмдi жолына ұқсайды. Сандыққа сыймайтын сырқатты тығыздап сыйдырғаны секiлдi, ойлау кеңдiгiн бiр қалыпқа құйғызып қойды. "Ища" демесең, жүрмейтiн есекке ұқсап, талап етпесең артық қимыл жасамайтын бейғам ауыл адамдары оңайға жүгiнуге бейiм.
Бiрде әдебиеттен тест тапсырып, "өмiрбаяны аса бай жазушы" деген сұраққа нұсқа таңдай алмай дал болғанмын. Бiрде дейтiнiм жолда жүрiп, аузымды ашпай, тиiстi бағамды алуға тест "шырағым" бiр адамдай септiгiн тигiзiп келедi. Жаратылыстану ғылымдары тестке икемделетiн шығар, бiрақ қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарына оны қолдану — басты қателiк болып отыр. Атап айтсақ, әдебиет, қазақ тiлi, тарих, саясаттану, заң сынды пәндер тестпен келiсiмге келе алмайды. Күнi ертең мұғалiм бала алдында сөйлей алмай тұтығып тұрса, қай нұсқаны таңдар екенбiз?
Тест — ақыл-есiмдi азғырып барады. Емтихан тапсыру үшiн зер сала оқып, түсiнiк айтудың қажетi жоқ. Көбейту кестесi құсап жаттап алсаң болғаны. Кейбiреу осыны бiр жерде көрген сияқтымын деп, түсiнен танитын секiлдi берiлген сұраққа "таныс жауап" iздеп шiмiрiкпей өтiп кетедi. Осыған байланысты тест тапсырғандардың бiрi — заңгер, бiрi — балгер болып алған. “Тисе терекке, тимесе бұтаққа” принципiн ұстанатындар апасының шелпегiнiң санымен, тiптi атымен есептеп, айтқаны емес, сандырағы дөп түсiп, бабы емес, бағы шауып жатады.
Тест адам танымайды. Сенiң дәл осы мамандыққа қабiлетiң бар ма, денiң сау, сана-сезiмiң дұрыс па, ол жағынан сенiмен санаспайды. Диплом үшiн отқа түсiп, адасып жүргендердiң көптiгi — осының кесiрi.
“Ойлау — тәңiрдiң берген үлкен сыйы” дегендей, егер ол мүмкiндiктi өзiмiз дұрыс пайдаланбасақ, онда Адам атымыздан бас тартқанымыз дұрыс. Әйтпесе, апамның шелпегiн санап жүрiп, сана-сезiмнен жұрдай болармыз. Осыны ойладық па?..
Дидар БАЯНДИЕВА,студент