СЕКСЕУIЛ
СЕКСЕУIЛ
Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық туризмдi кеңiнен дамытуға көңiл бөлiне бастағаны көңiлге қуаныш ұялатады. Осы кезге дейiн өзге жұрттардың тамашасына ғана тамсануды терiс әдетке айналдырып алғанымыз соншалықты, бiз үшiн бөтен жұрттардың тасы да таңсық, қарапайым бұтасы да бас шайқатар ғажайып болып көрiнедi.
Сөйтiп өз Отанымыздың ғажайыптарын, кiршiксiз табиғат сұлулығын, қазақ даласында сақталған ондаған мың тарихи, мәдени жәдiгерлерiмiздiң қайталанбас ерекшелiктерiн елеп-ескере бермейтiнiмiз де өкiнiштi. Халқымызда «Ел мен жердiң иесi өзiң екенiн ұмытпа» деген ұлағатты сөз бар. Елiмiздегi әрбiр азамат туған жердiң қайталанбас сұлулығын айрықша қастерлей бiлгенде ғана бiз отаншылдық, туған жердi шын сүюдi өмiр сүру ережесiне айналдыра аламыз.
Сексеуiл – түркi сөзi, қазақша «аттың құйрығы» деген мағына бередi. Шындығында да, жапырағы түсiп, бұтақтары төмен иiлген тұста сексеуiл ат құйрығынан айнымай қалады. Гректер оны «холоксилон», яғни «тұзды ағаш» деп атайды.
Ғылымға да сексеуiл осы «Haloxylon» атауымен енген, «алабұталар тұқымдасына жататын, аса биiк болмайтын көпжылдық өсiмдiк, дiңi бұдырлы, қарама-қарсы орналасқан жапырақтары ұсақ, қабыршақ тәрiздi, гүлi де ұсақ, қос жынысты, өркенi мен тұқымы арқылы өсiп, көбейедi, 30-60 жылдай өмiр сүредi, жемiсi – дәнек», деп жазылыпты ұлттық энциклопедия мен танымдық әдебиеттерде. Азияның шөлi мен шөлейт даласында сексеуiлдiң 10 түрi өседi, соның қазақ жерiнде қара сексеуiл, зайсан сексеуiлi, ақ сексеуiл делiнетiн үшеуi ғана бар. Қара сексеуiлдiң тамыры 12 метрге дейiн кетедi, биiктiгi кейде 10 метрге жетедi, дiңiнiң диаметрi 50-70 см болады. Сәуiр-маусым айларында гүлдеп, қыркүйекте жемiс бередi. Ол негiзiнен Үстiртте өседi.
Үстiрт – миллиондаған жылдар бұрынғы Сармат теңiзiнiң табанынан 300-350 метр биiктiктегi, аумағы 200 мың шаршы километрден асатын, Каспий мен Арал арасындағы алып арал iспеттi аймақ, жұмыр жердiң бетiндегi ең аз зерттелген, бiрақ атауы төрткүл дүниеге танымал өңiр. Себебi, бiздiң арғы дәуiрдегi ата-бабаларымыздың қолымен жасалған мұндағы аң аулайтын арандар Хеопс пирамидасы мен Ұлы Қытай қорғаны, Коста-Риканың тас шарлары мен Пасха аралындағы алып балбалдар секiлдi адам баласын таң қалдыратын құпиялар қатарына жатады екен. Ал оның әсем шатқалдарын әлемнiң еш жерiнен де ұшырата алмайсыз.
Үстiрт – бiздiң ата-бабаларымыздың ежелгi қонысы. Қыстың үш айында ғана төңiректегi төрт ойда – Маңғыстау мен Бесқаланың ойында, Жылы ой мен Мауыт ойда – Оймауытта болатын олардың қалған уақыты Үстiрт үстiнде өткен. Бұл өлкедегi елдiң байы мен билерi, палуаны мен батырлары, әншiсi мен ақындары, жырауы мен жыршыларының, ғұламалары мен күйшiлерiнiң де, тiптi қорқағы мен мешкейiнiң де аты осы Үстiртте шыққан. Сондықтан Үстiрт қыр қазағы үшiн киелi мекен, қастерлi жер.
Үстiрт талай қандасымыздың арманына айналған ардақты атау. Өйткенi, бұл жердi мекен еткен азғантай ел кешегi отызыншы жылдың зобалаңында арысы Ауған мен Иранға, берiсi Түрiкменстан мен Қарақалпақстанға қоныс аударған. Талай боздақ кiндiк қаны тамған топыраққа табанын тигiзiп, Үстiрттiң саумал ауасымен көкiрек кере бiр дем алуды көксеумен жүрiп, туған жерден жырақта көз жұмған.
Үстiрттегi сексеуiл ормандары түлей деп аталады. Қара түлей, Балтакеткеннiң түлейi, Есенқазақтың түлейi… Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, тарихқа «Қырымның қырық батыры» деген атпен енген кешегi Ноғайлы елiнiң ерлерi кезiнде сол түлейлердi мекен етiптi. Ұлы даланың ұлдары ол заманда «Мен батыстың баласымын, мынау Жетiсудың жiгiтi, анау Арқаның азаматы» деп алалап айырмапты, тiптi Маңғыстаудың Ойы мен Қырының еншiсi де бөлiнбептi. «Ойдағы халқымның табанына кiрген шөңге менiң маңдайыма қадалсын»,– деп қырдағылар белдеуден атын, белiнен қылышын шешпептi. «Қырымның елi қызымның ұлынан артық» деп ойдағылар жатпай-тұрмай олардың амандығын тiлептi. «Қырымның қырық батыры» сөзi содан шығыпты. Әйтпесе, олардың Қара теңiз жағалауындағы Қырымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны аңғарылып-ақ тұр.
Сексеуiл шөлге ең төзiмдi өсiмдiк, ғалымдар оны көлеңкесiн түсiрмейтiн ағаш деп атайды. Бiр ғажабы, сол даланың төл перзентi Төлеген Айбергенов өлеңiнде «Мен сенiң ақ төсiңе шаңқай түсте, көлеңкем түспесiн деп тiк тұрамын», — деген жолдар бар… Өзгеге масыл болмай, өзiне ғана сенудi шөл даланың басты заңы санайтын ол өңiрдiң елi де бiреулердi «көкелеп», кiсi көлеңкесiнде күн кешкендi ұнатпайды. Қиындық көрсе құдiретi күштi Құдайына жалбарынып, аруақты аталарына сыйынады, қазағынан қайыр дәметсе де, бөтеннен көмек күтпейдi, халқына сенгенмен, бөгдеге үмiт артпайды, жұртына сүйенгенмен, өз күшiмен өмiр сүредi.
Сексеуiлден бағалы отын дайындалады, оның дiңiн кесу де, балтамен жару да қиын, бiрақ бiрiмен бiрiн ұрсаң быт-шыты шығып, тез сынады. Сексеуiлдiң шоғына жылынып, қызуын бойына сiңiрген қазақ та сыртқы жауға берiлмейдi, оны тек бiр-бiрiне айдап салып қана жеңесiң. Олар өзгенiң өсегiне ерiп, өздi-өзiмен қырқысып, құрып кете жаздап барып дұрысы мен бұрысын пайымдап, «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» деп бастарын шайқап, бүлдiргенiн бүтiндеп, бұрынғы тiршiлiк күйбеңiне көшедi.
Сексеуiлдiң күлiнде калий карбонаты бар, ертеде оны сабын қайнатуға пайдаланған. Қазақ сексеуiл күлiн темекi жапырағына қосып, қарабұйра насыбай шығарады да, шақшасын етiгiнiң өкшесiне бiр ұрып, айналасындағы ұшы-қиыры жоқ кеңiстiкке көз тастап, оның жалғыз ғана иесi өзi екенiне масаттанады, осынау ұлан-ғайыр байтақ даланы ұрпағына мұраға қалдырған бабаларына риза болады. Алдына барғанда атасының да құнын кешетiн сол қазақтың бiр атым насыбайдан көңiлi қалады.
Сексеуiл әбден қурағанда топыраққа өте көп мөлшерде тұз бөлiнедi. Сексеуiлдi өңiрдiң сортаң болатыны, төңiрегiне көп өсiмдiк шыға бермейтiнi содан көрiнедi. Шөлдi аймақтарда сексеуiлдi құм көшкiнiн тоқтатуға пайдаланады, өйткенi оның тереңге бойлайтын тамыр жүйесi өте мықты. Төлеген ақын айтқандай: «Он күн соққан дауылдан, сексеуiлдер бүгiлмес…» Ал Есенғали Раушанов: «Сексеуiл деген ағам бар, Ана Алғидың ала шөлiнде, Бұтағын жайған өнiп ол. Жөн сұрар болсаң, жарандар, Ағамды көр де, менi көр»,– дейдi. Шындығында да, тарихи тамыры тереңге кететiн үстiрт халқы да осал емес.
Тәуелсiздiгiмiздiң он жылдығына орай Елбасы пәрменiмен жасақталып, кезiнде батыс аймақтарды аралаған, құрамында өнер саңлақтары мен қызмет көрсетушi тобы бар «Менiң Қазақстаным» арнайы пойызының мүшелерi сол елге таңдай қаға таңқалып, «иiлмейтiн емендер» деп атаған… Кешегi ата-баба сан ғасырлар бойына сынбай иiлiп, ұрпағын сақтап қалды. Бүгiн бiз егемендiгiмiздi алып, ел мен жердiң иесiн қалыптастырдық. Тәуелсiздiктiң төл перзентi, ертеңгi ұрпақ ешкiмнiң алдында ендi иiлмесе болғаны.
ЖЫҢҒЫЛ
Қазақ «қолда барда алтынның қадiрi жоқ», – дейдi. Шындығында да солай.
Жазғытұры сакураның гүлдегенiн көремiз деп жұрт жапон жерiне жөңкiледi. Батыста акацияның бүршiк жарған кезiн табиғаттың ең бiр әсем мезгiлi деп есептейдi. Ал жаз шыға қалтасы көтергендер тамариск тамашалауға сахараның шөлiне қарай ағылады.
Сакура деп жүргенiмiз кәдiмгi шиенiң көпшiлiктiң назарына iлiнiп, күтiмге алынып, құрметке бөленген бiр тұқымдасы. Бiздiң құмдағы қаптаған қалың қоянсүйек – сегiз жүзге тарта түрге бөлiнетiн акацияның «құмдық акация» делiнетiн бiр түрi. Оны грекше «ammodendron — аммодендрон» (аmmos – құм, dendron – ағаш деген сөз), орысша «песчанная акация» деп атайды. Ал тамарикс деп әзәулие қылып жүргенi өзiмiздiң жыңғыл. Бiзге оны орыс ғалымдары гребенщик, болмаса бисерник деп оқытты.
Жыңғыл немесе Тамарикс (Tamarix) жер талғамайды, ми қайнатар ыстыққа да, елу градус аязға да мiнi құрымайды, басқа ағаштардай емес, бойында нәрi болса суға батып кетедi. Әлемде жыңғылдың елуден астам түрi бар, биiктiгi 8 метрге дейiн жетедi. Сондықтан оны бұта деп те, ағаш деп те атайды. Қазақ даласында жыңғылдың 11 түрi өседi, ең көп тарағаны қызыл жыңғыл (Тamarix ramosissima). Мамыр айынан қыркүйекке дейiн гүлдейдi. Жапырағы ұсақ, жұмыртқа тәрiздi, сабақ бойына кезектесiп орналасады. Гүлi өте ұсақ, масақ не сыпыртқы тәрiздi, қызғылт, алқызыл, ақшыл көк не ақшыл түстi болады. Жемiсi – үш қырлы қауашақ, қабығы қою қызыл не сарғыш қызыл түстi.
Жаздың екiншi жартысындағы қатты ыстықта жыңғыл бұтақтарынан «тұз бөлiну» делiнетiн ерекше құбылыс басталады. Жыңғыл күндiз ақ түстi тұз кристалдарын жамылған күйде тұрады да, кешке қарай бойына ылғал тартқан тұздың әсерiнен өте әдемi түрге енедi. Сөйтiп жыңғыл сүреңсiз өңiрге өзiнiң ақшыл немесе қызғылт түстi қалың өскен нәзiк гүлдерiмен көркем рең бередi. Сондықтан батыстағы басқа жұрт жыңғылды әлемдегi ең әсем өсiмдiктiң бiрi есебiнде елдi мекенiн көркейтуге қолданады. Ал қазақтың әйелi оны сабау, еркегi шыбыртқыға сап етедi, табылса тамызық қылуға да кетәрi емес. Себебi, оның қаттылығы темiрден қалыспайды, ал қызуы көмiрiңнен кем емес және ылғал күйiнде де жана бередi. Бiрақ, қазақ жыңғылды iштей қасиеттi санап, қадiр тұтады. Онысын отбасы тағдыры шешiлер тұста, жаңа түскен келiнiнiң бетiн ашқан кезде ғана сездiредi.
Жыңғылды қазақ қана емес, әлемнiң өзге жұрты да емдiк қасиетi бар өсiмдiк есебiнде ерекше қастерлейдi. Көпшiлiгi оны «киелi бұта» деп атап, дiни ғибадат орындарын әшекейлеуге қолданады. Тибет медицинасында жыңғылдың қабығы мен тамырын тұнба түрiнде асқазан-iшек ауруларын емдеуге, жапырақтарын ревматизммен ауырғанда, ал шырынын iрiңдi жараны емдеуге пайдаланады. Моңғолияда оның жапырақты бұтақтарын қайнатып, емдiк қасиетi бар дәмдi сусын әзiрлейдi. Жыңғылдың ақшыл сарғыш түстi дiңi қолөнер бұйымдарын iстеуге таптырмайтын материал болып есептеледi. Сондай-ақ оны терi илеуге және өңiн бермейтiн сапалы бояулар жасауға да қолданады.
Едiл өзенiнiң сағасында жыңғыл қалың тоғай болып өседi. Бiздiң Қаратаудың бойында да ондай тоғайлар көп болған. Отпан таудың етегiндегi сондай бiр тоғайға Жыңғылды деп ат қойып, кезiнде Құнан әулие қоныс қылыпты. Қазiр Жыңғылды – бiр қауым ел мекендейтiн үлкен ауыл. Есiр күйшi мен Елбай ақын, Айтуған жырау мен абыз Алшын, әулие Айназар мен диқан Айжанақ, би Құлыш пен болыс Қожық, ахун Шайхы мен сазгер Шамығұл, жылқышы Нұрсейiт пен мұнайшы Нұрлыхан шыққан бұл ауыл тiптi Маңғыстау ауданы өз алдына алғаш отау тiккен ана бiр жылдары азғана уақыт ресми түрде аудан орталығы да болыпты. Атақты сазгер, академик ағамыз Ахмет Жұбановтан: «… өнер мен үлгi-өнеге жөнiнен Қазақстанды кең жазира дала десек, Маңғыстау – оның оазисi, ал Жыңғылды соның нақ ортасындағы гүлбағы», — деген сөз қалыпты.
Менiң ата-бабама да топырақ сол төңiректен бұйырыпты, өзiмнiң де кiндiк қаным осы жерге тамыпты, өңiрдi нағашыларым да мекен етiптi. Шешем байғұс көңiлсiздеу жүрген кездерiмдi көргенде «Жыңғылдыға соғып келсейшi» деп отыратын, мен оған мән бермейтiнмiн. Сөйтсем, бақалшақтың да бағасын бiлетiн баяғылар: «Балалық шағыңды сағынсаң нағашыларыңа бар, басыңнан сипамай жiбермес. Жiгiт кезiңдi аңсасаң, қайынжұртыңды арала, қалжыңын сенен аямас. Азаматтығыңды сынағың келсе ағайын арасында бол, мiнiңдi айтпай тұра алмас», – дейдi екен… Сыйластарымның бiразы тiршiлiктiң заңымен Сартөбеге қоныс аударса, көзкөргендердiң көпшiлiгi күнелтiстiң қамымен көшiп кеткен. Бiрақ сол маңайдың жалғыз түп жыңғылын көргенде жүрегiң жұмсарып, жан-дүниең ерекше бiр күйге енедi.
Ежелгi қазақ қай нәрсенiң де қадiрiн бiлгенмен, кiсiдегiнi үйренуге келгенде кiдiрiс тапқан. Бодан қазақ басқадағыға таңданып, тамсануымен өткен. Егемен қазақ өзгеге қарап өзiн түзесе, бiрақ барын бағалап, жыңғыл екеш жыңғылын да бөтен жұрттың жақсысынан жанына жақын тұтса, жарар едi.
Басшы ӘЗIРХАНОВ