Жаңалықтар

БIЗ ОСЫ ҚАЙ ЕЛДЕ ТҰРАМЫЗ?..

ашық дереккөзі

БIЗ ОСЫ ҚАЙ ЕЛДЕ ТҰРАМЫЗ?..

ОРЫС ТIЛIНДЕГI ТЕЛЕАРНАЛАРДАН КӨЗ СҮРIНЕДI

Алматы мен Астана қалаларынан тарайтын онға жетер-жетпес телеарна бар. Атап айтар болсақ, олар: Хабар, Қазақстан, Ел арна, Астана, Евразия, 31, КТК, Рахат, Таң. Осы телеарналардың iшiнде соңғы алтауы негiзiнен орысша хабар таратады. Қазақшасы түн ортасынан асқанда, ел-жұрт қалың ұйқыда жатқанда берiлiп тұратындықтан, аталған телеарналардың ұпайлары түгел сияқты. Әйтсе де олар Қазақстанның байырғы тұрғындары – қазақтарды сыйламайтындықтарын, тiлiн менсiнбейтiндiктерiн байқатып қалып жүр. Бұл – олардың қазақ елiнде емес, өздерiн Ресейде тұратындай сезiнедi. Өйткенi кiммен сөйлессе де, мейлi ол адам қазақ бола ма, әлде басқа ұлт өкiлi бола ма, бәрiбiр, мiндеттiдей көрiп, орысша сөйлей бередi. Себебi олар өз елi «Ресейде» тұрып жатыр ғой. Басқаларымыз кiрме тәрiздiмiз. Керек десеңiз, сыртқы бiрiншi бетiне өздерi жазып жүргенiндей «газета №1 в Казахстане» аталатын «Время», «Новое поколение» сияқты газеттерiнiң бетiнде берiлiп жүрген телебағдарламалардың iшiнде «Қазақстан» ұлттық арнасы жоқ. Оның есесiне спутниктiк, кабельдi ресейлiк Россия, НТВ, ТВЦ, REN ТV, Культура, Nickelodeon, Музыка, Дом кино, Комедия ТВ, Индия ТВ, АLМА ТV, РТР Планета, ТВ 3, Первый канал, ТНТ, ДТВ, СТС, ТДК, Мир, Холлмарк, Наше кино, ТV-1000, Русское кино, Ностальгия, Руский Иллюзион, Школьник ТВ, Охота и рыбалка, Здоровье ТВ, Детский мир, Юмор ТВ, МТВ Россия, ТК Детский, Многосерийное ТВ, Вести 24, 324 дней ТВ, Вести 24, Боец, Спорт, TV XXI, DISCOVERY RUSSIA, т.б. толып жатқан телеканалдардың бағдарламалары бар.

АLМА ТV, ICON кабельдi және тағы басқа спутниктiк телевидениенiң бармаған, «жаулап» алмаған жерi қалмады. Сол телевидениенiң бiреулерiнде 125 канал, ал екiншi бiреулерiнде 65-80 каналдары бар екендiгiн ескерсек, оның 60-70 пайызы орысша хабар таратады екен. Бұған орыс тiлдi телехабарлары тасқынының астында қалған азын аулақ қазақша хабар тарататын телеарналарды қосыңыз. Себебi бұл телеарналар да негiзiнен орысша ғой. Сонда Қазақ мемлекетiне не қалады дейсiз ғой. Ештеңе де қалмайды. Оның өзiн көпсiнiп жүргендер бар. Бұған «Время» газетiнiң таяудағы бiр санынан Шымкент облысының Түлкiбас ауданынан жазған бес-алты адамның қол қоюымен жарық көрген мақала куә. Сол мақалада Алматыдан берiлетiн Хабар, Қазақстан, Евразия, Рахат, т.б. телеканалдар күндiз қазақ тiлiнде ғана хабар таратады, неге орысша берiлмейдi деп байбалам салады. Сол шiркiндер, «түн ортасынан асқанда қазақ тiлiнде ғана хабар таратылады, неге орыс тiлiнде таратылмайды» деп жазып, байбалам салмайды ғой. Бiр шүкiршiлiгi аталған мақалаға осы газеттiң бетiнде қазақтың намысты бiр топ азаматтарының «қазақ елiнде қазақша хабар берiлмегенде ендi қай елде берiлуi керек» дейтiн сыңайлы қарсы мақаласы жарық көрдi.

Алматыдан хабар тарататын кейбiр телеарналар (Таң, Евразия) қазақ халқын мазақтауға дейiн барып жүр. Дәлел керек пе, мiнеки. «Таң» телеарнасы ТАҢ деп жазудың орнына ТАН деп жазуды тоқтатар емес. Қазақта ондай сөз жоқтығын бiле тұра осылай iстейдi. Ал бұған тойтарыс беретiн құзырлы мекеме басшыларын көре алмадық. Менiңше олардың етi өлiп кеткен сияқты. Сонда олар қайда қарап отыр? Мен мұны түсiне алар емеспiн. Ал АLМА ТV телеарнасының iстеп отырғаны ұлтымызды көпе-көрнеу сыйламаушылық. АLМА ТV-нiң Евразия 1 телеарнасының күндiзгi көрсетiлiмiнде таза қазақ тiлiнде хабар таратылғанымен, ол бұл кабелдi арнадан көрсетiлмейдi. Қосып көрсеңiз экраннан жүрiп тұрған сағатты ғана көресiз. Ал ендi кабельдi антеннасын алып тастап, үй антеннасын қосып көрсеңiз қазақ тiлiнде концерт, айтыс сияқты хабарлар берiлiп жатады. Телебағдарламада көрсетiлгенiндей кешке қарай бұл арна орыс тiлiнде хабар таратады. Қосып көрсеңiз шынында да қазақша хабар бермей үнсiз тұрған бұл телеарна орысша сайрап тұр. Бұдан кейiн бұл арнаның (Евразияның) қазақ тiлiнде әдейi бермеу себебiн байқағандай боласыз. Бұдан кейiн АLМА ТV Мемлекеттiк тiлге, яғни қазақ тiлiне қарсы әрекет етiп отыр демей көрiңiз.

Қазақстанның алыс аудандарының көретiнi орыстың спутниктiк телеарналары. Өйткенi олар үйлерiнiң төбелерiне табақша антенналар қойдырып алған. Бұл табақшалардың қазақша хабар беруге мүмкiндiгi жоқ. Тек қана орысша беруге жол ашып қойған. Ал бiздiң де өз спутнигiмiз «ҚазСат»-ымыз бар емес пе? Иә, бар деп мақтанғанымызбен оның пайдасын көре алмасақ, ең құрмаса алыс аудандарға Алматының хабарларын қазақ тiлiнде таратуға қауқары болмаса несiне мақтанып жүрмiз. Сол спутниктi ұшыруға миллиондаған қаржымыз кетпедi ме? Әлде бұл да орыстың бiздi алдарқатып, еш пайдасы жоқ ескiсiмен емексiткенiне мәз боламыз ба? Қашанғы алданып, қорқып, үркiп жүре беремiз?

Бағанадан берi бар мұңымызды айтып, жыларман болдық. Орысша берiлетiн телеарналардың көптiгiне налыдық. Ал «Қазақстан» ұлттық телеарнасына не жорық. Бұл арна ұлттық деген әдемi сөздi өзiне несiне жапсырып алып жүр? «Ұлттық» дейдi де таңертеңгiлiк «Көңiлашарда» ауа райын көрсетiп тұратын жүгiртпе жазуын орысша жылтыңдатып қойған. Жиi-жиi жылтыңдап, былай деп тiл қатқандай да болады: «Мiне, көрiңдер менi, қазақтар, сендердiң тiлдерiң өз төрiне ешқашан шыға алмайды». Айтса айтқандай, мен қорқа бастадым. Осы жүгiртпе жазуды қазақша берсе болмас па едi деп. Бұған телеканал басшыларының мән бермегенiне қарағанда еттерi әбден өлiп кеткендей.

Сөз соңында айтарым, шығысымыздағы алып мемлекет – Қытайдың өзiнде тек қана қазақ тiлiнде хабар тарататын екi телеарна жұмыс iстейтiндiгiнен хабардармыз. Ендеше Тәуелсiз ел деп жүрген – өзiмiздiң Қазақстанымызда таза қазақша көрсететiн бiр каналдың болмауын не деп түсiнемiз. Үйiңiздегi қай каналды қоссаңыздағы орыс тiлiнде сайрап тұрады. Сонда бiздер, қазақтар қай елде өмiр сүрiп жатырмыз? Шындығы Ресейдiң бiр провинциясында өмiр сүрiп жатқан болармыз. Әгәрәкiм өзге елмен тереземiз тең елде өмiр сүрiп жатқан болсақ, онда Қазақстанның барлық телеарналарын тек қана қазақ тiлiнде жұмыс iстетуiмiз керек. Бұған, әрине менiң күшiм жетпейдi. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң де күшi жете қоймас. Күшi жетсе, Елбасымыздың ғана күшi жетедi. Қазақ халқы әркiмнiң қолжаулығына айналып кетпей тұрғанда Үлкен кiсi өз жарлығымен Республикадағы хабар тарататын телеканалдарды қазақтандыруға жарлық бергенi дұрыс болар едi деп ойлаймын.

КӨЗ АЛДЫҢДА ОРЫСША ЖҮГIРТПЕ ЖАЗУЛАР

Алматы автобустарының қайсысына түссең-дағы (үлкен автобустарды айтамын) көретiнiң және оқитының жүргiзушiнiң тұсындағы электр таблосындағы тек қана орыс тiлiнде берiлiп жататын жүгiртпе жазу (хабарландырулар, қысқа-қысқа анекдот сияқты бiрдеңелер).

Мұндай жүгiртпе жазуды (ауа райы жайында) «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан берiлiп жүрген «Көңiлашар» бағдарламасынан күн сайын (екi сағаттық бағдарлама аяқталғанша) көруге болады. Телеэкранның жоғарғы жағынан: «Менi көрдiң бе, – деп жылжып өтедi де жатады. Тағы да қазақшасы емес, тек орыс тiлiндегiсi. Сонда деймiн-ау, қазақ тiлiн де ескерейiк дейтiн жанашыр бiр адамның табылмағаны ма? Келiмсектердiң тiлi төрiмiзге шығып алып, сайранды салып жүргенiне қалай жаның ауырмасын. Өз жерiмiзде, өзiмiздiң тәуелсiз елiмiзде жүрiп көретiнiмiз осындай бейшаралық хал. Бұған қашанға дейiн төзе беремiз. Айтыңыздаршы, ағайындар?!

Шаймерген ӘЛДИБЕКҰЛЫ