Жаңалықтар

СӨЗБҰЙДАҒА САЛЫП, БЫЛҚЫЛДАТЫП...

ашық дереккөзі

СӨЗБҰЙДАҒА САЛЫП, БЫЛҚЫЛДАТЫП...

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiндегi мәртебесiн көтеру туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Тiл жөнiнде арнайы Тiл комитетi, қоғамдық ұйымдар жұмыс iстейдi. Жекелеген белсендi азаматтар да үн қосуда. Мысалы, белгiлi қоғам қайраткерi, Парламент депутаты М.Шаханов аз айтып жүр ме? Алайда ол қаншама еңбек етiп, тер төккенiмен, тiл мәселесi өзектi де, өткiр күйiнде қалып келедi. Бiрақ Үкiмет тарапынан да көңiл бөлiнбей деуге болмайды. Себебi, Үкiмет бұл мәселеге арнап биыл қомақты қаржы бөлiп отыр.

Премьер-министр тiл мәселесiне арнап айына бiр рет жиналыс жасайды. Қазақ тiлiнiң қазiргi жағдайы елiмiздiң келешек тағдырын ойлаған кез келген адамды бей-жай күйде қалдыра алмайды. Себебi, елiмiз тәуелсiздiк алған 15 жыл iшiнде тiлiмiз тәуелсiздiк алған жоқ. 15 жыл аз уақыт емес. Солай бола тұра, қазақ тiлi заңда көрсетiлген мемлекеттiк тiл мәртебесiне неге толық ие бола алмай отыр?

Осы сұраққа жауап iздеу мақсатында өмiрден көргендерiм мен түйгендерiмдi оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көрдiм. Осыдан бiраз жыл бұрын жолаушылар поезында өз-ара өзбек тiлiнде әңгiмелесiп, мәз-мейрам болып отырған екi Европа халқы тектес әйелдiң әңгiмелерiне ерiксiз құлақ түрдiм. Жақындап барып: «Татарсыздар ма?» – деп сұрадым. Олар: «Орыспыз» – деп жауап бердi. Мен олардың өзбек тiлiнде еркiн сөйлесiп отырғандарына таң қалғанымды жасырған жоқпын. Олар менiң таңданысыма: «Өзбекстанда барлық ұлттар өзбек тiлiнде сөйлеседi» – деп жауап бердi. Тағы бiрде егделеу орыс әйелiнен қазақшалап қайдан келе жатқанын сұрадым. Ол менiң сұрағымды түсiнбедi. Түсiнiсе келе ол өзiнiң Шымкенттен екенiн айтты. Мен көршiмiз Өзбекстанда орыстар өзбек тiлiнде еркiн түсiнiседi, сiз неге қазақша түсiнбейсiз деп, өзбекше сөйлескен орыс әйелдерi туралы айтып бердiм. Әлгi өзiме бас салды. «Менiң қазақ тiлiн бiлмеуiме сiз кiнәлiсiз» дедi. Менiң: «Қалайша?» деген таңданысыма, «Бәрiң қазақсыңдар, мен тұрған жерде халық қазақша сөйлеспесе мен кiмнен үйренемiн?» – дедi. Орынды айтылған сөз. Шынында да айналасы қазақша сөйлемесе ол кiмнен үйренуi керек?

Осы орыс әйелiнiң сөзiн тiрiлткендей тағы бiр көрiнiстiң куәсi болдым. Қыз ұзату тойында тiлек айтқан жас жұбайлардың сыныптас жолдастары тiлектерiн орысша айтып жатса, керiсiнше бiр орыс жолдасы ғана өз тiлегiн таза қазақша жеткiздi. Кейiн бiлсем орыс деп жүргенiм немiс баласы екен. Қоғамдық көлiкте келе жатқанда да, «Следующая остановка — Аспанова» деген сияқты сөздердi естiп қаламыз. Оны да айтатын қазақ жүргiзушiлерi. Мұндайда оларға, «Балам, келесi аялдама Оспанов көшесi деп қазақша айт» – деп ескерту жасағаннан басқа ештеңе дей алмайсың.

Осы сияқты мысалдарды тiзбектей беруге болар едi. Осы мысалдардың өзiнен-ақ, егер Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың адамдары қазақ тiлiн бiлмесе, оған олар емес қазақтардың кiнәлi екенiн айқын көруге болады. Себебi өзiмiз орыс бар жерде де, жоқ жерде де орысша сөйлеймiз, орысша сөйлесемiз. Егер ана тiлiмiз өзiмiзге қажет болмаса, кiмге қажет болуы мүмкiн. Себебi әр халықтың өз тiлi бар емес пе. Қазақ тiлiнiң алтын бесiгi — ауыл. Бiрақ ауылда жұмыс болмағаннан кейiн жастар қалаға келедi. Содан соң ортаға бейiмделiп орысша сөйлей бастайды. Жаңағы қоғамдық көлiктерде хабарлама жасап жүргендердiң көбiсi ауылдан келген жастар болуы мүмкiн.

Егер бiз ана тiлiмiзде сөйлесек Қазақстаннан сырт жерлерде де қазақ тiлiн үйренетiн адамдардың бар екенiн өз өмiрiмде талай көрдiм. Қазiр «қызыл империя» деп жүрген Совет үкiметiнiң кезiнде Абдрашитов Роман деген татар баласымен институтта бiрге оқыдым. Роман бiзбен қазақ тiлiнде жақсы сөйлесетiн. Ол кейiн Орынбор қаласында ашылған индустриялық институттың бiрiншi ректоры болды. Ғылым докторы, профессор атанып, қазiрде кафедра меңгерiп ұстаздық қызметiн жалғастыруда. Кейiнiрек бiлсем Роман Мәскеу қаласында туып, Орынбор облысының таза орыстар тұратын аудандарының бiрiнде орыс мектебiн бiтiрген екен. Мен одан: «Қазақ тiлiн қай уақытта, кiмнен үйрендiң?» – деп сұрағанымда, «Өздерiңнен үйренген жоқпын ба?»– деп жауап бердi. Ал, бiз қазақ мектебiн бiтiрiп барған ауыл балалары қазақша түсiнетiн адам болса, қазақша сөйлесетiнбiз. Себебi, орыс тiлiнде шорқақ едiк. Өзiмiздiң өзара қазақша сөйлескен ортамыздан-ақ, ол қазақша сөйлеудi меңгерiп үлгерiптi. Қазiргi уақытта басқа ұлт өкiлдерiн айтпағанда қазақ пен қазақ орысша сөйлеседi. Әрине, қазақ пен қазақ қазақша сөйлеу керек деп айтылады. Бiрақ соны айтқан лауазымы жоғары адамдардың өздерi өз айтқандарын орындамайды, көп жағдайда орысша сөйлеседi. Содан келедi де бұрынғысынша орыс тiлi басымдыққа ие болып қала бередi.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл ретiнде мәртебесiнiң жоғары болуы бiрiншi басшыға байланысты. 2005 жылы облыс әкiмi Е.Сағындықов өзiнiң халық алдында берген есебiнiң көп бөлiгiн қазақ тiлiнде баяндады да, соңғы жағын орыс тiлiнде аяқтады. Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамының облыстық бөлiмшесiнiң төрағасы К.Төлеубаевтың: «Баяндамаңыздың 40 минутын қазақ тiлiнде, 20 минутын орыс тiлiнде айттыңыз»–дегенiне, облыс әкiмi: «Бiрден қазақшаға толық көшiп кете алмай жатырмыз ғой, келесi жылғы баяндамамды түгелiмен қазақ тiлiнде жасаймын» – деп жауап берген болатын. Келесi жылы облыс әкiмi шынында да айтқан сөзiнде тұрып, есеп беру баяндамасын түгелiмен қазақ тiлiнде жасады. Одан кейiн сөйлеген облыстық аурухананың бас дәрiгерi I.Аймағанбетов те қазақ тiлiнде сөз сөйледi. Сөзiнiң соңында: «Өмiрiмде бiрiншi рет жиналыстарда қазақ тiлiнде сөйлеп тұрмын» дегендi айтты. Орыс тiлiнде шешен сөйлейтiн азаматтың қазақша сөйлеген сөзi де еш кемдiгi жоқ тартымды болды. Арамызда екi тiлде бiрдей сөйлейтiн азаматтар да аз емес. Бiрақ олар ортасына қарай бейiмделiп, бiрiншi басшы қай тiлде сөйлесе, сол тiлде сөйлейдi. Үлгi дегеннiң өзi де үлкен басшыдан ғой. Егер басқа өңiрлермен салыстырғанда Ақтөбе облысында қазақ тiлiнiң жағдайы бiркелкi жақсы болса, ол – Тiл басқармасы мен бөлiмдерiнiң, Қазақ тiлi қоғамының жұмысының және облыс әкiмнiң қолдауының нәтижесi.

Егемендiк алғалы өткен 15 жыл қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл ретiнде үйрену үшiн аз уақыт болған жоқ. Осыдан 15 жыл бұрын мектеп есiгiн ашқан бала бүгiнде жоғары оқу орнын бiтiрiп, мамандық иесi атанатын дәрежеге жеттi, азамат болды. Егер бiрiншi сыныптан бастап мiндеттi түрде оқып, үйрене бастағанда қазақ тiлiн еркiн меңгерiп шығуға болатын едi. Бiрақ 22-23 жасар басқа ұлт жастарының көбi қазақ тiлiн бiлмейдi. Осы уақытқа дейiн бiлмейтiн болса, алда да мандытып бiле алмайды. Себебi, қазақ тiлiн бiлуге қажеттiлiк болмаған жағдайда оны үйренуге де құштарлық болмайды. 15 жыл қазақ тiлiн үйренуге кеңшiлiк болды. Бұдан былай Қазақстан азаматтығы бар адамдардан мемлекеттiк тiлдi бiлудi талап ететiн уақыт келдi.

Бұл ретте қашықтағы Балтық жағалауы елдерiн айтпай-ақ қояйық, iргемiздегi Өзбекстаннан үйренуге болады. Айтарым, мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндердi мемлекеттiк қызметке қабылдамау керек, барлық деңгейдi депутаттықа талапкерлердi қазақ тiлiн бiлмесе, тiркемеу керек. Ендiгi жерде қазақ тiлiн бiлмейтiндерге Қазақстан азаматтығын бермеу керек. Оны жастарға төлқұжат беруден бастау керек. Себебi, олар мектеп қабырғасында кәмелетке толғанға дейiн қазақ тiлiн үйренiп шығатын болуы керек. Халық арасында да қазақ тiлiн насихаттау жұмыстарын жандандыру керек. Қазақтарға талапты бұдан да қаттырақ қою керек. Қоғамдық орындарда қазақ тiлiнде сөйлемегендерге ескертуден бастап, айыппұл салуға дейiн шара қолданса артық болмайды. Мақсат – қайткенде де қазақ тiлiнiң қажеттiлiгiн арттыру. Осындай нақты шаралар алынбаған жағдайда, тiл туралы айтып, айтысып, бос даурығудан, қайта-қайта жаңғыртып бағдарламалар қабылдаудан еш нәтиже шықпайды. Оған елiмiз егемендiк алғаннан бергi 15 жыл дәлел.

Осы қалпымызбен жүре берсек, қазiргiмiзден де айырылып қаламыз. «Ештен кеш жақсы» дегендей, қазақ тiлi мәртебесiн шын ниетiмiзбен көтеретiн болсақ, жоғарыдағыдай нақты шараларды кешiктiрмей жүзеге асырайық, ағайын. Әйтпесе сүйекке сiңген созбұйдалық пен солқылдақтық жалғаса бередi.

Елемес ЖҰМАҰЛЫ,

Шалқар аудандық мәслихатының депутаты