Жаңалықтар

ЕҢ КӨП ҚАРЫЗ АЛАТЫН БАНК ҚАЙСЫ?

ашық дереккөзі

ЕҢ КӨП ҚАРЫЗ АЛАТЫН БАНК ҚАЙСЫ?

Бұл сұрақтың жауабы оңай. Қаржыны несие ретiнде барынша көбiрек тарататын банктер сол ақшаны шеттен аларда да алдарына жан салмайды. Бұл, әрине, Қазақстан банк жүйесiндегi алғашқы бестiкке қатысты мәселе. «Қазкоммерцбанк», «ТұранӘлембанкi», «Халық банкi», «Альянс банк» пен «АТФ» банктер сырттан «арзан» және «ұзақ мерзiмге арналған» несие тартудың шеберлерi. Алайда, ол арзан несиенiң мұнда келгенде қымбаттап кететiнi бар.

Сонымен, бүгiнгi күнi Қазақстанның сыртқы қарызы 90 млрд.АҚШ долларына жетiп қалды деп толық түрде айтуымызға болады. Өйткенi, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ол қарыз 73 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бiздiң Iшкi жалпы өнiмiмiздiң 77 млрд.доллар екенiн ескерсек, бұл қарыз жалпы сыртқы қарыздың 95 пайызына теңескен едi. Экономикадағы қалыптасқан заңдылық бойынша, мемлекеттiң сыртқы қарызының көлемi оның Iшкi жалпы өнiмiнен 25 пайызынан асса, ол өте қауiптi жағдай болып есептелiнедi. Ал бiздегi ахуалдың жәйi белгiлi.

Алғашқы бестiктiң шеттен тартқан несиесiне көз жүгiртсек: соңғы екi жыл iшiнде Қазкоммерцбанктiң сырттан алған қарызының көлемi 1,3 млрд.долларға жеттi. Соңғы қарызы 850 млн.АҚШ доллары. Назар аударарлық жайт несиенi қайтару мерзiмi — 18 ай.

«ТұранӘлембанкке» шетелдiк банктер 1,111 млрд.доллар сомасында құрама қарыз бердi. «АТФ банк» 500 млн. долларға қарыз алды. Бұл банктiң тарихындағы ең үлкен несие. Iрi банктердi былай қойғанда, кiшiгiрiм «Нұрбанк» пен «Темiрбанктiң» әрқайсысы шетелден 200 және 50 млн.долларлық несиенi бiр жылға алды.

Алайда, несиенi уақытында қайтарып жатқан ешқайсысы жоқ деуге де болады. Банктердiң барлығы дерлiк пролонгация немесе қарыздың мерзiмiн ұзартуға қатысты келiсiм-шарттар түзумен әуре.

Дүниежүзiлiк банк те сыртқы қарыз мөлшерiнiң артқанын қауiптi деп санайды. Дәлiрегiнде, әлемдiк деңгейдегi банктiң пайымдауынша, Қазақстан бiрнеше жылдан берi сырттан қарызды көп алатын мемлекеттердiң қатарында тұр.

Қазақстанның алғашқы бас банкирi Ғалым Байназаров: «Егер банктер қарызын қайтара алмайтындай жағдайға қалса, оның орнын мемлекет жабады» дейдi. Яғни, мемлекет банктер үшiн тәуекелге бел байлайды. Банк академиясының ректоры Бейсенбек Зиябек болса, «егер де қазақстандық банк өзiнiң сырттан алған несиесiн қайтара алмайтын болса, сол несиенi берiп отырған шетелдiк банктер Лондон немесе Париж кредиторлар клубына жүгiнедi. Ал олар өз кезегiнде мемлекетке қысым жасайды» дейдi. Ол сонымен қатар «бiздiң банктер мемлекеттiң имиджiн алға тартып, қарыз алады да, оны кейiн Грузия секiлдi мемлекеттерге салады. Мына алынған қарыздың мөлшерi мен бiздiң экономикамыздың даму қарқыны мүлде бiр бiрiне сай емес. Бiзге сырттан қарыз алудың да қажетi жоқ. Мұндай қарыз алудың соңы дағдарысқа әкелiп тiрейдi» дейдi.

Яғни, түптiң түбiнде банктердiң басына күн туатын болса, оның жауапкершiлiгi мемлекеттiң, яғни, қарапайым салық төлеушiлердiң мойнында қалатын секiлдi.

Гүлнәр Мұқанова