Жаңалықтар

БҰЛ ПАРЛАМЕНТТIҢ КIМГЕ ӨКПЕСI БАР?

ашық дереккөзі

БҰЛ ПАРЛАМЕНТТIҢ КIМГЕ ӨКПЕСI БАР?

Классикалық билiктiң үш бұтағының бiрi – заң шығару билiгiнiң Қазақстанға келгенде жолы болуы қиындау. Бұл билiк өкiлдерiнiң атқарушы билiк алдында төменшiктеуi, мерзiмiнен бұрын таратылып кетуi синдромға айналғандай. Естерiңiзде болса, алдымен «азулы парламент» деген атқа ие болысымен С.Әбдiлдин спикерлiк еткен Жоғарғы Кеңес таратылған. Онан кейiн жасақталған, яғни, Ә.Кекiлбай төрағалық жасаған парламент те бiр депутаттың (Квятковская) «зерттеуi» кесiрiнен тарих қойнауына енiп кеткен. Ендi мiне, қазiргi парламент те таратылып кету алдында тұрғандай. Бiрақ, бұл жолы азулылығынан емес, керiсiнше, «ләппай тақсырлығынан» секiлдi…

«Суға кеткен тал қармайды» дегендей, Парламент депутаттарының көбi өз қызметтерiндегi соңғы әрекеттерiн жасап қалуға қармануда. Бiрақ, сiз бен бiздiң өкiнiшiмiзге қарай, олардың тiрлiктерi сайлаушыларының мүддесiне емес, өздерiнiң қарақан бастарының жағдайына көбiрек келiңкiрейдi. «Парламентте жұмыс iстеуiмiзге әлi екi жылдай бар едi. Таратылып кететiн болсақ, сол алдағы екi жыл бойындағы еңбекақымыз кесiлмесiн» дейдi заң шығару билiгiнiң өкiлдерi…

… «Саяси реформалар басталатын болса, Парламент таратылуы мүмкiн» деп министр Ертiсбаевтың осыдан бiр жарым жыл бұрын ағылшын ақпарат құралдарына берген сұхбаты Парламент депутаттарының көңiлiн айран-асыр еткенi көз алдымызда. Ол саяси реформалар жайлы алып-қашпа әңгiмелердiң Астананың дәлiздерiн кезiп жүрген кезi. Астанадағы «халық қалаулыларының» саяси реформа сөзiнен үрейi ұшып жүргендiгiн аңғару қиынға түспеген. Бұған қоса депутат Амангелдi Таспиховтiң «Саяси реформалар басталса, Парламент мiндеттi түрде таратылады» деген сөзi оны өзге әрiптестерiнiң, дәлiрегiнде Нұртай Сабильяновтың «дуэльге» шақыруымен жалғасқан. Амангелдi Таспихов «Менiң сөздерiмнен кейiн әрiптестерiм жаныма жақындап келiп, «Сенiң құлағыңа жоғарыдан ешкiм сыбырлаған жоқ па?» деп сұраған» деген-дi. Бұл эпизодты тегiннен тегiн еске алып отырғанымыз жоқ. Парламенттегi сол кездегi температура мен қазiргi температура арасында параллель жүргiзгiмiз ғана келген. Сол кезде үрейi ұшып, тiптi таратылу деген сөздi қабылдай алмаған депутаттар ендi «басқа түссе баспақшылдың» күйiн кешуде. Барлығы бiрдей, саяси реформаның жақтаушысына айналған. Бiз бұл арада саяси реформаларды жазғырудан аулақпыз. Саяси реформа Қазақстанның дұрыс жолмен дамуы үшiн аса қажеттi тетiк. Бiз тек заң шығарушы билiктiң кезектi рет құрбандыққа шалыну мүмкiндiгiне көңiл бөлмекпiз.

Бiздiң назар аударғымыз келгенi: атқарушы билiкке қажет болған кезде заң шығарушы билiктiң құрбандыққа оңай шалынатыны. Атқарушы билiкке қажетi болған кезде үш рет таратылған мұндай факт Қазақстаннан өзге елдерде аса көп кездесе қоймайды.

Бiздiң Парламенттегi депутаттар ала-құлалығымен ерекшеленедi. Айтпағымыз, Парламенттiң таратылу мүмкiндiгi бүкiл ойларын астан-кестен еткен депутаттармен қатар «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» депутаттар бар. Парламенттiң екi палатасын бөлiп қарастырсақ, Сенат депутаттарының басым бөлiгi заң шығару органында негiзiнен зейнетақысын күтiп отырғандар. Парламент тағы да екi жылдай жұмыс iстеген болса, олар зейнетақы жасы секiлдi «құтты орнына» қонған болар едi. Бiрақ, саяси реформа оған дес бермейтiн секiлдi. Содан ба екен, әйтеуiр, Бексұлтан Тұтқышев секiлдi депутаттар зейнетақыға дейiн ақшасыз отырмау қамын ойлай бастады. Қазiрден бастап… «Үкiмет бүгiнгi алып отырған айлығымызды алдағы екi жыл бойында қысқартпайтын болсын» дейдi ол. Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутат Амангелдi Таспихов қана бұған қарсы пiкiр бiлдiрдi. «Бiз неге екi жылдық өтемақыны талап етуiмiз керек. Бiздi парламентке ешкiм зорлап алып келген жоқ қой» деген Таспиховтың сөзiн көптеген әрiптестерi жақтырмай қалды.

Бұл парламентке атқарушы билiк қандай тәжiрибе жасамады дейсiз…

Парламент депутаттарына сырттан келiп ақыл айтатындарды тоғыстыратын «Қоғамдық палата» да құрылды;

Кез-келген министрлiктiң өз мүддесiне орай дайындап әкелген заң жобасын «көпiрдiң ар жағына өткiзiп жiберу» миссиясы да осы парламенттiң маңдайына жазылған. Естерiңiзге салсақ, «Жер кодексi» бұған дейiнгi парламентке, яғни, екiншi шақырылымның депутаттары алдына келiп түскенде оншақты депутат қарсы шығып, өре түрегелген едi. Егер, сол заң жобасы үшiншi шақырылым, яғни, қазiргi депутаттардың дауысына салынса, қарсы шыққан дауысты естiмеуiмiз де бек мүмкiн едi.

Басқаны былай қойғанда, мәтiнi өзгерген Шәмшi мен Жұмекеннiң әнiн Әнұран ету де осы депутаттардың мойнына жүктелдi.

Алғашқы Президентке 2012 жылдан кейiн де сайлану мүмкiндiгiн осы парламент бердi.

Парламент отырыстарына жолы түскен кез келген журналист депутаттардың айрықша көңiлшектiгiн аңдаған болар. Назар аударғымыз келгенi, депутаттардың атқарушы билiк алдындағы көңiлшектiгi. Кейбiр депутаттар алдымен өз саласына қажеттi заң жобасын алып министр немесе вице-министрдi жерден алып, жерге салады. Заң жобасына жаны ашыған сыңай танытқан оларды көрiп «сайлаушыларына жаны ашитынын-ай» деп ойлап қалуыңыз да мүмкiн. Бiрақ, ондай ой түюге асықпаңыз. Өйткенi, мұндай спектакль асып кетсе, 40-45 минутқа созылады да, iске алғысыз болып көрiнген заң жобасына залда отырған депутаттардың барлығы дерлiк қолдап дауыс бередi. Сөйтсек, бұл имиджеологияның қарапайым ғана бiр элементi екен. Яғни, депуттаттар мiнбенi пайдаланып қалуға шебер. Әрине, бәрi емес. Бiрақ, олардың имидж көтеруге арналған шараларының арзан сауданы еске түсiретiнi бар.

Парламентте либералдық қасиет пен «ләппай тақсырлыққа» бейiм депутаттарды олардың алдына келiп түсетiн заңдарды талқылау кезi нақтылап айқындап берiп отырады.Сөзiмiз күпiрлiк етпесiн, бiрақ, Мәжiлiс депутаттарының денi ләппай тақсырлыққа бейiмдер. Сенатқа сөз шығындаудың да қажетi жоқ.

Парламент депутаттарының арасында жарғақ құлағы жар таппай, сайлаушыларының ахуалын күйттеумен кеткен екi депутат болса, оның бiрi Н.Сабильянов, ал егер жалғыз болса, соның өзi. Әрине, «Парламент депутаттары аймақтан гөрi жалпыхалықтық, елдiк ахуалды күйттеу керек. Округ мәселесiнен жоғары өсуi керек» деген жартыкеш пiкiрлердiң барын жасырмаймыз. Алайда, округын ойлауға уақыты жоқ депутаттардың елдiң ахуалын күйттеп жарытқанын да көзiмiз көрмедi. Тiптi, есегi судан өтiп алғаннан кейiн артына қайрылып-бұрылмаған депутаттарды бiлемiз. Мәселен, Парламент Мәжiлiсiнде Төлебек Қосмамбетов деген депутат бар. Есiмiн естiмеген боларсыз? Дұрыс айтасыз. Бары-жоғы белгiсiз депутат. Сол депутаттың округiне Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шардара ауданы қарайды. Бiрақ, осы депутаттың мың проблемасы бар Шардараға жанұшыра назар аудартқанын көрмеппiз. Сайлаушылармен кездесетiн арнайы белгiленген уақыттың өзiнде Шардараға атүстi келедi. Сайлаушылар айтады: «Белсендiлеу депутатымыз болғанда, ауданымыздың бiраз проблемасы шешiлiп қалар едi».

Бұл шақырылым депутаттарының ең үлкен өкпесi бар едi. Дәлiрегiнде, бұл өкпесi де соңғы уақытта жалықтыра бастаған. Ол Үкiметке деген өкпе. Сырттай отырып, барлығы бiрдей «Үкiмет бiзбен санаспайды. Өктемдiгiн жүргiзедi» деп мұң шағатын. Сол мұң iштерiнде кететiн болды. Өйткенi, мұндай Парламентпен Үкiметтiң санасуының да қажетi жоқ. Санасуға тұрарлықтай орган болмағандықтан, ондай өкпенiң қандай қажетi бар едi, десеңiзшi…

Гүлнәр Мұқанова