«ТYРКIСТАННЫҢ» ДАРАБОЗЫ
«ТYРКIСТАННЫҢ» ДАРАБОЗЫ
Балаларға арналған халықаралық әдеби байқау өз мәресiне жеттi. «Дарабоздан» дара, оқ бойы озық шыққандар кiмдер? Әрине, бәйгеге iлiккен шығарманың iшiнен мыңнан тұлпар, жүзден жүйрiктi таңдап алу қазылар алқасына да оңай болмапты. Дегенмен, байқау болғандықтан, нағыз балалар көзайымы боларлық таңдаулы шығармалар өздi-өзiнен iрiктелiп шыға келмей ме? Сонымен, қорытынды нәтижесi төмендегiдей өрбiдi.
Бiрiншi 2 бәйгенiң бiреуiн газетiмiздiң белдi журналисi, белгiлi жазушы Жаңабек Шағатайдың (лақап аты «Қыр жусаны») «Ай жерге жақындаған жаз» повесi еншiлеп, 1,5 мың долларды қанжығасына байлады. Ж.Шағатай журналистiк талдау-сараптама мақалаларымен қоса, балалар әдебиетiне де қалам тербеп жүрген жазушы. Естерiңiзге сала кетсек, 1990 жылы «Бiрiншi кластың баласы» атты повесi де арнайы жүлдеге ие болып, жас оқырмандарға жол тартқан едi. Бұл повесть 2006 жылы «Арда» баспасынан жарық көрген «Қызыл бөлтiрiк» атты жинаққа да енген. Ендi мiне, «Ай жақындаған жаз» повесi де балалар қоржынын томпайтатынына бек сенiмдiмiз!
Сондай-ақ, бәйгенiң атасы – бас бәйгенi кiм олжалады? Бас жүлде — 3 мың долларды «Заман-Қазақстан» газетiнiң бас редакторы Ертай Айғалиұлының «Айжебе» деген бүркеншiк атпен түскен «Ақ барыс, американ және Аспантау үңгiрiндегi қазына» деген повесi, ал бiрiншi бәйгенiң екiншiсiн «Көзтүрткi» (лақап аты «Жалбыз») атты Әлiбек Файзуллаевтың повесi иемдендi.
Екiншi екi бәйгеге (750 доллар) Арасанбай Естеновтiң «Батырлар шежiресi» (лақап аты «Асылмұрат») деген топтамасы мен «Ұлың сенi сағынды, әке» («Гүл шоғы» лақап атымен) атты Жеткiншек Меңдiғалиұлының әңгiмесi лайық деп танылды.
Үшiншi үш бәйге – «Жетiм Жабай» (лақап аты «Қанағат қарын тойғызады») повесiнiң авторы Әлмағанбет Төрехановқа, Көсемәлi Сәттiбайұлының «Бiрлiктi iздеген бала» (лақап аты «Чемпионның әкесi») пьесасына және «Заман да, заман, заман-ай» (лақап аты «Жолымбет») повесiнiң авторы Тұрдыбек Алшынбаевқа берiлсе, ынталандыру сыйлықтарының құрмет-iлтипатына «Ата қоныс» (лақап аты «Қыран») атты әңгiменiң авторы Дәлелбек Батыр, «Хан ойын» (лақап аты «Ашамай») әңгiменiң иесi Тана Темiрханұлы, «Қасқыр мен қоянның достығы» (лақап аты «Асықата») ертегiсi үшiн Раушан Құрманғалиева және «Биылғы көктем» (лақап аты «Исатайдың атасы») атты үштаған үшiн Бекболат Әдетов бөлендi.
Осымен екiншi мәрте өткiзiлiп отырған бұл байқауды «TSC group» корпорациясының тiкелей демеушiлiгiмен Жазушылар одағы ұйымдастырып келедi. «Қуаныштысы сол, биылғы бәйгеде бағын сынағысы келгендердiң саны былтырғыға қарағанда бiршама көп», дейдi ұйымдастырушылар. Өйткенi, байқау жарияланған күннен бастап, яғни ағымдағы жылдың бiрiншi қаңтары мен бiрiншi мамыры аралығында хат қоржынына 207 шығарма келiп түссе, оның 152-сi байқауға жiберiлген. Демек, елiмiзде балалар әдебиетiне айтарлықтай көңiл бөлiнбей келедi десек те, әдебиет айдынында оған деген талпынысты, ынта мен жiгердi, сондай-ақ балалар әдебиетiне деген ықыластың жылдан-жылға артып бара жатқандығын аңғару қиын емес.
«Дарабоз» өз иелерiн тапты. Әдеби байқау әлi де жалғаса бередi деген үмiт бар. Айтпақшы, байқауды ұйымдастырушылар осы бәйгеге iлiккен шығармалар жақын арада жинақ болып жарық көретiндiгiн де айтты. Ендеше, қаламдарыңыз мұқалмай, жеңiстерiңiз жемiстi боп, балалар әдебиетiнiң қанат жаюына бiр кiсiдей атсалысыңыздар, Дарабоздар!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ