Жаңалықтар

ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБIСӘЛI 60-ҚА ТОЛДЫ

ашық дереккөзі

ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБIСӘЛI 60-ҚА ТОЛДЫ

Таяуда Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң 60 жасқа толуына арналған «Әбсаттар Дербiсәлi және шығыстану мен руханият мәселелерi» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өттi. Оған белгiлi қоғам қайраткерлерi мен дiнтанушылар қатысты.

Ұстаз. Көрнектi шығыстанушы. Исламтанушы. Ғалым. Қоғам қайраткерi. Бұл – Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң сан қырлы қасиет иесi екенiн көрсететiн қызметтер. Бас мүфти 20 жылдан астам уақыт әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнде ұстаздық еткен. Ол кездегi Киров атындағы университетке iрi шығыс философы әл-Фараби атының берiлуi үшiн де өзiндiк үлес қосқан. Елiмiзде ең алғаш рет шығыстану кафедрасын ашқан да – бүгiнгi мерейтой иесi едi. Оның араб тiлi мен әдебиетiне арналған еңбектерi – жалпы шығыстану саласының қыр-сырларын аша түскен өшпес дүниелер.

Мерейтойға арналған халықаралық жиында Әбсаттар қажы Дербiсәлi ҚазҰУ-дың Құрметтi профессоры атанды. Сондай-ақ, мерейтой иесiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев, Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов жеделхаттары арқылы құттықтап жатты. Елбасының жедел-хатында Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң ұстаз әрi дiн қайраткерi ретiндегi ел алдындағы абыройының жоғары екенi айтылған. Басқа да зиялы қауым өкiлдерi Әбсаттар қажы Дербiсәлiнiң «Шығыс жұлдыздары» сияқты өшпес туындыларының орнын жоғары бағалап, мерейтой иесiне жылы лебiзiн бiлдiрдi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА