Жаңалықтар

РАХАТ ӘЛИЕВТIҢ ЕНДIГI ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

ашық дереккөзі

РАХАТ ӘЛИЕВТIҢ ЕНДIГI ТАҒДЫРЫ НЕ БОЛМАҚ?

Қазақстанды, қала бердi бүкiл әлемдi шулатқан Рахат Әлиевке қатысты әңгiменiң қоламтасы әлi басылмай тұр. Бiр аптадан астам уақыт болды, Р. Әлиев Венадан талай мәлiмдеменi қарша боратып үлгердi. Негiзгi мазмұны, өзiнiң қуғындалуында саяси астар барға саяды. Ол өзiн тоталитарлық қоғамда зәбiр көрген батырларға теңеп әлек.

КЕПIЛ ҚҰНЫ – 1 МИЛЛИОН ЕВРО

Р. Әлиевтiң үстiнен қозғалған қылмыстық iс қаншалықты нанымды, Iшкi iстер министрлiгi жария еткен қылмыстардың тексерiлу барысы қалай? Бұған әзiрге жауап беру қиын. Алайда, Қазақстан тарапының өтiнiшi бойынша, Вена құқық қорғау органдары Р. Әлиевтi тұтқындаған екен. «Время» күнделiгiнiң жазғанына назар аударсақ, австриялық журналист Мартин Штаудингердiң мәлiметi бойынша, экс-елшi 1 маусымға дейiн ешқандай қобалжусыз, ешқандай үрейсiз қалыпты тiрлiк кешiп келген. Австриядағы бизнесiмен айналысқан, ЕҚЫҰ-ның жиналыстарына қатысқан. Ал, 1 маусым күнi Австрия полицейлерiнiң бiрi оны соңынан еруiн өтiнедi. Бiрақ, қолына кiсен салынбаған. 2 маусым күнi оны 8 күннiң iшiнде кепiлге босататындығын жария еткен. Кепiл құны – 1 миллион евро. 3 маусым күнi ол аталған соманы төлеп, кепiлге босатылған. Алдын ала одан Австрияны тастап ешқайда кетпейтiндiгi туралы қолхат алған.

Рахат Әлиевтiң iсi жайындағы сот әлi де бiраз уақытқа созылуы мүмкiн. Себебi, Қазақстанның құқық қорғау органдары оның қылмысын дәлелдейтiн нақты фактiлердi әлi көрсете алмай отыр. Сондай-ақ, Әлиевтiң өзiнiң қуғындалуында қылмыстық емес, саяси аспект жатқандығын қайта-қайта мәлiм етуi де Вена құқық қорғаушыларын ойға қалдыруда.

КТК ЭФИРМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ

Ал, сәрсенбiден бастап, 3 айға жұмысы тоқтатылған КТК телеарнасының жұмысы қайта жанданды. Бұл жолы оны Дариға Назарбаева өз бақылауына алатындығын ескерткен. КТК-ның жұмысы тоқтатылуына байланысты, жаңалықтар қызметiнiң журналистерi бiр айға демалысқа жiберiлген екен. Сол себептi де, эфирге қайта оралған. КТК бет-бейнесiн де мүлдем өзгертпек. Онда негiзiнен салмақ ойын-сауық бағдарламаларына жүктелетiн болады. КТК-ның акционерi өзгермейдi, Рахат Әлиев болып қала бермек. Алайда, жоғары басшылықта өзгерiс болатын көрiнедi. Бұл жайында коммерциялық телеарнаның бас директоры Руслан Жемков мәлiмдеген. Р. Жемков жұмысынан кететiндiгiн айтқан. Басшылықта өзгерiс болғанымен, бұрынғы шығармашылық ұжым орнында қалады. Әрi ойын-сауық бағдарламаларын ашам деушiлерге жол ашық, Сонымен қатар, айлық жалақы өсетiн болады. Демек, 3 айға жұмысы тоқтатылған, негiзгi тағылған айып – «Тiлдер туралы» Заңның 18-бабын орындамады» делiнген КТК эфирмен қайта қауышпақ. Бiрақ, оның аталған бапты орындау үшiн не iстегенiн бiлу мүмкiн емес. Тiптi, ойын-сауық бағдарламаларының саны артатын болса, 2001 жылғы «Таң» телеарнасының аяғын құшпасына кiм кепiл. Естерiңiзде болса, сол кездегi белгiлi оппозиционерлердiң бiрi болған Мұхтар Әблязовтiң иелiгiндегi «Таң» телеарнасы М. Әблязов сотталғаннан кейiн, оның меншiгiнен алынған едi. Оның қазiргi иесi кiм екенiн бiлмеймiн, алайда бүкiл бет-бейнесiн ойын-сауық бағдарламаларына бұрған ол бар-жоғы белгiсiз телеарналардың бiрiне айналды. Ондағы ойын-сауық бағдарламаларының басым көпшiлiгi – орыс тiлiнде. Мемлекеттiк тiлде бағдарламалар жоқтың қасы. Ал, КТК-ның ендi қандай бағыт ұстанатыны белгiсiз.

Есенгүл Кәпқызы