ҮКIМЕТТIК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI НЕ?
ҮКIМЕТТIК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ КӨЗДЕГЕНI НЕ?
Жақында "Аллажар-қолдау" қоғамдық қоры үкiметтiк емес ұйымдарға (ҮЕҰ) байланысты деректердiң ұшығын шығарды. Бұл әңгiме "ҮЕҰ-ның ұрпақ тәрбиесiндегi қарызы мен парызы" деген тақырыптағы дөңгелек үстелде сөз болды. Басқосуға қоғамдық қордың жанынан құрылған 20-ға жуық мәдени орталықтардың өкiлдерi қатысты.
Елiмiзде мемлекеттiк ұйымдар саусақпен санарлық та, есесiне үкiметтiк емес ұйымдардың ғұмыры ұзақ. 2005 жылы Алматы қаласының мәслихаты "2005 жылы Алматы қаласы ҮЕҰ-ға қолдау көрсету бағдарламасын" қабылдап, содан берi жыл сайын бюджеттен 70 млн. теңге қаржы бөлiнiп келедi. Сараптама кеңесi бұл ұйымдардың әлеуметтiк маңызы бар 43 жобасын мақұлдаған соң, осы жобалар аясында "Зерделiк еңбектегi әйелдер Одағы" ҚБ ұжымы шығарған "Неправительственный сектор Алматы" кiтабы қолымызға түстi. Келтiрiлген деректерiне сүйенсек, 2006 жылдың 1 қаңтарына дейiн Алматы қаласында 2 мың 853 ҮЕҰ тiркелген екен. ҮЕҰ 2005 жылғы тендерде 13 бағытта әлеуметтiк маңызы бар 43 жоба ұтып, осы жылы әр түрлi сала, бағыт бойынша жұмыстар жүргiзген.
Республика бойынша тiркелген ҮЕҰ саны кейбiр деректер бойынша 5 мыңнан астам болса, кейбiр мәлiмет көзi 7 мыңға жуық деген ақпар бередi. Соған қарағанда, елiмiзде ҮЕҰ жыл сайын қанатын жайып, көбейiп бара жатқан сияқты. 2005 жылы бiр ғана Алматыда 237 жаңа ҮЕҰ құрылып, Әдiлет министрлiгiнен куәлiктерiн алған. Мемлекет ҮЕҰ үшiн, оның әлеуметтiк маңызы бар жобаларына қомақты қаржы бөле бастағалы бұлардың саны әлбетте көбеймесе азаймайды. Мәселе, ҮЕҰ санында да, сапасында да емес, әңгiме осынша ҮЕҰ тiлiн қай тiлде жүргiзiп, iс-қағаздарын қай тiлде толтыруында. Атына заты сай ма? Бұл қоғамдық ұйымдар жұмысын өз жарғысына сай жүргiзе ме, әлде қоғамдық ұйымның атын жәй бүркеншiк үшiн қолдана ма? Алматы қаласының Iшкi саясат департаментi ҮЕҰ жұмыс iстеу жөнiндегi бөлiмнiң бас маманы Айдар Есенбеков:"ҮЕҰ мемлекеттiк органның құзырына кiрмейдi. Себебi, адамдар мақсат-мүддесiн жүргiзу үшiн өздерi топтасып, ұйым құрады. Тiркеледi, жарғылары бойынша жұмыс iстейдi. Алайда, олар заң талаптарын орындауы керек. Бiрақ заң талаптарын бақылайтын арнайы мекемелер бар ғой. Оны солар тексередi. Кейбiр қоғамдық ұйымдар жарғысында жазылмаған жұмыстармен айналысуы мүмкiн. Мәселен, қоғамдық ұйым ретiнде тiркеледi де, басқа секталардың дiни уағыздарын жүргiзедi деген сияқты. Мұндай кезде шара қолданамыз. Демек, мемлекеттiк тапсырыс бойынша белгiлi бiр жобаларға байқау жарияланғанда, қатысып, ұтып шыққан ұйымдарға қаржы бөлiнедi. Сосын жобаның қалай жүзеге асып жатқандығын қадағалаймыз. Негiзiнен қазақ тiлiнде болуын талап етемiз. Болмаған жағдайда ғана екi тiлде. Бiзде заң бойынша қоғамдық ұйымдарға мемлекет араласа алмайды. Бiреуiне қолұшын берсе, басқасы шу көтередi. Сондықтан олар мемлекетке алаңдамай, жұмысын тәуелдi жүргiзу керек" дегендi бiлдiрдi.
Ал Қазақстандағы азаматтық белсендiлiктi қалыптастыру кiмнiң қолында, кiмдер оны ұтымды қолдануда дегенге келсек, "Неправительственный сектор" кiтабынан Алматы қаласына байланысты бiраз ақпаратты көз шалды. 2006 жылдың 1-қаңтарында қалада ҮЕҰ саны 3 мыңға таяп қалғанмен, оның бәрiн бағыттарына, мақсаттарына, құрылымына қарай жiктеп сараптау өте көп уақытты алады. Сол себептен, Алматы қаласының тек ұлттық-мәдени орталықтарына тоқталғанды жөн көрдiк. Кiтап дерегi бойынша қытайдың, румынның, гректiң, сығанның, ауғанның, венгрдiң, поляк сияқты кеңестiк кезде атын естiгенiмiз болмаса, түрiн көрмеген ұлт өкiлдерiнiң "ұлттық-мәдени орталықтары", кейбiр нәсiл өкiлдерiнiң, мысалы, "африкандықтардың Қазақстандағы одағы" сияқты қоғамдық ұйымдары құрылып, заңды тiркеуден өткен. Кеңестiк дәуiрде, одан әрмен кездерi жер айдалып немесе жақсы өмiр iздеп келген белорус, татар, армян секiлдi "халықтар достығы лабораториясында" бiрге қайнасқан ұлт өкiлдерiнiң екi-үштен "ұлттық мәдени орталықтары" бар екен. Бiрақ ұйымның аты ғана жазылғанмен, қай ұлт өкiлдерiнiкi екендiгi белгiсiз. Мәселен, "Алматы – дом мира", "Барбанг", "Воншен", "Мицар", "Братство семиреченских казахов в Малой станице", "Даймохк", "Хабад-Любавич", "Суоми", "Ильдаш", "Семиреченская казачья община", "Союз казаков Семиречья" т.б. тiркелген. Ал еврейлердiң — сегiз, орыстардың тоғыз, Оңтүстiк Кореядан келiп шiркеу ашқандарын есепке алмағанда, кәрiстердiң — тоғыз "мәдени орталықтары" ашылса, ұйғырдың — он екi ұлттық мәдени орталығы тiркелiптi! Байқасаңыз, қазақ мәдени орталығы немесе осы бағыттағы бiрде-бiр ұйым атымен жоқ. Соған қарамастан, олар "Қазақстанда бiзге қысым көрсетiледi, тiлiмiмiздi дамытпай жатыр" деп байбалам жасауы қай сасқаны? Ал, ұзақ зерттеудi қажет ететiн ҮЕҰ қаншама. Олардың аты қазақша тiркелгенмен, заты қандай екендiгiн тексеру бiздiң мойнымызда.
Сол сияқты заң талабы бойынша елiмiздегi ҮЕҰ жұмысы мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуi тиiс, ал егер олар өз жұмысын өзге тiлде жүргiзген жағдайда, мұндай iс-шара, жиын, дөңгелек үстел мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлге аударылып берiлуi керек. Бiрақ, бәрi керiсiнше. Бар гәп, осы 5 мыңнан аса қоғамдық ұйымдардың 95-97 пайызы жұмысын орыс тiлiнде атқарады. Ал қалған үш пайызы ғана там-тұмдап болсын, мемлекеттiк тiлде жұмыс iстейдi. Қалай дегенде, ҚР «Тiлдер туралы» Заңның 8-бабында: "Мемлекеттiк тiл ҚР мемлекеттiк органдардың, ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс-қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл, сол сияқты қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады" деп анық айтылған мәтiн жолдары заң жүзiнде iске асып жатқан жоқ!
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ