Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ТIЛIНЕ ҚАРСЫЛАР МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТҚА ДА ҚАРСЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТЫҢ ТIЛIНЕ ҚАРСЫЛАР МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТҚА ДА ҚАРСЫ

Халық қалаулысы Мұхтар Шахановтың Мәжiлiс мiнберiнен қазақ қоғамын жаулап алған ресейлiк «ақпараттық диверсия» туралы мәселе көтеруi мұң екен, «шыбық тимей, шыңқ ететiн» ресейлiк БАҚ «аттанға» басты. 2007 жылды «Орыс тiлiнiң жылы» деп жариялаған ресейлiк билiк Қазақстан секiлдi посткеңестiк елдерде ғана емес, бүкiл әлемде орыс тiлiнiң үстемдiк етуiне мүдделi.

Мемлекеттiк тiл мәртебесiн асқақтатуды қазақстандық шенеунiктер шын ниетiмен қолға ала ма, әлде бұл игi шара да «науқаншылдық» реңктен арыға аса алмай, қазақ тiлi қашанғы әдетiмен орыс тiлiнiң көлеңкесiнде қала бермек пе? Өткен аптада ҚР Үкiметiнiң басшысы Мәсiмов мемлекеттiк тiл ауқымын кеңейтудiң жаңа жолдары қарастырылатынын айтты. Премьердiң сөзiнен нәтиже шықса жақсы. Ал Атажұртын аңсап келген қандастарға орыс тiлiн үйренудi таңып қойған қазақстандық мәжiлiсмендердi мемлекеттiк тiлдiң мүддесiне қызмет етедi деп айту қиын.

ТIЛ – ЫҚПАЛ ЕТУ ҚҰРАЛЫ

РФ президентi Путин 2007 жылды орыс тiлiнiң жылы ретiнде жариялады. Ресейдiң уақыт өткен сайын әлсiреп бара жатқан геосаяси ықпалын арттыру мақсатында. Тiлдiң таралу ауқымы елдiң өзге державалармен күрес жолындағы бәсекелестiк қабiлетi мен геосаяси ықпалының көрсеткiшi болып табылады. Сондықтан Кремльдiң жанталасып жатқаны тегiн емес. Себебi, посткеңестiк кеңiстiктегi орыс тiлi ауқымының тарыла бастауы оның саяси ықпалының кемуiне әсер етпек. Ресейге алыс, жақын шет елдерден ағылатын туристер ағынының бәсеңдеуiне, орыстардың тарихы мен мәдениетiне деген қызығушылықтың кемуiне әкеп соғуда. Бүгiнгi таңда қалтасы қалыңдар балаларын орыстардың жерiне емес, Еуропа мен Америкаға аттандырады. Әрi кезiнде КСРО құрамында болған елдердi уысынан шығарғысы келмейтiн кеңестiк империядан «жұққан» ұр да жық саясатты ұстанатын «ағалық» ауруы тағы бар. Тарихи деректерге жүгiнсек, ХIХ ғасырдың басында, яғни, 1900 жылы орыс тiлiн бiлетiндердiң саны 150 миллион екен. Олардың басым бөлiгi Ресей империясының тұрғындары болған. Арада 90 жыл өткенде әлем бойынша орыс тiлiн еркiн меңгергендер саны 350 млн.-ға бiр-ақ көтерiлiптi. Әрине, орыс тiлiнiң дәуренi ұзаққа созылмады. Өйткенi, КСРО ыдырап, 15 одақтас республикалар тәуелсiздiгiн жариялаған кезде жылдар бойы кеңестiк империя езгiсiнде болып келген елдердiң бодандық бұғауын салған Ресейден, орыс тiлiнен iргесiн ажыратуға тырысқаны белгiлi. Осының нәтижесiнде бүгiнде Балтық жағалауы елдерiнiң барлығы да (Литва, Латвия, Эстония) кезiнде кеңiрдектен алған орыс тiлiн шет тiлдердiң қатарына сырғытты. Олардан Әзiрбайжан, Грузия, Армения да қалыспады. Тәжiкстан, Түркiменстан мен Молдова орыстардың тiлiн «ұлтаралық қатынас құралы» деп белгiлесе, Украина елдегi «аз ұлттардың тiлi» ретiнде таныды. Есесiне, қазақтар мен қырғыздар «үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын» орыс тiлiн заң жүзiнде «ресми тiл» деген мәртебемен «асқақтатты». Ал қашанда кремльдiк саясаттың ығына қарай жығылуға бейiм белорустар бауырластарының тiлiнен «мемлекеттiк» мәртебенi аямады. Қазiргi таңда орыс тiлiн 163,8 млн. адам ана тiлiм деп бiледi. Оның 163,8 миллионы – ресейлiктер, 26,4 млн.-ы ТМД аумағындағылар мен Балтық жағалауы елдерiндегiлер және 7,4 миллионы алыс шет елдердiң азаматтары. Сонымен қатар бүкiл әлем бойынша 114 млн. адам Пушкиннiң тiлiн екiншi немесе шет тiлi ретiнде меңгерген. Ресей: «Егер осы қарқынмен кете берсе, 2025 жылға қарай орыс тiлiн бiлетiндердiң саны өткен ғасырдағы көрсеткiшке (150 млн.) дейiн төмендемек. Ал ТМД елдерiн мекендейтiндер орысша сөйлеу қабiлетiнен айырылмақ» – деп дабыл қағуда. Орыстардың бұлайша аттандауы тегiн емес. Себебi, қазiрдiң өзiнде Балтық жағалауы елдерiндегi 15 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң небары 17 пайызы ғана орысша сауатты. Халқының 66 пайызы орысша сайраған Қазақстанның өзiнде орыс тiлiн бiлмейтiн, орысша бiлмейтiндiгiне намыстанбайтын жас ұрпақ қалыптасып келедi. Десе де, қазiргi кезде жарты миллионға жуық қарадомалақтың орыс мектептерiнде тәлiм алуы отандық сарапшылар мемлекет тарапынан ұлттық идеология мәселесiне көңiл бөлiнбесе, күндердiң күнiнде ұлттық құндылықтардан ажырап қалған, яғни, орыстық және батыстық бағытта тәрбиеленген ұрпақ пен қазақы салт-дәстүрдi қанына сiңiрiп өскен ұрпақ арасында туындайтын билiк үшiн күрес соңы аяусыз қақтығыстарға апарып соғуы әбден мүмкiн екендiгiн айтып алаңдайды. Әрине, түбiнде Қазақстан мемлекетiн құраушы негiзгi ұлт – қазақтың ұлттық құндылықтары салтанат құратыны айқын. Өкiнiшке қарай, өз қолдары өз ауыздарына жеткен егемен елдер саяси, экономикалық, тiлдiк және рухани бұғаудан босануға жанталасып жатқанда Қазақстандағы шалақазақтар орыс тiлiнiң шашбауын көтеруден шаршамай жүр. Мұхтар ағам (Шаханов) айтпақшы, «билiк басындағы «мордиясы» ғана қазақтар» қазақ тiлiнiң өз елiнде, туған топырағында үстемдiк құруына мүдделi емес. Керiсiнше, тұншықтырып, тiптi, мүлде жойып жiберуге бар. Асфальтта өскен қандастар мен құлқын мен қарынға құл қазақтардың туған тiлге көрсеткен теперiшiн көре тұра, «iшiң бiлсiн, әлуай»-ға басуға мәжбүрсiң…

«ҚАРҒАЙЫН ДЕСЕМ, ЖАЛҒЫЗЫМ»…

Ресми деректер бойынша, кейiнгi кездерi билiк үшiн қырқыс белең алған айырқалпақтылар елiндегi орыстiлдi азаматтардың саны екi есеге, ал Тәжiкстандағы орыстардың саны 15 есеге дейiн азайған. Түркмения, Өзбекстан, Молдавия, Әзiрбайжан мен Украинаның батыс бөлiгiндегi ерекше қарқынмен жүргiзiлiп жатқан орыстардан отарсыздану саясатының нәтижесiнде орыс тiлiнiң ықпалы әлсiреген. Ал ұлттық мәселелерге келгенде билiгi «жалпақшешейлiктен» арыға аса алмайтын қазақтардың елiнде орыс тiлi МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ – ҚАЗАҚ ТIЛIНЕН үстем. Бейне қоғамдық көлiктерде аялдама атаулары орысша хабарланбаса, қазақ тiлiн менсiнгiсi келмейтiндер адасып кететiндей, көшелердегi «дүкеннiң» жанындағы «магазин», «балықтың» жанындағы «рыба», «сүттiң» жанындағы «молоко» мен «еттiң» жанындағы «мясо» болмаса, аштан өлетiндей… Ол аз десеңiз, өз жерiнде өгейдiң күйiн кешкен қазақ тiлiне араша түсушiлердi бiздiң билiктiң «пәленбай жылғы ұлтаралық достыққа қатер төндiрушi» «лаңкес», «әсiреұлтшыл» ретiнде танитыны тағы бар.

«БИЛIКТЕ МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛГЕ ҚАРСЫЛАР КӨП»

Жалпы өркениеттi елдер өз тiлдерiн күшейтудiң тиiмдi жолдарын қарастырудан жалыққан емес. Мысалы, Британдық кеңес жыл сайын ағылшын тiлiн дамытуға 500 млн. фунт стерлинг (765 млн. еуро) жұмсаса, немiстердiң Гете институты мемлекеттiк бюджеттен 250 млн. еуро бөлiп отырады. Франция, Канада мен Бельгия тарапынан бөлiнетiн қаржы да немiстерден қалыспайды, яғни, 250 млн. еуроның о жақ, бұ жағында. Аталған үш ел ұйымдастыратын франкофония бағдарламасы бойынша Жер шарының 135 елiндегi 400 мың адам француз тiлiн тегiн үйренедi. Әлемдiк саясатқа ықпал ету құралы болып табылатын тiлдiң өсiп-өркендеуiне мүдделi билiк мемлекеттiң тiлiн жарнамалық тұрғыда насихаттаумен шектелмей, қаржыны да аямайды. Оның жарқын мысалы, осыдан екi жыл бұрын Еуропалық Одақтың бас ғимараты орналасқан Бельгия астанасы Брюссельде болғанымызда билiк өкiлдерi бiзбен халықаралық қатынас құралына айналған ағылшын тiлiнде емес, тек француз тiлiнде пiкiрлестi. «Күлшелi бала сүймекке жақсы» демекшi, жұмсалатын қаржы неғұрлым қомақты болған сайын, шет тiлiнiң жатжұрттықтарға соғұрлым сүйкiмдi бола түсетiнi анық. Ең маңыздысы, өзгелердi өзiнiң ана тiлiне баулитын оқытушылар қызметi бiр жағынан алғанда миссионерлiкке жақын. Өйткенi, олар туған тiлдерiн насихаттаумен қатар өзгелердi өздерiнiң Отанын сүюге және құрметтеуге үгiттейдi. Кейбiр ресейлiк сарапшылардың орыс тiлiн үйренуге федералдық бюджеттен бөлiнетiн 220 млн. рубльдi (8,5 млн. еуро) мiсе тұтпауы сондықтан. Оның үстiне, президенттiң жарлығына сәйкес, «2007 жыл – орыс тiлiнiң жылы» деп жарияланғанмен, тiлдi дамытуға қатысты нақты шаралардың барлығы жыл соңына жоспарланған. Шет елдердегi ресейлiк мәдени орталықтарда орыс тiлiн үйренушiлер саны небары 7 мыңға жуық. Кәрi құрлық өкiлдерi мықтап қолға алған тiл үйрену курстары ТМД елдерiнде атымен жоқ көрiнедi. Есесiне, жатжұрттықтардың тiлiне келгенде қамшы салдырмайтын қазақтар бар. Өкiнiшке қарай, көпшiлiгi – билiк эшалонындағылар. Осының салдарынан шығар, Белоруссияда мемлекеттiк тiл мәртебесi бар орыс тiлiн меңгергендер саны 78 пайыз болса, Қазақстанда орысшаны негiзгi тiлiм деп бiлетiндер – 66 пайыз! Өкiнiштiсi сол, мемлекеттiк тiл мен ұлттық мәселелерге келгенде солақай саясатты ұстанатын кейбiр қандас: «Қазақстанда орысша бiлетiндер саны кемiп барады, халық сауатсыздануға бет алды» – деп «аттандаудан» шаршамай жүр. «Қарғайын десем, жалғызым, қарғамайын десем, жалмауызым» деген осы… Айтпақшы, депутат Айталы жуырда билiк басындағы қазақтардың басым бөлiгi Қазақстан Президентi Назарбаевтың тiл саясатына iштей үлкен қарсылық бiлдiрiп отырғанын айтқан болатын. Халық қалаулысы «Көшi-қон туралы» Заң жобасы талқыға түскен сәтте 27 мәжiлiсменнiң «Қазақстанда тек қазақ тiлi оқытылуы тиiс» деген бапқа қарсы дауыс бергенiн сынға алған едi: «Шет елден келген оралмандар үшiн орыс тiлi – бөтен мемлекеттiң тiлi. Осы психологиялық ерекшелiктердi ескере алмай отырмыз. Әдеттегiдей қалыс қалған Вера Сухорукованы айтпағанда, орыс әрiптестерiмiз, iшiнде Қазақстан Халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Дьяченко да бар, түгел қарсы болды. «Жас отандықтар» Бердiоңғаровтан бастап, ардагерлер қазақтарды қосып, ұсынысты қолдамады». Айталыны ашындырған бiр бұл емес едi. Мәжiлiс аппаратындағылардың 94 пайызы қазақ ұлтынан бола тұра, негiзiнен аударманың көмегiне жиi жүгiнетiндiгi және мемлекеттiк тiлдi талапқа сай бiлетiндердiң саны 54 депутат екендiгi мәжiлiсменнiң назарынан тыс қалмаған: «Аппаратта 228 адам жұмыс жасайды. Оның 206-сы немесе 94 пайызы қазақтар, қалғандары басқа ұлт өкiлдерi. 228 аппарат қызметiнiң 23-i мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi. 69-ы ептеп түсiнедi. 32-сi оқиды, 54-i ғана оқи да, жаза да бiледi. Талапқа сай осы 54-i ғана». Өкiнiшке қарай, тiлге жанашырлық бiлдiргендердiң жанайқайына селт еткен жан сирек. Оған куә, күнi кешегi ҚР Конституциясына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар арасында Ата Заңның 7-бап, 2-тармағындағы мемлекеттiк тiлге қатысты түйткiлдiң тағы да шешiлмей қалуы. Ұлттық мүдделерiн кедергiсiз iске асыруды мақсат еткен Кремль орыс тiлiнiң ауқымын кеңейтуге жанталасып жатқанда, қазақ билiгiндегiлердiң көпшiлiгiнiң ресейлiк саясатқа қолшоқпар боп отырғаны өкiнiштi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ