Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗ КӨРШIМIЗДIҢ КӨҢIЛI ДАЛАДА

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗ КӨРШIМIЗДIҢ КӨҢIЛI ДАЛАДА

Айырқалпақтылар елiнiң астанасы бiздiң Алматының өткен ғасырдың соңғы жылдарындағы келбетiн еске түсiредi. Жол тығынын байқамадық, Көшелердегi көлiктерi де жадағай. Жолаушыларды тасу – "газельдердiң" мiндетiнде. Алматы мен Астананың қарқынды құрылысына көз үйренiп қалғандықтан ба, әйтеуiр, Бiшкекте мойын созған құрылыс крандарын кездестiрмегенiмiз бiртүрлi оғаштау көрiнгенi де рас. Әрине, бюджетiнiң көлемi Қазақстанның бiр облысының бюджетiнен де аспайтын көршiлерiмiзден жалт-жұлт дүние күткенiмiздiң өзi де оғаштау көрiнетiн шығар.

РЕВОЛЮЦИЯ, РЕВОЛЮЦИЯ ЖӘНЕ РЕВОЛЮЦИЯ…

Қырғыздар көтерiлiстен шаршап қалғанға ұқсайды. Қайтсiн ендi, кезiнде Орталық Азиядағы "демократия аралы" деген атқа ие болып, бiр жылдың iшiнде екi рет көтерiлiс жасаған көршiлерiмiз 2005 жылдан бергi толқуларды естерiне де түсiргiсi келмейдi. Бiз сол көтерiлiстер жайлы пiкiрлердi бiрнеше тұрғыдан сараптап та үлгердiк.

Бiрiншi, ресми пiкiр; Қырғызстанның Мемлекеттiк хатшысы Адахан Мадумаров халық алдында: "Көл толқыса толқысын, бiрақ, ел толқымасын" — деген тiлек айтып жүрдi. Қырғызстанның Жогорку Кенешiнiң депутаты, вице-спикер Қуанышбек Исахановтың сөзi де осыған ұқсастау болып көрiндi. "Бiздiң елдегi демократия басқа елдердiң барлығымен де салыстырғанда көбiрек пе деп ойлаймын" дейдi ол. Мұның астарынан "өзге елдерге қарағанда, халықты басымызға шығарыңқырап жiбердiк" — деген ойды ұғуға да болар.

Екiншi, қоғамдық пiкiр таратушылардың пiкiрi; Қоғамға ақпарат таратумен айналысатын әрiптестерiмiз айтады: "Ол оқиғаларды «революция» деп атаудың өзi аянышты. Бүкiл нәрсенi ол кезде Бакиевтiң ақшасы шештi. Қаржыға қарық болғандар алаңға шығып алып, ойларына не келсе, соны жасады". Мұны алғашқы ресми пiкiрдiң жалғасы ретiнде қабылдасаңыздар да болады. Қажет кезiнде көтерiлiс "революция", "халық толқуы" деп суреттелсе, қажет емес кезде, ол "бұзақылық", "ақша үшiн жасалынған әрекет" секiлдi анықтамаларға ие бола бередi екен.

Үшiншi, қарапайым жандардың пiкiрi; "Ой, бiз алаңға шыққан жоқпыз. «Көтерiлiс» дегенiмiз — бекер адамның тiрлiгi. Бiздiң оған уақытымыз да болған жоқ" дейдi қолөнер iсмерлерi апалы-сiңлiлi Төлегеновалар. Мұндай пiкiрдi тағы да бiрнеше жерден естiдiк.

Бiз түйген ой: Демек, Бакиевтiң билiгi көтерiлiстiң қай кезде "революция" деген жағымды атауға ие болатындығын және қай кезде жағымсыз "ереуiл" атын иеленетiндiгiн айқындап қойған. Ал алаңға шыққан жандардың арасында ескi режимдi өзгертудi шын мәнiнде, жан-тәнiмен қалаған адамдардың болғандығына күмән келтiрмеймiз. Бiрақ, олардың барлығының бiрдей "ереуiлшiлер", "басбұзарлар", "бекерден-бекер жүрген, ақшаға қызыққандар" атануы кiсiнiң көңiлiне аяныш сезiмiн тудырады екен. Яғни, адамның басының Алланың ғана емес, "билiктiң де добы екендiгiн" сезiнесiз. Дегенмен, алаңға шығып, режим ауыстыру арқылы қырғыздар бiрнеше қадам алға жылжыды деп анық айта аламыз. Өйткенi, қырғыздардың кей көршiлерiнiң мұндай "қорқынышты" ойдан мүлде ада екендiгiн бiлемiз. Әрi көтерiлiс пен оның себеп-салдарын бастан өткiзген қырғыздар саяси сауат тұрғысынан бiраз байып та қалған сияқты. Жалпы, қырғыздардың бiзден гөрi саяси сауатты екендiгiн бiз осы елге ең алғаш рет жолымыз түскен, 2001 жылы-ақ байқағанбыз. Билiк қарапайым халыққа оқ атқан "Ақсый оқиғасында" да осы қырғыз ағайындардың дүр көтерiлгенi белгiлi.

ТҮШТҮК ПЕН ТҮНДҮК НЕМЕСЕ ПРЕЗИДЕНТТIҢ ТҮБIНЕ КIМ ЖЕТЕДI?

Қырғыздың оңтүстiгi мен солтүстiгi арасындағы қайшылық Бакиев-Кулов тандемi екi айрылғаннан кейiн тiптi, өрши түскенге ұқсайды. Қырғыз саясаттанушылары Бакиевтiң әрекетiн "дарияның арғы бетiне өткеннен кейiн қайық пен ескектi қажет етпейтiн" жанның қылығымен салыстырады. Қырғыз депутаттары, оның iшiнде әйгiлi Әзiмбек Бекназаров:"Президенттiң түбiне оппозиция емес, Ақүйдегiлер (Президент резиденциясы Ақ Үй деп аталады) жетедi" дейдi. Оңтүстiк пен солтүстiк арасындағы тепе-теңдiктiң сақталмауын Бакиевтiң айналасындағылардан көргенi; Бакиевтiң оңтүстiктiң тумасы екендiгi белгiлi. Негiзiнен, осы оңтүстiктiкiлердiң бұған дейiн Ақаевтың дәуренi кезiнде бiраз қақпай көргенi белгiлi. Дегенмен, билiк басына Бакиевтiң келуi де жағдайды аса өзгерте қоймаған секiлдi. Екi аймақ арасындағы жершiлдiктiң нендей шегiне жеткенiн Қырғызстан Мемлекеттiк хатшысы Мадумаровтың сөзiнен-ақ аңғаруға болатын шығар. Ол қырғыз журналистерiне қаратып: "Сiздерден өтiнемiн. Оңтүстiк пен солтүстiк деп бөлмеңiздершi. Бiз бiр халықпыз. Қазiр қарап отырсам, екi аймақ арасындағы ерекшелiкке тiптi, қатты көңiл бөлiнiп жүр. Бiшкекте оңтүстiктiң адамы ұсталыпты деген сөз "Мәскеуде Кавказ ұлтының өкiлi қамалыпты" дегенмен пара-пар айтылады. Мұндайды естерiңiзден шығарыңыздаршы" дейдi. Яғни, проблеманың барын ол да мойындайды. Айтпақшы, бiз сөзге тартқан Қырғыз Мемлекеттiк музейiнiң айына 850 сом айлық алатын қызметкерi Таня Юсупова айтады: "Ақаевтың кезеңiмен салыстырғанда, қазiр жершiлдiк, коррупция дендеп барады. Бұрын орыстiлдi қырғыздар мен қырғызтiлдi қырғыздар болып бөлiнушi едi. Ендi, барынша түштүк пен түндүк қырғыздары болып екiге айырылған. Ақаевтың кезiнде сыбайласқан әрекеттер сабан астынан су жiберумен тең едi. Ал қазiр бәрi де ашықтан-ашық жүргiзiледi. Менiң жұбайым оңтүстiктiкi болғандықтан ғана жұмысқа қабылданбай отыр". Айтпақшы, ол өзi жұмыс iстейтiн музейдiң (музей орталық алаңда орналасқан) жертөлесi көтерiлiс болады деген сыбыс естiлген сайын арнаулы жасақталған отрядтарға толып кететiндiгiн айтады. «Соңғы оқиға кезiнде де осы жертөледе 200-ге жуық солдат жасырынып жатты» дедi ол.

ҚЫРҒЫЗҒА ӘСКЕР КЕРЕК ПЕ НЕМЕСЕ РЕСЕЙМЕН АРАДАҒЫ ҚОСАЗАМАТТЫҚ…

Бiз Қырғызстанға жолымыз түскен кез осы елдiң әскери қызметшiлерiнiң күнiмен тұспа-тұс келдi. Қолымызға "Әскери қызметшiлер" күнiне орай құлаш-құлаш мақалалар ұйымдастырған қырғыз басылымдарының түсе қалғаны. Бiздiң назарымызды "Қырғызстанға әскер керек пе?" — деген сауалнама аударды. Қойылған сауалға да, берiлген жауаптарға да қарап, таңданысымызда шек болмады. Сөйтсек, сауалнамаға қатысушылардың басым бөлiгi: "Әскердiң керегi жоқ. Ол шығынды. Төтеннен бiрнәрсе орнай қалса, ШЫҰ (Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы), ДКБ (Коллективтi қауiпсiздiк келiсiмi) бар ғой"—деген жауап қайтарыпты. "Мемлекеттiк атрибуттың бiр символы ӘСКЕР екенiн Қырғызстан азаматтары аса түсiне бермейдi ме?" деген ойға келдiк. Болмаса, дәл осы қырғыздар Баткен оқиғасынан зардап шекпеген бе едi? Қырғыздардың Ресеймен арада қосазаматтық институтын енгiзуге талпынып отырғандығын бiлгенде бiздiң оларға деген таңданысымыз тiптi, үдей түстi. Сөйтсек, "Қосазаматтық туралы" Заң жобасы Жогорку Кенештiң талқысынан өтiп, мамырдың алғашқы шенiнде президенттiң қол қоюына жiберiлiп те үлгiрiптi. Қырғызстан Конституциясы бойынша, Парламенттен келген заң жобасын президент бiр айдан кешiктiрмей иә қолдап, иә болмаса Парламентке керi қайтаруы тиiс. Алайда, бiзге "Қосазаматтық туралы" Заң жобасына президент Бакиев "бата беретiндей" болып көрiнедi. Мұндай ойға мынадай фактiлер жетелейдi. Жақында Ресей президентi Ресейдiң сыртқы саяси серiктестерiн атағанда, олардың арасына Қырғызстан iлiнбептi. Бұл қырғыздардың шымбайына тигенге ұқсайды. Қырғыз басылымдарынан "Бiздi Ресей көзiне де iлмедi. Кремль саяси серiктес етпейтiндей не жазып қойдық" деген сарындағы мақалаларды көзiмiз шалды. Парадокс. Бiздiң жағдайымызда, Ресейдiң Қазақстанға деген ала бөтен жылы қарым-қатынасы байқалса, қоғамда "Ресейдiң империализмi, тойымсыздығы Қазақстанға жақындай түсуде. Аумағымызға көз алартуда. Өз саясатын жүргiзбек" сықылды пiкiрлер бой көтередi. Ал қырғыздарда керiсiнше. Қырғыздардың қосазаматтыққа иек артуының себебi ретiнде мынадай ақпараттар айтылады: бейресми ақпараттар бойынша, қазiргi күнi бiр миллионға жуық қырғыз азаматы Ресейдiң еңбек рыногiнде жүр екен. Ал олар ерте ме, кеш пе, Ресейдiң азаматтығын қабылдауы мүмкiн. Сол уақытта қырғыздар өз азаматтарынан айырылып қалады-мыс". Алайда, мұнда тағы бiр айта кетерлiк нәрсе бар. Алдымен, қырғыздар Қырғызстан азаматтығынан бас тартуы қажет. Сонан кейiн Ресей азаматтығын алуы тиiс. Бұл кезеңнен өткеннен кейiн ғана қайтадан Қырғызстан азаматтығына иек арта алады. Егер, Ресейдiң гегемондық саясаты оянып кетсе, қырғыздар тiптi Қырғызстан азаматтығын ала алмай қалатын секiлдi болып көрiнедi. Бұл тұрғыдан аймақтың лидерi ретiнде Қазақстанның өз позициясын арттырғаны қажет пе деген ойға келдiк.

ҚЫРҒЫЗҒА ҚАЗАҚ ЖАҚЫН БА, ОРЫС ПА?

Расын айту керек, экономикасы артта қалған қырғыздар үшiн Қазақстан бай-бақуатты мемлекет болып көрiнедi. Қырғыз ағайындар арасында: "Қазақстанға қосылсақ қалай болады?" деген пiкiрлердiң де бар екендiгiн жоққа шығармаймыз. Жалалабад облысының тұрғыны: "Қарапайым халық үшiн елдiң Қазақстанға қосылуы аса қажет. Ең болмаса, экономикамызға молынан инвестиция келер едi. Тәуелсiз ел болудан ұтқанымыз шамалы. Алайда, мұндай ойдан Қырғызстан басшылары қорқады. Шоң манаптарға халықтың тұрмысынан гөрi өз тәуелсiздiгi қымбатырақ" дейдi. Яғни, Қазақстанға қосылып, автономиялы республиканың күйiн кешуден қырғыздар «кет әрi» емес. Бiрақ, олардың басшыларының, билеушi элитасының Ресейге жалтақтап, тiптi, қосазаматтық институтын енгiзуге даяр екендiгiн жоғарыда жаздық. Сондықтан, оларға қазақтың ақшасы, инвестициясы керек те, алайда, саяси үстемдiгi қажет емес екен деген ойға келдiк.

ҚАЗАҚ ИНВЕСТИЦИЯСЫ…

Қазақ бизнесiнiң Қырғызстанға құйған инвестициясының көзге көрiнетiнi: "ҚазКоммерцБанк-Қырғызстан", "Халық банк-Қырғызстан", "АТФ банк-Қырғызстан" банктерi болса, Ыстықкөлдiң жағасында да Қазақстанға тиесiлi 4 пансионат орналасқан. Алайда, бұл пансионаттарды Қазақстанға рәсiмдеп беру мәселесi бiраз уақытқа созылды. Қырғыздар КСРО кезiнде салынған бұл демалыс орындарын қазақтарға тектен-текке бере салғысы келмеген болуы керек, араға Қазақстан Президентi араласқаннан кейiн ғана, тоң жiбiдi. Ендi, Ыстықкөл жағасындағы пансионаттар қазақтарға 49 жылға жалға берiлмек. Айтпақшы, қырғыз қоғамында "Ыстықкөлдi қазақ, орыс, өзбектер онан қалса, қытайлар бөлiп алғалы отыр. Оған Қырғыз басшылығы көз жұма қарайды" деген пiкiрлер де бар екен. "Ағым" газетiнiң 22-мамырдағы 33-санында "SOS" деген мақала жарияланыпты. Авторы Алым Токтомушев: "Ыстықкөлдiң 1/4-iн Назарбаевтың саяжайы иеленiп жатыр. Кезiнде оны Асқар Ақаев сыйлап, Бакиев, Мадумаров, Үсенов секiлдi билiк өкiлдерi бекiткен" деген ақпаратты айтады. «Сонда Атамекен, ел-жер қайда қалады?» — деп жазыпты ол. Қырғыздарды түсiнуге де болады. Ыстықкөл олардың көзiнiң қарашығы iспеттi. Экономикасының тiрегi. Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетiнiң ақпараттарына көз жүгiртсек, 2006 жылы негiзгi капиталға құйылған инвестиция 1952,6 млн.сомды құраған. Бұл негiзiнен туризм саласының арқасында келген қаржы екен. Былтыр шетел азаматтарын қабылдағаннан немесе туристiк қызмет көрсету экспортынан түскен қаржы 164,6 млн.долларға жетiп, 2005 жылғы мөлшермен салыстырғанда 133,4 пайызға артқан. Бүгiнгi күнi Қырғызстанда дәл туризм секiлдi пайдалы сала жоқ, Бұл саланы Қырғызстан президентi "Экономикадағы басым бағыт" деп санап, арнаулы Жарлық та шығарыпты. Бiрақ, бiр қызығы, бұл елде туризмдi дамытуға арналған бағдарлама, ұлттық жоба мүлде жоқ. Бұрынырақта, ондай бағдарлама болған екен. Бiрақ, ол өз мiндетiн толықтай атқармаған. Сондықтан, қырғыздар туризмдi дамыту жобасын дайындауға ендi ғана кiрiсiптi. Әлi дайын емес бағдарламаның қай кезде жүзеге асырылатыны да белгiсiз. Тағы бiр назар аударарлығы, қырғыздың туризм iсiне жауапты шенеунiктерi қырғыз табиғатына тамсанудан өзге шөп басын сындырмайтындай болып көрiндi. "Бiздiң табиғатымыз керемет. Адам аяғы тимеген жерлер көп. Инфрақұрылымы аса дамыған жерлерден гөрi жан баспаған сұлу табиғат тартымды келедi емес пе?" — дейдi қырғыз шенеунiктерi. Ал бiзге "Жайлылыққа үйренiп қалған жан инфрақұрылымы мүлде дамымаған, жолы шұқыр-шұқыр, қызмет көрсету сапасы төмен елдi не қылсын?" деген ой келдi.

Айтпақшы, қырғыз шенеунiктерi "Ыстықкөлге негiзiнен Ресей Федерациясынан, сосын Қазақстаннан көп турист келедi" деп Ресейдi алдыңғы орынға шығарып атаудан әсте жалыққан жоқ. Бiздiң бiлуiмiзше, Ресей азаматтары үшiн Ыстықкөлге барғаннан гөрi Анталияда демалған әрi ыңғайлы, әрi арзан. Сондықтан, қазақтарды кейiнге ысырудан қырғыздардың Астанадан гөрi, Мәскеуге жалтақтайтындығын тағы бiр рет аңдағандай болдық.

Жә, қазақ инвестициясына қайта оралайық. Қырғызстан Туризм агенттiгi өкiлiнiң сөзiне сүйенсек, "Бүгiнгi күнi Ыстықкөл жағасындағы кешендердi қазақтар делдалдар арқылы сатып алады екен". Яғни, қазақ бизнесi көлеңкеде жүруге мәжбүр. Айтпақшы, соңғы бiр-екi жылдықта Бiшкектегi жылжымайтын мүлiк бағасы да қымбаттап кетiптi. "Бұл да қазақ бизнесi инвестициясының әсерi" дейдi қырғыздар. Былтыр Бiшкектегi пәтердiң орташа шаршы метрi 400 АҚШ долларын құраса, қазiр оның құны 800 АҚШ долларына жеткен.

ФЕРҒАНА ЖАЗЫҒЫ: ҚЫРҒЫЗДАР ӨЗБЕКТЕНIП БАРА ЖАТҚАНДАЙ

Қырғызстанның Ош, Жалалабад, Баткен облыстары әйгiлi Ферғана жазығында орналасқан. Бiз ат басын тiреген Ош кезiнде Мұхамед Бабырдың жорықтарының куәгерi болған қала. Айтпақшы, Бабыр өзiнiң "Бабыр-намасының" алғашқы бөлiгiнде Отаны: Ферғана жазығы, Ош туралы жазып өткен. Ош облысында бүгiнде жарты миллион халық тұрады. Оштың өзi Өзбекстанмен (6 шақырым), Қытаймен (215 шақырым) және Тәжiкстанмен шектеседi. Ош облысында қырғыздардың бiртұтастығын сақтап қалған Құрманжан датқа секiлдi тұлғаны дүниеге әкелген алай тайпасы қоныс тепкен. Ош қаласының қақ ортасында Сүлейман тауы орналасқан. Қырғыздар тауды "Мұсылманның екiншi Меккесi" дейдi екен. Бiз Түркiстанды "екiншi Мекке" деп атайтындығымызды еске түсiрдiк. Сүлейман таудың "Бешiк Эле", "Тамчы тамаар" секiлдi элементтерi мен тау үстiндегi мешiт, музей кiсiге ерекше әсер етедi екен.

Ош облысының губернаторы Жантөре Сатыбалдиев: "Ошқа жыл сайын 100 000 адам келедi" дейдi. Туристер негiзiнен Сүлейман тауға тәуәп етедi екен. Ошта қырғыздармен қатар өзбек пен тәжiк ұлтының өкiлдерi тұрады. Тiптi, "Ош қырғыздарының тiлi өзбек тiлiне келiңкiрей ме, қалай?" деген ойға келдiк. Өзбек халқының өнiмдi екендiгiн ескерсек, Ош қырғыздарының болашақта өзбектермен ассимиляцияланып кетуi мүмкiндiгiн (сөзiмiз күпiрлiк етпесiн) де қарастыруға болар.

Кезiнде 13 500 адамды жұмыспен қамтыған мақта-мата комбинаты Оштағы негiзгi жұмыс орындарының бiрi болған екен. Ал қазiр онда 3000 адам ғана iстейдi. Оның өзiн қытайлармен бiрiгiп құрылған бiрiккен кәсiпорын басқарады. Оштықтардың қалған бөлiгi базарларда жұмыс iстейдi. Айтпақшы, Ош басшылығы қазақстандық журналистерге арнап Ош базарына экскурсия ұйымдастырды. (Тiлек журналистер тарапынан болған жоқ. Өздерi солай шешiптi). Бұл бiр жағынан журналистердiң материал жинауына да септiгiн тигiздi. Алайда, Ош қаласы басшылығының "экскурсия үшiн" деп базарға әкiмшiлiк ресурсын пайдаланғанын кейiннен бiлдiк. Сөйтсек, бiз базар аралаған күнi дүйсенбi, яғни, санитарлық күн екен. Ал басшылық "туристер келедi" деген желеумен сатушылардың демалуына мұрша бермептi.

БАҚ IЗДЕГЕН ҚЫРҒЫЗ БАЛАСЫ…

Сонымен, оштықтардың базарда жұмыс iстемейтiн бөлiгiнiң асыраушылары Ресей немесе Қазақстан асып кеткен. Бiз Бiшкек, Ош әуежайларында "Шетелден жұмысқа шақырды ма? Алдымен жақсылап құқығыңды бiл!" деген жазуларды кездестiргенде, бiртүрлi түсiнiксiздеу болып көрiнген. Сөйтсек, халқының елеулi бөлiгi жұмыс iздеп, шет елге босып кеткен Қырғызстанда нәпақа iздеген ұл-қыздарының қайғылы оқиғаларға жолығуы да кездеседi екен. Мұндайда қырғыз халқына деген аяныш сезiмi туады. Екi қолға бiр күрек iздеп жолға шыққан ұл-қыздарын тосумен қаншама ананың көзi суалды екен? Бейресми дерек бойынша, бүгiнде миллионнан астам қырғыз азаматы ТМД елдерiнде, негiзiнен Ресей мен Қазақстанда жүр екен. Қырғызстанның халқының өзi бес миллион екендiгiн ескерсек, бұл аз көрсеткiш емес. Айтпақшы, бiз аяғымыз тиген Ош қаласында "әрбiр екiншi отбасының бiр өкiлi шетте жүр" дейдi әрiптестерiмiз. Қырғыздың оңтүстiк өлкесiнде ресми ақпарат бойынша, жұмыс iздеп кеткен 100 адам ұшты-күйлi жоғалған.

Жергiлiктi құқық қорғау органдары өкiлдерi: "Жоғалған адамдар мұнан он есе көп болуы да мүмкiн. Себебi, көбiнесе жоғалғандардың ата-аналары, туыстары "кебенек киген келедi" деген принциптi ұстанып, құқық қорғау органдарына хабар бермейдi" дейдi. Тағы бiр таңқаларлығы, әрiптестерiмiз: "Қырғыз Үкiметiнiң шетке кеткен азаматын жоқтағанын көрмедiк" — дейдi.

ҚЫРҒЫЗДАР ТАЛАП ҚОЯ БIЛМЕЙДI ЕКЕН НЕМЕСЕ ҚЫРҒЫЗ ТIЛIНIҢ ЖАҒДАЙЫ

Назар аударғымыз келгенi: қырғыздардың билiкке қояр талабы емес, өз ұлтын, тiлiн сыйлау үшiн қояр талабы. Қырғызстанның негiзiн құраушы ұлттың тiлi — қырғыз тiлi өз дәрежесiнде қолданылмайтындай болып көрiндi. Мұны Қырғызстандағы әрiптестерiмiздiң сөзi-ақ айқындап бердi. "Маған қырғыз тiлiн үйренудiң қажетi жоқ. Орыс тiлiнiң өзi жетiп артылады. Тек ғана Қырғызстанда қалып, өмiр сүру үшiн қырғыз тiлiн үйренетiн жайым жоқ" деген славянтектес тележурналист әрiптесiмiз жанындағы өзi сықылды әрiптесiне қарап: "Тiлдi бiлмесең осы елде қалмайсың десе, қалар ма едiң?" — деп сұрап, одан "Қалмас едiм" деген жауап алып, онан бетер масаттанды. "Мiне, көрдiңiз ғой!" — деген ол Қырғызстанда ширек ғасырдан берi тұрып келе жатса да (туылған елi де Қырғызстан болуы керек) үш сөзден артық сөз бiлмейтiндiгiн мақтанышпен айтты. Тiптi, бiзге қырғыз тiлiнiң намысын қорғауға тура келдi. Қазақ тiлiне қатысты мұндай ашықтан-ашық қарсылық көрмеген басым өз тiлiн қажет еттiре алмаған қырғыздарды аяп кеттiм. Расын айту керек, бiзге Қазақстандағы қазақ тiлiнiң қолданысы, тiптi көш бойы озық болып көрiндi. "Сiздерде жақсы ғой. Шенеунiктерiңiз алдымен қазақ тiлiнде сөйлейдi. Ресми тiлге кейiннен көшедi. Ал бiзде қырғыз тiлiнде сөйлемейдi. Сұрап аласың" — дейдi қырғыз әрiптестерiмiз. Әрине, қазақ тiлiнiң де мемлекеттiк тiл тұғырына толық қона қоймағаны белгiлi. Дегенмен, сұраныс болған жерде ғана тiлдiң көсегесi көгеретiндiгiн анығырақ байқадық. Парламент қабырғасында жүрiп әр отырыс сайын мемлекеттiк тiл мәселесiн көтерiп жүрген депутат ағамыз бен оны қостайтын БАҚ-тан сүйiнгендей болдық.

ОЙТҮЙIН. Қырғыз бауырларымыз жүнжiп кеткендей болып көрiндi. Материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да. Ресейдiң қолтығының астына тығылуы соның бiр айғағы болар. Алайда, "шоң манаптарының" амбициясы мықты. "Даму жолындамыз" дейдi олар. Тәуелдi болып дамудың қажетi қаншалықты едi, десеңiзшi…

Алматы — Бiшкек — Шолпан-Ата — Ош — Алматы

Гүлнәр Мұқанова