ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСI – ЕКI ЕЛГЕ ДЕ ОРТАҚ
ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСI – ЕКI ЕЛГЕ ДЕ ОРТАҚ
Сәуле Тайкешева – Орынбор облыстық үкiметi жанындағы ақпараттық саясат, қоғамдық және сыртқы қатынастар жөнiндегi министрлiктiң Бас маманы. Таразда туып-өскен қандасымыз кезiнде Орынбор губернаторының имиджмейкерiнiң көмекшiсi қызметiн де атқарып үлгерген. Өз кәсiбiнiң шыңына шыққан бiлiктi маман Ресейде дiн iстерiмен, оның iшiнде ислам мәселесiмен де айналысады. Таяуда Орынборда Орал өзенiнiң экологиялық хал-ахуалына байланысты арнайы жиын өтiптi. Осы жиынның барысы жайында Сәуле Савхозқызы төмендегiдей баяндайды
Экология мәселесiн «бiр ғана елге тиiсiлi проблема» деп қарауға болмас. Орал өзiнiнiң экологиялық түйткiлдерi көп жылдардан берi Ресей мен Қазақстан билiгiн мазалап келедi. Таяуда осы мәселеге орай Орынбор қаласында арнайы екiжақты жиын өттi.
Естерiңiзге сала кетсек, Орал өзенiнiң экологиялық проблемаларын алғашқылардың бiрi болып Орынбор губернаторы Алексей Чернышев екi елдiң президенттерi қатысқан жиында көтерген болатын. Кезектi жиында Ресей жағы алдын-ала дайындалатын дипломатиялық келiссөздерден аса алмады. Қазақстан жағы бұл проблеманың шешiлуiне аса мүдделi екенiн аңғартып, оны шешу жолдарын барынша айқын ұсына бiлдi. Қазақстан жағынан Парламенттiң жетi бiрдей депутаты келiп, мәселенi оңтайлы көтердi. Олардың қатарында «Аймақ» депутаттық тобының төрайымы Дариға Назарбаева да бар. Ал, Ресейдiң Думасынан аса маңызды жиынға не бары екi депутат келдi. Олар – Виктор Нефедов пен Рэм Храмов. Осы жәйттен-ақ экология мәселесiне Ресейден гөрi Қазақстанның аса көңiл бөлiп отырғанын аңғарасың. Бiр өкiнiштiсi, Қазақстан жағынан экология мәселесiФмен айналысып жүрген мамандар қатысса, Ресейден небары өз басшылығын «осындай жиын өттi» деп хабардар ететiндей адамдар ғана келдi.
Алексей Чернышев Кеңес Одағы тұсында Орал проблемасына арналған арнайы комитеттiң жұмыс iстегенiн алға тартты. Дәл осы комитет өз кезегiнде су бассейнiн бiрлесiп пайдаланумен қатар, оған экологиялық тұрғыдан нұқсан келтiрмеудiң амалдарын ойластырған. Айтулы басқосуда да осы тектес комитеттiң құрылуы сөз етiлдi. Жиынның аяғына қарай екiжақты резолюция қабылданды. Резолюцияға сай Оралдың экологиялық, әлеуметтiк-экономикалық және гуманитарлық проблемаларын шешу жолында арнайы мемлекетаралық комитет құрылып, экожүйенi сақтау механизмдерiн жүйеге келтiретiн сарапшылар тобы басқосуы керек. Сондай-ақ, өзеннiң жағдайына байланысты мониторинг жүргiзiлiп, екi елдiң жағалауында арнайы қорықтар салына бастауы тиiс.
Алдағы жылы осы мәселеге арналған халықаралық конференция өтуi керек. Оралды жаңғыртуға арналған iс-шаралардың нәтижесi сол жиында белгiлi болмақ.
Бүгiнде Орынборда 135 мыңнан астам қазақ тұрады. Олар өз дәстүрi мен салтын, дiлi мен тiлiн дiн аман сақтап қалған. Кезiнде Орынбор Қазақ ССР-нiң тұңғыш астанасы болған. Ресей мен Қазақстанның өзара қарым-қатынасы тереңде жатыр. Сондықтан екi ел экологиялық мәселелерiн бiрлесе шешiп отырғаны абзал.
Сәуле ТАЙКЕШЕВАОРЫНБОР