Жаңалықтар

ХАЛЫҚТАР АССАМБЛЕЯСЫ – БҰҰ-НЫҢ КIШI МОДЕЛI МЕ?

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚТАР АССАМБЛЕЯСЫ – БҰҰ-НЫҢ КIШI МОДЕЛI МЕ?

«Естiген құлақта жазық жоқ» дейдi қазекем. Қазақстандағы халықтар ассамблеясын БҰҰ-ның кiшi моделiне теңеген саясаткердi де көрдiк. Осы жексенбiде «31-канал» телеарнасындағы «Кiм?» бағдарламасының негiзгi тақырыбы – елдегi Конституциялық реформаларға арналды. Бағдарламаның жүргiзушiсi Серiк Әбiкенұлы мырза студия қонақтарының назарын жұрттың көбiнiң көңiлiн күптi қылған арнайы бапқа аударды. Ол – Қазақстандағы диаспора өкiлдерiне Парламенттен 9 квота бөлiнетiндiгi жайындағы бап. Студияға келген қонақтар лебiзiнен аңғарғанымыз, Қазақстан халықтары ассамблеясының заңдық өкiлеттiгiнiң жоқтығы. Мұндағы славян ұлты өкiлдерiнiң Ресейдегi жарылқаушыларының арнайы нұсқауы бойынша жүзеге асқан бұл бапты заңдастыруын заңдастырып алып, ендi Конституция арқылы халықтар ассамблеясының өкiлеттiгiн заңдастыруға кiрiсiп кеттiк. Демек, Конституцияға енген аталған бап ешбiр құқықтық негiзсiз жүзеге асқан.

Дәл осы мәселе төңiрегiнде айтысқан студия қонақтарының сөзi де бiр жерден шыға бермедi. Бiздi таңқалдырғаны – жазушы, «Нұр-Отан» партиясының мүшесi Өмiрзақ Сәрсенов мырзаның Қазақстандағы халықтар ассамблеясын БҰҰ-ының шағын моделiне теңегенi. Ол: «БҰҰ-ның тұрақты 5 өкiлi болатыны секiлдi, халықтар ассамблеясының да 9 тұрақты өкiлi болатын болды. Қазақстаннан өзге ешбiр елде халықтар ассамблеясы жоқ. Бұл бiздiң елiмiздiң саясатындағы жеткен ең үлкен жетiстiк» дейдi. Ө. Сәрсеновтiң дәл осы пiкiрiн Асылы Осман ханым құптай келе, қай бiр жылдары Қазақстанға сапар шеккен БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Кофи Аннан да осы тақiлеттес пiкiр айтқандығын жеткiздi. Студия қонақтары уақыттың тарлығына орай өз пiкiрлерiн толық паш ете алмаса да, ол екi кiсiнiң бұл пiкiрiмен келiспейтiндiктерiн бiлдiрдi. Мәжiлiс депутаты Амалбек Тшан мырза «Халықтар ассамблеясына ұлттар өкiлдерi өз адамын сайлаған болса бiр жөн, бұл тек тағайындаудан тұратын қоғамдық ұйым, сондықтан оған Парламенттен квота бөлiнуiнiң өзi мәселенiң дұрыс қойылмай тұрғандығынан» дедi.

Бiрақ, бiр нәрсе айқын – БҰҰ құрамында 200-ге тарта мемлекет мүше болған, жекелеген диаспоралардан емес, мүйiзi қарағайдай мемлекеттерден құралған халықаралық ұйым. Оны бiр мемлекеттiң iшiндегi диаспора өкiлдерiнiң ассамблеясына теңеудiң өзi саяси көрсоқырлықты танытса керек. Бiрiншiден, Қазақстандағы диаспора өкiлдерiнiң әрқайсының саяси автономиясы немесе мемлекет iшiнде республикасы тұрған жоқ. Қазақстан Еуропа елдерi секiлдi – Франция, Германия, Ұлыбритания, Испания, Италия т.б. мемлекеттер секiлдi унитарлы мемлекет. Бұл елдердiң ұлттық құрамымен Қазақстанның ұлттық құрамы ұқсас. Алайда, бұл мемлекеттер жекелеген диаспора өкiлдерiнiң басын қосып, арнайы жағдайын жасап отырған жоқ. Парламенттен елдегi диаспора өкiлдерiне квота да бөлiнбейдi. Керек десеңiз ондағы басқа ұлт өкiлдерiне арналған мектеп, театр сияқты мәдени ошақтар атымен жоқ. Ондағы этностар сол елдiң сойылын соғып, сол елдiң мүддесi тұрғысынан қимылдайды. Ол елдерде ұлт атынан сөйлеу атымен жоқ. Тек мемлекет атынан сөз алады. Халықтар ассамблеясы iргемiзде тұрған Ресейде бар. Бiздегi осы қоғамдық ұйым сол ресейлiк модельдiң көшiрмесi. Бiрақ, Ресей бiздегiдей унитарлы емес, федеративтi болғаннан соң ғана, халықтар ассамблеясын құрып, ондағы 15 республиканың тамырын басып отыруды жөн санаған. Бұл модель Қазақстанға мүлдем келмейдi. Ал, оны БҰҰ-ның шағын моделi дегенiмiздiң өзi былайғы жұртқа күлкi тудыратыны анық. Тiптi мұндай пiкiрлердiң соңы орны толмас өкiнiшке ұрындырып жүрмесе неғылсын. «Аққу, шортан, шаян» секiлдi әр ұлт өкiлi әр жаққа тартса, Қазақстанның несi қалады? Сондықтан, ұлттарды көзге шұқып, жекелеп, шет қақпайлай бергенше, «бiр ел – бiр ұлт» идеясын жүзеге асыруды қолға алған жөн сияқты.

Есенгүл Кәпқызы