Жаңалықтар

ТYРКИЯДА ТУРИЗМ САЛАСЫ КҮН САНАП ДАМИДЫ, АЛ БIЗДЕ ШЕ?

ашық дереккөзі

ТYРКИЯДА ТУРИЗМ САЛАСЫ КҮН САНАП ДАМИДЫ, АЛ БIЗДЕ ШЕ?

2005 жылы Түркияға 22 миллион шетелдiк турист келiп, ел бюджетiне 18-19 миллиард доллар шамасында қаржы құйып кеткен. Өткен жылы Германияда футболдан Әлем чемпионаты өткен соң, түрiк елiне демалуға небары 21 миллион адам келiптi. «Бiзге туристер Италия, Франциямен салыстырғанда, аздау келедi. Сондықтан алдағы уақытта түрiк елiне келушiлер саны қазiргi санақтан екi есе көп болуы тиiс» – дейдi, шетелдiк сарапшылар. Түркияның туризм кластерiн дамыту iсiмен тiкелей Үкiмет айналысып, бұл бағытта түрлi бағдарламалар енгiзiп жатқан соң, жоғарыда айтылған межеге жетер күннiң де алыс еместiгiн түсiнесiң.

Туристiң сыны – Туризм министрлiгiнiң қаперiнде!

Түркияда туризм кластерiнiң дамығаны соншалықты, тiптi қалталы туристерден бастап қалтасы жұтаңдау қонақтардың көңiлiнен шығудың амалдары барынша жақсы жолға қойылған. Жалпылама туризм жайлы айтсақ, бiр туристiк турдың пакетi 1000 долларға шамалас. Бiрақ жыл сайын ел бюджетiне түсетiн пайданың өзi 20 миллиард долларға дейiн жетiп қалады. Бұл қаржыдан миллиондаған доллар бөлiнiп, тарихи ғимараттар мен сарайларды жөндеу жұмысына жұмсалады. Археологиялық қазба жұмыстарына да қомақты қаржы бөлiнiп отырады. Түркияның туризм министрлiгi туристердiң жас ерекшелiктерiмен де санасып, қызмет көрсетудiң түр-түрiн ұсынады. Мұстафа Мұтлының айтуынша, егде жастағы адамдар көбiне Стамбұл мен Кониядағы тарихи сарайлар мен ескерткiштердi көруге ұмтылса, жастар мәдени ескерткiштерден гөрi теңiз суының бойында шомылып, қайықта жүзудi ұнатады екен. Өз кезегiнде елдiң туризм саласы шетелдiктерге барлық демалыс түрлерiн ұсынады: қысқы туризм – шаңғы тебу, жазғы туризм – теңiз бойында шомылу, мәдени-архитектуралық туризм – тарихи сарайларға серуен жасау, тағысын тағылары… Мұның бәрi де туристiң жақсы демалып, келесi жылы елге қайта келуi үшiн жасалынған сияқты.

Туризм министрлiгi гид-мамандарды дайындау iсiне де жiтi көңiл бөледi. Бұл салада жоғары бәсекелестiк болған соң, жыл сайын гидтер арнайы сынақ арқылы лицензиясын қайта алып отырады. 1980 жылға дейiн туризм саласындағы мамандарды дайындауға онша көңiл бөлiнбей келiптi. Бiрақ кейiн Туризм министрлiгi гид-мамандарды дайындау iсiн өзiндiк оңтайлы саясатқа айналдырған. Бұл саясаттың түпкi мақсаты – туристiң мүддесi.

Түркияға келген туристер арнайы көлiкпен, сақтандыру полисiмен және гид-маманмен қамтылады. «Туристiң елiмiзден жақсы әсер алуы оны анда-мұнда апарып жүрген көлiктен бастап, тарихи жәдiгерлерге саяхат жүргiзген гид-маманның бiлiктiлiгiне дейiн байланысты. Бүгiнгi таңда бұл iстi Туризм министрлiгi оңтайлы саясатқа айналдырды» – дейдi, түркиялық мамандар.

Қазақша бiлетiн гид-маманыңыз қайда?!

Түркиядағы туризм кластерiнiң бiр ерекшелiгi, онда барлық әлемдiк және жергiлiктi тiлдерде мамандар дайындалады екен. Тiптi, Африканың кiшкентай елiнен келген турист өз ана тiлiнде Түркияны саяхаттауға мүмкiндiк алады. Мұндай саясат Еуропаның көптеген елдерiнде қолға алынбайды. Еуропада көбiне ағылшын, испан, француз, немiс тiлдерiнде сөйлейтiн мамандар ұсынылады. Қазақ елiнен келген бiз «Түркияда тiптi африкандық тiлдерде де мамандар дайындалады» дегендi естiген бойда Туризм министрлiгiнiң өкiлi Мұстафа Мұтлыға шүйлiктiк. «Ал қазақ тiлiнде мамандарды неге дайындамайсыздар? Бiз Ресейден емес, Қазақстаннан келдiк қой» – деп, ренiш аралас сауалдарымызды жаудырдық. Өз кезегiнде Мұстафа Мұтлы: «Негiзiнен бiзде посткеңестiк елдер үшiн орыстiлдi гидтердi дайындайды. Бiрақ, менiң ойымша, алдағы уақытта Туризм министрлiгi Қазақстаннан келген туристердi қазақ тiлiнде сөйлейтiн гидпен қамту мәселесiн жолға қоятын сияқты. Себебi Түркия күллi әлем тiлдерiнде гид дайындайтын бiрден-бiр мемлекет» – деп жауап бердi. Бiр жағынан, бұл бастаманың жүзеге асуы үшiн бiздiң мемлекетiмiз де барынша қолқа салу керек сияқты. Түркиядағы елшiлiгiмiз бар, Сыртқы iстер министрлiгiмiз бар, әйтеуiр құзырлы орындар Қазақстаннан баратын туристер үшiн қазақ тiлiнде гид-мамандарды дайындау бастамасын көтере бiлсе игi. Мұның артының не боларын кiм бiлсiн, бiрақ Мұстафа Мұтлы қазақ журналистерiнiң сынын Туризм министрлiгiнiң қаперiне аларына сендiрдi. Жыл сайын Түркияға мыңдаған қазақ туристерi барады, сондықтан олардың ана тiлiнде саяхат жасауға толықтай құқы бар. Африка елiнен бiздiң немiз кем? Өз тiлiмiздi өзiмiз құрметтей алмаған соң, шет ел қазақ тiлiн мойындасын ба? Сондықтан тiл мәселесi елiмiзде толыққанды шешiлсе, көп ұзамай Түркияда Қазақстаннан келген қонақты: «Сәлеметсiз бе?! Елiмiзге қош келдiңiз!» – деп қарсы алатын гид-мамандар шықпай ма?!

Стамбұл мен Алматы, Кония мен Түркiстан…

Дәруiш Қылыш басқаратын Стамбұлдағы қазақтар қауымдастығының өкiлдерi елiмiздiң туризм кластерiн оңтайлы дамыта алмай отырғанына қынжылады. Шетелдегi бауырларымыз Оқжетпес пен Көкшетау, Бурабайға бiр ғана нәрсенiң – жарнаманың жетпей отырғанына өкiнiш бiлдiредi. Түркияда биылғы жылдың ЮНЕСКО көлемiнде Мәулана Румидiң жылы деп жарияланғаны белгiлi. Бiр айта кетерлiгi, сырт көзге Румидiң жылы да Кония қаласын туристiк орталық ретiнде танытудың амалына айналып кеткендей болды. Бұл да болса жақсы жарнама. Негiзiнен Түркия Кония, Даламан сияқты көпшiлiкке белгiсiздеу қалаларын насихаттауға барынша күш жұмылдырып отырғанға ұқсайды. Өткен жылдың өзiнде премьер-министр Тайып Реджеп Ердоған: «Туристер көп келетiн Анталья, Бодрум, Мармарис, Стамбұл жылда демалушыларға лық толы. Дегенмен, туристер табаны аздау тиетiн Түркияның белгiсiздеу қалаларын насихаттау – бiздiң алдағы жоспарымыз» – деген едi. Премьер-министрдiң астарлы ойы – Түркияның белгiсiздеу қалаларына да туристердi миллиондап тарту болса керек. Ал, миллиондаған турист – миллиардтаған доллар емес пе?!

Әдетте жүз мыңдаған туристке де шүкiршiлiк бiлдiретiн елiмiз Түркияның туристiк саясатынан үлгi ала бiлсе игi. Егерде түрiк елi Осман империясының кезеңiнен қалған сарайлармен қатар, Рим және Византиялық мәдениеттiң кейбiр ескерткiштерiмен мақтана алса, Қазақстан да Сақ дәуiрiнен бастап, кешегi 1986 жылғы оқиғаны да өзiндiк «брендке» айналдыра алады. Тарихтың өзi – туристiк бренд. Былайша айтсақ, туристерге арналған «қармақ». Тарихымызды мақтан етiп, оны шетелдiктерге аса қызықты жағынан көрсете бiлсек, бұдан бiздiң ұтарымыз көп. Қазақстанда түрiк елiндегiдей мәдени-архитектуралық туризм, теңiз туризмi, қысқы туризм жоқ дейсiз бе? Бiзде мұның бәрi асып тұр ғой. Бiрақ қазiрше елiмiздiң туризм кластерi адымдап қана даму үстiнде.

Стамбұл – Алматы сияқты Түркияның екiншi қаласы. Онда 3300-ден астам мешiт бар. Зәулiм-зәулiм мешiттердiң өзi тарихи архитектуралық кешендер. Ал, Алматыда 200-ден астам дiни бiрлестiктер болса, оның 144-i – протестанттық бағытта. Әйтеуiр, алдағы 50 жылда Алматының архитектуралық кешендерiнде – протестанттық шiркеулердiң көп болмасына кiм кепiл?! Алматыға да зәулiм мешiт керек. Әрине, ең алдымен Алланың алдындағы құлшылығымыз үшiн. Бiрақ екiншi жағынан, мешiт те – туристер қызыға қарайтын, «Па, қазақтар – мұсылман екен ғой» – деп тамсанатын архитектуралық нысанға айналуы тиiс.

Түркiстан Кониядан кем түспес. Конияда Мәулана Румидiң кесенесi, мұражайы және көптеген мешiттер бар. Ал, Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауидiң кесенесi қандай еңселi?! Нағыз тарихи-архитектуралық ескерткiш! «Көрген де арманда, көрмеген де арманда» деген кесене ғой бұл. Бiрақ қазiрше бiз түрiк елiндей Түркiстанды күллi әлемге паш ете алмай отырмыз. Мұндай кесенесi бар елге жылда миллиондаған туристер келiп, миллиардтаған долларды ел бюджетiне құюы керек қой. Бiрақ қазiрше түрiктердiң Кониясы қазақтың Түркiстанынан гөрi «туристердiң жұмағына» айналып отыр. Себебi мұнда қызмет көрсету саласы қарыштап дамыған, жоғары деңгейлi қонақ үйлер мен жоғары бiлiктi гид-мамандар да жетiп артылады. Сондықтан туризм кластерiн дамыту iсiнде Түркиядан үлгi алмасқа амал жоқ.

ТҮЙIН. Мәдени мұра – тарихи ескерткiштер мен кесенелер, мұражайлар мен көне жәдiгерлер әрдайым мемлекеттiң тарапынан қаржыландырылып отырады. Кейде жаны ашыған меценаттар көне ескерткiштердi қалпына келтiруге қаржы бөлiп келедi. Дегенмен, мәдениет пен туризм саласын сабақтастырып, оларға бiрiн-бiрi «асырайтындай» жағдай тудыра бiлсек, бұдан туризм кластерi де дамып, мәдениет де өркендеп кетер едi. Тарихтың өзi – туризмнiң күштi қаруына айналды. Тарихты жаңғырту арқылы бiз туризм кластерiн оңтайлы дамыта аламыз. Ол үшiн бiзге ұлттық және дiни патриотизм қажет. Түрiктер сияқты өз ұлты мен дiнiн мақтан тұтатын халық қана тарихын өзгелерге туризм арқылы мойындата бiледi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА