«ҚАРА ТIЗIМГЕ» ЕНГЕН ОҚУ ОРДАЛАРЫ
«ҚАРА ТIЗIМГЕ» ЕНГЕН ОҚУ ОРДАЛАРЫ
Қазақстандық бiлiмнiң әлемдiк бiлiм беру стандарттарына сай келмейтiндiгi туралы дабыл қағылғалы қай заман. Осы саланың министрлерiнiң көбiнiң бас ауруы да — бiлiмдi әлемдiк бiлiм стандарттары тұрғысынан реформалау болған. Реформатор министр атанған Жақсыбек Құлекеев «Бiлiм берудiң 2004-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекiткенде де бiлiм саласындағы реформаның әлемдiк стандарттарын жасауды мұрат тұтқан.
Бiрақ, соған қарамастан бiзде әлемдiк стандарттарды былай қойып, мемлекеттiк стандарттарға жауап бермейтiн оқу орындарынан аяқ алып жүргiсiз болып шықты. Өткен аптаның соңына қарай, Бiлiм және ғылым министрi бiлiм беру саласындағы Жоғары оқу орындарының қызметiнде Қазақстан заңнамаларының сақталуын жоспардан тыс тексерудiң нәтижелерiн жариялады. Бұл тексеру екi айға созылған. ЖОО мен олардың филиалдарын тексеру жөнiнде 37 комиссия құрылған. Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаевтың мәлiметi бойынша Қазақстанда 176 ЖОО және олардың 81 филиалы жұмыс iстейдi екен. Әрине, тексеру бұл оқу орындарының барлығын бiрдей қамтыған жоқ. Тек 9 мемлекеттiк, 35 мемлекеттiк емес, 11 акционерлiк, 14 азаматтық емес, 107 жекеменшiк және 5 Ресей оқу орындарының филиалы тексерiлдi. Бұл тiзiмнен осы жылдың басында-ақ лицензиясынан айрылған Қазақтың экономика және консалтинг университетi шығарылып тасталған. Тексеру басталысымен, 5 ЖОО мен олардың 14 филиалының жұмысын тоқтату туралы бұйрық шықты. Олар: Қаржы-экономика академиясы, Қазақ коммерциялық-қаржы академиясы, «Унат», Солтүстiк-қазақстандық заң академиясы. Сондай-ақ, Құқықтану және халықаралық қатынастар университетiнiң құрылтайшылары жоғары оқу орнының өзiн және оның Павлодардағы филиалын жабу туралы шешiм шығарған. Дәл осындай жағдай Қарағандыдағы Қаржы институтының басынан да өткен. Ал, «Ұлағат» академиясы Шымкент әлеуметтiк-педагогика университетiнiң құрамына кiрсе, Қызылорда Экономика, экология және құқық академиялық университетi «Болашақ» университетiнiң қол астына ендi.
Сондай-ақ, Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң қара тiзiмiне – Халықаралық еңбек академиясы (Ақтау), Халықаралық мамандықтар институты, ақтөбелiк «Дүние» университетi, қостанайлық гуманитарлық институт, Қазақ-орыс халықаралық университетi, Орталық-Азия гуманитарлық-экономикалық институты, Оңтүстiк-Қазақстан ашық университетi, Оңтүстiк-Қазақстан педагогикалық университет, Басқару институты, «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институты т.б. енген. Аталған оқу орындарының көбi лицензиясынан айрылуы мүмкiн немесе өзге бiр iрi оқу орнына қосылуы ғажап емес. Тексеру барысында кейбiр оқу орындары өзге оқу орындарымен бiрiгуге өздерi тiлек бiлдiрдi.
Тексеру қорытындылары айғақтағандай, көптеген оқу орындарында бiлiктi-бiлiмдi мамандар жетiспейтiн көрiнедi. Яғни, көбiнiң ғылыми атағы жоқ. Бұндай заң бұзушылық 140 оқу орнының 78-iнде байқалған. Ал, ғылыми-зерттеу еңбегiнiң сай келмеуi жағынан 65 оқу орны, әдеби қорларының жетiспеушiлiгi жағынан – 58 оқу орны анықталған.
Министрдiң айтуына қарағанда, 42 оқу орнындағы студенттердiң саны 500 — ден аспайды екен. Бiр қызығы, бұндай оқушысы бар мектеп те жоқ көрiнедi.
Сонымен қатар, университеттер – 12 мамандық бойынша, академия – үш, институт – 6 мамандық бойынша сабақ үйретуi қажет. Әрi жекеменшiк оқу орындарының көбi мемлекеттiк бiлiм беру стандарттарын бұзып келген.
Оңтүстiк Қазақстан облысының прокуратурасының тексеруi бойынша тiптi кейбiр оқу орындары лицензиясыз дәрiс үйретiп, студенттердiң қалтасын қағуды әдетке айналдырып алған. Айталық, Шымкентте «Мәскеу халықаралық қатынастар институтының өкiлдiгi» жұмыс iстеп келген. Аты таудай болған оқу орнының затына келсек, Шымкенттегi аталған өкiлдiк басқа бiр университеттен жалға алған аядай бiр бөлмеде, 3 қызметкермен жұмыс жасап келген. Олар — өкiлдiктiң директоры, бас бухгалтер және хатшы-референт. Үйретiлген сабақтар тiзiмiне қарасаңыз керемет, бiрақ, оны жалғыз адам оқытқан. Құдды әмбебап дерсiз.
Сөйте тұра бұл оқу орны абитуриенттер үшiн таптырмас орын болған. Оның себебi, аталған оқу орнының оқыту ақысының тым төмендiгiнен болса керек. Жылына небәрi – 60 мың теңге. Сондай-ақ, бұл оқу орны үшiн бiрыңғай ұлттық тестiлеуден қажет ұпайды жинап қажетi жоқ. Тiптi тестiден өте алмаған мектеп түлегi үшiн де оның есiгi айқара ашық. Бiлiмi төмен талапкер осында келiп оқуға түседi де, академиялық демалысқа кетедi. Сосын басқа оқу орындарының 2-3 курсының студентi болып шыға келедi. Әрi бұл оқу орнының Шымкент қаласында бiлiм беретiн құқығы да болмаған.
Дәл осындай амалмен жұмыс iстеп тұрған тағы бiр филиалдың жұмысы анықталған. Алматы қалалық Қазақ жол және қатынастар университетiнiң филиалы 6 мамандық бойынша 430 студентке сырттай бiлiм берiп келген. «Университеттiң» жалға алған 4 кабинетi ғана бар. Методикалық және кiтапханалық базасы жоқ, профессор-оқытушылық құрамы мүлдем болмаған. Бұнда «бiлiм берумен» өкiлдiктiң директоры, өкiлдiктiң ассистентi болып келген оның баласы, өкiлдiктiң методисi қызметiн атқарып келген – қызы және тағы бiр қызметкер айналысып келген. Әрi бұлардың да лицензиясы жоқ көрiнедi.
Дегенмен, «қара тiзiмге» iлiнiп, өмiр сүру құқығынан айрылған немесе айрылатын ЖОО-да мыңдаған студенттердiң бiлiм алып жатқанын естен шығармау керек. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, олар басқа оқу орындарына ауыстырылатын көрiнедi. Демек, екi-үш жылын бiлiм жолына арнаған студенттер бұл тексеруден зардап шекпейтiн болады.
Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев, сондай-ақ, Қазақстандағы ЖОО-ның бiрде-бiрi шетелдiк аккредитациялық органдарда аккредитациядан өтпегендiгiн айтты. Демек, бiздiң дипломдарымызды шетел әлi де мойындамайды.
Есенгүл Кәпқызы