ПАРЫЗ ҚОРЫ: «ВИЧ-ПЕН АУЫРҒАН БАЛАЛАР ӨМIР СҮРУI ТИIС!»
ПАРЫЗ ҚОРЫ: «ВИЧ-ПЕН АУЫРҒАН БАЛАЛАР ӨМIР СҮРУI ТИIС!»
Елiмiздiң Шымкент өңiрiндегi сүйекке таңбадай басылған ВИЧ iндетi пайда бола бастаған алғашқы күннен-ақ бүкiл қоғам дабыл қаға бастады. Әйтсе де, қанша жерден жанымызды шүберекке түйiп, жұртпен бiрге қайғырсақ та, iндет ошағы көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Өйткенi, әу баста мұны құрыққа сала алмаған денсаулық сақтау саласы соның ығына көнiп, әлi күнге қауқарсыз күй кешуде. Бәрiне себеп – жаңа технологиялармен жабдықталған құрал-жабдықтың болмауы, ақ халаттылардың өз iсiне салғырттығы және заң бұзушылықтың орын алуы.
Осыған байланысты, қайырымдылық және қоғамдық қорлар, тiптi, әр қоғам мүшесi «болашағымыз – балалардың» өмiр сүруiне там-тұмдап болса да көмек қолын созуға дайын. «Парыз» және «Балаларды СПИД-тен қорғайық» атты қоғамдық қайырымдылық қоры 1-сәуiрден бастап 15 маусымға дейiн «ВИЧ-пен ауырған балалар өмiр сүруi тиiс!» деген әлеуметтiк жобаны ұсынып, оған барша көпшiлiктiң бiр кiсiдей қатысып, демеушiлiк жасауға қолұшын беруiн сұрады.
Жобаның мақсаты – 2006 жылы Шымкент қаласындағы облыстық балалар ауруханасында ВИЧ дертiне шалдыққан балалардың отбасына материалдық және әлеуметтiк көмек беру. Бүгiнде осы аяғымыздан шалған дертпен ауыратындардың саны күннен күнге өсiп жатқаны жанға батады. Мәселен, қазiрдiң өзiнде ВИЧ-тiң тауқыметiн 15 жасқа дейiнгi 116 бала мен 13 ана және 1 ер азамат тартып отыр. Сондықтан бұл шешiмiңiз қаржылай көмекке аса мұқтаж жандарға ауадай қажет екендiгiн ұмытпаңыз! Рас, бiз осы iндет көзiн жұқтырып алған сәбилер тағдыры жайында жазып та, айтып та жатырмыз. Өте ауыр тиедi, әрине. Алайда, қоғам мүшесiнiң әрқайсысы да сол жазықсыз перiштелерге өмiр сыйлауға, ата-анасының қайғы-қасiретiн аздап болсын жеңiлдетуге септiгiн тигiзе алады. Олар әлi балалық шақтың тәттi дәмiн сезiнбесе де, кәдiмгi бақытты балаша асыр салып ойнайды, өскенде «мынандай болсам» екен деп арман жетегiне бойлайды. Мiне, бiз бен сiз осы балдай асқақ арманның титтей болса да жүзеге асуына мүмкiндiк берсек екен. Әйтпесе, «Ажал айтып келмейдi» демекшi, iндет 8 баланың өмiрiн жалмап үлгердi.
Демек, қорға түскен қаржыға осындай балалар мен олардың ата-аналарына материалды және медициналық жәрдем беру, тұрмыс жағдайын жақсарту, психологиялық кеңес беру көзделген. Сол сияқты жоба аясында шетелдiң мықты психолог-мамандарының қатысуы арқылы басқа түскен қиындыққа мойымаудың жолдарын қарастыруды, баланы одан әрi сүюдi жалғастыруға шақыратын ата-анаға арналған реабилитациондық орталық ашуды жоспарлауда.
«ВИЧ-пен ауырған балалар өмiр сүруi тиiс!» әлеуметтiк жобасының жүзеге асуына атсалысайық! Әрқайсымыздың да балғындарға тәттi күлкi мен бақытты балалық шақ сыйлауымызға мүмкiндiгiмiз бар. Сонда ғана олардың көзiнде нұр шашып, ертеңге деген сенiмiн нығайта түсемiз. Ендеше, күнәсiз балалардың тағдырына бей-жай қарамайық, ағайын!
Жоба аясында жүзеге асатын iс-шаралар мен барлық қаржылық операциялар ҚР заңдарына сәйкестендiрiлiп, шынайы түрде өткiзiледi.
«Парыз» қоғамдық қайырымдылық қоры
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Мәуленов к-сi 85, 75 кеңсе
РНН 600700544731, Кбе 18
р/сч 006700435 АҚ «Қазақстан Халық Банкi» Алматы қаласы
БИК 190551601
Төлем атауы: «ВИЧ-пен ауырған балалар өмiр сүруi тиiс!» және «Балаларға махаббат сыйлайық» әлеуметтiк жобасы
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ