Жаңалықтар

ҚҰРЫЛТАЙ ӨТЕТIН КҮН ТАЯУ

ашық дереккөзі

ҚҰРЫЛТАЙ ӨТЕТIН КҮН ТАЯУ

6-маусым күнi Жазушылар одағында құрылтай өтедi. Құрылтайда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен қолына қалам ұстаған одақтың мүшелерi саналатын қаламгер қауым бас қосатыны анық. Араға жылдар салып өткiзiлгелi отырған жиыннан жазушы қауым не күтедi және қандай өзгерiстердiң болғанын қалайды?! Осы орайда, қаламгерлерiмiзге сауал тастаған едiк.

1. Алдағы құрылтайдан не күтесiз?

2. Құрылтай Жазушылар одағына өзгерiстер әкеледi деп ойлайсыз ба?

3. Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағы қандай болуы керек?

Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ:

1. Жазушы кез келген құрылтайдан не күтушi едi? Алдымен екi құрылтайдың аралығында iстелген жұмыстың есебiн күтемiн. Сонан соң екi аралықта жазылған шығармалардың бағасын немесе сынын күтемiн. Одан кейiн болашақта жазушыларға қандай жағдай жасалатынын естiгiм келедi. Басқа не күтуге болады? Жазушылар одағы кiтәп шығарып бере алмайды, шығарып бер деп бiреуден сұрай да алмайды, сұраған күнде де оны тыңдайтын құлақ жоқ, кiтәп шығаруды басқа мекеме билейдi. Сондықтан Жазушылар одағы әр түрлi, әр дәрежедегi сыйлықтарға шығармаларды ұсына алады, бiрақ оның да тағдырын өзi шеше алмайды. Сол себептi Жазушылар одағы жазушыларға сыйлыққа ұсыналарда, мерей тойын өткiзерде, сонан соң о дүниеге аттанарда ғана керек. «О дүниенi» мен кейбiреулерше кекетiп айтып отырғаным жоқ, қайтыс болған жазушыны Жазушылар одағының үйiнен шығарып салу – бiзде қалыптасқан өте жақсы дәстүр. Ал дәстүрге қалай болса солай тiл тигiзе беру мәдениеттi адамның әдетiне жатпайды. Жазушылар одағы жазушылардың тұрмыс жағдайына кәзiргi заманда ешқандай нақты көмек жасай алмайды, оны жасайтын – үкiмет. Ал үкiметке кәзiр жазушыдан гөрi жазбаушы керек. Қысқасы, құрылтай жазушыны жазушы етпейдi, сондықтан оған мен салқын қандылықпен, сабырмен қараймын.

2. Әрине, әкеледi. Бастықтар қайта сайланады. Бiреудiң билiкке iлiнгiсi келедi, бiреудiң билiктi бергiсi келмейдi, соның өзi санаңа өзгерiс болып сiңбей ме? Басқарманың жаңа құрамы сайланады, хатшылар алқасы жаңаланады, соның бәрi өзгерiс қой.

3. Оны, менiңше, ешкiм де бiлмейдi. Өз жарғысында қалай жазылса, солай болатын шығар, сiрә. Жазушылар одағын жамандағысы келгендер оның қолынан келетiн де, келмейтiн де жағдайларды тiзбелеп жатады. Ал, шындығында, бәрi қолынан келетiн ғажап мекеме бiздiң елде де, әлемде де жоқ деп ойлаймын. Жалпы, менiң ойымша, жазушылар қандай дәрежеде болса, оның одағы да сондай дәрежеде болуға тиiс. Өйткенi, Жазушылар одағы деген сөздiң өзi де сол мағынаны берiп тұрған жоқ па? Бiз қай жағдайда да өзгенi сөгуге шебер, ал өз мiнiн мойындауға жоқ халықпыз ғой. Құрылтайда жазушылардың ғана мәдениетi мен болмысы емес, халқымыздың да мәдениетi мен болмыс дәрежесi көрiнедi деп ойлаймын.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА:

1. Көптен күткен құрылтайымыз өткелi жатыр. Кезеңге байланысты уақыттың осындай бiр аласапыран кезiн пайдаланып, жазушылардың арасында да жiк түскенi белгiлi. Жан-жаққа тарту, бөлiну, бiреудiң байығысы келу, өзi билегiсi келу, әсiресе, билiкке, таққа ұмтылғандардың, мансап көздегендердiң жазушы болмаса да, жазушы атанып кеткенi, кiтап шығаруға, ақшаға қызығушылық жазушы деген ойшыл, парасатты, зиялы қауымның абыройын, беделiн түсiрдi. Бұрын қазақтың әрбiр сәбиi мектептен оқитын Мұхтардың, Сәбиттiң, Ғабиттың есiмi аңызға айналған едi. Жазушылар одағы адамдардың мешiтке кiретiн ордасы едi. Соны қазiр кәдiмгiдей талан-таражға салдық, адамдар ұсақталды, өзара айтыс басталды. Мұның бәрiн қояр деп ойлаймын, мұның бәрiне парасатпен қарар деп ойлаймын. Осының барлығын дұрыстап ойланар, ақсақалдар басу айтар, жазушының беделiн, Жазушылар одағының беделiн көтеретiн мәселе көтерiледi және солай болады деп үмiттенемiн. Жұрт жазушы дегенде оған құрметпен қарайтын болсын. Жұрт Жазушылар одағы дегенде оған бас иетiн болсын. Сондай бiр үлкен мектеп, мешiт сияқты қасиеттi орынға айналдыруға қызмет ету керек қаламгер деп ойлаймын. Қаламгер қашанда артына қиындықпен шығарма қалдырған. Кешегi Ахмет Байтұрсыновтардың есiмiн қайта тiрiлтуiмiз қажет, бiле бiлсеңiз, олар дүниеден рахат көрмеген. Рахат көрмедiм екен деп анаған-мынаған ұрына беруге болмайды. Жазушылар одағының құрылтайында алдымен бiрлiк жайлы әңгiме болса, барлығы да орнына келедi деп ойлаймын. Өткен асылымызды қастерлеу үшiн, бүгiнгi ұрпағымызға өнеге болу үшiн, бүгiнгi жазушы қауымға алты ауыз болмай, бiрiгу керек. Қазақтың басы бiрiкпейдi дегенде өздерi бiрiншi оған мұрындық болмай тiрлiк бiтпейдi. Құрылтайдан мен соны күтiп отырмын.

2. Одаққа өзгерiстер әкелгенде бүгiнгi мәселелерге жаңаша көзқараспен қарайды деп ойлаймын. Яғни, қаламақы, жазушылардың тұрмыстық проблемаларын көтередi деп үмiттенемiн. Алдағы уақытта, олардың жағдайына, жақсы шығарма жазуына мүмкiндiк бередi деп сенемiн. Және уақытша кiрiп кеткен жазушылардан болашақта жазушыларды, жазушылардың абыройын тазартады деп ойлаймын.

3. Бiздiң қазақ Жазушылар одағы қазақ ұлтының рухын көтеретiн және ұлттың ұрпағы үмiт күтiп қарайтын жұлдыз сияқты болуы керек. Оның басылымдары ұлттық тiл, мемлекеттiк мақсат, рух тәрбиесi, ұлттық сана, ертеңгi ұрпақтың болашағын ойлайтын шығармалардың ордасы болуы керек. Бәрiн бiз қорғамасақ болмайды. Жазушыға адамдар ұмтылатындай жағдай жасауы керек.

Бейбiт ҚОЙШЫБАЕВ:

1. Мен алдағы құрылтайдан қаламгерлер ұйымының өз бiтiм-болмысын, тағдыр-талайын, болашақ бағыт-бағдарын айқындап алғанын күтер едiм.

Өйткенi елiмiздiң мемлекеттiк тәуелсiздiгi жарияланғалы берi Жазушылар одағының мәртебесi төмендеумен келе жатқаны белгiлi. Бұл жәйт әуелде Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары одақтың қоғамдық ұйым ретiнде бюджеттен қаржыландырылуы тоқтатылуына байланысты орын алған-ды. Сол кездегi Одақ басшылары ел тiршiлiгiне енгiзiле бастаған базар экономикасы талабына бейiмделу мақсатымен, қаламгерлер ұйымдарын (Қазақстан Жазушылар одағы мен КСРО Әдеби қорының Қазақ бөлiмшесiн) заман талабына сай реформалаумен, сөйтiп олардың қызметтерiн қайта құрумен шұғылданды.

«Қазақстан Жазушылар одағы» мен «Қазақстан Әдеби қоры» қоғамдық бiрлестiктерi мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлiп, екеуiнiң арасында қызметтестiк туралы келiсiмшарт жасалды: Жазушылар одағы шығармашылық және қоғамдық-саяси iстермен, Әдеби қор шаруашылық, әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелермен шұғылданады деп келiсiлдi. Жазушылар одағы тарапынан коммерсанттардың басқаруына заңсыз берiлген жылжымайтын мүлiк құқықтық жолмен Әдеби қорға қайтарылды.

Заң алдында тең құқықты осы екi бiрлестiктiң жұмысын ұйымдық тұрғыдан үйлестiру – Жазушылар одағы басқармасы хатшысының өз қызметiн атқара жүрiп Әдеби қор басқармасының төрағасы лауазымына да сайлануымен жүзеге асырылды. Әдеби қор мүшелерi (олардың басым көпшiлiгi Жазушылар одағына да мүше болатын) өз жиындарында (төралқада, пленумда, съезде) өндiрiстiк жұмыстарды ұйымдастырудың, шаруашылықтың, қаржы-қаражаттың жай-күйiн ашық қарап, талқылап, қадағалай алатын.

Әдеби қордың қарамағында Алматы қаласы, Тайманов, 222-дегi бау iшiне салынған Шығармашылық үй (жердi 60-жылдары КСРО Әдеби қоры тиiстi үкiметтiк шешiмдерге сәйкес Алматы облысы шаруашылығынан сатып алған, ал салынулы күрделi құрылыс үшiн он шақты жыл бойы Алматы қаласының құрылыс салу басқармасына аударып тұрған қаржысының өтеуiне құны 1 миллион сомға тақау Шығармашылық үйдi 80-жылдары балансына алған), Алматы облысындағы бау, Астана қаласындағы тиiстi ақысы Қазақстан Әдеби қоры тарапынан төленiп, қаламгерлер үшiн алынған жер болатын. Сондай-ақ оның балансына Алматы қаласы, Абылай хан, 105-тегi Әдебиетшiлер үйi де берiлдi. Революциялық сипат танытатын бұл өзгерiстер сол кезеңдегi күллi қиындықтарды бастан кеше отырып жасалған едi, ендi қаламгерлерге шығармашылық және шаруашылық жұмыстарын рынок талаптарына орайластырып жүргiзуге бейiмделу қалған болатын.

Бүгiнгi таңда одақтың табыс көздерiнiң сырт көзге белгiлiсi – жылжымайтын мүлiк беретiн түсiм: одақ Абылайхан, 105-тегi алып кешеннiң 90 пайызын және мейманханаға айналдырылған Тайманов, 222-дегi Шығармашылық үйдi айналасындағы бауын қоса толығымен жалға берiп отыр.

2. Құрылтай Жазушылар одағына өзгерiстер әкеледi деп ойлар-ақ едiм, егер соны дайындап-өткiзушiлердiң – одақтың қазiргi басшылығының – ниетi оң екенiне көзiм жетер болса.

Осы басшылық Одақтың – қоғамдық бiрлестiктiң – құзырына қаржылық-материалдық тұрғыда ешқашан (тәуелсiздiк жылдары, тiптi одан бұрынғы кеңес заманындағы жарты ғасыр бойы) қарамаған «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарын (Кеңес заманында оларды партиялық баспа қаржыландырды, ал тәуелсiздiк жарияланғалы үкiмет қаржыландырып келедi) қарамағына алуға кейiнгi кездерi ерекше құлшынып жүр.

Басшылық баяғы кеңестiк масылдықтан арылмаған қаламгерлердiң мәселенiң байыбына бармай қолдауымен түрлi шешiмдер шығарып, басылымдарды Одаққа қайтар деп билiкке өтiнiшпен шығуын қояр емес. Соны осы құрылтайда да үлкен әңгiме қылары сөзсiз. Билiк буындарында қоғамдық ұйымдармен байланыс жүргiзетiн тиiстi бөлiмдер бары рас қой, демек, iшкi одақтық шаруасын дұрыс жүргiзе алмай отырғандарға әдiл кеңес берер болса, билiк ешқандай да заңды бұзбаған болар едi.

3. Қазақстан Жазушылар одағының жұмысына қанағаттанбай, оның қазiргi тыныс-тiршiлiгiн ұйымдастырушылардың iс-әрекетiне наразылық белгiсi ретiнде, бiр топ жазушы өткен жылдың соңына қарай қалалық ұйым құрған-ды. Сонда қаламгерлер ұйымын қалай құрған жөн болмағын талқылап, жалпы Жазушылар одағының қызметiн жақсартуға әсер ететiн жұмыстарды жүргiзу жолдарын қозғағанбыз.

Алайда, оған одақ қатты шу көтерiп қарсылық көрсеттi. Күллi жазушыларға арнап ашық хат жариялады. Ол сiздердiң газетте де шықты. Соған байланысты бiз де оларға осы өздерiңiздiң «Түркiстан» газетiнiң бетiнде жарияланған «Ашық хаттың» астары мен бүккен ақиқаты жайында» атты одақтың жай-күйiн түсiндiретiн мақаламен жауап беруге мәжбүр болдық. Мәселе биылғы жыл басында «Хабар» телеарнасы жүргiзген «Төртеу түгел болса» деген пiкiрталаста да әңгiмелендi.

Бiрақ содан көпке пайдалы қорытынды шығарған Одақ басшылығын көрмедiм. Керiсiнше, әрең дегенде биылғы өткiзген пленумының есебiне қарағанда, одақтың қаламгерлерге жолдаған сыңаржақ «Ашық хаты» әдiлдiк пен шындықтың шыңы көрiнедi.

Мұндай жағдайда Одақтың болашақта қандай болуы керек деген әңгiменi осы басшылық тұсында қозғаудың түк нәтиже бермейтiнi белгiлi.

Әйтсе де, жер-жерден жиылатын қаламгерлердi бұл сұрақ тап осы жолы бейтарап қалдырмас деп үмiттенемiн. Болсын-болмасын, Одақтың қоғам өмiрiндегi беделiн көтеруге бағытталған ұсыныстар айтылар, шығармашылық белсендiлiктi арттыру үшiн Жазушылар одағы тарапынан не нәрсеге көңiл аударылуы тиiстiгi, оның құрылымына, жұмыс тәсiлiне қандай өзгерiс жасау керектiгi талқыға салынатын болар деген ойдамын.

Мен өз басым қаламгерлер ұйымының билiк те, қоғамдық ұйымдар мен партиялар да (солардың iшiнде оппозицияға дейiн) санасатын екiншi, нағыз халықтық парламент дәрежесiне көтерiлуiн қалар едiм.

Нұрғали ОРАЗ:

1. Жазушылардың бiр-бiрiмен жүздесiп, пiкiр алысуының өзi – шығармашылық процестiң бiр көрiнiсi. Соңғы кездегi iзденiстерге, iркiлiстерге байланысты үзiлiс кезiнде әңгiме-дүкен құратын шығармыз. Ал құрылтайдың ресми бөлiгi әдеттегiдей, сол баяғы «сценарийлер» бойынша өтедi деп ойлаймын.

2. Құрылымдық өзгерiстер болуы мүмкiн. Бiрақ ол өзгерiстер Одақ жұмысының мазмұнына әсер етедi деп ойламаймын. Ұлттық, мемлекеттiк деңгейде шешiлуге тиiстi үлкен мәселелердi Жазушылар одағы қалай шешедi… «Әдебиет – ұлттың иммунитетi», «Мемлекеттiң рухани берiк қамалы» екенi анық қой. Ендеше, осы деңгейден қарап, ойланған жөн шығар.

3. Ұлттық рухани құндылықтарымызды бүгiнгi жаһандану процестерiнiң тасқынынан аман сақтап қалумен бiрге, сол әлемдiк ағыммен үйлестiрiп, реттеп отыратын, мемлекеттiк маңызы бар рухани орталық болуы керек деп ойлаймын.

Түйiн. Әзiрге қаламгерлердiң пiкiрi осындай. Жалпы, бiз қадiр-қасиет тұтатын жазушылар қауымының кезектi құрылтайының өздерi көздеген межеден шыққанын қалаймыз. Қаламгер қауымның басын бiр арнаға тоғыстыратын, көптен күткен құрылтай қаншалықты ойлаған мақсаттан шығады, оны уақыт таразылай жатар. Бiздiң тiлегiмiз – ұлттық, мемлекеттiк деңгейдегi Жазушылар одағының биiктен аласармағаны ғана.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА