Жаңалықтар

ӨЗГЕРТУЛЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

ашық дереккөзі

ӨЗГЕРТУЛЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР: КҮНГЕЙI МЕН КӨЛЕҢКЕСI

Конституцияға енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар қазақ қоғамының iшкi саяси ахуалына қалай әсер етпек? Бiздiң билiк қарадай шошынатын «қазақ мәселесiн» ту еткендер алдағы саяси науқан қарсаңында «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруға» мүдделi ме? Әлде «бас басына би болған өңшең қиқым» «әдеттегiдей» құр даурығумен шектелмек пе?

Отандық саясаттанушылардың көпшiлiгi ұлттық бағытты ұстанатын қандастарымыздың «төбедегiнi келтiретiн төртеудiң емес, ауыздағыны кетiретiн алтаудың» керiн жиi келтiретiнiне, олардың саяси мәдениетiнiң төмендiгiне налиды. Әрине, мұндай кемшiлiкке қазақ мүддесiне қарсы әрекет ететiндердiң жүректерi жарыла қуанары сөзсiз. Оның үстiне, өткен аптада бiрнеше саяси құрылым өкiлдерi партия, блок құратынын мәлiмдедi. Заңды түрде тiркелу, тiркелмеулерi беймәлiм. Алайда қазақтар партия құратынын айтып, ауыз жиып үлгермедi, билiктегi Павлов, Коржова, Школьниктердiң орыс мүддесiн көздейтiн өкiл еместiгiн көлденең тартқан Қазақстандағы орыс қауымдастығының мүшелерi өздерiнiң партия құратынын жеткiздi. Мұндай саяси белсендiлiктi Қазақ елiндегi басқа да диаспора өкiлдерi iлiп әкетуi әбден мүмкiн. Осыған қарап ой түйген кейбiр отандас көңiлiнде «өзгертулер мен толықтырулар соңы елдiң iшкi саяси ахуалына керi әсерiн тигiзбей ме?» деген алаң бар. Алайда, бұған қайшы пiкiрдегi кейбiр сарапшы азаматтар арасында саяси белсендiлiктiң артуы саяси науқан алдындағы уақытша құбылыс екендiгiн, сондықтан ешқандай керi ықпалдың болмайтынын тiлге тиек етуде. Айтпақшы, Парламентке Ассамблеядан өкiлдер тарту мәселесiне келгенде де отандастар пiкiрi екiге жарылады. Наразы топ «Конституцияда белгiленген талаптар мен берiлетiн құқықтар ҚР азаматтарына бiрдей. Сондықтан саяси додада депутаттық мандатты арнаулы жеңiлдiктер арқылы иелену – әдiлетсiздiк» десе, бұған қарама-қайшы пiкiрдi ұстанатындар керiсiнше, «Қазақстандағы аз ұлттарға осындай басымдықтар беру арқылы мемлекеттi құраушы ұлт – қазақтардың мәртебесiн асқақтатамыз, олардың қазаққа деген сыйластығын арттырамыз» дейдi. Яғни, жаман айтпай, жақсы жоқ, ел басына күн туа қалса, қазақтың сөзiн сөйлейтiндердiң қатарын осындай саясат арқылы көбейтуге мүдделiмiз. Әрине, бұл тұрғыда «сен тимесең, мен тимен» бейтарап саясатты ұстанатындар да жеткiлiктi. Сонымен, елiмiздiң президенттiк-парламенттiк басқару жүйесiне көшуi қазақ қоғамына қалай әсер етпек? Конституциядағы өзгерiстер мен толықтырулар талайларға арман болған демократиялық құндылықтардың толық жүзеге асуына мүмкiндiк бере ме? «Назарбаев мәңгi бақи Президент болсын» деп даурыққандардың көздегенi не? Жай ғана саяси ұпай жинау ма, әлде билiк тарапынан ұйымдастырылып отырған тағы бiр қитұрқы саяси ойын ба? Депутаттар Парламентке партиялық тiзiммен сайланған күннiң өзiнде қарасы көп, бiрақ билiктiң «ләббайына» зар «нұр-отандықтардың» саяси белсендiлiгi ел мүддесi үшiн қызмет ете ала ма? «Мен ұлтымды шексiз сүйем» деп жиi «ұрандайтын» патриоттардың осал тұсы қайсы? Ұлт мәселесiн көтерсең, ешкi көрген қасқырдай ежiрейетiн, «ұлт мәселесiн» сырт айналып өтуге тырысатын билiк «қазақ мәселесiн» шешуге неге мүдделi емес? Күнi кеше ғана Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулердiң арасында ҚР Конституциясының 7-бабындағы мемлекеттiк тiлге қатысты түйткiл неге қамтылмады?

Осы мәселе жөнiнде сарапшылар пiкiрiн оқыңыздар.

Саяси белсендiлiк – уақытша құбылыс

Дос КӨШIМ, саясаттанушы:

«ҰЛТТЫҚ БАҒЫТТАҒЫЛАР ПАРЛАМЕНТТЕН АЛАСТАТЫЛАДЫ»

– Бұл өзi қызық жағдай! Бейне бiр ыдыстан екiншi ыдысқа құйған сияқты, бiрақ ыдыстың құлағын ұстап отырған – бiр-ақ адам боп қалды ғой. Ата Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлгенмен Парламенттегi депутаттардың 90 пайызға жуығы «НұрОтанның» өкiлдерi және келешектегi парламенттiк сайлауда да партиялық тiзiм арқылы «нұротандықтардың» басым орынды иемденетiнiн ескерсек, Президенттiң құзыры сол қалпында сақталды деуге болады. Немесе құзiретiн өзiнiң партиясы арқылы жүргiзедi. Сондықтан айтарлықтай өзгерiс болды, қоғамдағы саяси реформаға мұрындық болады, демократияға бастайтын қадамдар жасалынды деп айта алмаймын. Кейбiр депутаттардың Назарбаевты өмiр бақи президенттiк тақта көргiсi келуi Парламенттегi жағымпаздықты, бiр-екi адамды ұлықтау арқылы саяси ұпай жинауға ұмтылғанын көрсетедi. Ал Президент «мәңгiлiк президент» мәселесiн көтергендердiң ұсынысын қабылдамай тастап, Парламенттi тағы бiр рет ыңғайсыз жағдайда қалдыруы, өзiнiң саяси беделiн көтеруi мүмкiн. Менiңше, өзгертулер мен толықтыруларды негiзге ала отырып, қазiргi Парламенттi таратып жiберуi де әбден мүмкiн. Ең қорқыныштысы, ұлттық бағытты ұстанатын депутаттардың Мәжiлiстен аластатылуы. Әсiресе, мемлекеттiк тiл, жер, басқа да қазақтың ұлттық мәселелерiн парламенттiк мiнберден батыл көтеретiн депутаттардың Парламенттен шеттетiлуi. Оның үстiне, өзгертулер мен толықтырулар ұсынылған сәтте мемлекеттiк тiлге, жер мәселесiне мүлде көңiл бөлiнбедi, тiптi, осыған қатысты айтылған депутаттар ұсынысы талқыға салынбады.

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, саясаттанушы:

«ҚАЗАҚҚА БIРЛIК ЖЕТIСПЕЙДI»

– Жалпы Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстердiң қоғамдық процестерге тигiзетiн ең үлкен ықпалы, менiңше, президенттiк мерзiм, Парламент пен Үкiметтiң құзырынан бөлек, саяси партиялардың Парламентке партиялық тiзiммен сайлануы. Бұл ұсыныс партиялар арасындағы, әсiресе, құрылғысы келгенмен, құрыла алмай жүрген партиялар арасындағы саяси белсендiлiктi күшейтiп жiбердi. Ең бiрiншi, М.Шахановтың «Халық рухы» партиясы. Партия рухани мәселелердi негiзге алғанмен, мемлекеттiк тiл мәртебесiне көңiл бөлетiнi белгiлi. Ал оған жауап ретiнде орыстар да партия құруға талпынуда. Сiрә, өзгертулер мен толықтыруларды алдағы саяси науқанға қатысуға жаңа бiр мүмкiндiк ретiнде қабылдаған шығар. Әйтеуiр, өздерiнiң белсендiлiктерiн көрсете бастады. Мұндай серпiлiс билiк тарапынан «ұлттық бағытты ұстанады» деген себеппен тiркеле алмай келе жатқан өзге де партия, блок сияқты («Алаш», «Халық бiрлiгi») тiл, жер мәселесiн жиi көтеретiн өзге де саяси құрылымдар өкiлдерiне тән. Менiңше, осындай ұлттық бағыттағы партиялардың көбейiп кетуi бiр-бiрiне кедергi болады. Яғни, билiк оларды заңды түрде тiркеуден бас тартады. Өйткенi, бiрiне бүйрегi бұратын болса, басқалардың наразылығын тудырып алмақ. Сондықтан билiк «арбаны да сындырмайды, өгiздi де өлтiрмейдi». Есесiне, ұлттық бағыттағылардың қарасының көбеюi қоғамдағы шешiмiн табуы тиiс «қазақ мәселесiнiң» жылдан жылға артып келе жатқанын және билiкке наразылардың «қазақ мәселесiн» өз бетiнше шешуге талпынатынын көрсетедi. Мысалы, бұған дейiн тiл өзектi мәселе болса, кейiнгi кездерi жер мәселесi жиi сөз етiле бастады. Қазақ жердiң құндылығын, бағалы екендiгiн ендi сезiндi. Жуырдағы Маловодное, Шелектегi этникалық қақтығыстар, Қалқаман, Бақай, Шаңырақ сияқты Алматы төңiрегiндегi жерге қатысты қақтығыстар осының дәлелi. Өкiнiшке қарай, жоңғар шапқыншылығы кезiнде соңғы рет бiрiккен қазаққа бүгiнде бiрлiк жетiспейдi. Желтоқсан көтерiлiсiнде бiрiгудiң алғы шарттары бiлiндi, Оралдағы казактарға қарсы күрес басталғанда да қазақтың ауызы бiр секiлдi көрiнген. Бiрақ тұтастық жетiспедi. Бұл қазақтың қасiретi, бәлкiм, қанда бар әдет… Осының кесiрiнен қазақ көп нәрседен ұтылып отыр. Қаптаған сан партия, қозғалыстар ортақ бiр мүддеге қызмет етуге тырысса, iстерi нәтижелi болар едi. Оның үстiне, берекесi кеткен қауқарсыз топтың сөзi билiкке өтiмсiз, билiк олармен санаспайды. Егер халық тұтас қолдайтын, ықпалы күштi саяси топ бiрiге отырып, билiкке мемлекеттiк тiлдiң мәртебесi, жер мәселесi сияқты басқа да ұлттық мәселелердi шешудi талап етсе, олардың талап-тiлегiн қанағаттандыру үшiн Үкiметке Президенттiң өзi пәрмен берерi анық. Тағы бiр маңызды жайт, мемлекет қазiрден бастап ұлттық мәселелердi қолға алса, 10-15 жылдан кейiн елiн, ұлтын сүйген жастар қатары көбейерi анық. Бүгiнгi жастардың орысшыл, батысшыл болуы ұлттық идеологияның ақсауының кесiрiнен. Болашақта қазақы тәрбиемен өскендер мен орысшыл не батысшыл бағыттағы қазақтардың арасы шиеленiсе бастайды. Олардың арасындағы саяси бәсекелестiк соңы қақтығыстарға ұласады. Әрине, түбi қазақы, ұлттық құндылықтар басымдыққа ие болады. Бұл – өмiр заңдылығы. Бiрақ опық жегiзетiн жайттардың алдын алу үшiн ұлттық мәселелердi билiк осы бастан назардан тыс қалдырмауы тиiс. Керiсiнше болған жағдайда, пиғылы жаттарға жем боламыз. Өзбек, қытай не орысқа жұтылып кетуден сақтайтын демография немесе табиғи байлық қана емес, ұлттық сана-сезiмнiң жоғары әрi күштi болуы.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

«БАСҚАРУ ТЕТIКТЕРIН ПРЕЗИДЕНТ ӨЗ ҚОЛЫНДА САҚТАП ҚАЛДЫ»

– Президенттiң қос Палата депутаттарының алдында айтқан ұсыныстарын Қазақстан қоғамын демократияландырудың тереңдеуi деп қабылдауға болады. Себебi, бұрынғыға қарағанда Парламенттiң құзыры бiршама күшейдi. Бұл бiрiншiден, бұрын Үкiмет Президенттiң алдында ғана жауапкершiлiкте болса, ендi Парламенттiң алдында да сондай жауапкершiлiкте болатын болды. Яғни, атқарушы билiктiң қызметiн қадағалауға Парламент мүмкiндiк алды. Министрлiктерге сенiмсiздiк бiлдiру үшiн бүкiл Парламенттiң келiсiмi қажет емес. Сенат не Мәжiлiс жеке-дара сенiмсiздiк бiлдiруге құқылы. Демек, Министрлер кабинетiнiң, премьер-министрдiң Парламентке тәуелдiлiгi артты. Екiншiден, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, мәслихаттардың құзыры күшейдi. Әкiмдер мәслихаттар алдында жауапты. Тiптi, кейбiр әкiмнiң кандидатурасын мәслихат депутаттары қолдамаса, әлгi әкiмнiң сайлануға құқығы жоқ. Президент басқа адамды ұсынуға мәжбүр. Яғни, шын мәнiсiндегi демократиялық принциптер күшейдi.

Менiң ойымша, Конституцияға енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларға байланысты қазiргi Парламент таратылады. Сайлау партиялық тiзiм негiзiнде жүзеге асырылады. Сондықтан 7 пайыздық кедергiден сүрiнбей өткен кез келген партияның Парламентте өкiлi болады. «Ақ жол» мен Демократиялық партиялардың бiрiгуi, «Халық рухы» мен басқа да партиялардың құрылуға ынталануы –парламенттiк сайлаудағы күреске дайындық. Мұның барлығы да – тұрақты демократиялық үрдiстер. Заң шеңберiндегi күрес. Өркениеттi елдерге тән құбылыс. Бiр жағынан бiз бүкiл Орталық Азия аймағына тiптi, Шығысқа, Қытайдың өзiне үлгi көрсетуге мүмкiндiк алдық. Әрине, ұсынылған өзгерiстер мен толықтыруларға қарап, демократияға толық жеттiк деп айта алмаймыз. Оған әлi ертерек. Парламенттiк-президенттiк емес, президенттiк-парламенттiк республика боламыз деп жатырмыз. Мұның өзi қоғамдық өмiрдiң барлық саласындағы Президент рөлiнiң бiр мысқал да төмендемегенiн көрсетедi. Өзгертулер енгiзiлсе де, Президент Парламент, Үкiметке, бүкiл билiкке әсер етудiң тетiктерiн өз қолында ұстап қалды. Сондықтан бiз президенттiк билiктен арылған жоқпыз. Мүмкiн бұл өте қажет те шығар. Өзгертулер мен толықтырулардың қалай жұмыс жасайтынын анықтау – уақыт еншiсiнде. Бiрақ қоғамдағы саяси тұрақсыздықтың немесе саяси қақтығыстардың пайда болуына әсер етпейдi. Керiсiнше, елдегi саяси, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етiп, этникалық татулықты сақтауға ықпал етедi. Ассамблея рөлiнiң күшеюi де тегiн емес. Менiңше, Сенатқа сайланатын 9 депутаттың көпшiлiгi қазақ болатын шығар.

Өкiнiшке қарай, мен елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi ұлтжанды патриоттардың бiрiгiп, «бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол» шығарғанын көрген емеспiн. Амбициялары өте күштi. Көпшiлiгiнiң саяси мәдениетi төмен. Айтқан пiкiрiң оларға ұнамаса, сен – жаусың. Тiптi, ұлтқа қарсы әрекет еткен жау боп шыға келесiң! Ондайлармен жұмыс жасауға бола ма? Ешкiмнiң сойылын соқпайтын тәуелсiз саясаттанушы саяси шындықты айтады. Сүйенетiн қағидасы – бүгiнгi болып жатқан саяси шындық. Ақиқатын айтқан адамды «сен – жаусың» деп көзге шұқу ұят. Сондықтан бiздiң ұлттық қозғалыстағы адамдарды түсiне бермеймiн. Олардың көбiсiнiң «билiкке жетсек» немесе «халықтың аузында жүрсек» деген жеке бастың мүддесiн көздеген ойлары бар шығар бәлкiм. Әйтпесе, қаржылық тұрғыда пайда көрiп жүрген жоқ. «Жеп кетейiн» деген пиғылдан таза. Бiрақ басым бөлiгiнде «мен халықтың көсемi болсам», «елге ақыл айтсам», «менен басқалардың пiкiрi қате» деген амбиция бар. Шын мәнiсiндегi саясаткер, әсiресе, ұлттық бағыттағы саясаткер айлакер, ақылды болуы тиiс. Бiздiң патриоттарға осы жетiспейдi. Олардың арасына билiк жiк салады дегенге де сенбеймiн. Арандатудың қажетi жоқ оларды, басқа пiкiрлi адам болса болды, ауызбiршiлiгi кетедi. Бiрнеше жиналыстарына қатыстым, қазiр аттап баспаймын. Өйткенi, олардан үмiт күту, олармен сөйлесу мүмкiн емес.

Дайындаған Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ