ҚР Мәжiлiс депутаты Мұхтар ШАХАНОВ: «ПАРТИЯ РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДI НЕГIЗГЕ АЛАДЫ»

ҚР Мәжiлiс депутаты Мұхтар ШАХАНОВ: «ПАРТИЯ РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДI НЕГIЗГЕ АЛАДЫ»

ҚР Мәжiлiс депутаты Мұхтар ШАХАНОВ: «ПАРТИЯ РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДI НЕГIЗГЕ АЛАДЫ»
ашық дереккөзі

Халық қалаулысы әрi қазаққа ғана емес, бүкiл түркi халықтарының ең үздiк ақыны ретiнде танымал Мұхтар Шаханов «Халық рухы» атты партия құрмақ ниеттерi барын мәлiмдеп едi, елiмiздегi орыстарға тиесiлi «Ресейлiк отандастар бiрлестiгiнiң» мүшелерi өре түрегелдi. Партияның демократиялық бағытты ұстанатындығына күмән келтiредi-мiс, «әсiреұлтшыл» Шаханов маңайына ұлтшылдық бағыттағы азаматтарды жиып алған-мыс, бұл орыстардың шымбайына батады-мыс… Өз халқын сүюдi, ұлтының жоғын жоқтап, рухани мәселелерi мен ұрпақтың келешегiне алаңдауды қылмысқа теңгергендердiң шын пиғылы қандай? Мемлекеттiк тiлге қарсы әрекет ететiндердiң тиiстi жазасын беруге билiк неге құлықсыз? Партия құрылмай жатып, оны «бесiгiнде тұншықтыруға» жанталасқандар – кiмдер? Депутаттың денсаулығы мен жеке басына қауiп төндiргендердiң көздегенi не? Осы және басқа да өзектi мәселелер туралы Шаханов мырзамен болған бүгiнгi сұхбатта сөз еттiк.

«ӨЗГЕ ТIЛДЕ ТӘРБИЕЛЕНГЕН БАЛА ҰЛТЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТПЕЙДI»

– Мұхтар аға, әңгiмемiздi сiздердiң саяси партия құрсам деген ниеттерiңiзден бастасақ.

– Қазiргi кезең – қазақ халқы үшiн ең күрделi кезең. Бiздiң көзiмiз көрген Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсiрепов сияқты жазушылар өмiрден бақытты өлiммен кеттi. Өйткенi, олардың ойында «Қазақ ұлты жойылып кетуi мүмкiн», «Ертең ұлт боп қаламыз ба, жоқ па?» деген қауiп болған жоқ. Өткен жылы мен Қырғызстанда Сүйiнбай Ералиев деген үлкен ақынның 85 жылдық мерейтойында Боронтой Бедюров деген алтайлық ақынмен жолықтым. Сонда ол: «Ресей құрамындағы алтай халқының 85-90 пайызы көшеде, қызмет орнында, өз отбасында бала-шағасымен, бiр-бiрiмен туған тiлiнде емес, орыс тiлiнде ғана сөйлеседi» деп көзiне жас алды. Өкiнiшке қарай, қазақ халқының да 60 пайызға жуығы қызмет орнында, көшеде және өз отбасында бала-шағасымен, немере-шөбересiмен тек орысша әңгiме-дүкен құратыны айқын. Менiң «Астана – ғасыр қуатын жиған жұлдызы шырқау жас қала. Бұл қала қашан атанар екен мемлекеттiк тiлге бас қала? Мемлекеттiк тiлге бас қала болмаса, ол не үшiн астана? Он қазақты тоқтатып, байқасаң өз ана тiлiне шамасын, соның сегiзiнен сөзсiз орысша жауап аласың. Астана әлi шала қазақ қала, космополит қала, масқара!»… деген өлең жолдарым бар. Қазiр ешкiмге құпия сыр емес. Көшеге шығып, бiр-бiрiмен әңгiмелесiп бара жатқан он қазақты бақыласаңыз, соның сегiзi, кейбiр жерде жетеуi, кейбiр жерде тоғызы бiр-бiрiмен орысша ұғысып бара жатады. Бұл не деген сөз? Бұл егер бiз осылай кете берсек, ендi 7-8 жылдан кейiн космополитке айналып кеткен бiздiң халқымыздың өкiлдерiнiң өздерi-ақ қазақ тiлiнiң дамуына жол бермейдi. Қазiрдiң өзiнде олар үлкен күшке айналды. Не iстеймiз? Осы мәселеге кiмнiң басы ауырып жүр? Тiлдiң жоғын жоқтаған бiздi жынды көредi. Қоғамдағы ең беймаза адамға айналдық. Ең жеккөрiнiштi адамға айналдық. Сондықтан бiз мемлекеттiк тiлдiң төңiрегiнде қордаланған мәселелердi реттеу үшiн, ұлтымыздың басқа да рухани сұраныстарын реттеу үшiн партия құруға мәжбүр болып отырмыз. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңының 1-тарауының 8-бабында: «Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi» деп тайға таңба басқандай айқын көрсетiлген. Яғни, бiздiң елiмiзде ұлттық мүдденi ұстанатын партия құруға болмайды. Заңның бiздiң ұлттық мүдде төңiрегiндегi шараларымызды iске асыруға мүмкiндiк бермейтiнi айқын. Бiрақ мұның басқа жолдары бар.

– Мысалы, қандай?

– Бiз республикамыздағы барлық ұлт өкiлдерiнiң мүддесiн қорғаймыз. Үндеуiмiзде: «Бұл партияның басқа партиялардан ерекшелiгi – ол өзiнiң негiзгi қуатын республика халқының рухани дамуына бағыттайды. Жалаң материалдық байлықты ғана мақсат тұтып, рухани құндылықтарды елемеу мен ескермеудiң үлкен қасiретi болатынын жұрттың есiне салып отырады. Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мен экономика саласында жүргiзiп отырған оң қадамдарын қолдаумен қатар елiмiзде ұзақ жылдар бойы қордаланған рухани проблемалар төңiрегiндегi ойлар мен ұсыныстарын алға тартады және оны жүзеге асыру жолдарын қарастырады. Сонымен қатар партия тiл саласында Республика Президентi Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде» деген пiкiрiн ұстаным ретiнде қабылдайды. Ал, «Мемлекеттiк тiлмен шұғылданба!» деп ешқандай заңда жазылмаған, яғни, тыйым салынбаған. Керек болса, ол – әрбiр адамның азаматтық мiндетi. Бiз «Халық рухы» партиясын құру арқылы мемлекеттiк тiлдi өз мәртебесiне көтеруге белгiлi бiр деңгейде ықпал етуге тер төгемiз.

– Мемлекеттiк тiлдi дәрiптеуге арналған толып жатқан заңдарыңыздың қауқары қаншалықты?

– Олардың ешқайсысы өз деңгейiнде жұмыс жасамай жатыр. Мысалы, Ата Заңда мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң болу керектiгi айтылған. Бiрақ Үкiметте бәрiнiң «мордиясы» қазақ болғанымен, қазақ тiлiнде оқып, жаза бiлетiндер саусақпен санарлықтай. Сондықтан олар күнi кешеге дейiн бұл заңнан ат-тонын ала қашып келген. Парламентте бұл мәселенi бiрнеше рет көтергенiмдi бiлесiң. Жуырда жеңiске қол жеткiздiк. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтi көндiрдiк. Ол азаматтық мiнез көрсеттi. Қазiр бұл заң әзiрленiп жатыр. Егер көңiлдегiден шықса, қазiргi тiл төңiрегiндегi қордаланған проблемалар шешiмiн табуы тиiс.

– Сiздердiң партияларыңыздың заңды түрде тiркелуiне «мордиясы» ғана қазақтар мүдделi деп ойлайсыз ба?

– Әрине, олар мүмкiндiгiнше қарсыласып бағады. Қазiрдiң өзiнде базбiреулер айналамда жүрген адамдардың кейбiрiнiң үйiне телефон соғып, оларды қорқытып, үркiтпек болған. Құрылтай өткiзетiн жердi жалға алуға кедергiлер жасалынуда. Мысалы, партия әлi тiркелiп үлгерген жоқ, алайда, кеше «Республикалық «Ресейлiк отандастар бiрлестiгi» қоғамдық ұйымының» өкiлдерi арнайы баспасөз мәслихатын өткiзiп, «Партиясын «демократиялық бағыттағы партия» деп атаған Шаханов маңайына ұлттық бағыттағы ұйымдардың өкiлдерiн жинап алды. Партияның демократиялық бағытты ұстанатындығына күмән келтiремiз» деп мәлiмдеме жасапты. Мұндай қадамға баруға оларды кiм мәжбүрлеп отыр? Олар тiптi, бiздiң Жарғымыздан да бейхабар ғой? Жарғымызды әлi жариялаған жоқпыз. Бiрақ Үндеуiмiзде «Партия әсiреұлтшылдық бағытты ұстанбайды. Ол бiздiң табиғатымызға жат. «Халық рухы» республикамыздағы барлық ұлт пен ұлыс мәдениетiнiң орнықты түрде өркен жаюын қуаттайды. Бiз әлемдiк, отандық және орыс гуманистерi қолдаған, көптеген өркениеттi елдер таңдаған демократиялық жолмен жүремiз… Өйткенi, өз ұлтының рухани құндылықтарына терең тамыр жiберген адам ғана өзге ұлттың тiлiне, мәдени игiлiктерiне құрметпен қарай алады» деп анық жазылған.

– Ендеше мәселенiң байыбына бармай жатып, олардың байбаламға басуына не себеп?

– Менiңше, бұлардың ар жағында бiздiң партияның халық арасында үлкен бедел алып кетуiнен қауiптенетiндер тұр. Әртүрлi ұйым өкiлдерiн айдап салып, сан-алуан жаланы жауып жiберуге жанталасып жатқан да – солар.

«ЖАРТЫ МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ ҚАЗАҚ ОРЫС МЕКТЕБIНДЕ ЖҮР»

– Аға, қазiргi қазақ қоғамында жұмыссыз сенделген – қазақ, тұрмысы жүдеу – қазақ, рухани жұтаңдаған – қазақ, дiнi мен тiлi ақсаған – қазақ, ұлт ретiнде жойылып кету қаупi төнген – тағы қазақ… Бiрақ бiздiң билiк «қазақ мәселесi» дегеннен шошынады. Орыс пен ойраттың немесе шүршiттiң «проблемасын» еркiн көтеруге болады, ал қазақ мәселесi туралы жақ ашсаң, «әсiреұлтшыл» деген «таңба» басылады маңдайға. Неге?

– Өкiнiшке қарай, солай. Қазiргi ұстаным: «Не айтсаң, оны айта бер. Тек қазақтың ұлттық мүддесiне болыспа. Ұлттың тiлiне, оның рухына басыңды қатырма. Сонда ғана жағдайың жақсы болады». Егемендi ел атанғалы он алтыншы жылға кеттi. Соның өзiнде орыс мектептерiнде бiздiң жарты миллионға жуық қаракөзiмiз бiлiм алуда. Кезiнде Жүсiпбек Аймауытов: «Бала өз ана тiлiнде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген. Оның айтқаны дөп келдi. «Тамырсыздану қаупiнiң тұжырымдамасында»

«Тарихың тұр санаңа өткел тастап,

Өз тiлiңде ойлау,

сөйлеу тоқталған сәттен бастап

Бүкiл баба рухымен

Ұлттық, гендiк-ақпараттық байланысың кесiлер.

Тағдырыңнан ата мұра шамын солай өшiрер.

Өз тiлiңдi жерсiнбеудiң,

Өз анаңды менсiнбеудiң

Арсыздығы қай дәуiрде болып едi тапқырлық?

Ол – рухи мүгедектiк әрi ұлттық сатқындық!

Аз қайғы ма, талабыңды түсiнiгiң алдаса?..

Мейлi он тiл, тiптi жүз тiл меңгергенiң далбаса

Өз ұлтыңның тiлi менен рухы

Ой-санаңа iргетас боп қалмаса…» деген жолдар бар. Яғни, тiлден үлкен ана жоқ. Егер өз тiлi мен рухы iргетас болмаса, адам жел қалай қарай үрлесе, солай қарай домалайтын қаңбаққа айналады. Кейбiреулер бiздi «Ойбай, ұлттың жойылуы мүмкiн емес қой» деп сабырға шақырғысы келедi. Оның бәрi бос әңгiме! Егер бiздiң тiлiмiз қажеттi қатынас құралына айналмаса, болашақта жойылатыны айқын. Қазiр бiздiң тiлiмiз кiмге қажет? Бәрiмiз орысша сайраймыз! Бүкiл ел орысша сөйлеп кеттi. Жиналыстарды басшылар әншейiн ұялғаннан бiр-екi ауыз қазақша…

– Кiрiспе сөздердi ғана…

– Иә, кiрiспенi қазақша бастайтын болды, оған да рахмет!

– Демек, билiктiң бүйрегi бұрмаса, қазақ тiлiнiң сорлағаны сорлаған. Сiздiң жан айқайыңыз жартасқа соғылған жаңғырық сияқты өзiңiзге керi қайтып келе бередi.

– «Халық рухы» партиясы тiркеуден өтетiн болса, оған кедергi жасалмаса, бiз үлкен күшке айналамыз. Сонда билiк белгiлi деңгейде бiзбен санасуға мәжбүр болады. Кейбiреулердiң бiзден қауiптенетiнi сол, қазiрдiң өзiнде түрлi өсек-аяңдарға жол берiлдi.

– «Үкiметтiң арнайы тапсырысымен құрылғалы жатыр екен» деген де сыбыс бар?

– Өткен аптада партияны құруға шешiм қабылдағанымызды мәлiмдеп, баспасөз мәслихатын өткiзгенде 31-телеарнадан басқа бiрде-бiр телеарна өкiлдерi келген жоқ. Нақ бiр бiзге байкот жариялағандай. Егер Үкiметтiң тапсырысын орындаған болсақ, барлық телеарна қызметкерлерi алдымызда құрдай жорғалар едi ғой? Мен – өз ұлтына адал адамдардың бiрiмiн. Әлдекiмдер сияқты өз жағдайымды күйттеп, ешқашанда ұлттық мүддеге сатқындық жасаған емеспiн. Оның үстiне, бiз билiкке қарсы шығып отырған жоқпыз. Күрделi мәселелердi шешуге ақылдаса отырып, ұсыныс жасайтын болсақ, ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп болары анық. Елiмiздi мекен еткен өзге ұлт өкiлдерiнiң де мүддесi шет қалмайды. Олардың тiлi, дiнi мен дiлiн сақтауға үндеймiз.

– Кейбiреулер «қазақстандық ұлтты» қалыптастыруға жанталасып жүр…

– Олардың бағытымен жүрсек, америкалық ұлт сияқты боламыз. Тек түрiмiз бен қарнымыз ғана қалып, ұлт ретiнде жойыламыз. Өкiнiшке қарай, қандастарымыздың көпшiлiгi соған бейiм. Кезiнде бiздiң 150 бизнесменiмiз «қазақстандық ұлт» идеясын жақтап, кәдiмгiдей бастама көтерген болатын. Оны ұйымдастырып отырған да – билiктегi шалақазақтар. Оларға ұлттың керегi жоқ.

– Билiк басына қазақша ойлап, қазақша түс көретiн, ұлт үшiн жанпидаға баратын ұландар келмейiнше, қазақ өз жерiнде өгейдiң күйiн кеше бермек. Сiздiңше, елiм деген азаматтар қайтсе, билiкке қол жеткiзбек?

– Оған билiк басындағы орыстiлдi шенеунiктер мүдделi емес. Шынымды айтсам, менiң жеке басыма ештеңенiң керегi жоқ. Басты мақсатым – ұлтым деген азаматтарды, қазақтың мықты-мықты жiгiттерiн көтерiп, шынықтырып, алға шығару. Баяғыда бiреулер менi президенттiк сайлауға түсуге үгiттемекшi болған. Менiң жолым – басқа жол. Мұндай ұсыныс Шыңғыс Айтматовқа да түскен. Президенттiкке ұсынылған бiрнеше үмiткердiң кандидатурасы қабылданбағанда қырғыз депутаттар 1 жарым сағатқа өздерiнiң жұмыстарын тоқтатып қойып: «Ел тiзгiнiн қолыңа ал, президент бол» деп Шыңғыс Айтматовқа өкiлдерiн жiберген. Бiрақ Айтматов президенттiктен бас тартты. Бұл шешiмiн мен де құптадым. «Сiз бен менiң қолымнан билiктi басқару келмейдi» дегенмiн. «Көтере алмас шоқпарды белiңе байлама» деген мақал да бар ғой. Бiрақ елдiк, ұлттық мүдде сынға түсiп тұрған шақта үндемей қалу – ең оңай жол. Үндемей қалу жеке басыма, денсаулығыма қаншама тиiмдi болса да, қашан көзiм жұмылғанша, тiл мен рух төңiрегiндегi күресiмдi тоқтатпаймын.

– Сiздiң саяси белсендiлiгiңiз жеке басыңызға қауiп төндiрмей ме?

– Әрине, төндiредi! Партия құруға талпынғалы берi естiп жатырмын, кейбiр жасырын ұйым мүшелерi денсаулығыма залал келтiрудi ойластырып жатқан көрiнедi. Тiптi, менi о дүниеге жiберудiң басқа бiр жолдарын қарастырып жатыр деген сыбыстар да естiлдi. Бiрақ «жыртық үйдiң де Құдайы бар» деген. Бар кiнәмiз – ұлтымыздың тiлi мен рухы үшiн қайсар күреске шыққанымыз. Құдай бiздi рухсыздар мен космополиттерден жеңiлiс тапсын деп жаратпаған шығар…

– …

– Дамыған елу елдiң қатарына енудi мақсат етiп отырмыз. Егер тiлiмiзден айырылсақ, тiптi, даму жағынан нөмiрi бiрiншi мемлекет атанудың құны да көк тиын. Ондайда өз ұлтын шексiз сүйетiн нағыз қазақтарға асылып өлуден басқа жол қалмайды.

– Бiрақ жеке бастың мүддесiн тұтас бiр ұлттың мүддесiнен жоғары қоятын табанының бүрi жоқ қандастарыңыз көбейдi…

– Өкiнiшке қарай, солай. Бiрақ, менiңше, ұлтым деген азаматтардың барлығы бiрлесiп, «Халық рухы» партиясына қолдау көрсетуi тиiс. Егер партия аяғынан тұрып кетсе, тек қазақтың емес, республикамыздағы барша жұрттың мүддесiн көздеудi мақсат етемiз.

«БАЛАБАҚШАЛАР БӨБЕКТЕРГЕ ҚАЙТАРЫЛУЫ ТИIС»

– Отандастарыңыздың кейбiрi «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген уәждi жиi көлденең тартады. Сiздiңше, бұл пiкiр дұрыс па?

– Жасыратыны жоқ, кезiнде бiзге көпұлтты мемлекет атану тиiмдi сияқты көрiнген. Мәселен, Қазақстанда небәрi 2-3 адамнан тұратын кейбiр ұлт өкiлдерi бар. Олардың өздерi тiлiн, салт-дәстүрiн ұмытып кеткен. Қай ұлттың өкiлi екендiгi тек төлқұжатында ғана көрсетiлген. Сондықтан олардың барлығын ұлт ретiнде тiзе беру қаншалықты тиiмдi екенiн бiлмеймiн.

– Әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсе: кез келген мәселе ұлттық мүддеден жоғары тұрмайды. Мысалы, демократиясы гүлденген Францияда оқушылардың бiлiм ошағына ұлттық киiм киiп келуiне заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Германияда ұлты немiс еместердiң канцлерлiкке сайлануға құқықтары жоқ. Яғни, мемлекеттi құраушы негiзгi ұлтпен тең тұруға ешкiм тыраштанған емес. Түсiнбейтiнiм, ұлттық саясатқа келгенде бiздiң билiк неге осындай дамыған елдерден үлгi алмайды?

– Бiз үш жүз жылға жуық уақыт бойы орыс отаршыларының қол астында, кейiннен кеңестiк империя бұғауында болдық. Ендi, мiне, 16 жылдан берi тәуелсiз мемлекет атандық. Бiрақ сол баяғы ағыс, сол баяғы түсiнiк өзгерген жоқ. Тiптi, бұрын-соңды болмаған деңгейде ұлтсыздануға ұрындық.

– Неге?

– 1991 жылдың аяғында елiмiздегi 8881 балабақшаның 5 мыңға жуығы қазақ балалар тәрбиеленетiн бақша болатын. Солардың барлығы кезiнде мың теңге, екi мың теңгеге сатылып, көпшiлiгi ойынхана, түнгi көбелектерi қаптаған моншаларға немесе байлардың үлкен-үлкен офистерiне айналды. Балабақша ғимараттарын мемлекет меншiгiне қайтарып алу туралы бiрнеше рет мәлiмдеме жасадым. Осының нәтижесiнде, Президент БАҚ-қа берген бiр сұхбатында «Мемлекеттiк тiл қоғамы» қозғау салғаннан кейiн 300-ден астам балабақшаның керi қайтарылғанын айтты. Жуырда Алматы мен Астана қалаларындағы ойынханалардан босаған ғимараттарды балабақшаға айналдыру туралы тағы да мәселе көтердiм. Әйтпесе, «ұстағанның – қолында, тiстегеннiң аузында кеткен» мыңдаған балабақша ғимараттарының орнына жаңа бөбектер үйiн салуға қанша жыл керек?! Ал Қажыгелдин үкiметiнiң тұсында 12-13 мың адамның жалақысына кететiн мемлекет қаржысын үнемдеу үшiн 10 мың кiтапхананы жойып жiбердi! Ол кiтапханалар негiзiнен ауылдық жерлердегi кiтапханалар және де қазақ жазушыларының шығармаларынан құралған болатын. 8 мыңға жуық мәдениет ошақтары жабылып, көпшiлiгi талан-таражға түстi. Осы келеңсiздiктердiң барлығы бiздiң мәдениетiмiзге керi ықпал еткенi белгiлi. Жастарымыздың басым бөлiгiнiң ұлттық рухтан ажырап қалуына себеп болған да – осы. Есесiне, билiк мұның бәрiн жасырып бақты. Тiптi, «респубиликамызда қазақша, орысшасы аралас бар болғаны 1100 балабақша ғана жекешелендiрiлдi» деген жалған мәлiмет таратты.

– Парламент қабырғасында сiз көтерген «ақпараттық диверсия» мәселесi бiрқатар ресейлiк БАҚ-та да шу болды. Орыстар өздерiнiң әлемдiк саясаттағы ықпалын арттыру үшiн орыс тiлiнiң барынша қанат жаюына, күшеюiне мүдделi. Сiздiңше, қазақ қоғамындағы орыс тiлiнiң тұғырдан таймауына кремльдiк саясат ықпал етiп отырған жоқ па?

– Ресей өз саясатын бiздiң космополиттер арқылы жүзеге асырып отыр. Тiлге қарсы шыққандардың арғы жағында өзiмiздiң МҒҚ-ларымыз, яғни, «мордиясы» ғана қазақтарымыз тұр. Олардың көпшiлiгi өз АНА ТIЛIНДЕ сөйлегiсi келмейдi. Ана тiлiн үйренуге құлықсыз. Мемлекеттiк тiлге қарсы әрекет ететiн «Лад» қозғалысын еркелетiп, бiзге айдап салып отырған да – солар.

– Аға, күнi кешегi Конституцияға енгiзiлуге ұсынылған өзгерiстердiң арасында мемлекеттiк тiл мәселесi тағы да «ұмыт қалды». Неге?

– ҚР Конституциясының 7-бабына өзгерiс енгiзу жөнiнде мен ұсыныс жасадым. Оны бiр күн бұрын осы мәселе бойынша жұмыс iстеген комиссия төрағасы Ермек Жұмабаевқа табыстағам. Бiрақ олар менiң ұсынысымды назарға алған жоқ. Тiптi, Жұмабаев баяндама жасағанда сұрақ та қойдырмады. Бiрден дауысқа салып жiбердi.

– «Әдеттегiдей» депутаттардың басым бөлiгi «қолдады»…

– Иә, тек 4 депутат қарсы дауыс бердi.

– Кiм-кiм?

– Амалбек Тшанов, Болат Әбiшев, Ғадiлбек Шалахметов, сосын мен.

– Қалғандары түгел қоштады ма?

– Әрине.

– …

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ